Күні кеше ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Қасым-Жомарт Кемелұлы сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны әлі де азаймай тұрғанын айтып, үлкен алаңдаушылығын білдірді. Мәселе шынымен де күрделеніп барады.
Күні кеше ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Қасым-Жомарт Кемелұлы сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны әлі де азаймай тұрғанын айтып, үлкен алаңдаушылығын білдірді. Мәселе шынымен де күрделеніп барады.
"Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды" демекші, жемқорлықтың алдын алу жөнінде айтылмаған сөз, естімеген құлақ қалмады. Десе де нәтиже болуы үшін нақты шаралар жүргізілуі қажет-ақ.
Президент жемқорлыққа қатысты мәселелерге өте қатаң жаза қолданып, аяушылыққа жол бермеу керектігін атап, онымен қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты.
Жалпы, егеменді ел болып, есімізді жинағалы қоғамымыз осы дертпен күресуде. Жемқорлық - жегі құрттың тура өзіне айналды.
Адам өлтіру ауыр қылмыс болса, ең сорақысы осы жемқорлық. Осының кесірінен көптеген елдер батпаққа батқан көліктей, не алға жылжуға, не кері айналып өтуге еш мұршасы жоқ.
Коронавирустық пандемия көп нәрсенің бетін ашты. Кейін ауру дендеп, науқастың асқынуынан осы қанша азаматтарымыздан айрылдық. Бұл жемқорлықтың басынып, өз шегіне жетуі. Халықтың көнгіштігі қаншама адамдардың зор қиындықтарды бастан кешуіне мәжбүр етті.
Жемқорлыққа қатысты іс-әрекеттерге өте қатаң шаралар қолданылуы керек. Оның жазасы ауыр, еш аяушылық болмауы тиіс. Қандай шенеунік, дөкей болмасын, жемқорлыққа қатысы бар әр азамат өте қатал жазасын алуы керек. Бұл жерде заңның күші мықты болуы шарт. Тек тәртіп бар жерде ғана жарқын болашақ қалыптасатындықтан, ол заңмен реттелуі керек.
Президентіміз осының бәрін «балталап шабуға» бағытталған шараларды тізбектеп, сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін беру керектігін айтты.
Көк байрағымызда көкке самғаған бүркіттің бейнесін халқымыздың арман-мақсатының символы деп танысақ, оның қанатын кең ашып, еркін самғауына кедергі ететін - осы жемқорлық. Мұны жеңбей, еш ісіміз оңбайды. Жемқорлықты ұлттық қауіпсіздігімізге төнген жойқын қауіп деп қарауымыз керек.
Жемқорлықты алған адаммен шектемей, берген адамды барып тұрған қысмыскер деп санауымыз керек. Әрине, алғаны мен бергені болсын, бұларың аспаннан салбырап түспейді. Олар біздің ортамыздан шығып отыр. Барлығы да біздің аға-көкелеріміз, ұл-қыздарымыз, өз азаматтарымыз. Кішілері үлкенінен үлгі алып, ал үлкені арам пиғылына ерік берген заман.
Мұны қазір алдын алып, шорт кесіп доғартпасақ, келешек ұрпақ та осылай болып қалыптасады. Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі. Дәл жас бүрдіршіндеріміз, студент пен оқушыларымыз жемқорлық дегенде жиіркенетіндей сезімде болуы керек.
Жалпы қарасақ, бұл кесел жоқтықтан туындайды. Ал жоқтықты туындататын үкімет тарапынан бөлінетін қаражат болсын, көмек болсын, әр нерсе өз діттеген жеріне жетпеуі. Сондықтан, халықтың тұрмысын жақсартуға ерекше көңіл бөлу керек.
Үкімет әр салаға жыл сайын қомақты қаражат бөліп отырады. Мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігі тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Алайда, көп жағдайда тиесілі көмектің өз жеріне жетпеуі, арада талан-таражға кетуі халық тұрмысының нашарлауына әкеледі.
Абайдың мерейтойын атап өтіп, Ұлы ақынның өлеңдерін жатқа айтып түрлі челлендждер өткіздік. Бірақ, біз Абайдың айтқанын, тым болмаса бір ақылын орындасақшы. Ұлы ақынның рухы марқайып қалар ма еді. Бағымызға туа біткен Абай біз қалай ел боламыз деп қаншама ұйқысыз түндер өткізген болар.
Халқымыз талай қиындықтарды өткеріп, көп нәрсеге шыдамдылық танытты. Әр шаңырақ "біреудің ала жібін аттама, ешкімнің ақысын жеме" деген қағиданың төңірегінде өмір сүретін. Жасөспірім үлкендердің алғыс-тілегіне бөленіп өсетін.
Ауруын жасырған ауырмай өледі демекші, қақсап тұрған жерімізді ашық мойындауымыз керек. Бұл бір. Екіншісі оны заң түрінде өте қатал жазалау қажет. Ұсталған жемқор алғанын түгел қазынаға қайтарып беріп, ақша төлеп құтылдырмай ұзақ мерзімге бостандығынан айыру керек. Президенттің сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсыруын өте жөнді деп санауымыз керек.
Жемқор нағыз қылмыскер. Өз пайдасын халық мүддесінен жоғары қойған адамнан еш нәрсе өңбейді. Жемқорлықтың көптеген көріністері бар. Оны тізбелеп отыру да қажет-ақ. Жемқорлық – ата-бабаларымыздан мұра болып келген дүние емес. Бұл халқымыздың табиғатына жат нәрсе болғандықтан, оны жеңу, тамырымен жою – міндет.
Біз қанша уақытты құр бос өткізіп алдық, осы уақытта жемқорлық тамырын жайып үлгерді, бұл кеселді қанша азаматтарымыз отбасымен бірге жұқтырып та үлгерді. Дегенмен, қандай ауру болмасын, оны емдеуге болады. Қажет болса күштеп емдету керек.
Қаншама ақын-жазушыларымыз "жарқын болашақ" жайлы ұрандатып, үміт етуде. Оған қол жеткізудің жолы – жемқорлықты жою.
Бізге айға ұшудың, дамыған ел боламыз деп шетелдің ұстанымдарын ендірудің әзірut еш қажеті жоқ. Алдымен, бізде өршіп тұрған жемқорлықты ауыздықтау. Осыны орындасақ қана көркейеміз. Және бұл ғажайып нәрсе емес, бұл қарапайым заңдылық.
Ләйім солай болғай.
Автор: академик Төрегелді Шарманов