19 маусым 2018 | 17:01

Қазақстандық стюардессаның ашық әңгімесі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Өзім жайлы


Иконка комментария блок соц сети

Өзім жайлы

Мен еліміздің қарапайым стюардессаларының бірімін. Жұмыс істеп жүргеніме бірнеше жыл болды. Жұмыстармен басқа қалаларға ұшпай тұрып, стюардесса боламын деп ойламадым. Ендеше қалай мені жұмысқа алды? Еш қиындығы жоқ, іріктеу болатынын естідім де, өтінім жібердім.

Арманыма бастар жол

Әуе компаниясынан қоңырау шалған кезде ең алдымен "Жүзе аласыз ба?" деген сұрақ қойылды. Сол кезде таңғалып едім. Негізінде бұл қабілет ұшақ суға қонған кезде керек екен. Ондайда сен тек өзіңді емес, өзгені де құтқаруың керек. Көбі ағылшын тілінің кәсіби деңгейде болмағанына қиналады. Тәжірибеме сүйенер болсам, ол қатты маңызды емес. Жолаушылармен әңгімеде әдетте стандартты фразалар жиынтығы қолданылады. Оған орташа деңгей де жеткілікті. Бірақ соңғы жылдары жоспардағы іріктеу талаптары жоғары екенін мойындау керек.

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Арасында болатын сұхбатта үміткерлер саны азая береді. Кейін түрлі тест, топтық жұмыстардан өткеннен кейін ең соңғы сұхбаттасу болады. Онда барлығы сұралады.

Мұнымен тексеріс аяқталмайды. Барлық кезеңнен сүрінбей өтсеңіз, алда медициналық тексеру күтеді. Онда барлық дерлік көрсеткіш бойынша тексеруден өтесіз. Содан кейін ғана жаттығулар, сынақ рейстері және басқалары басталады.

Онда кім жұмыс істейді?

Қазір бортсеріктер 18 жастан бастап жұмысқа қабылданады. Негізінен 1997-1999 жылғы жас қыздар істейді. 45-46 жастағылар да бар, бірақ бұл өте сирек кездеседі. Ер адамдар да жұмыс істейді, бірақ көрсеткіш қалаларда әр түрлі, мысалы, Алматыда Астанаға қарағанда ұл бортсеріктер көбірек.

Ең қиыны

Мен үшін ең қиыны - жұмыс кестесі. Түнгі рейстер адамды қажытады, барлығы ұйықтап жатқан уақытта сізге жұмыс істеуге тура келеді. Таңертеңгі жергілікті рейстер де ауыр тиеді. Мысалы, сізді жұмысқа жеткізу үшін таңғы 4-те арнайы көлік келеді. Осы уақытқа дейін сіз толығымен шығуға дайын болуыңыз керек: шаш түйіп, форма үтіктеп, биік өкшелі аяқ киім мен шұлықты дайындап және әрине, толық макияж жасап үлгеру керек. Айтпақшы, жыртылған шұлықты әдеттегі апат десе болады, біз оларды әрдайым артық алып жүреміз. Өйткені байқаусызда жыртылған шұлықпен жолаушының алдына шыға алмайсың. Биік өкшелі туфли де жеке әңгіме. Бізде міндетті киетін аяқ-киімнің екі түрі бар: екі сантиметрлік ұшақта киетін және бес немесе алты сантиметрлік ұшақтан тыс жүргенде киетін туфли. Алты- сегіз сағат ұшқаннан кейін ондай аяқ киіммен жүру оңай емес. Шашымыз да әрдайым тартылып, түйіліп тұру керек. Ал сетка киюді ұмытып кетсең, дереу сөгіс аласың.

Бортта жүрген де оңай емес. Қысымның түсуі, құрғақ ауа, терінің құрғауы мен көздің үнемі жасаурауына алып келеді. Сол себепті су көп ішуге тура келеді.

Бір аптада болатын рейстер саны әр түрлі. Орташа есеппен бес рет. Бұған қоса, сізді жедел түрде ұшуға шақыруы мүмкін. Сол үшін барлық жағдайға дайын жүру керек.

Пакстар

Жолаушыларды біз өзара "пакстар" деп атаймыз. Көбіне қиындық тудыратын мас жолаушылар. Негізінде оларды бортқа кіргізуге болмайды, бірақ кейбіреулері жалынып сұрағаннан кейін кіргізуімізге тура келеді. Кейде жолаушылар ұшақта ішіп алатын жағдай болады. Бірақ біз ондайға жол бермеуіміз керек. Бір оқиға есіме түсіп отыр, бортта отбасылық жұп болған. Бірде Ішіп алған күйеуі әйелін ұра бастайды. Оны барлық экипаж мүшесі тоқтатуға ат салысты. Нәтижесінде, ұшақ қонғаннан кейін еркекті полиция бөлімшесіне өткіздік.

Балалар мен оның аналары қатты шаршайды. Кейбір отбасылық рейстерде, мысалы жазда Дубайға ұшқанда балаларын алып жүретін аналар көп. Балалар ұшақ ішінде жүгіріп жүреді, ешкімге бағынбайды, ал аналары билетін төлесем болды, қалғаны мені алаңдатпайды деп ұйықтап отыра береді. Айтпақшы, мұндай ата-аналар бизнес-класста отырады, ал балаларын эконом-классқа кіргізеді. Сол себептен балалары ары-бері жүгіріп жүреді. Бортта не болып жатқанын түсінбей қаласың. Барлығының еркелігіне шыдауға тура келеді. Соңында ризашылығын білдіретін адамдарды көргенде қуанып, шаршағаның басылып қалады.

Қытайлық туристер. Олар әрдайым өзімен термос алып жүреді және бізден ыстық су толтырып беруімізді сұрайды. Турбулент болса ше? Ыстық суды жолаушыларға төгіп аламын деп қорқасың. Оған қоса қытайлықтар ағылшынша сөйлемейді. Оларға кей жағдайды түсіндіру оңайға соқпайды.

Небір жағдай болады ғой, бірде мас жолаушы нәжісімен үстін бүлдіріп қойды. Абырой болғанда, басқа киімдері бар екен, біз тез арада оны дәретханаға апарып, үстін ауыстырып бердік.

Тиісу

Ондай жағдайлар болып тұрады, бірақ шынымды айтсам жиі емес. "Әдемісіз", "Көрікті екенсің" деген сөздерді жиі естимін. Бірақ, тікелей келіп тиіскен емес. Бизнес-класта отырып өздерін тым дөрекі ұстайтын кейбір ағалар бар әрине. Сөз айтудан әрі ешкім кете қойған жоқ, оған да шүкір.

Жұлдыздар

Таныстарыма Филипп Киркоровпен бірге ұшуды бұйырыпты. Олардың айтуынша, бізге пысқырып та қарамайды. Оның менсінбеушілігі емес, жай өзінің болмысы сондай екен. Оны да түсінуге болады. Тағы бір кездері сол әріптестерім Скриптонитті көріпті. "Эконом класында достарымен, музыкантармен бірге ұшты" дейді. "Барлығы өте қарапайым, Скриптонит болса ішмдіксіз жай тамақтанды" деп айтып келген. Ал Анастасия Волочкова болса, "Өзін нағыз жұлдыз секілді ұстады" дейді әріптестерім. Ешкім қолтаңба сұрамаса да өзі беріпті. "Оның қылығына жолаушылар түсіністікпен қарады" дейді. Головкинді де көрдік, құрбым өзін ұстай алмай "Суретке түссе бола ма?" деп сұрағанда бас тартты.

Пара жайлы

Көптеген жолаушы бортсеріктерге қосымша ақы төленсе, оған кез келген қылық жасауға рұқсат берілгендей көреді. Мұндай жағдайларға маған объектив көзқараспен қарау қиын. Оның барлығы басшыға байланысты. Ондай іс-әрекеттерді қолдаса ақшаны еш саспастан ала береді, керсінше үзілді-кесілді қарсы болса онда ақша алынбайды. Ол әр ұйымның, бортсеріктердің ұстанатын ішкі саясаты. Сіздерге кеңес ретінде: ақшаны ұсынған кезде де, өте абай болуды сұраймын. Себебі заң пара бергенге қарсы екенін ұмытпаңыздар.

Ұшу кезі

Ұшақта уақытымызды қалай өткіземіз? Бізге ұялы телефонымызды қолдануға рұқсат етілген. Тек ұшу режимінде. Экипажбен, ұшқыштармен сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрамыз.

Бізден "Ұшудан қорықпайсыздар ма?", "Қалай сабыр сақтауға болады?" деп жиі сұрайды. Оның арнайы техникасы жоқ. Бәрі үйрене келеді ғой. Тағы қосарым, кім қорыққан мамандығын таңдасын?

Ұшу екі кезеңнен тұрады: айналмалы және эстафета. Айналмалы кезде қала ішінде ең көп дегенде бір сағатқа дейін боламыз. Кейін қайта айналып кетеміз. Эстафета кезінде қалада бір-екі күн боламыз. Тұратын қонақүйімізді ұйым тегін қамтамасыз етеді. Біздің қауіпсіздігімізге капитан жауапты. Ең бастысы уақтылы орнымызда тұру керек.

Жұмыстағы романтика жайлы 

Шынымды айтсам, бұл жұмыста мен үшін романтика жоқ. Жұмыс - жұмыс күйінде қалады. Әрине, көп қыз жұмысқа үлкен қызығушылықпен қарайды. Әдемі өмір, жеңіл жұмысты күтеді, әлемді көргісі келеді. Мұнда мүлдем ондай емес деп айта алмаймын, бірақ романтика да көп емес. Бәлкім, жұмыстың біркелкі болуынан оны толық сезінбейтін шығармыз.

Кез келген елден ұшар алдында қиындықтар туса, сол біз үшін ең жақсы уақыт. Инженерлер ұшақты жөндеу үшін арнайы ұшып келеді де, жұмысын бастайды. Ал рейс бір немесе бірнеше күнге созылуы мүмкін. Мен сонда ғана нағыз романтиканы сеземін. Себебі дұрыстап демалуға, босаңсуға мүмкіндік болады. Бірақ ондай жағдай сирек кездеседі.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети