12 ақпан 2020 | 15:33

"Дүние, өтеріңді біліп едім..."

ПОДЕЛИТЬСЯ

"...Отқа оранғандай Отырар,
Құлазып жатыр ұлы аймақ..."


Иконка комментария блок соц сети

"...Отқа оранғандай Отырар,
Құлазып жатыр ұлы аймақ..."

Әділет Ахметұлы

"Дүние, өтеріңді біліп едім..."

"...Білдірмей серілікпен жүріп едім, Теміртас!" Ән сүлейінің ақырғы әні. Әуелей көтерілді, өз биігінде. Кілт үзілді. Біржан-ғұмыр. Қазақтың қадірі мен қасиетін, өмірі мен өнерін, ділі мен тілін тоғыстырған тағдыр-дәуір уақыттың көшімен тарихтың кеңістігіне еніп барады. Бұл - тағылым мен тәрбиенің, саз бен сөздің үйлесімі Өмірзақ Айтбайұлы деп аталатын бүтін бір дәуір, тұтас тарих. Ғалымның ғылым-ғұмыры осыған дейін аз айтылған жоқ, сансыз жазылады да. Ал маған тигені – жауһартастай әр қырынан жарқырайтын асыл бейненің шуақты сәттерінен шым-шымдап сыр шерту ғана.

-Дұрррр-ыы-сс!

Сабын сөзді суқаны сүймейтін сүлейдің қатқыл үнін Тіл білімі институтының Ғалымдар кеңесінде естідім-ау деймін алғаш рет. Төрден төменге қарай Телғожа Жанұзақов, Өмірзақ Айтбайұлы, Асқар Жұбанов, Зейнеп Базарбаева, Нұргелді Уәлиев, Жамал Манкеева, Мырзат Малбақов жайғасқан сол жиналыста ғалым-хатшы қызметіне тағайындалдым. Рухы биік, жаны бай, томаға-тұйық жанкешті ғалымдардың қасиетті ордасы - қазақ тіл ғылымы әлемінің сырына үңілу сапары осылай басталды. Ұмытпай тұрғанда айтайын, академик Айтбайұлының үш ай сынақ мерзімінен өткен Тіл білім институтындағы қызметкерлердің ең соңғысы - мен!

Осы күнде қазақ тілінің мерейін үстем қып, көсегесін көгерткені үшін Мемлекеттік сыйлық берілуі керек болса, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына тиесілі шығар. Ал ұлттың тілімен қатар салт-дәстүрін, жөн-жоралғысын үздіксіз насихаттап жүргендерге (ақысыз!) бәйге жарияласа, бұл жолы да мәреден Тіл білім институты көрінері сөзсіз. Өйткені Құрманғазыны жағалай қонған еңселі орданың тілші-ғалымдар ортасы Ісмет Кеңесбаевтан бері Мәулен Балақаев, Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық, Шора Сарыбаев жалғаған ізгілік ілімі Өмірзақ Айтбайұлымен сабақтасты, тәлім-тәрбие дәстүрі жалғасты.

Мен 5 сәуірді асыға күтемін. Қазақтың ақсақалдан бата алу дәстүрін жаңғыртып, академиктің шаңырағында бас қосамыз. Көктемнің жаймашуақ сәті – Өмірзақ ұстазымыздың туған күні болса, әрі Тіл білімі институтының бейресми "Ұлыстың ұлы мейрамы" деп белгіленген. Ақсақалдың бір ғана талабы бар: ол – әр қонақ ұлттық киіммен келіп, өнер көрсетуі шарт. Ал той дастарқаны, табақ-табақ ет, қымыз-шұбат – бәрі-бәрі үй иесінің мойнында. 120 адамды құрметпен күтетін. Жыл сайын. Зәулім үйдің темір қақпасының ар жағы ән-күй, ойын-күлкіге кенеліп жататын. Қарбалас қаладағы алаңсыз ауыл өмірі-ай!

Өткен жылы 5 сәуірде дәстүрден жаңылмай, үшінші рет бас қостық. Бұл жолы да ұстазымыз ұлттық киіммен келуді аманаттаған. Ал ән-күй, қойылым тақырыбы Алаш арыстарына арналды. Институттың талантты қызметкерлері - Нұрлан Шүленбаев, Талғат Рамазан, Дидар Садық бастап, мен қостап – Алаштың арыстары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы және ұстаздың үлгі тұтар асыл ағасы, қазақтың аяулы ұлы Өзбекәлі Жәнібековтің образын сомдадық, кәсіби грим шеберлерінің айнытпай әрлегені соншалық – әсіресе мен Ахмет Байтұрсынұлынан айнымай қалдым. Қойылым кезінде Өмірзақ ағайды құшақтай қалып: - Өмеке, амансың ба?! "Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады". Мына сендер маған екінші өмір сыйладыңдар. Тіл үшін күресіп келесің. Табаның таймасын, қарағым! Ризамын! Ризамын, балам! – дедім даусымды жуандатып. Байқаймын, ұстазда үн жоқ. Көзілдіріктің ар жағынан қорқа-қорқа мен тұрмын. "Біттім! Бірдеңе бүлдірмесең, Мейрамбек болар ма ең",-деп сыбап та үлгердім өзімді. Бір кезде ана тілдің абызы көзілдірігін шешті де: - Балам, жүрегімді қозғадың ғой. Үйіме Ақыметтің әруағы келгендей күйде тұрмын. Мынау нағыз Ақыметтің өзі ғой, ә! Апыр-ай! – деп жасаураған көзін сүртіп жатыр.

Уф! Жүрегім орнына түсті. Академиктің сөзі қанаттандырғаны соншалық – күн ұзаққа ахметтанушы, ғылым докторы Орынай Жұбаеваны жасауратып, біресе профессор Ерден Қажыбекті, енді бірде профессор Әлімхан Жүнісбекті әрі-сәрі күйге түсіріп, әбден әуре-сарсаңға салдым. Енді ше, Айтбаевтан күнде мақтау естіп жатқан жоқпын!

Ахмет Байтұрсынұлының образы Өмірзақ ағаймен жақындастыра түскенін несін жасырайын?! Бұрынғыдай емес, қатулы қабақ көңілді кейіпке, қатқыл дауыс мақпал үнге ауысып сала берді мен дегенде. Жайшылықта жанына жақындауға жүрек дауаламайтын алтын адаммен бірге отырып, шай ішетін болдым. Сондай шуақты күннің бірінде: "Қарағым, сені көрген сайын Ақаңды (А.Байтұрсынұлы - автор) көргендей боламын. Талабыңа нұр жаусын! Бұл өнерді тастама. Ғылым, өнер - жігіттің көркі ғой. Менің ұстаздарым Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Әбдуәли Қайдар – осылардың алдын көрдім. Сонда мынадай қызық оқиға есіме түсіп отыр... - деп бір жөткірініп алып, естілер-естілмес үнмен әңгімесін бастайтын. Әрі қарай Өзбекәлі Жәнібеков жайында тереңнен толғайтын.

Ал қазір олар бірге. Жұмақтың төрінде шығар?! Байтұрсынұлы, Кеңесбаев, Балақаев, Қайдар, Жәнібеков бала шәкіртті ортаға алып, бәрін тәптіштеп сұрап жатқан да болар!? Бақыттан жүзі бал-бұл жанып жүрген ұстаз-шәкіртті елестетем. Олар бірге. Сенгім келеді.

Институт жастары әрқашан үлкендердің жанынан табылуға тырысамыз. Оған себеп те жоқ емес: ғасырдың ширек уақытын артқа қалдырған әр ғалым - тұнып тұрған шежіре, тыңдай бергің келеді, арасында ата-әженің мейіріне зәру мен секілді бір-бір үйдің еркесі жанына жұбаныш іздей ме, кім білсін, әйтеуір қалмаймыз қасынан. Әсіресе жан жадыратар әзіл-қағытпалары қандай жарасымды десеңші! Осы жерде мына бір оқиғаның есіме түсіп отырғаны.

Бірде Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының кезекті жиыны аяқталған соң, жастар үлкендерді демеп, сырт киімін кигізіп дегендей, ілтипатпен шығарып салып жатырмыз. Бір кезде Өмірзақ ағайымыз қалтасынан кішкене тарақты шығарды да, айнаға қарап, шашын ретке келтіре бастады. Соны байқап қалған Әлімхан ағай: - Өмеке, шашыңызды жиі тарайсыз, ә?", - деп еді. Өмірзақ ағай ескі досының айнадай жылтыраған төбесінен төмен қарап: - Шашымыз болған соң, тараймыз да, - дегені. Қыран-топан күлкіге қарық болдық.

Институтта жиналыс жиілеп кеткен кез. Кемінде 3-4 сағатсыз бітпейді. Әркім өз идеясын минуттап емес, сағаттап жеткізеді ғой, шіркін! Сондай идеясы "тасқын", "белсенді" апайымыз тоқтаусыз сөйлеп жатыр. Сағатқа қарайлап қоямыз. Жиналыстың бітер түрі көрінбейді. Төрде отырған Өмірзақ ұстазымыз жөткірінді де: "Дұр-ыы---ссс" деп ақырын даусын соза түсіп. Гу-гулеген орта бір сәтте жым-жырт. Баяндамашы кілт тоқтады. Жиын тез бітті. Содан кейін талай жиналыс өтті ғой, бір ғана "Дұр-ыысс" емеурін-лимиті мыңдаған минутымызды, сан сағатымызды үнемдегені анық, әсіресе асығыс-үсігіс жүретін жастар дән риза едік.

Кеше шай іштік бөлімде. Көңілсіз. Төрдегі былғары креслоға отырған Әлімхан ағайымыз жан досының жансыз бейнесіне ұзақ қарап: «Жүргенде жер тіреп, бойы көк тіреп жүруші еді. Бір өзі халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы болды ғой, "оригинал" академик! Тіпті, Өмекең жүргенде, Тіл білім институты ешкімнен қаймықпайтын, оның үстіне өзімізді жас сезінуші ек», - деп терең күрсінді.

"Дұры-ыс-с!". Осы бір сөзді естімегелі ай өтті. Кешегі жиналыс та ұзақ болды. Бұрынғыдай үлкендер де көп көзге түсе бермейді. Әлімхан ағай үйіне қайтып барады. Жалғыз.

Талай таутұлғаның табанының табы қалған Институттың ұзын дәлізін бойлаған көп бөлімнің бірінен мұңды ән әлсіз естіледі.

"Оу, дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім, Теміртас!.."
Көкектің бесі жақындап келеді...

Мейрамбек Таубалдиев
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының ғалым хатшысы,
тележурналист

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети