05 қыркүйек 2024 | 14:50

Жаңа үйден пәтер алудың ұтымды жолдары: маманнан кеңес

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото:elements.envato.com Фото:elements.envato.com

Еліміздегі өзекті мәселелердің бірі - баспана мәселесі. Қандай мемлекеттік бағдарламалармен үй алуға болады және үй алуға ақшаны қалай жинаймыз? Жаңа салынған үйлерден пәтер алу кезінде алданып қалмас үшін не білу керек? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Massaget.kz тілшісі 5 000-нан аса адамға пәтер алуға көмектескен баспана алу бойынша кеңесші Мадина Болатханқызымен сұхбаттасты.


Еліміздегі өзекті мәселелердің бірі - баспана мәселесі. Қандай мемлекеттік бағдарламалармен үй алуға болады және үй алуға ақшаны қалай жинаймыз? Жаңа салынған үйлерден пәтер алу кезінде алданып қалмас үшін не білу керек? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Massaget.kz тілшісі 5 000-нан аса адамға пәтер алуға көмектескен баспана алу бойынша кеңесші Мадина Болатханқызымен сұхбаттасты.

Жаңа үйден пәтерді қалай таңдаймыз?
 
Кейде адамдар құрылысы енді басталған үйлерге ақша салып, бірақ алданып қалады. Мұндай жағдай орын алмас үшін баспана алу бойынша кеңесші құжаттарды мұқият тексеруге кеңес берді.

Құрылыс компаниясының тәжірибесі мен репутациясын тексеріңіз

Нарықта үлкен құрылыс компаниялары санаулы. Басталған үйдің құрылысы тұрып қалмаған, бітпей қалған объектісі жоқ компанияларға қарап алу керек. Себебі қаланың ортасынан әдемі жер алып, бірақ құрылысы бітпеген және әлі күнге дейін құжатын келістіре алмай жүрген компаниялар бар. Сондықтан қандай да бір құрылыс компаниясына ақша салмас бұрын оның репутациясын тексеріңіз. 

Құжаттарды тексеріңіз

Құрылыс компаниясына ақша салатын кезде, үлескер болғыңыз келсе, бірінші кезекте мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасынан (ГАСК) арнайы құрылыстың басталуына байланысты талонның бар-жоғын сұрау керек. Сол салынып жатқан жоба жеке немесе мемлекеттік сараптамадан өткенін білу керек. Одан бөлек салынып жатқан үйдің жерінде "меншік құқығы" деген құжат болу керек. Осы үш нәрсені тексеріп барып, құрылыс компаниясына ақша салуға болады. Бұл құжаттардың бар-жоғын талап ете аласыз.

Келісім-шартпен толық танысыңыз

Құрылысы бітіп, пайдалануға берілген үйден пәтер алсаңыз, ешқандай проблема жоқ: нотариусқа барып, келісім-шарт жасай саласыз. Ал салынып жатқан үй болса, оған үлескер болып кіретін болсаңыз, жоғарыдағы үш құжатты тексеріп, содан соң келісім-шартты жақсылап оқу керек. Ол жақта барлық төтенше жағдайлар жазылады. Мысалы, сізге 1 жылдан кейін аяқталады дейді ,алайда аяқталмай қалса қосымша уақыт берілетіні жазылуы керек. Үй берілгеннен кейін үйдің 100 пайыз ақшасын толық төлемесеңіз, сіздің ақшаңыздан үйдің жалпы құнының 10 пайызын ұстап қаламыз деген секілді ескертулер болады. Келісім-шарт бірнеше бет қана болады. Оны толықтай оқып шығуға мүмкіндік бар. Егер түсінбесеңіз, заңгер немесе баспана алу бойынша кеңесшілердің көмегіне жүгініңіз. Ақшаны салуға асықпаңыз.

Жаңа үйден пәтер алудың артықшылықтары мен кемшіліктері

Маман жаңа салынған үйлердің артықшылықтары көп екенін атап өтті.

"Пәтердің бірінші қожайыны боласыз. Егер қара әрлеудегі пәтер алсаңыз, үйдің дизайнын өз еркіңізге қарай жасайсыз. Жаңа үйлердің шаршы көлемі үлкенірек, төбесі биік болады. Сондай-ақ жаңа салынған үйлердің ас бөлмесі бұрынғы үйлердегі секілді тар емес, кең болады. Сәнді ландшафт, жерасты паркингі, бейнебақылау, толықметражды терезесы болады", - дейді маман.

Алайда баспана алу бойынша кеңесші жаңа салынған үйлердің кей жағымсыз тұстары жайлы ескертті.

"Жаңадан салынған үйлердің барлығы қолданысқа берілген кезде бастапқыда күтпеген ыңғайсыз жағдайлар орын алуы мүмкін. Мысалы, сіз елден бұын жөндеу жұмысын жасап алсаңыз, сізге үстіңізден су ағып кетуі мүмкін. Мысалы, көршілеріңіз жөндеу жұмысын жасап жатырған кезде байқамай трубаны тесіп алуы мүмкін. Барлық пәтерде жөндеу жұмысы жасалатындықтан, мұндай жағдайларды ескеру керек. Мысалы, бастапқыда жарық өшіп қалады, су тоқтап қалады. Мысалы, сіз жаңа салынып жатырған үйдің бірінші кезеңінен алдыңыз. Екінші, үшінші кезең біткенге дейін сізде судың тоқтауы, жарықтың өшуі деген секілді жағдайлардың болуы - қалыпты нәрсе. Бұлар уақытшы және түзелетін кемшілік. Егер газға қосылған үй болса, ол бірден қосылмайды. Үйдің 70-80 пайызы көшіп келгеннен кейін ғана газ қосылады", - дейді Мадина Болатханқызы.

Сондай-ақ маман үй таңдаған кезде ең алдымен оның орналасқан жеріне мән беруге кеңес берді.

"Өзіңіздің жайлылығыңыз үшін үйдің жағдайына және әдемілігіне қарайсыз. Себебі адамдардың бәрі жақсы жерде тұрғысы келеді. Бірақ үлкен қалаларда тұратын адамдар үй таңдағанда аса мән беру керек нәрсе - үйдің орналасқан жері. Кейде жақсы үйлер болады, бірақ жанында мектеп, балабақша, емхана жоқ немесе өте алыс орналасқан. Үлкен қалаларда жолға көп уақыт кетеді", - дейді ол.

Қазір қандай мемлекеттік бағдарламалармен үй алуға болады?

Маман мемлекеттік бағдарламалар көп екенін, алайда олардың барлығы дерлік конкурс негізінде өтетінін айтты. Баспана алу бойынша кеңесші Мадина Болатханқызы бірнеше мемлекеттік бағдарламаға тоқталды:

"Наурыз" бағдарламасы

"Наурыз" бағдарламасына үйдің кезегінде тұрған әлеуметтік осал топқа 7 пайызбен береді, қалған азаматтарға 9 пайызбен береді. Бірақ бұл жерде конкурс арқылы өтеді. Кез келген адам қалаған уақытында үй ала алмайды. Сіздің жинаған сыйақы мөлшеріңіз, отбасылы болуыңыз, балаңыздың болуы, әлеуметтік осал тобына жатуыңызға қарай балл береді. Облыс орталықтарында 30 миллионға дейінгі, ал Алматы және Астана қалаларынан 36 миллионға дейінгі үй таңдай аласыз. Бірақ үлкен қалаларда тек алғашқы нарықтан үй ала аласыз. Ал ауыл-аймақтарда, моно-қалаларда қайталама нарықтан да үй алуға болады.

"7-20-25" бағдарламасы

"7-20-25" бағдарламасы да өте тиімді. Ол жерде конкурс жоқ және соңғы 5 жылда атыңда үй болмау керек деген талап жоқ. Бұл бағдарламаға кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Ал егер атыңызда үйіңіз бар болса, оны сатып жіберіп, осы бағдарламамен үй ала бересіз. Бұл жерде де үйді 7 пайызбен береді. 20 миллион теңгені банк береді, қалған ақшаны тікелей құрылыс компаниясына құясыз. Бірақ 25 миллионнан аспайтын үй таңдайсыз.

Жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарламалар

"Алматы жастары", "Атырау жастары" деген секілді де бағдарламалар бар. Алғашқы салымы 10 пайыз және 5 пайыз көрсеткішпен үй алуға болады. Бұл 35 жасқа дейінгі адамдарға арналған, бірақ ол да конкурстық негізде өтеді. Бұл жерде арнайы сала жұмысшылары қатыса алады. Сондай-ақ бала-шағалы болуы, жұмыс өтілі, некедегі жылыңызға қарай балл беріледі. Өтініш берген жастардың арасынан кімнің балы жоғары, солар өтеді. 

Үйдің кезегінде тұрғандарға арналған бағдарламалар

Үйдің кезегінде тұрғандар үшін "Шаңырақ", "5-10-20", "2-10-20" деген секілді мемлекеттік бағдарламалар бар. Олар қазір сирек болып жатыр. Бұл бағдарламалар үшін кім үйдің кезегіне ертерек тұрды, солардың мүмкіндігі жоғары. Олар арнайы мемлекет салған үйлергдің конкурсына қатысады. Мысалы, 1 пәтерге 10 адам өтініш берсе, олардың қайсысы бұрын берсе, сол өтеді. Бұл бағдарламаларда 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдылық беріледі.

Әкімдік тарапынан коммуналдық фондта үйдің кезегінде тұрған адамдарға 3 немесе 5 жылға үй жалға береді. Мысалы, Алматыда жақында берілді. 1 бөлме үшін айына - 5 мың, екі бөлмеге - 10-12 мың, үш бөлмеге 20 мың деген секілді баға болды. Көбіне үйдің кезігінде 9-10 жыл тұрған адамдар алды. Бұл жерде табыс тексермейді. Қазір мұндай үйлерге сатып алу құқығы беріліп жатыр. Болашақта тиісті заң шығып жатса, толық аттарына жазылуы мүмкін.

Нарықта мемлекеттік бағдарламаларға байланысты мүмкіндіктер көп. Бірақ олардың барлығында қатысушы адам да көп. Үйдің кезегінде тұрсаңыз да, міндетті түрде ақша жинау керек және несие тарихын құртпау керек.

"Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді немесе тиімді емес деп бөле алмаймыз. Әрине, ең тиімдісі - пайызы аз түрі. Мысалы, 2 пайызбен алатын бағдарлама. Бірақ екінің бірі онымен ала алмайды. Әркім өзінің отбасылық жағдайына, істеп жүрген қызметіне байланысты қандай бағдарламамен үй алу мүмкіндігі туып тұр, соны алып алу керек.

Мысалы, адам мемлекеттік қызметкер болып жұмысқа кіріп, 5 пайызбен үй аламын деп "Шаңырақ" бағдарламасын күтеді. Алайда ол кезекке енді тұрды, оған дейін көп адам кезекке тұрып қойды. Яғни, оның мүмкіндігі аз. Тиімді екен деп бір бағдарламаны күтіп қалмау керек. Кезекке тұрып, қосымша мүмкіндіктерді іздеу керек. Мысалы, кезекке тұрғандар үшін "Жасыл ипотека" деген бағдарлама бар. Онымен үйді 7 пайызбен ала алады. Басқа мүмкіндіктерді қарастырыңыз, қазіргі таңда бір бағдарламаға сеніп қалуға болмайды", - дейді Мадина Болатханқызы.

Үй алуға көмектесетін пайдалы кеңестер

Мадина Болатханқызы өз тәжірибесінде көпшілік жіберген қателіктерді ескере отырып, үй алғысы келетін жандарға пайдалы кеңестерін бөлісті.

Уақыт жоғалтпаңыз

Уақыт жоғалтпай, тезірек қимылдауға тырысыңыздар. Ешкімді тыңдамаңыз, нақты өзіңіз барлық бағдарламамен танысып шығыңыз. Жағдайыңызға сай келсе және төлем қабілеттілігін растай алып тұрсаңыз шешімді өзіңіз қабылдаңыз. Кейде үйі жоқ немесе үйі алыста орналасқан "ақылшылар" үй алуға ниеттеніп жүрген адамды кері тартады, осылайша үй алу мүмкіндігінен айырылып қалатындар бар. Сондықтан тек өзіңізді тыңдаңыз. 

Несие тарихыңызды құртпаңыз

Ешкімге (туыс, танысқа да) несие алып бермеңіз. Барлық бағдарламаға адамның несие тарихы маңызды. Мысалы, жақыныңызға несие алып берсеңіз, ол уақытылы төлемеуі мүмкін. Бұл сіздің несие тарихыңызды бұзады. Сондай-ақ жиі араңыздағы қарым-қатынас та бұзылады. 

Ізденісті тоқтатпаңыз

"Бағдарламаларға жылда қатысамын, жылда ала алмаймын" дейтін адамдар бар. Бағдарламаның шартын біліп алсаңыз, биыл өтпесеңіз, келесі жылға дейін істеу керек нәрселердің тізімін жазыңыз. Мысалы, тіркелу керек болса, қалада бір жерге тіркеліп, "орындалды" деп белгілеңіз. Төлем қабілеттілігін растауға қанша мың теңге жетпей қалды, соны қарастырыңыз. Мысалы, қосалқы қарыз алушы адам іздеңіз немесе қосымша жұмысқа тұрыңыз. Үй аламын деген адамдар жан-тәнімен кіріссе, мүмкіндіктер алдынан шығады. Тек іздену керек.

Сырттан тамақтануды азайтыңыз

Әсіресе фатсфуд алуды доғарыңыз. Бұрын аптасына бір рет жесеңіз, енді айына бір рет қана барыңыз. Мүмкін болса, одан толықтай бас тартыңыз. Ақшаның көп бөлігі фастфудқа кетеді. Оны өзіңіз байқамауыңыз да мүмкін. Оған қоса, ол денсаулыққа зиян.

Әр нәрсені қызығып ала бермеңіз

Мысалы, әдемі киім немесе зат көріп қалсаңыз, өзіңізге мына үш сұрақты қойыңыз: "Осы маған шынымен де керек пе?", "Мен бұл затсыз өмір сүре аламын ба?", "Осының орнына басқа нәрсені қолдансам бола ма?". Сол кезде жауап өзі-ақ келеді. Бұл менің 2011 жылдан бері қолданып келе жатырған әдетім. 

Ақша жинау әдетін қалыптастырыңыз

Көпшілік депозит ашады да, оған салатын ақшам жоқ дейді. Мен 2013 жылы 34 мың жалақымен ақша жинағанмын. 50 мың, 100 мың, 150 мың табыс тауып жүргенде ақша жинамасаңыз, 500 мың, 1,5 млн жалақымен де ақша жинамайсыз. Сондықтан ақша жинау әдетін қалыптастыру керек. Мысалы, табысыңызды алдыңыз, сіз әлі ақша жинауды білмейсіз. Негізгі қажеттіліктерді төлегеннен кейін, қалған ақшаның кемінде 5 пайызын жинаққа салуға тырысыңыз. Ал ешқандай қарызыңыз, несиеңіз болмаса, ақшаңыздың кем дегенде 10 пайызын жинаққа салыңыз. 5 пайыз депозитте жатса да, ол ақшасыз күн көре алатыныңызға көзіңіз жетеді. 10 пайыз салып бастайсыз, сол 10 пайызсыз да күн көруге болатынын көресіз. Адам бірнеше ай ақша жинаған соң бойында сенімділік қалыптасады. Мен 100, 200 мың ақша жинап қойыппын, ақша жинауға болады екен ғой дейді. Қарыздарыңыздан құтыла бастасаңыз, 10 емес, 20 пайызын жинаққа салыңыз. Кейін шотта 1,5 миллион ақша жиналғанда адамдар қозғала бастайды. Ал ақша жинамаған адам ештеңе сұрастырмайды, ізденбейді, солай жүре береді. 

Ақшаны бөліп-бөліп жинаңыз. Мысалы, үй алуға бөлек, ал басқа мақсаттарға бөлек жинаңыз. Егер баспананы отбасы банк арқылы алатын болсаңыз, отбасы банктің депозитіне салыңыз. Ал 7-20-25 бағдарламасы арқылы үй алуға отбасы банктің депозиті қажет емес. Оған кез келген банктің депозитіне жинай аласыз. Егер депозиттегі ақшаны жұмсап тастай беретін болсаңыз, ақша алынбайтын депозит аштырыңыз. Өзіңіз ақшаны ұстай алмайтын болсаңыз, баланың атына депозит ашып, сол жаққа салыңыз. Себебі баланың атындағы депозиттен ақшаны онлайн ала алмайсыз.

Еске салайық, Алматыда "Алматы жастары" ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. 2024 жылы 29 шілде мен 7 тамыз аралығында конкурсқа құжаттар қабылданады.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 486.86   530.42   5.05 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети