29 мамыр 2024 10:02

Бетке арналған уколдардың қаупі: мұндай процедураларды жасатпас бұрын не білу керек?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© ortobio.ru © ortobio.ru

Көз пішінін өзгерту, сұлулық уколдары, липосакция - денсаулыққа қауіп төндіретін медициналық процедуралар. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, оларды тек дәрігерлер ғана жасай алады. Неліктен мұндай процедуралар жасатуға жеңіл қарауға болмайды? Tengrinews.kz ол несімен қауіпті екенін анықтады.


Көз пішінін өзгерту, сұлулық уколдары, липосакция - денсаулыққа қауіп төндіретін медициналық процедуралар. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, оларды тек дәрігерлер ғана жасай алады. Неліктен мұндай процедуралар жасатуға жеңіл қарауға болмайды? Tengrinews.kz ол несімен қауіпті екенін анықтады.

Клиниканың медициналық лицензиясы болуы керек

Дерматокосметолог Жібек Тұңғышбаева қазақстандықтарға өз денсаулығы мен сұлулығын сеніп тапсырайын деп отқан клиникалардың құжаттарын тексеруге кеңес берді.

"Денсаулыққа ақша үнемдемеген жөн. Сертификатталған клиникаларды таңдаңыз (сайттарда лицензияны қараңыз және тек әлеуметтік желілердегі суреттерге назар аударудың қажеті жоқ). Интернетте өз қызметтерін ұсынатын мамандардың көпшілігі өздерінің "дипломдарын", "сертификаттарын" және басқа құжаттарды медициналық институттарда немесе университеттерде емес, қысқа мерзімді онлайн курстардан  алады.

Біздің клиникаға алдыңғы косметологтардың қателіктерін түзеуді сұрайтын клиенттер жиі жүгінеді. Біреуде - ботокс, біреуде филлер тұрмауы мүмкін. Қайталап айтамын, ине салатын процедураларды дәрігерлер сұлулық салондарында емес, клиникаларда жүргізуі керек. Сұлулық салонында сіз макияж жасай аласыз, бірақ мезотерапия немесе биоревитализацияны емес", - деп түсіндірді дерматокосметолог Жібек Тұңғышбаева Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Дерматовенерология (дерматокосметология) және пластикалық хирургия бойынша медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар клиникалардың тізімін мына жерден көре аласыз.

Клиникалар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне енгізілген сертификатталған препараттарды ғана қолдануға міндетті. Егер ботокс туралы айтатын болсақ, 2023 жылғы мәліметтер бойынша, қазақстандық денсаулық сақтау министрлігі адамдарға егуге рұқсат етілген 12 препаратты тіркеді.

Іріңді-некротикалық флегмона (қабыну) - филлер салудың салдары

Косметологтар құрбандарының бірі - 2024 жылдың қарсаңында сұлулық салонында үш процедура жасатқан астаналық әйел болды. Алғашқы екеуі (бетке ботокс және көзге арналған "Сингапур" процедурасы) сәтті өтті, ал үшіншісі қыздың өліміне әкеле жаздады.

Бөксе мен жамбас аймағына филлер салған кезде, зардап шеккен қыздың айтуынша, косметологтар тері астына инфекция енгізген. Диагноз - косметикалық процедуралардан кейін екі жамбастың іріңді-некротикалық флегмонасы. Асқынуы - сепсис. Шұғыл ота қыздың өмірін сақтап қалды.

"Мен есімнен тана бастадым. Қысымым 40-қа дейін түсіп кетті, температура төмендемеді. Мен дірілдеп жаттым, қатты ауырды, жүре алмадым. Жедел жәрдем келді. Олар мені көргенде тағы екі бригада шақырды. Көршілерім, менің туыстарым бұған куә. Дәрігерлер косметологқа қоңырау шалып, оның маған не салғанын сұрады. Ол оларға косметолог екенін айтып және олардан жақсы білетінін дәлелдеумен болды. Оның ойынша, мен бір айдай шыдасам, бәрі кетер еді. Оған менің ауыр жағдайда екенімді және егер шұғыл ота жасалмаса, менің өлетінімді айтты. Олар одан маған салған препараттың суретін әрең сұрап алды. Ол препарат салынған қораптың суретін жіберді, онда оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін көруге болады", - деді әйел.

Науқастың айтуынша, кейін қалалық аурухананың дәрігерлері процедура жоспар бойынша жүрмегендіктен (науқас қатты ауырсынуға шағымданған), косметологтар процедураны дереу тоқтатып, жедел жәрдем шақыруы керек еді деген.

Қыздың бөксесі мен жамбасында тесіктер қалып қойды. Оның айтуынша, олар енді кетпейді.

Кейін Астана қаласының полиция департаменті бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын, қажетті сараптамалар тағайындалғанын хабарлады. 

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылы медициналық қызметтердің сапасына байланысты 7720 өтініш тіркелген, оның 35-і косметологиялық процедураларға қатысты. 

Процедура алдында не білу керек?

Косметологтың білімі. Маманның медициналық білімі және клиниканың лицензиясы бар екеніне көз жеткізіңіз. Әдетте бұл деректерді сұраудың қажеті жоқ - тиісті құжаттар ұйымның веб-сайтында орналастырылады, ал кеңседе немесе кабинетте олар қабырғада ілулі тұрады. Сол құжаттармен мұқият танысу маңызды. Интернетте өткен курстары жайлы емес, олардың нақты медициналық білімі туралы құжат екеніне көз жеткізіңіз. Лицензияны мемлекеттік орган беруі керек.

Заңды препараттар. Препараттың түпнұсқалығын растайтын құжаттарды көрсетуді сұраңыз. Оның атын мемлекеттік тізіліміндегі дәрілік заттардың ішінен тексеріңіз.

Препараттың жарамдылық мерзімі және зарарсыздандырылғандығы. Инъекциялық процедуралар кезінде препараттың мерзімі өтіп кетпегеніне көз жеткізіңіз. Қаптаманы алдын-ала емес, дәл процедура алдында ашуын сұраңыз.

Ғимарат іші. Үйдегі немесе зарарсыздандырылмаған салондарда процедура жасатудан аулақ болыңыз. Лицензияланған клиникаларда инфекция жұқтыру ықтималдығы төмен.

Әдістемені меңгеру. Маман тапсырмаларды қаншалықты жақсы орындайтынын және қанша уақыт тәжірибе жасағанын түсіну үшін оның жұмыс портфолиосын зерттеңіз.

Лицензиясыз жұмыс істегені үшін қандай айыппұл қарастырылған?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 424-бабына сәйкес қызметтің осы түріне сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметпен айналысуы жеке тұлғалар үшін 5 АЕК (2024 жылы 18 460 теңге), лауазымды адамдар үшін – 15 АЕК (55 380 теңге),  заңды тұлғалар үшін 20 АЕК-ден 70 АЕК-ке дейін (73 840 теңгеден 258 440 теңгеге дейін) мөлшерінде айыппұл салынады.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін, егер осы іс-әрекет бір жыл ішінде қайталанса, жеке тұлғаларға денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатынан айыра отырып, 30 АЕК (110 760 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, лауазымды адамдарға, денсаулық сақтау субъектілеріне - 65 АЕК-ден (240 мың теңгеге жуық) 700 АЕК-ге дейінгі (2,5 миллион теңгеден жоғары) мөлшердегі айыппұл салынады және әкімшілік құқық бұзушылық жасаудан алынған кірістер тәркіленеді.

Косметологтарға қайда шағымдануға болады?

Егер сіз көрсетілген медициналық қызметтің сапасына қанағаттанбасаңыз, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жүгіне аласыз.

Жазбаша түрде өтініштер комитеттің аумақтық департаменттерінде қабылданады. Ал электронды түрде азаматтардың өтініштерін қабылдаудың e-otinish бірыңғай платформасы немесе Egov Mobile қосымшасы арқылы шағымдануға болады.

Читайте также
Join Telegram
Алматыда қойма өртенді

Валюта бағамы

 451.28   490.7   5.06 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети