Әуесқой бокстың халықаралық ассоциациясы (AIBA) кәсіпқой боксшыларға Олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат бергені жайлы мәлімдеме халықтың құлағына жеткелі бері ел ішінде бір ғана әңгіме жүрген сыңайлы. Ол - Геннадий Головкин Олимпиада ойындарына қатыса ма? Алайда боксшының тарапынан бұған қатысты әлі бірде-бір сөз айтылған жоқ. Десек те, айналдырған бірнеше күннің ішінде осыған байланысты бірқатар маман өз пікірін жария етіп, әлеуметтік желінің қолданушылары өз пайымдарын ортаға салды. Әрине, көпшіліктің тұжырымы қандай сарында екені айтпаса да белгілі, алайда бұл саланың мамандары Головкиннің Олимпиадаға қатыспайтынын айтып отыр. Ал біз өз кезегімізде сол мамандардың айтуы бойынша, WBA (Super), IBO, IBF және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Геннадий Головкиннің Олимпиадаға қатыспауына себеп болатын 10 жайтты назарларыңызға ұсынамыз.
Әуесқой бокстың халықаралық ассоциациясы (AIBA) кәсіпқой боксшыларға Олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат бергені жайлы мәлімдеме халықтың құлағына жеткелі бері ел ішінде бір ғана әңгіме жүрген сыңайлы. Ол - Геннадий Головкин Олимпиада ойындарына қатыса ма? Алайда боксшының тарапынан бұған қатысты әлі бірде-бір сөз айтылған жоқ. Десек те, айналдырған бірнеше күннің ішінде осыған байланысты бірқатар маман өз пікірін жария етіп, әлеуметтік желінің қолданушылары өз пайымдарын ортаға салды. Әрине, көпшіліктің тұжырымы қандай сарында екені айтпаса да белгілі, алайда бұл саланың мамандары Головкиннің Олимпиадаға қатыспайтынын айтып отыр. Ал біз өз кезегімізде сол мамандардың айтуы бойынша, WBA (Super), IBO, IBF және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Геннадий Головкиннің Олимпиадаға қатыспауына себеп болатын 10 жайтты назарларыңызға ұсынамыз.
Головкин сынды чемпиондарға Олимпиаданың алтыны қызық емес
2012 жылғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында AIBA-ның кәсіпқой боксшыларды Олимпиадаға қатыстыруға рұқсат бергеніне қатысты пікірін айтты. "Әрине, Головкин көмектесе алар еді, бірақ ол келісе ме екен, - дейді Сәпиев. - Меніңше, ол келісім бермейді. Бұл оңай шешім емес, оның кәсіпқой боксқа өткеніне көп уақыт болды. Чемпиондар мұндай ойға бара бермейді, оларға Олимпиаданың алтыны қызық емес".
Головкин Олимпиадаға қатысып, медаль алса ғана оған ақша төленеді
Сәпиев Головкиннің орнында болса Олимпиадаға қатысу туралы шешімді қабылдайтынын айтты. "Егер ол Олимпиадаға қатысса, ешкім де ақша төлемейді, медаль жеңіп алса ғана төленеді, ел де алғысын айтады. Олимпиаданың бір тиімді тұсы - алтын медаль алу елге абырой әпереді", - деді ол.
Головкиннің кәсіпқой бокстағы келісімшартында оның қандай да бір спорт шарасына қатысуына шектеу болуы мүмкін
"Бірақ бір мәселені назардан шығармау керек - кәсіпқой боксшылардың келісімшарттары бар, оларды боксшылар бұза алмайды, ал келісімшартта қандай да бір спорт шараларына қатысуға шектеу қойылуы мүмкін", - деді Сәпиев.
Гена Олимпиадаға қатысу үшін іріктеу турнирлерінен өтуге келіспеуі ықтимал
"Олимпиадаға қатысу үшін белгілі бір іріктеу турнирлерінен өтуі керек, ал Гена осының барлығынан, мәселен Азия чемпионатынан өткісі келе ме екен? Себебі ол әлем чемпионы әрі танымал боксшы. Бұл мәселеде заңға қатысты кейбір кедергілер бар, оның барлығы ХОК-пен келісілуі керек", - деп түсіндірді Сәпиев.
Головкин әуесқой және кәсіпқой бокста жекпе-жекке дайындалу жүйесі әртүрлі болғандықтан Олимпиадаға қатыспауы мүмкін
Бұл мәселеге қатысты бокстан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері, Геннадий Головкинді бұрын жаттықтырған Ғалым Кенжебаев та өз пікірін айтты. Оның ойынша, Головкин Олимпиада ойындарында өнер көрсетпейді. "Ұлттық құрамаға көмектескісі келетін Головкиннен басқа кәсіпқой боксшыны білмеймін. Дегенмен Головкин мұндай қадамға бару үшін әуесқой боксқа келуіне тура келеді. Әуесқой және кәсіпқой бокста жекпе-жекке дайындалу жүйесі әртүрлі", - деді Кенжебаев.
Головкиннің әуесқой боксқа уақыты жоқ
Кенжебаевтың айтуынша, Головкиннің мақсаты - кәсіпқой бокста шыңдарды бағындыру. "Қазір ол бірін екіншісімен шатыстырмайды, орта салмақта барлық титулды жеңіп алуға тырысады. Әрі ұлттық құрамаға ену үшін шараларға қатысып, лицензия жеңіп алуға тура келеді. Мұның бәріне уақыт кетеді. Ал Головкиннің қазір өз жоспарлары бар. Әуесқой және кәсіпқой бокс - екі бөлек дүние", - деді ол.
Головкиннің Олимпиадаға қатысуына оның басшылары рұқсат бермеуі мүмкін
Головкинді тұңғыш рет Әлем чемпионатына дайындап, командасын бастап алып барған, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқарбек Ғазизовтың ойынша, Геннадийдің Олимпиадаға қатысу немесе қатыспауы жалғыз оның ғана шешімі болмауы мүмкін. "Себебі оған Геннадийдің бапкерінің, менеджерлерінің, промоутерлерінің де тікелей қатысы бар. "Головкин Олимпиадаға қатыса ма?" деген сұраққа жауап беру үшін алдымен олардың AIBA-мен қарым-қатынастарын және Генаның командасының мұндай шараға қатысты ойын білу қажет. Тіпті оның менеджерлерінің өзі Головкиннің оған қатысуына рұқсат бермеуі мүмкін", - дейді Ғазизов.
Кәсіпқой бокс - бизнес
Ғазизовтың айтуынша, Головкинге Олимпиада қызық болуы да мүмкін. "Себебі, олимпиаданың аты олимпиада. Әрине, оның қазіргі дәрежесі әлдеқайда жоғары. Бірақ кезінде сол Олимпиадаға қатысып, жеңіліп қалған еді. Ал қазір дайындалып, қатысатын болса оның жеңуге 99,9 пайыз мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Дегенмен, қазір Геннадий мен оның бапкері келісім берген күннің өзінде, одан жоғары басшылық тыйым салуы мүмкін. Себебі кәсіпқой бокс деген ол - ақша, ол - бизнес", - дейді ол.
Олимпиада AIBA мүддесі үшін ғана "ұсынылған" шара, Головкин қатыса қояр ма екен...
Спорт журналисі, сарапшы Нұрғазы Сасаевтың ойынша, AIBA бүгінде кәсіпқой боксқа қызыға қарайды. Себебі кәсіпқой бокс – судай сапырылған ақша, көрермендері көп. Телетаратылым арқылы көретін пайдасы шаш-етектен. Тіпті боксшы жұлдыздарының атақ-даңқтары да бәрінен асып тұр. "AIBA бүгінде кәсіпқой боксқа қалай кіріп, қалай бірігіп кетерін білмей жүр. Әр түрлі бокс кеші бағдарламаларында өздерінің APB жобасындағы боксшыларын жекпе-жекке шығарып, кәсіпқой боксты төңіректеп жүр. Олардың айтатын уәждері - кәсіпқой бокстағы спортшылардың бәрі әуесқой бокстан ауысқандар. Яғни "тауар 100 пайыз болмаса да, 95 пайыз біздікі" дейді. AIBA кәсіпқой бокстағы жұлдыздарды өздеріне қарату үшін енді қолындағы ең қымбатын, яғни Олимпиада ойындарын "ұсынып" отыр. Бірақ оған кәсіпқой бокс жұлдыздары салып ұрып, жетіп бара қояр ма екен?!", - дейді ол.
Головкин үшін Олимпиада ойындарына қарағанда өз алдына қойған жоспарлары маңыздырақ
Сарапшының пікірінше, Головкин үшін Олимпиада ойындарынан гөрі өз алдына қойған жоспарлары маңыздырақ. "Түйенің танығаны - жапырақ" дегендей, кәсіпқой бокс жұлдыздарының "танығаны" - миллиондаған гонорар. Сондықтан, мен мұны AIBA-ның көпшілікті өзіне қарату үшін жасап отырған PR-қадамы деп қана түсінемін. Кәсіпқой бокстағы әр түрлі тұжырымдардың басшыларына ой салу, оларды мәмілеге келуге шақыру, "сабаларына түсіру" деп пайымдаймын. Өйткені мұның ешқандай ережесі, қалай жүзеге асырылатыны туралы ешбір талап-шарттары ұсынылып отырған жоқ. Сөз жүзінде "от" тастап, "қалай болар екен" деп, сырттай барлау ғана сияқты. Ал "Головкин Олимпиадаға бара ма?" деген сұраққа қатысты айтар болсақ, Геннадий секілді кәсіпқой бокстың жарық жұлдыздарына дәл қазір Олимпиада ойындарынан гөрі өздерінің алдағы жылдарға құрып қойған жоспарлары маңызды деп есептеймін. Өтіп бара жатқан "керуенге" қарап, даурығудың қажеті жоқ. Әліптің артын тосу керек. AIBA кәсіпқой боксты өз қанатының астына тарта ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді", - дейді Сасаев.
Сандуғаш Әлімжанова