07 наурыз 2022 09:20

Досым Сүлеев: Тағдыр шыңын бағындырған

ПОДЕЛИТЬСЯ

7 наурызда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үлкен ғалым және жоғары білім ұйымдастырушысы, танымал сазгер әрі аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" вокалдық аспаптар ансамблінің алғашқы жетекшісі Досым Қасымұлы Сүлеев 75 жасқа толады.  


7 наурызда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үлкен ғалым және жоғары білім ұйымдастырушысы, танымал сазгер әрі аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" вокалдық аспаптар ансамблінің алғашқы жетекшісі Досым Қасымұлы Сүлеев 75 жасқа толады.  

Оның атына талай жақсы сөз, жағымды лебіздер айтуға болады. Себебі біз сөз етіп отырған адам Қазақстанның қоғамдық өміріндегі тұтас бір дәуірдің символына айналған ерекше тұлға, аңыз тұлға.

Қазақ халқының өзі жақсы көретін даңқты ұлдарын еш жалғаусыз атымен ғана атайтын тамаша дәстүрі маған қатты ұнайды.

Қаныш десек оның Сәтпаев екенін; Мұхтар дегенде Әуезов екенін; Әбіш десек Кекілбаев екенін, Нұрғиса болса Тілендиев екенін бірден білеміз.

Мұндай мысалдар көп. Сол сияқты Досым дегенде елдің бәрі Сүлеев туралы айтылып жатқанын біледі.

Менің әкем "адамның қалыптасуы екі күшке – шыққан тегі мен өскен ортасына байланысты" деп жиі айтатын.

Досекеңе келетін болсақ, ол текті жерден шыққан азамат, тұлға.

Үш ширек ғасыр бұрын ол Сарыағашта, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында әскери офицер Қасым мен мұғалім Айнаштың отбасында дүниеге келген.

Досым үйдің тұңғышы болғандықтан әке-шешесіне болысып, соңынан ерген інісі мен төрт қарындасын жеткізіп, жетілтуге атсалысқан.

Көзі ашық, көкірегі ояу ата-ана перзенттеріне музыкалық құндылықтарды дәріптей отырып, кітап оқуды, ілім қууды, төл дәстүрге берік болуды өсиет етті.

Әке өнегесін алған Досым аға азаматтық, жауапкершілік, адалдық секілді игіліктерді өмірлік ұранына айналдырды деуге болады.

Отбасындағы рухани тәрбиенің арқасында Досекең шығармашылдық пен жасампаз жаңашылдық жолын, алға қойған мақсат-міндеттерді іске асыру жолын таңдады.

Иә, текті болу бір бақыт қой. Олай болса, біздің Досекең тектілікті білдірген азамат болып шықты!

Мектепте де, студенттік шақта да Досекеңнің жолы болды.

Мектептегі үздік білімі мен саналы түрде инженер мамандығын таңдауының арқасында ол 1965 жылы сол кезде жоғары интеллектуалды және ғылыми озық орта ретінде танылған альма матер  – В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына (қазіргі – Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) оқуға түседі.

Дәл осы Политех қабырғасында оның жан-жақты таланты ашылып, қазақ мәдениетінің аспанында Досым Сүлеев пен "Дос-Мұқасан" студенттер ансамблінің жұлдызы жарқырай түсті.

Досым Қасымұлын өзінің сазгерлік қырымен қазақ эстрадасы өнерін айтарлықтай байыта түскен ерекше тұлға деуге болады.

Оның музыкалық туындылары қазақ мәдениетінің Алтын қорына қосуға әбден лайық.

"Той жыры", "Алматы түні", "Күт мені", "Жан досым", "Бақытқа барар жолда", "Дала", "Әже әлдиі", "Это ты" және басқа да 20-дан астам әні халықтың жүргенінен орын тауып, композитор "қазақтың Мендельсоны" атанып кетті.

Досым Сүлеев пен "Дос-Мұқасан" - тағдыр жібі қатар өрілген егіз ұғым.

Бұл мәдени құбылыс сол уақытта ғана емес, қазірдің өзінде де батылдығымен әрі бірегейлігімен таң қалдыратын жасампаздықпен, жаңашылдықпен өрілген.

Дуалы ауыз айтқандай, дәуірлер музыка үнімен ерекшеленеді. 60-жылдардың соңы - 80-жылдар дәуірін сенімді түрде «Дос-Мұқасан» мен оның жетекші композиторы Досым Сүлеевтің музыкалық мұрасының дәуірі деуге болады.

Қазақ мәдениетіндегі осы феноменді қалыптастырған келесі идеологеммаларға назар аудара кеткен жөн.

Бірінші. Студенттер ұжымының кәсіби сахнадағы таң қалдырарлық жеңісін біз алғаш рет көріп отырмыз. Қазіргі тілмен айтқанда ансамбль болашақ студенттер стартаптарының түпбейнесі болды!

Екінші. Инженерлік ортада қалыптасқан дәстүрлермен салыстырып көрсек.

Досым Қасымұлы мен оның ансамбльдегі әріптестері техникалық және гуманитарлық ойлау қоспасының синергиясын күшейтті.

Осы орайда инженер Қаныш Сәтпаев пен оның Затаевичке берген этнографиялық білімін; инженер Олжас Сүлейменов пен оның поэзия әлемін; инженер Ақжан Машани мен оның Фарабитануға қосқан зор үлесін еріксіз  еске аласыз... Инженер Досым Сүлеев пен оның музыка әлемі!

Үшінші. Қазақ музыка өнерін, оның ішінде халық шығармашылығын тікелей проекциялаған қайталанбас әрі өзіндік репертуары арқылы әсіресе жастар арасында шынайы ұлттық рухани орта қалыптасты.

Қазір біз жаппай советтендіруді ту еткен кезеңде толықтай ұлттық нақышқа негізделген музыкалық жобамен шығу қаншалықты маңызды әрі қиын болғанын түсінеміз!

Әйгілі композитор, КСРО халық әртісі Ғазиза Жұбанова Досекеңнің шығармашылығына "Қазақ әндерін насихаттауға көп еңбек сіңірді" деп нақты баға береді.

Төртінші. Ансамбль Минскіде өткен Бүкілодақтық кәсіби вокалды- аспапты ансамбльдері арасындағы конкурстың лауреаты және Берлинде өткен (1973 ж.) Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атанған соң көрнекті кеңес композиторы Александра Николаевна Пахмутова "Дос-Мұқасан мен жетекшісі Досым Сүлеев бізді таң қалдырды" дейді.

Ол таң қалдырып қана қойған жоқ, қазақ өнерін халықаралық деңгейге шығарып, Ұлы дала әуенін бүкіл әлемге танытты!

Бұл жерде жиырмасыншы ғасырдағы айтулы оқиғалар ретінде Әміре Қашаубаевтың халық әндерін Париж төрінде қалықтатқанын, Мұқан Төлебаевтың Мәскеуде қазақтың опералық колоритін паш еткенін, "Дос-Мұқасанның" Сүлеев әндерімен Берлинді бағындырғанын бір қатарға қойып айтуға болады.

Осылайша қазақ эстрадалық өнері кеңестің тар шеңберіне сыймайды деген пікір қалыптасты.

Ансамбльді музыкасы дүниенің түпкір-түпкірінде түсінікті болған әлемге әйгілі "Битлз" тобымен салыстыруы тегін емес.

Бесінші. Кеңес мәдени кеңістігінде пайда болуы арқылы ансамбль ұлттық шығармашылық ұжымдарының құрылуына түрткі болды, олардың қатары ресейлік "Самоцветы", белорустық "Песняры", өзбектің «Ялла», украиндардың «Кобза» сияқты топтарымен толықты.

Арада жылдар өткен соң ансамбль "Қазақстан эстрадасының аңызы" атанып, Қарағандыдағы жұлдыздар аллеясында "Дос-Мұқасан жұлдызы" жағылды, Павлодарда "Дос-Мұқасан" музейі ашылды, және сол жерге қоладан құйылған мәңгі өшпес ескерткіш композиция қойылды.

Атырауда қала халқының, әсіресе жастардың тәу етер орнына айналған қола композиция орнатылды.

"Дос-Мұқасанның" алғашқы концерттері өткізілген "политехтің" акт залы Досым Сүлеев атындағы Мәдениет және ғылым сарайы болып өзгертілді.

"Қазақфильм" киностудиясында "Дос-Мұқасан" туралы жартысағаттық фильм түсірілді.

Қазақта "сегіз қырлы, бір сырлы”" деген жақсы сөз бар.

Жан жақты, парасатты, сыйлы, өнерлі адамдарға айтылатын мадақ.

Осы орайда Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің Досекең туралы жылы лебізі орынды айтылған: "Досым Сүлеев – үлкен үш саланың білікті білгірі. Олар – өнер, ғылым және білім. Міне, осы үш саланы терең біліммен игерген дарынды тұлға".

Иә, расында, Досым Қасымұлы кәсіби және интеллектуалды қызметте өз орнын тапқан азамат.

1974 жылы ол Мәскеудегі болат және қорытпалар институтының аспирантурасына түседі.

Мұнда ол көрнекті ғалымдар ортасына түсіп, тағы да жолы болады.

Болашақ академиктің ғылыми қызығушылығы мен белсенді өмірлік позициясы осы жылдары, осы институт қабырғасында қалыптасты.

1978 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, өз институтына келіп, оқу-ағарту ісіне жанын сала кірісті.

Институттағы қызметі (ассистент, доцент, партия комитеті хатшысының орынбасары) Досым Қасымұлының мансап жолындағы "трамплин" іспеттес болды.

Ол Алматы қалалық партия комитетіндегі жоғары оқу орындарының кураторы жауапты лауазымына ұсынылды.

1986 жылдан 1997 жылдарға дейін профессор Д.Қ. Сүлеев Алматы энергетика және байланыс институтының проректоры болып жұмыс істейді, мұнда ол жаңа буын инженерлерін даярлау оқу-әдістемелік процесіне инновацияларды белсенді түрде енгізеді.

1997 жылдан 2001 жылға дейін Досым Қасымұлының университет жүйесінің ғана емес, бүкіл еліміздің әлеуметтік саласының көшбасшысы – Білім және ғылым министрлігі жоғары білім департаментінің, әкімшілік департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары ретіндегі еңбек жолының аса маңызды бөлігі деуге болады.

Досым Қасымұлы ғылым мен білімді интеграциялау қағидасын дамыта отырып, үнемі зерттеу қызметімен де айналысады.

Ол докторлық диссертациясын сәтті қорғап, профессор ретінде техникалық мамандықтар бойынша бірқатар монографиялар, оқулықтар мен практикалық құралдар дайындайды.

Ол автоматтандыру және басқару, адам өмірінің қауіпсіздігі, университеттік білімді жаңғырту мәселелері бойынша ғылыми мектепті қалыптастырды.

Академик Д.Қ. Сүлеев республика үшін ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға елеулі үлес қосуда, жоғары білікті кадрлар даярлаумен айналысады – аспиранттарға, стажерлар мен магистранттарға жетекшілік етеді.

Академик Д.Қ. Сүлеевтің жетекшілік етуімен 9 доктор, 13 ғылым кандидаты, 4 PһD доктор даярланды.

Ол 380-нен астам ғылыми еңбектің, соның ішінде 7 оқулық пен оқу құралының, 6 монографияның авторы.

2004 жылдан бастап академик Д.Қ. Сүлеев еліміздің Ұлттық ғылым академиясының Жер туралы ғылымдар бөлімшесін басқарды және Президиум мүшесі болып табылады.

Оның 2001 жылдан 2008 жылға дейінгі Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры ретіндегі қызметі де айтарлықтай зор.

Оның менеджерлік қабілеттерінің арқасында көшбасшы жоғары оқу орны әлемдік университеттер қоғамдастығында жоғары халықаралық рейтингке ие болды.

Бұл жерде де Досым Қасымұлының біртуар тұлға екенін байқаймыз. Жоғары оқу орындары арасында университет түлегінің болашақта оның басшысы, ректоры болған жағдай өте сирек кездеседі!

Инженерлік білімнің флагманы жаңғыртуды қажет еткенін және Досым Қасымұлының басшылығымен бұған қол жеткізгенін жасыруға болмас.

Ұлттық университетті өзгерту – қиын процесс, себебі жоғары оқу орнының қаржылық, материалдық-техникалық, әлеуметтік, оқу-зертханалық, ғылыми-әдістемелік, кадрлық, студенттік өзін-өзі басқару және халықаралық әлеуеті мәселелерін синхронды шешуді талап етеді.

Бұл жаңғыртуды ректор Д.Қ. Сүлеев аса жоғары деңгейде жүзеге асыра алды.

Тәсілдердің бейстандарттығы, ғылыми орта мен қоғамдағы беделі, саясаткерлігі, саладағы зор жұмыс тәжірибесі университеттің табысты дамуының алғышартына айналды.

Университет республикада алғашқы болып толықтай кредиттік оқыту технологиясына және екі деңгейлі жоғары білім жүйесіне (бакалавр-магистр) көшті, АҚШ, Швеция, Франция, Голландияда философия докторларын (PһD) бірігіп даярлауды бастады, Еуропалық Одақтың Техникалық жоғары оқу орындары консорциумының, Ресей Техникалық университеттер қауымдастығының іскер мүшесі атанды, Америка білім беру консорциумының құрамына кірді.  

2007 жылы Шеврон компаниясы жоғары оқу орнын әлемнің ең үздік 16 университеті серіктестерінің қатарына енгізді.

НАТО-ның "Виртуалды Жібек жолы" жобасының аясында ҚазҰТУ ашық конкурсты жеңіп алып, спутник антеннасын орнатты және операциялық орталықты жабдықтауды жүзеге асырды.

Бұл университетке алғашқы қазақстандық жоғары оқу орындарының қатарында студенттерді қашықтықтан оқытуды бастауға және студенттерге қолжетімді болатындай интернет байланысының қызметтерін біршама арзандатуға мүмкіндік берді. Оңтүстік Корея үкіметінің қаражаты есебінен ІТ-технологиялар орталығының жаңа ғимаратын салу туралы біріккен шешім қабылданды.

Бұл уақытты ҚазҰТУ-дың даму тарихындағы "алтын кезең" деп айтуға болады және ол академик Д.Қ. Сүлеевтің ректор болған кезімен тұспа-тұс келді.

Сондықтан Досекеңнің жоғары оқу орнының ректоры ретіндегі қызметіне берілген жоғарғы баға өте орынды деп санаймын – ол Қ.И. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-дың Құрметті ректоры болып табылады, ал 2022 жылы еліміздің Жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің шешімімен оған алғашқылардың бірі болып "Қазақстанның Құрметті ректоры" атағы берілді.

Бүгінгі таңда, жасына қарамастан ол елдегі алғашқы ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі – Сейсмология институтын басқарып отыр, аз ғана уақыт ішінде оны тоқыраудан шығарып, қайта жаңғыртты.

Профессор Д.Қ. Сүлеевтің еңбегі "Құрмет" ордені, "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері" атағы сияқты мемлекеттік наградалармен, бірқатар мерекелік медальдармен, Қазақстанның Лениндік комсомол сыйлығымен еленді.

Оған ғылым, білім, мәдениет және спорт саласындағы көптеген ведомстволық құрметті атақтар берілді.

Ол еліміздің Ұлттық ғылым академиясының академигі және Президиумының мүшесі, бірқатар республикалық және шетелдік ғылым қоғамдастықтарының мүшесі болып сайланды.

Профессор Д.С. Сүлеевтің ғылыми және педагогикалық қызметі шетелде де кеңінен танымал.

Ол Сеул және Токио қалаларындағы Тынық мұхиты және Азия өңірі елдерінің ЮНЕСКО комитеті отырыстарында, Түркия, Ұлыбритания, Германия және Франциядағы халықаралық симпозиумдар мен кездесулерде қазақстандық жоғары мектептің мүддесін қорғады.

Кембридж Халықаралық Биографиялық Орталығының "Әлемнің көрнекті педагогы – 2005 жыл" медалімен марапатталған.

2006 жылы Америка Биографиялық институты (АВІ) Досым Сүлеевке "Жыл адамы" атағын берді.

Ол бірқатар жетекші шетелдік университеттердің құрметті профессоры болып сайланды.

Жылдар бойы жанынан табыла білген Людмила Байдабекқызындай жан жары бар Досеке бақытты адам.

Ол Досекеңнің Музасына айналып, отбасының ұйытқысы бола білді.

Екеуі Ержан мен Гүлмира есімді қос перзентіне тамаша тәрбие беріп, олардың жақсы адам болып қана емес, жоғары білікті маман болып қалыптасуына да еңбек сіңірді.

6 немеренің қызығы Досекеңнің өмірінің мәні, шөбере сүю арманы.

Мерейтой иесі өткен жылдарын, сүрген өмірін шүкірлікпен еске алады: "Мен таңдаған жолымның бәрі мені адастырмады, дұрыс болып шықты. Егер өмірімді қайта бастайтындай мүмкіндік берілсе, мен еш ойланбастан осы жүріп өткен жолымды таңдар едім".

Осынау айтулы күні ел ардақтысы болған мерейтой иесіне мықты денсаулық, шығармашылық табыс, рухани тепе-теңдік, кәсіби сұраныс және ұзақ ғұмыр тілеймін!

Арын Е.М.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 445.66   490.7   4.78 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети