Қазақ елінің намысын жаһандық түрлі дүбірлі спорт додаларында қорғап, ел мерейін тасытып жүрген қаракөз қандастарымыз баршылық екені рас. Ал талай байрақты бәсекелерде бағы жанып, бүгінде халықаралық деңгейдегі білікті маман атанған отандастарымыз саусақпен санарлықтай. Сондай жандардың бірі – Мұрат Темірәлиев.
Қазақ елінің намысын жаһандық түрлі дүбірлі спорт додаларында қорғап, ел мерейін тасытып жүрген қаракөз қандастарымыз баршылық екені рас. Ал талай байрақты бәсекелерде бағы жанып, бүгінде халықаралық деңгейдегі білікті маман атанған отандастарымыз саусақпен санарлықтай. Сондай жандардың бірі – Мұрат Темірәлиев.
Ол кім?
Ол - таеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, "қара белбеудің" 5-ші дан иегері, аталған спорт түрінен халықаралық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол –таеквондо спорты бойынша қазақстандықтар арасынан шыққан алғашқы халықаралық дәрежедегі төрешінің бірі.
Мұрат Темірәлиев 1973 жылғы 4 ақпанда дүниеге келген. Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы №3 олимпиадалық резервтегі училищесін, Алматы технологиялық университетін және Қазақтың спорт және туризм академиясын бітірген. "Болашақ" бағдарламасы бойынша Швейцарияның Лозанна қаласындағы Федералдық политехникалық Жоғарғы мектебінің магистратурасын "Спорттық админинистрациялау және технология, спорттық менеджмент" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Спорттағы жетістіктері жайында
Мұрат Темірәлиевтіңспортқа, оның ішінде таеквондоға деген қызығушылығы балаң кезден бастау алды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында есімі елге танымал спорт саңлақтары Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев сынды біртуар азаматтардың бастамасымен Қазақстан таеквондо федерациясы құрылды. Сол жылдары олар штаб-пәтері Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында орналасқан әлемдік таэквондо федерациясына арнайы барып, елімізді аталған ұйымның ресми мүшесі етіп тіркеді. Содан кейін республикамыздың түкпір-түкпірінде аталған спорт түрі кеңінен дами бастады.
Мұрат Темірәлиев жоғары оқу орнының студенті атана жүріп, аталған азаматтардың ықпалымен ашылған таеквондо секцияларына тұрақты түрде қатысып жүреді. Бұл турасында спортшының өзі былай дейді: "1992 жылы таеквондодан Қазақстан чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға қатысу үшін Алматы қаласы мен Алматы облысындағы іріктеу турнирлерінде бағымды сынап, жеңімпаз атандым. Қазақстан чемпионатында да жұлдызым жанып, қарсыластарымды ұтып, таеквондо спорты бойынша ел құрамасының сапына алындым".
Команда құрамында бола жүріп Мақсұт Нарбаев, Исатай Қабеков және Диқан Ақаев сынды жаттықтырушылардан тәлім-тәрбие алады. Мұрат Темірәлиев 1993 жылы ұлттық құрама команда сапындаНью-Йоркте өткен әлем чемпионатына қатысады. Бұл – Қазақ елінің таеквондо бойынша тұңғыш реті жаһандық байрақты бәсекеде бақ сынауы еді.
Сол уақытта елімізде шығыс жекпе-жегімен айналысатындардың саны өте көп болатын. Әсіресе жастардың ынта-ықыласы жоғары болатын. Десе де Мұраттың мыңдаған өреннің арасынан үздік атанып, жаһандық жарысқа жолдама алуы үздіксіз еңбектің өтеуі еді.
Темірәлиев жеті жылға жуық уақыт Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетті. Үш дүркін ел чемпионы атанды. Орталық Азия біріншілігінде бас жүлдені қанжығасына байлады. Әлемнің кіл мықтылары баптары мен бақтарын сынаған халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тақты.
Талантты шәкірт – білікті бапкерден
Спорт саласында елеулі табыстарға қол жеткізген соң Мұрат Темірәлиев өз спорт клубын ашып, шәкірт тәрбиелеуге ден қояды. Еңбегі еш кеткен жоқ. Ол баптаған шәкірттерінің арасынан Азия чемпионатының жүлдегерлері, студенттер арасындағы Азия чемпионатының чемпионы, Қарулы Күштер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары, ел чемпионаты және Кубогының чемпиондары мен жүлдегерлері баршылық.
"Шәкірт тәрбиелеуде мән беретін жайттар бар. Айтқан ақыл-кеңесің мен көрсеткеніңді қағып алатын шәкірттер болады. Олар – туабітті талант иелері. Десе де кейбір шәкірттерің бірден көзге көрінбей, үйреткен әдіс-тәсілдеріңді тез меңгеріп кете алмайды. Алайда олар ұзақ жылдар бойы ерінбей, табанды еңбектенуінің нәтижесінде көптеген жетістіктерге жетеді. Менің пайымдауымша, спортта таланттан бөлек еңбек үлкен маңызды рөл атқарады. Еңбекқорлықтың арқасында айтулы жетістікке жеткендер баршылық. Сонымен қатар бұл орайда өзі таңдаған спорт түріне деген сүйіспеншілігі мен махаббаты да елеулі рөл атқарады. Талант – табиғаттан деседі. Құдай берген дарынды ұштап, оны кәдеге жарата білу үшін де еңбек ете білу басты фактор", - дейді Темірәлиев.
Бапкерлік салада елеулі табыстарға жеткен Мұрат Темірәлиевке 2005 жылы Қазақстан таеквондо федерациясы тарапынан ұсыныс түсіп, бас хатшы қызметіне тағайындалады.
Сондай-ақ сол жылдан бастап таеквондодан Қазақстан ұлттық құрама командасының басшысы қызметін қоса атқаруға кіріседі. Бұл қызметтерді атқара жүріп еліміздің аталған спорт түрі бойынша көптеген жетістіктерге жетуіне ұйытқы болады. Атап айтқанда, Қазақстанда тұңғыш рет жасөспірімдер мен ересектер арасындағы Азия чемпионаттары, Халықаралық төрешілер мен жаттықтырушылар семинарлары өтті. Осы жылдары таеквондомен айналысатын көптеген шәкірттеріміз Олимпиада ойындарында, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында, бүкіләлемдік универсиада мен әлемдік және құрлықтық чемпионаттарда бұрын-соңды жетпеген жетістіктерге жетіп, ел мерейін үстем етті.
"Төрешілік етудің жауапкершілігі жоғары"
Мұрат Темірәлиев Қазақстан ұлттық құрамасын бірнеше жыл қатарынан дайындауға үлес қосқан соң төрешілікке бет бұрады. Бұған оның таеквондоның қыр-сырын шебер меңгеруімен қатар, бірнеше тілді еркін білуі де үлкен ықпалын тигізді. Ол 70-ке жуық әлемдік дүбірлі додалар мен халықаралық турнирлерде төрешілік жасады. Атап айтқанда, олардың қатарында Әлем және Азия чемпионаттарында, Азия ойындарында, әлем Кубогында, таеквондодан бүкіләлемдік Гран-При ойындары, АҚШ, Оңтүстік Кореяның, Түркия, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері және т.б. елдердің АшықЧемпионаттарысынды халықаралық турнирлермен Әлем және Азия чемпионаттары сияқты айтулы жарыстар бар.
Ұйымдастырушылар тарапынан қазақ азаматының еңбегі лайықты бағаланып, түрлі бәсекелерде ең үздік төрешіге тиесілі арнайы сыйлықтарды қанжығалады. "Әлем және Азия чемпионаттарының ең әділ қазысы", "Халықаралық турнирлердің үздік төрешісі" деген атақтарды иеленді.
"Төрешілік етудің жауапкершілігі жоғары. Байрақты бәсекелерде қазылық жасау да кез келгенге бұйыра бермейді. Ол үшін бірнеше сатылы іріктеу жүргізіледі. Оған әлемнің қандай да бір спорттың түрі мен ережесін егжей-тегжейлі білетін, оның қыр-сырымен жете таныс адамдар сұрыпталып алынады. Мәселен, келесі жылы Жапония астанасы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындары мен параолимпиада ойындарында төрешілік қызметке үміткерлердің сапына ендім. Оған қол жеткізу де оңай болған жоқ. Бұл тұрғыда біліміңмен қатар физикалық әлеуетің де назарға алынады. Жақында әлемнің түкпір-түкпірінен келген төрешілерді іріктеу өтті. Бірнеше сатылы сынақтан соң 50 қазыны іріктеп алды. Соның ішінде мен де бармын. Олар олимпиада мен параолимпиада ойындарына жолдама беретін құрлықтық лицензиялы турнирлерде төрешілік жасайтын болады. Бұл тарапта жуырда Коста-Риканың Сан Хосе қаласында Пан-Американың Олимпиада және параолимпиада ойындарына іріктеу турнирінде қазылық қызмет атқардым", - дейді Мұрат Темірәлиев.
"Таеквондо спортына елеулі жаңалықтар енгізілуде"
Төрешілікті жанына серік еткен білікті маман бүгінде таеквондоға елеулі жаңалықтар енгізіліп жатқандығын айтады. Мұндағы басты мақсат – аталған спорт түрін заманға сәйкес бейімдеу, қандай да бір тосқауылдарды оңтайлы шешу.
"2008 жылы Бейжің олимпиадасынан соң әлемдік таеквондо федерациясы бірқатар өзгерістер енгізудің қажеттігін қарастырды. Соның бірі – төрешілік қызмет пен ойын ережесіне байланысты. Ондағы басты міндет әділетті қазылық жасау, ойын барысында төрешілер тарапынан болатын әділетсіздікке тосқауыл қою. Осыған орай федерация электронды кеудешелерді шығара бастады. Ол соққы санын нақты анықтауға мүмкіндік береді және ұпай санын тура шығарады. Сондай-ақ төрешілердің жұмысын оңтайландырады. Яғни нақты нәтижені анықтауда адами факторлардың әсері азаяды. Менің ойымша, бұл дұрыс шешім. Себебі көптеген жарыстарда бұра тартып, шын мықтыға тұсау салынатын сәттер аз кездеспейді. Электронды кеудешемен ең алғашқы әлем чемпионаты Дания астанасы Копенгаген қаласында өтті.2012 жылы Лондонда өткен олимпиада ойындарында осы құралдар қолданылды. Халықаралық олимпиада комитетінің мүшелері таеквондо жарыстарының өту барысы әділ болғандығын ерекше атап өтті", - дейді төреші.
Десе де оның пайымдауынша, аталған кеудешелер кеңінен қолданыла бастағаннан бері таеквондодағы төбелес тәсілі өзгере бастады. Бұрын классикалық техника қолданылса, қазір күшке басымдық беріледі. Неғұрлым жоғары ұпай алу үшін көп соққы беруге мән беріледі. Оны мамандар да жоққа шығармайды. Осыған әлемдік таеквондо федерациясы ережелер мен қағидаларға бірқатар өзгеріс енгізген.
"Мәселен, қазіргі уақытта төбелес техникасы да, ұпай санын беру де өзгерді. Арнайы бейне қайталау жүйесі енгізілді. Сонымен қатар жарыс өтетін алаң да сегізбұрышты етіп жасалды. Бұның барлығы да аталған спорт түрін дамытуға бағытталып отырған шаралар. Бұл өзгерістер жаттықтырушылар мен бапкерлерге және де төрешілердің жұмысына да жаңашылдықтар енгізді. Мысалы, саладағы мамандар үшін ағылшын тілін білу міндетті. Сондықтан да бапкерлердің интеллектуалдық жағынан дайындығы жоғары болуы тиіс. Бүгінде шаршы алаңға шыққан спортшының жеңіске жетуіне оның өзімен бірге жаттықтырушы да үлкен рөл атқарады. Бұл орайда бапкердің білімі мен білігі басты басымдыққа ие. Ол үнемі өз-өзін жетілдіріп отырғаны абзал. Себебі ережелер жиі өзгеріп тұрады", - деп топшылайды маман.
Мұрат Темірәлиев – "Куккивон" халықаралық таеквондо академиясының мүшелігіне қабылданған тұңғыш отандасымыз. Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде орналасқан айтулы ұйым таеквондо өнерін жанына серік еткен саңлақтарға спорттық дан және түрлі белбеулерді тағайындайды. Аталған академияға халықаралық инструктор ретінде тіркелу үшінде оған сан сынақтан өтуіне тура келген. Нәтижесінде кореялық майталман мамандар қазақ баласының осы қызметті атқаруға лайық көріпті. Мұрат Темірәлиев академия мүшесі ретінде әлемдегі кез келген таеквондошыдан емтихан қабылдап, оларға дан және белбеу беруге құқығы бар.
"Мыңдаған өреннің арасынан үздік атанып, жаһандық талай жарысқа жолдама алып, жұлдызымның жануына басты себеп – еткен еңбек пен төгілген тердің және табанды ізденістің арқасы деп білемін", - дейді бүгінде халықаралық деңгейдегі мамандар санатындағы Мұрат Темірәлиев.