Қазақ той-думан, салт-дәстүр мен жоралғыға бай халық. Ертеде халық жаңа туған нәрестеден бастап, қонақ күтуге деген түрлі ырым-тыйым бойынша әрекет еткен. Алайда уақыт өте кейбір салт-дәстүрлер қолданыстан шығып қалды. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі белгілі этнограф Болат Бопайұлымен бірге ұмыт бола бастаған әдет-ғұрыптардың тізімін жасады.
Қазақ той-думан, салт-дәстүр мен жоралғыға бай халық. Ертеде халық жаңа туған нәрестеден бастап, қонақ күтуге деген түрлі ырым-тыйым бойынша әрекет еткен. Алайда уақыт өте кейбір салт-дәстүрлер қолданыстан шығып қалды. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі белгілі этнограф Болат Бопайұлымен бірге ұмыт бола бастаған әдет-ғұрыптардың тізімін жасады.
1. Балдыз қалың
Этнографтың айтуынша, бұл дәстүр қазақтың туыстық қарым-қатынасына және қалың мал беру дәстүріне негізделген. "Балдыз" сөзі қазақ тілінде әйелінің сіңлісі дегенді білдіреді, ал "қалың" немесе "қалыңмал" - күйеу жағының қалыңдықтың отбасына төлейтін сый-кәде төлемі. Осылайша, балдыз қалың - "балдыз үшін төленетін қалыңмал" деген ұғымды білдіреді.
"Балдыз қалың" дәстүрі туыстық қарым-қатынастарды нығайтуға, екі отбасы арасындағы байланысты сақтап қалуға және қайтыс болған қалыңдықтың орнын толықтыруға бағытталған. Бұл салт бойынша балдызды алу туыстар арасындағы моральдық және әлеуметтік міндеттерді орындау дегенді білдіреді. Дәстүрге сәйкес, егер қалыңдық қайтыс болып, қалыңмал төленіп қойған болса, күйеу жігітке қалыңдықтың сіңлісін (балдызын) алу ұсынылады. Бұл әрекет тек қалыңдыққа күйеу ұрын келіп, яғни некеге тұру рәсіміне алғашқы қадамдар жасалған болса ғана жүзеге асады. Егер күйеу қалыңдығына ұрын келмеген болса, балдыз қалың төленбей, некелік байланыс үзілген деп есептеледі.
Ислам бойынша, ер адамға өзінің қайтыс болған немесе ажырасқан әйелінің туған сіңлісіне үйленуге рұқсат етілген. Құранда жақын туыстар арасындағы неке туралы шектеулерді белгілеп бергенімен, қайтыс болған немесе ажырасқан әйелдің сіңлісіне үйленуге тыйым салынбайды. Сондықтан шариғат тұрғысынан балдызбен некелесу рұқсат етілген іс-әрекет", – деп түсіндірді маман.
2. Жарыс қазан
Әйелді толғағы қысып жатқан уақытта оның жақын туыстары, әсіресе әйелдер қазанда қонақтарға арнап ет пісіріп қою керек. Егер әйел қазан қайнағанға дейін баланы туса оны жақсыға ырымдайды.
3. Бақанаттар ғұрпы
Болат Бопайұлы бұл салт-дәстүр қазақ халқының әдет-ғұрыптарында терең орын алғанын, өйткені бақан – киіз үйдің маңызды бөлігі ғана емес, бүкіл отбасы мен қоғамды бірлікте ұстап тұратын қасиетті құрал ретінде саналғанын жеткізді.
"Бақанаттар – қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптары арасында ерекше орын алатын, салт-жоралғысының бірі. Бұл ғұрып күйеу жігіттің қалыңдықты көруге алғаш келген сәтінде жасалады. Әдетте, бұл кіші тойда, яғни күйеу есік аша келгенде орындалады. Бақанаттар – терең символикасы бар дәстүр және оның әрбір элементі қазақ мәдениетінің ерекшелігін айқындайды. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде "бақанаттар" сөзінің мәні – күйеу жігіттің қалыңдықты көруге немесе кіші тойға келген сәтте қыздың жеңгелері оның жолын кесіп, киіз үйдің алдына бақан тастайды. Бақанның киелі екені белгілі болғандықтан, күйеу жігіт оны аттамайды, тек "бақанаттар" кәдесін бергеннен кейін ғана жол ашылып, ол үйге кіре алады", – деді ол.
4. Арқан керу рәсімі
Этнограф айы-күні жеткен әйелді босандыратын сәтте бұл істі меңгерген, тәжірибелі егде адамдар араласқанын айтты. Соның ішінде босанатын уақыты жеткен әйелге жақын туыстары да көмекке келген. Олар әйелді демеп, әрі қарай отырып-тұруына көмектескен. Содан кейін толғақ жиілісе, бақан алдырып, оны керегеге тіреп, бақанға жалпақ бау байлаған. Бұл рәсім "арқан керу" деп аталған. Үйге бақан кіргізу рәсімінде де әйелдер жағы бәрін байқап отырған. Өйткені бақан бас тұсынан кіргізілсе, дүниеге қыз бала, ал тұйық тұсынан кіргізілсе, өмірге ұл келеді деп сенген.
"Бұрын қазақтарда әйел босанар алдында арнайы рәсімдер жасалған. Кейбір жерлерде әйелге күш беріп, жеңіл босануы үшін арқан тартып отырған. Осы ырымдар, әсіресе заманауи медицина дамыған кезде, шошытатын немесе архаикалық көрінеді", – деді ол.
5. Жүкті әйелді туыт аналар босандырған
Туыт аналар толғағы қысқан әйелді орнынан демеп тұрғызып, киіз үйдің керегесінің басынан ұстатқызған немесе жалпақ құры жіпті үйдің бір басынан екінші басына тартып, әйелдің екі қолтығынан өткізіп, жіптің ырғағымен ақырындап әйелдің толғағына ілестіріп, босандырған.
Болат Бопайұлының айтуынша, толғақ күзетіп отырған әйелдер де үйден шықпаған екен.
"Шығуға тура келсе, басындағы жаулығын, орамал мен қолжаулығын сол жерге қойып кетеді. Себебі ол әйел далаға шықса, онымен бірге толғақ бірге ілесіп кетеді деген. Ал жаулығын, орамалын қойып кетсе, толғатып отырған әйел оның қайтып келетінін біліп, алаңдамаған. Сондықтан толғатқан әйелдің "бір аяғы көрде, бір аяғы жерде" дейді", – дейді ол.
6. Құрсақ шашу
Этнограф келіннің бойына бала біткен сәттен бастап енесі оны қамқорлығына алғанын айтады. Осылайша, енесі абысын-ажынның, ауыл әйелдерінің басын қосып, "құрсақ шашу" тойын өткізген. Бұлай аталуы да тегін емес. Өйткені келген әйелдер шашуын ала келген әрі оны әйелге қарай шашқан.
"Осы рәсім кезінде тәжірибелі әйелдер білгенін бөліскен. Мәселен, әдетте 1,5 айда жеріктік басталатынын, 5 ай ішінде бала қимылдайтынын түсіндірген. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тапқан. Тіпті шоу-бизнес өкілдері ішінде де байқалады. Соның бірі – Қарақат Әбілдина қызына аяғы ауыр болған кезде "құрсақ шашу" тойын өткізген еді", – деді Болат Бопайұлы.