Генетикалық егіздің оқиғасы: жілік майы доноры болған алматылық ұшқыш Қарағандыдағы жасөспірімді қалай құтқарып қалды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Генетикалық егіздің оқиғасы: жілік майы доноры болған алматылық ұшқыш Қарағандыдағы жасөспірімді қалай құтқарып қалды? Кәрім Гайсин және Юрий Алехин. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Астанада 28 жастағы донор мен ол аман алып қалған жігіт кездесті. Ол бұрын лейкозбен ауырған. Бұл қарапайым сөйлемнің астарында екі адамның тағдыры, көптеген медицина қызметкерлерінің еңбегі және адамдардың әлі де жақсылықты қайтарымсыз жасай алатынына деген сенім жатыр.


Астанада 28 жастағы донор мен ол аман алып қалған жігіт кездесті. Ол бұрын лейкозбен ауырған. Бұл қарапайым сөйлемнің астарында екі адамның тағдыры, көптеген медицина қызметкерлерінің еңбегі және адамдардың әлі де жақсылықты қайтарымсыз жасай алатынына деген сенім жатыр.

Үш жыл бұрын, 2023 жылғы қаңтарда, алматылық ауыл шаруашылығы авиациясының ұшқышы Юрий Алешкин жілік майы жасушаларын тапсырған. Ол мұны сол кезде онкологиямен бес жыл бойы күресіп жүрген Қарағандының 16 жастағы тұрғыны Карим Гайсинді құтқару үшін жасаған. Олардың кездесуі қалай өткені туралы - TengriHealth материалында.

Бәрі қалай басталды?

Олар бір-бірі туралы ештеңе білмеген. Бұл – барлық елге ортақ ереже: донор мен реципиент (донорлық ағзалар, ал біздің жағдайда гомопоэтикалық жасушалар салынатын адам) трансплантациядан кейін кемінде екі жыл өткен соң ғана кездесе алады.

Анықтама: Сүйек кемігі - денеміздегі көптеген сүйектің ортасында орналасқан жұмсақ, кеуекті материал. Оның құрамында көптеген гемопоэтикалық жасуша бар. Гемопоэтикалық жасушаларды трансплантациялау - балалардағы қатерлі ісікті қоса алғанда, әртүрлі ауруларды емдеу үшін қолданылатын медициналық процедура. Бұл зақымдалған немесе жойылған гемопоэтикалық жасушаларды сау жасушалармен ауыстыруға мүмкіндік береді. Яғни, пациенттің өзінің гемопоэзі донорлық гемопоэзбен толығымен ауыстырылады.
Анықтама: Сүйек кемігінің (гемопоэтикалық жасушалардың) донорлары негізінен пациенттердің туыстары арасында ізделеді, бірақ өкінішке қарай, бұл әрқашан сәтті бола бермейді. Содан кейін, адамның өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі - Азамат пен Юрий сияқты туыс емес донорлар. Олардың деректері бүкіл әлем бойынша ұлттық донорлық тізілімдерде сақталады. Қазақстанда да осындай донор бар.

Кездесуді Астанада өткізу ұйғарылды – мұнда осы оқиғаға қатысы бар жандардың: дәрігер-онкогематологтардың, Қазақстандық жілік майы донорлары тіркелімі мен Қан орталығы қызметкерлерінің және, әрине, кейіпкерлердің басын қосу оңайырақ.

Юрий Алматыдан бір күн бұрын ұшып келген, Карим болса ата-анасымен Қарағандыдан келді. Бәрі толқып жүр: бәрі қалай өтер екен? Өйткені бұған дейін Қазақстанда донор мен ол көмектескен адам ешқашан кездесіп көрмеген.

Кездесу алды

Юрий белгіленген жерге ертерек келді. Айнала толы адам: ұйымдастырушылар, фотографтар, операторлар – Қазақстандағы жілік майы донорлығы туралы деректі фильм түсірілмек, Юрий соның басты кейіпкерлерінің бірі. 

Юрий Алешкин Карим Гайсинмен кездесер алдында. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова 

Кездесу кезі: "Төзімділік пен батылдықтың үлгісі"  

Шараға Светлана Селюнина модераторлық етті. Ол – Әсел Байсейітова атындағы қоғамдық қордың директоры, бұл кездесудің өтуіне осы қор үлкен үлес қосқан. 2021 жылы Юрий Алешкин Қазақстанда гемопоэтикалық жасушалар донорлығын насихаттайтын осы қордың іс-шараларының бірінде донор атанған. Бұл жігіттің саналы түрде жасаған қадамы еді. 

Юрийдің анасы – қан доноры және ұлына үлгі болған жан. Ол плазма мен тромбоциттер тапсыруды бастау үшін 18 жасқа толуын күткен. Айта кетейік, ол мұны 40-тан аса рет жасаған. Сонымен қатар жілік майының доноры болды және Қазақстанда өзінің генетикалық егізімен (донорлар мен реципиенттер осылай айтылады) кездескен алғашқы адам болды. 

"Біз үшін бұл үлкен оқиға және бәріміз қатты толқып тұрмыз. Бұл кездесу - екі адамның төзімділігі мен батылдығының үлгісі. Олардың бірі қиындыққа қарамастан аман қалды, ал екіншісі бейтаныс адам үшін жасушаларын беруге бел буды. Бүгін олар жілік майы донорлығы неге қажет екенін көрсету үшін, осы туралы айту үшін күш-жігер мен батылдық тапты", - деді Светлана Селюнина. 

Светлана Селюнина  и Сания АбдрахмановаӘсел Байсейітова атындағы қоғамдық қордың директоры Светлана Селюнина (сол жақта) және Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының төрайымы Сәния Әбдірахманова. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова 

Шын мәнінде, бұл хикаяда кейіпкерлер көп: Каримның өмірі үшін ұзақ жылдар бойы күрескен дәрігерлер, оның ата-анасы. Қазақстандық жілік майы донорларының тіркелімін жасап, Юрийді тауып алған адамдар. Донорлық жасушаларды алуды және оларды трансплантациялауды жүзеге асырған мамандар. Олардың барлығы ең маңызды сәтті - екі адамның бір-бірін көретін сәтін күтіп отыр. 

Кездесу күні: "Рақмет, Юра..."

Кездесу сәті санаулы минуттарға ғана созылды. Юрий қошеметпен ортаға шықты. Карим біраз шеткерірек, қымсынып тұрды. Оның қатты толқып тұрғаны байқалады. Ол осыдан екі сағат бұрын анасына: "Бүгін өмірімдегі ең қиын күн", - деп айтқан екен.

Алдымен бір-бірінің қолын алды. Сосын құшақтасты. Каримнің анасы шыдай алмай, жүгіріп келіп, ол да құшақтай кетті...

- Рақмет саған, Юра, рақмет.

Ол көз жасына ерік бермеуге тырысты. Юрий Натальяның қолынан ұстап (кемсеңдеген ернінен түсінгендей): "Жыламаңыз..." - деп жұбатып жатты.

Юрий мен Натальяның кездесу сәті. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова 

- Балалар, осында қалғыларың келе ме, әлде оңаша сөйлесесіңдер ме? - деп сұрады Светлана Селюнина.

Юрий мен Карим бөтен көзден таса, жеке бөлмеге сөйлесуге кетті. Ал жігіттер жоқта дәрігерлер емнің қалай өткенін еске алды.

2018 жылға, бұл оқиғаның басталған кезіне оралайық. Карим небәрі 11 жаста еді, ол алғаш рет дәрігер-онкогематолог Арайлым Әділовамен танысты.

Ол бәрі қалай болғанын айтып берді. Диагноз қойылды. Ем жүргізілді. Ауруханадан шықты. Бірақ екі жылдан кейін ауру қайталанып, Каримге алғаш рет жілік майын ауыстыру отасы жасалды - туыс емес донор Ресейден табылды. Өкінішке қарай, бір жарым жылдан соң ауру екінші рет байқалды.

"Каримнің жалғыз мүмкіндігі - тағы бір трансплантация жасау еді. Бірақ екінші рет донор табу ше? Бұл - үлкен сәттілік. Ал донордың табылуы, оның үстіне қазақстандық регистрден шығуы - нағыз ғажайып болды", - деп еске алады Арайлым Әділова.

Юрий Алешкин Карим үшін жасуша тапсырып жатыр, 2023 жыл. Жігіттің жеке мұрағатынан алынған фото

Дәрігерлер қауіп-қатердің бірінші реткіге қарағанда жоғары болғанын жасырмады. Каримнің ата-анасына нәтиженің қандай болары белгісіз екені ашық айтылған. Бірақ бәрі сәтті өтті. 14 күннен кейін онкогематологтар жасушалардың жерсіне бастағанын көрді, ал трансплантациядан кейінгі 36-шы күні Карим ауруханадан шықты.

"Бәрі өте тез болды: донор табылды, ол бірден келісті, келді - Каримнің ағзасы да бұған оң жауап бергендей болды. Дегенмен, трансплантацияға дейін жағдайы мәз емес еді", - деді дәрігер.

Арайлым Әділова Карим және оның анасымен бірге. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Юрий мен Карим "құпия" бөлмеден жалпы залға оралғанда, олардан бойларында қандай да бір өзгеріс бар-жоғын сұрады. Жілік майы ауыстырылғаннан кейін реципиент донордың мінез-құлқын, тіпті кейбір әдеттерін қабылдайды деген сөз бар.

- Менің бет пішінім сәл өзгерді. Сосын талғамым да, - деді Карим.

- Талғамдарымызды әлі салыстырып үлгермедік, бірақ мен Каримнен ұшақтарды жақсы көресің бе деп сұрадым. Достарым мені "сүйегіне дейін авиаторсың" деп әзілдейді. Карим ұшақтарды әрқашан жақсы көргенін айтты. Сонымен, бұл жағынан ұқсас болып шықтық, - деп жымиды жігіт.

Сондай-ақ олардың қан топтары да бірдей. Отаға дейін Каримнің қаны үшінші топ болса, енді Юрийдікіндей бірінші топ. Бұл тұрғыдан алғанда олар нағыз егіз бауырлар іспетті.

"Карим мен Юра қаны бір бауырлар болып шықты. Ал мен үшін Юра енді өз ұлымдай болып кетті", - дейді Наталья.

Тағы бір есіне алғаны: ауруханада жатқанда оған Юраның өзіне де, Каримге де ұқсайтынын талай адам айтқан екен. Шынымен де солай сияқты. Бұл тіпті суреттен де байқалады:

Юрий Алешкин мен Карим Гайсин. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Екеуі де кездесу бойы дерлік үнсіз қалды. Юрийдің егжей-тегжейлі айтқан жалғыз нәрсесі - трансплантацияға дейінгі және одан кейінгі көңіл-күйі мен сезімдері болды:

"Маған жиі қойылатын сұрақ: донорлық денсаулыққа қалай әсер етеді? Өзімді нашар сезіне бастаған жоқпын ба? Жоқ, олай емес. Мен ұшқышпын - жыл сайын ұшу комиссиясынан өтемін, бізді бастан-аяқ жіті тексереді. Денсаулығым өте жақсы. Мен жай ғана қан тапсырдым - сол арқылы басқа адамға көмектестім".

Қалай сүйек кемігінің доноры болуға болады?

Қазіргі уақытта Сүйек кемігі донорларының ұлттық тізілімінде 15 мыңға жуық адам бар. 18-ден 45 жасқа дейінгі, салмағы 50 келіден асатын кез келген дені сау қазақстандық әлеуетті донор бола алады. Негізгі медициналық қарсы көрсетілімдер: онкология, туберкулез, инфаркт, аутоиммундық аурулар. 

Донор болу үшін не істеу керек?

  • Өз өңіріңіздегі қан орталығына бару.
  • Сауалнама толтырып, тізілімге кіруге келісім беру.
  • Жеке куәліктің көшірмесін ұсыну.
  • 9 миллилитр қан тапсыру.
  • Қан Астанаға, базасында Сүйек кемігі донорларының ұлттық тізілімі жұмыс істейтін Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына жіберіледі.
  • Орталықта қанға толық сипаттама беріледі, медицина тілінде бұл "фенотипті ажырату" деп аталады.
  • Әр адамның фенотипі саусақ ізі сияқты қайталанбас, бірегей болады. Сүйек кемігінің доноры мен реципиентінің дәл осы фенотипі сәйкес келуі тиіс.

Юрий мен Каримның кездесуіне себепші болған адамдар тобы. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Кездесу күні: "Тек болашақты ойлау керек"

Сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстандық балалар онкологтары мен гематологтары қоғамының президенті және ең бастысы Карим Ғайсинге трансплантация жасаған дәрігер Дайыр Нұрғалиев маңызды лебізін білдірді.

"Бүгін - бақытты күн. Каримге сәттілік тілеймін. Оның бұдан былайғы уайымы басқаша болсын: қай институтқа түсу, қандай мамандық таңдау, болашақ балаларының есімін кім деп қою - тек болашақты ойлап, өткенді сирек еске алса екен", - дейді Нұрғалиев.

Бұл - рас. Кәрім бірінші, екінші, кейін үшінші рет ем алған кезде жалпы есеппен екі жылдан аса уақыт ауруханада жатқан. Ол өзі: "бейне бір әскерге барып келгендеймін" дейді. Одан кейін - оңалту кезеңі болды. Ал енді толыққанды өмір сүретін уақыт келді.

Каримның алдағы жоспары - оқуға түсу, ол графикалық дизайнер болғысы келеді. Юрий де ұшқыш мамандығы бойынша әрі қарай дамысам деп армандайды.

Әрине, кездесіп тұруды да ұмытпайды.

- Байланыс нөмірлерімізбен алмасып, араласып тұрамыз, әзірге тек жақсы әсердемін, - деді Юрий.

Ерекше бір нәрсе болып жатқандай сезім, бірақ оның қаншалықты маңызды екені әлі толық аңғарылмай тұрғандай...

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 475.63   557.14   6.08 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети