"Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерінің" алғашқы нұсқасы ресми басылымда жарияланғалы бері қазақтілді қалың қауымның Емле ережелеріне деген мүдделілігі, соншалықты күткендігі анық байқалды да, сөйтіп, мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желілерде жан-жақты пікір алмасу, пікір-ұсыныстар беру белсенді сипат алды. Емле ережелерін насихаттау бойынша жүргізілген сан тармақты мәслихат-семинарлардағы талқылауларда да әртүрлі мазмұндағы көзқарастар болды. Соның бірі - бас әріппен жазылатын сөздердің емлесі.
"Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерінің" алғашқы нұсқасы ресми басылымда жарияланғалы бері қазақтілді қалың қауымның Емле ережелеріне деген мүдделілігі, соншалықты күткендігі анық байқалды да, сөйтіп, мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желілерде жан-жақты пікір алмасу, пікір-ұсыныстар беру белсенді сипат алды. Емле ережелерін насихаттау бойынша жүргізілген сан тармақты мәслихат-семинарлардағы талқылауларда да әртүрлі мазмұндағы көзқарастар болды. Соның бірі - бас әріппен жазылатын сөздердің емлесі.
Жалқы есімдердің, жер бедері атауларының, тарихи және ұлттық-мәдени қоғамдастыққа танымал кісі есімдерінің анықтауыш сыңарларының, әдебиет пен өнер, сәулет пен музыка туындыларының бас әріппен жазылатындығы қазақ әдеби тілінде норма ретінде орныққан. Бас әріп қолданылатын орындардың бірізді болуына қазақ орфографиясының теориялық және практикалық мәселелерінің көш басында келе жатқан академик Р. Сыздықтың іргелі еңбектері негіз болғанын айрықша атап өтеміз. Профессор Н. Уәлидің басшылығымен жарық көрген "Емлесі қиын сөздер" сөздігінде бас әріппен жазылатын атаулардың барлық түрінің емлесі жинақталған.
Емле ережелерін түзудің алғашқы кезеңінде бас әріппен жазылатын тілдік бірліктерге қатысты айтарлықтай қиындықтар жоқ тәрізді болып көрінді. Алайда қазіргі қазақ тілінің динамикасындағы тың өзгерістерді барынша жинақтау және іріктелген тілдік фактілерді моделдеу барысында бас әріппен жазылатын және бас әріппен немесе кіші әріппен жазылуы тиіс тілдік қабаттың күрделілігі, бас әріптің емлесін реттеудің, нормаландырудың маңыздылығы айқын көрінді. Емлесін реттеудің қажеттілігі, өзектілігі айқындалған тұстардың бірі академик Р. Сыздық күрделі атаулар, кей реттерде күрделі-құрама атаулар деп атайтын тілдік фактілерге байланысты болды.
Күрделі (күрделі-құрама) атаулар ұғымына мемлекеттердің, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың, қоғамдастықтар мен орталықтардың, тарихи ескерткіштер мен тарихи оқиғалардың, жоғары лауазымдардың, мемлекеттік наградалар мен атақтардың атаулары топтастырылады. Бұл аталғандардың қай-қайсысы да көлемі жағынан ауқымды; жазба нұсқаларда коммуникативтік қызметі жағынан маңызды орын алады, стилдік тармақтардың барлығында да, әртүрлі дискурстарда кеңінен қолданылады.
Күрделі атаулар емлесінің басты принциптері академик Р. Сыздықтың "Қазақ тілінің анықтағышы" атты еңбегінде нақты мысалдармен дәлелденген.
Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, мемлекетті тіл ретінде қолданыс аясының ұлғайғанына байланысты қазақ тілінің дамуындағы өзгерістер күрделі атаулардың емлесін одан әрі тиянақтай түсуді қажет етіп отыр.
Жинақталған тілдік фактілерге қарағанда, қазіргі жазба коммуникацияда бас әріптің қолданылуында еркіндік бар; еркіндіктер күрделі атаулардың құрамындағы тілдік бірліктердің бірінің немесе барлығының бірдей
мағыналарының қоғамдық маңыздылығын даралау мүддесіне; мәдениетаралық коммуникацияның ықпалына, мәтіндік орфографияға, сондай-ақ кей реттерде дұрыс, сауатты жазуға арналған еңбектер мен анықтағыштарды, емле сөздіктерін пайдалану деңгейінің төмендігіне байланысты болып отыр.
Мәселен, Мәжіліске Тұңғыш Президент - Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков, Елбасының Көмекшісі - Қазақстан Республикасының Президенті Іс Басқарушысының Бірінші орынбасары Абай Бисембаев, Тұңғыш Президент - Елбасы Кеңсесінің құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері қатысты ("Айқын" газетінен) деген мәнмәтінде жоғары мемлекеттік мекеменің ішкі құрылымы мен лауазым атаулары іс, басқарушы, көмекші, бірінші, кеңсе, тәрізді жалпы есімдерден айрықшалап, қоғамдық маңыздылығын даралап көрсету мақсатында бас әріппен қолданылған.
Бас әріптің қолданысына ықпал жасайтын түрткіжайттардың тағы бірі - күрделі атаулардың құрамындағы жалпы есім бағалау мағынасына, ұлттық символ деңгейіне қарай ауысады да, бағалау мағынасы бас әріп регистрімен беріледі (салыстырыңыз: Біздің ел - Мәңгілік Ел).
Төмендегі мысалдарға назар аударалық.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Мәңгілік ел" болудың бірден-бір шарты ұлттық кодымызды сақтап, рухани жаңғыру екенін айтты("Ана тілі" газетінен) деген мәнмәтінде қазақ тілінің сөзтіркесімінің заңдылықтары сақталған. Ал Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі - Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы - Мәңгілік Ел. (https://www.inform.kz/kz/). Бүгінгі мерекемен құттықтап, мен Сізге Денсаулық, Бақыт, Амандық тілеймін (сайт материалдарынан) деген мәтіндерде мәңгілік мұрат, мәңгілік елорда, қазақ елінің ұлттық идеясы, денсаулық, бақыт, амандық тіркестері мен сөздері бас әріппен таңбаланған.
Осындай емле үлгілеріне байланысты мәтіндік орфография ұғымын анықтай түсуге тура келеді. Мәтіндік орфография немесе орфографиялық троп қазіргі кезде қазақ жазба нұсқаларында жиірек қолданылып жүр. Қатаң түрдегі орфографиялық нормалардан саналы түрде ауытқудың бұл түрі жазба мәтіннің жанрлық сипаттарына, автордың көзқарасына қарай мәтіндегі сөздің біріне немесе бірнешеуіне айрықша мағыналық, яки стилдік мән үстеу үшін көркемдеуіш құрал, ақпарат берушінің жоғары сезімін жеткізудің, ақпарат алушының сезіміне әсер етудің тәсілі ретінде қолданылады.
Кейде бас әріп, кейде кіші әріппен жазылып, әртүрлілікке әсер ететін түрткіжайттың келесісі ретінде мәдениетаралық коммуникацияның ықпалын атауға болады. Әсіресе кәсіпорындар мен фирмалардың, сан түрлі мекемелер мен ұйымдардың атаулары алдымен ресми тілде (кейде үш тілде) жазылатындықтан, қазақша баламаларында өзге тілдегі емле нақпа-нақ көшіріледі. Осыдан "Барыс" Акционерлік қоғамы; "Арман" акционерлік қоғамы; Қазконтент" Акционерлік Қоғам; Қазақстан Республикасы
Байланыс және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұpaғaт комитетінің Археография және деректану Ұлттық орталығы; Қазақ газеттері" ЖШС-нің Бас Директоры — Редакторлар кеңесінің төрағасы (сайт материалдарынан) тәрізді жазу нұсқалары қолданылып келеді. Айталық, ағылшынша-орысша түсіндірме сөздіктерде General Manager / director general / генеральный Директор түрінде таңбаланған, сөйтіп, осы үлгі қазақ жазба нұсқаларына да әсер етіп отыр.
Сонымен бірге, өкінішке қарай бас әріптің таңбаланатын реттеріне соншалықты мән бермеу салдарынан Абылай хан атындағы Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің барлық студенттерін "Үздік поэзия аудармасы" байқауына қатысуға шақырамыз ("Түркістан" газетінен) сияқты фактілерді де жиі кездестіруге болады.
Қазіргі кездегі жазба коммуникацияда, қысқаша шолудың өзінен байқалатынындай, бас әріптің қолданылуында еркіндікке бару ұлғая түскен. Сондықтан "Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерінде" бас әріппен жазылатын күрделі атаулардың негізгі моделдері ұсынылған. Сонымен қатар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында әзірленетін жаңартылған "Қазақ тілінің анықтағышында" бас әріп қолданылатын немесе кіші әріппен жазылуы тиіс тілдік фактілердің ғылыми түсініктемелері нақты мысалдармен дәлелденетін болады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор А. Алдаш