Қарағандыда интернет-алаяқтарға көмектескен екі студент 2 жыл 10 айға бас бостандығынан айырылды. Өздері "біз тек криптовалюта айырбастадық" деп ақталғанымен, тергеу олардың есепшоттары арқылы қазақстандықтардан ұрланған миллиондаған теңге өткенін анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
22 жастағы Аслан мен 23 жастағы Мәдидің (есімдері өзгертілді - еск.) бұдан бір жыл бұрын ғана колледжде оқып жүрген еді. Ал 2025 жылғы желтоқсанда оларға интернет-алаяқтарға көмектесті деген айып тағылды.
"Біз тек криптоны айырбастадық"
Екі дос тергеу кезінде шамамен бір жылға жуық уақыт бақылауда болды. Кейін сот залындағы есік жабылғанда, олардың өмірі мүлде басқа арнаға бұрылған.
Оқиға Мади мен Асланмен бірге оқыған курстастан басталған. Ол оларға криптовалюта саудасының жолын көрсетеді. Алғашқы мәмілелер заңды болған, ақша көлемі де аз еді. Бірақ уақыт өте құмарлық пайда болады.
"Әбден үйреніп алдық. Крипто айырбастау біз үшін күнделікті іске айналған кезде, бір бейтаныс адам шықты. "Осыны жасайсыңдар, тек комиссиясыз, үстіне жақсы пайыз беремін" деді. Біз оны "тапсырыс беруші" дейтінбіз. Ол бізге биржада сауда жасай алмайтын "клиенттерге" көмектесесіңдер, ақшасын криптоға айналдырасыңдар деп түсіндірді. Бәрі таза деп ойладық," - дейді Аслан.
Схема мынадай болған: "тапсырыс беруші" оларға "тұтынушылардың" ақшасы түскен шот деректерін жолдап отырған. Олар қаражатты тез арада криптовалютаға ауыстырып, кейін "әмияндарға" жіберген. Ал әмиян тек "тапсырыс берушіге" қолжетімді болған. Мұндай "жұмыс" үшін Аслан мен Мәдидің қалтасына 10–15 пайыз сыйақы түсіп отырған. Олармен бірге тағы үш жігіт осындай тізбекке тартылған.
"Әр жолы сома әртүрлі еді. Сұрақ қоймадық. Ақша түседі -1 біз криптоға ауыстырамыз да ары қарай жөнелтеміз. Бәрі экрандағы цифр сияқты көрінетін", - дейді Мәди.

Бір жарым жылда 60 миллион теңге жиналды
Тергеу дерегінше, бес жігіт бір жарым жыл ішінде әртүрлі есепшоттар арқылы шамамен 60 миллион теңгені айналымнан өткізген. Кейін мұның артында 60-қа жуық жәбірленуші тұрғаны анықталған: зейнеткерлер, кәсіпкерлер, отбасылар. Біреулерін "инвестицияға ақша салыңыз" деп алдаса, енді бірін "алаяқтардан қорғау үшін шұғыл аударыңыз" деп сендірген.
"Отбасымызда ақша жетіспейтін. Құрдастарым сияқты жақсы өмір сүргім келді. Биржада саудаға көмектесіп жүрмін деп ойладым. Қылмысқа қатысым бар деген ой басыма да кірмеді", - дейді Аслан.
Бірақ бұл ой ұсталғанға дейін ғана болған.

Тергеу кезінде Аслан мен Мәди үйқамақта болған. Сол кезде бәрі уақытша көрінген.
"Үйде отырсаң, түс секілді: "қамап жібермес" деп ойлайсың. Ал сотта қолыңа кісен салғанда, ішің бір-ақ үзіледі", - дейді Аслан.

Этаппен кетердің алдында олар "түрмедегі" өмір туралы неше түрлі қорқынышты әңгімені естіген: әлсізді жаншиды, жаңадан келгенді сынайды, қорықпау керек деген сияқты сөздер ұйқы бермеген.
Долинкадағы №31 түзеу мекемесінің қабырғасы ақ. Екі қабатты темір кереуеттер, бірдей сөрелер, сұр түсті арнайы киім…

Терезеде тор жоқ, бірақ бөлмеден сыртқа шығу мүмкін емес.
"Алғашқы түндері ұйықтай алмадым. Әр қадам, әр кереуеттің сықыры естіледі. "Қазір біреу жақындап қалады" деп елестейтін. Қорқынышты еді. Үнемі сақ жүресің", - дейді Аслан.
Мәди үшін ең ауыры - режим емес, кінә.
"Мен - жалғыз ұлмын. Ата-анам мені төбесіне көтеріп жүрді. Білгенде қатты күйзелді. Әкеме көлік, анама алтын әшекей алып бергім келген. Жақсы өмір сүрсін дедім. Ақырында оларды ұятқа қалдырдым. Осы уақыттың ішінде екі-үш миллион ғана таптым, ол баяғыда-ақ бітті. Ал жаза - міне. Жәбірленушілердің талап-арызы да бар, барлығы 60 миллионға жетіп қалады", - дейді ол.

Колониядағы күн ерте басталады: ояну, түгендеу, жұмыс, психологпен сабақтар.

"Ең қорқыныштысы тәртіп те емес. Ең қорқыныштысы - "мен өзімді осында өзім жеткіздім" деген ой", - дейді Мәди.

Заңдағы жаңа норма: банк картасын берсең, жауапқа тартыласың
Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекстің 232-бабы, 1-ескертпесі күшіне енді: банк картасын (немесе шот деректерін) үшінші тұлғаға беру де қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Қарағанды облысы киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Дінмұхамед Зияда түсіндірді.
"Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. 2025 жылғы 16 қыркүйектен кейін карта ашып, оны басқаға берген кез келген адам қылмыстық іске ілінуі мүмкін. Жаза - 160 АЕК-тен (692 000 теңге) бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін", - деп мәлімдеді.
Облыста дропперлік бойынша тоғыз қылмыстық іс тіркелген, оның төртеуі сотқа жолданған.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, "дропперлер" көбіне бірдей: 18–23 жас, студент не жұмыссыз, интернеттен "жылдам табыс" іздейтін жастар.
Ал сотталған Мәди сөзін былай түйіндейді.
"Саған бәрі "тек батырма басу" сияқты көрінеді. Бірақ кейін сол батырмалармен біреудің өмірін де, өз өміріңді де ойрандағаныңды түсінесің".