Қазақстандағы Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстарға қатысты статистиканы жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Зәкиеваның айтуынша, қазақстандық балалар күніне беске жуық қылмыс жасайды.
"Бұл – буллинг, ұрлық. Егер қылмысқа итермелеген факторларға қарасақ, ең алдымен қандай мәселелермен жұмыс істеу керек екенін анықтауға болады. Негізінен, бұл – ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар. Олар көбіне өздері зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе соған куә болған балалар", – деді Зәкиева Мәжіліс кулуарында.
Сондай-ақ, омбудсмен балалар қылмысымен күресуге бағытталған шаралар туралы айтты.
"Мобильді топтар қиын жағдайға тап болған, қолайсыз отбасыларды және зорлық-зомбылық деректерін анықтаумен айналысады. Маусымнан бері осындай 45 мың отбасы анықталды, олардың ішінде 1800 отбасы арнайы бақылауға алынды", – деді ол.