03 ақпан 2022 | 16:29

Қазақтың алғыстары мен қарғыстары

ПОДЕЛИТЬСЯ

Көрнекі сурет. © e-history.kz Көрнекі сурет. © e-history.kz

Рас, қазақ "тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар" деп әдемі-ақ айтқан. Міне, тілдің небір күрделі де қиын сипаттарын қысқа ғана маржан сөзбен дәлелдей салыпты... Бұған иланбасқа болмас.


Иконка комментария блок соц сети

Рас, қазақ "тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар" деп әдемі-ақ айтқан. Міне, тілдің небір күрделі де қиын сипаттарын қысқа ғана маржан сөзбен дәлелдей салыпты... Бұған иланбасқа болмас.

Қазақтың ана тілі дәл осындай құдіретімен құнды. Бұлбұлдай сайраған шешендер тілімен судырап төгілген не ғажайьш сөз меруерттеріне шек келтіруге болмайды. Егер анаңыз "Ботам, жасың ұзақ болсын, мерейің өссін! Құлыным, таудай табысты бол! Ақеркем, жаңа шыққан күндей бол, жарқыраған айдай бол!" деп күн мереймен сізді құлай сүйіп, құтты құшағына алып, бал тілімен еркелетсе, күн астыңда сізден бақытты адам болмас еді. Ал, керісінше, сізге тіл тікенін қадап, "Жетпей желкең қиылғыр! Көктей орылғыр! Кеудеңді қара тас бассын! Көзіңе құм құйылсын! Жүзің күйіп, жүзқара бол!" деп нәлет жаудырып, қарғап-сілесе, онда сіз ана құшағынан сытылып шығып, алты қат аспаннан, жеті қат жерден кірерге тесік таба алмай, тіл уынан тірідей өлер едіңіз. Пенде үшін ең үлкен мерей - үлкендерден бата алып, елдің, халықтың алғысына, құрметіне бөлену. Тірлікте одан артық рахат жоқ. Ал ең қиыны - қарғыс естіп, ел алдында тірідей өлу. Мына дүниеде бұдан асқан қорлық болмақ емес.

Міне, тілге тиек еткелі отырған "Алғыс", "Қарғыс" аталатын осынау егіз ұғымдарымыздың мағыналары бір-біріне мүлдем қарама-қарсы. Алғыс ақ батасын ақтарып, бал сөзден мерей төксе, қарғыс нәлет жаудырьш, у сөзбен өлтіре арбайды. Қазақ тілдің осы сипаттарына қарай отырып, бір жүректің екінші жүрекке ыстық ықыласын арнап, адам рухының мерейін жоғары көтеріп, өмірге жігерлендіре, болашаққа үміттендіре айтылатын тәтті тілек сөздерді "алғыс" деп атады да, адам рухына соққы беретін, өмірден түңілдіретін, жағымсыз қылықтарға қарсы айтылған ащы сөздерді "қарғыс" деп атады. Сөйтіп, қазақ жақсылық істеген адамдарға алғыс айтып мадақтайтын, опасыз, жауыз адамдарға қарғыс жаудыратын болған.

Мұнда алғыс болсын, мейлі, қарғыс болсын, жай сөзбен емес, шешен тілмен айтуды шарт еткен. Алғыс та, қарғыс та белгілі адамға, табиғатқа, әртүрлі шаруашылыққа, тіпті, өмірдегі нәрселердің бәріне арнайы айтылады. Осы тұрғыдан келеміз де, алғыс пен қарғысты шешендік сөздердің бір саласы - шешендік арнауға жатқызамыз.

Неге?

Ауыз әдебиетіміздің шұрайлы саласы шешендік сөздердің кенже зерттелгені былай тұрсын, Қазақтың алғыстары мен қарғыстары ел аузынан жиыла бастағанына да, тым ұзақ болған жоқ. "Мұра", "Шалғын" журналдары жариялаған бата, тілек, алғыс сөздері болмаса, қарғыс сөздер атымен жазба бетін көрген емес. Әуелі шешеңдік сөздерді арнайы зерттеп, осы саладан кітап шығарып үлгерген мамандарымыздың еңбектерін ақтарсақ та "қарғыс" туралы ештеңе айтылмайды. Олар шешендік сөздердің түрлерін былай бөліп зертгейді:  

Шешендік арнау (сәлем, әзіл, бата, елге, жерге, малға айтылатын сын шешендік толғау аманат, ақыл, өсиет-насихат); шешендік дау (ар-намыс, есе-тендік, алашақ, ақы, жер, жесір, мал, құн дауы) деп бөлсе, енді бірде шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау деп үлкен жақтан топтастырады. Алғыс пен қарғысты ауызға да алмайды. Соңдықтан бұл еңбегіміз шешендік өнерді терендей зертгеуді негізгі мақсат етіп, алғыс пен қарғысты шешендік арнаудың екі түрі деген атпен дәлелдеуге тырысады.

Бұдан бұрын біздің елде шешендікке қатысты сөздерді жинау барысында алғыстарды "асыл мұра" деп, азды-көпті жинап, журналдарға немесе айырым кітаптарда жарияладық. Ал қарғыстарды "жексұрын сөз" деп ілікке алмадық. Нәтижеде қарғыс та шешендік арнаудың бір бұтағы екенін ескермедік.

Сан ғасыр сарабынан өтіп, бізге ауызша сақталып жеткен шешендік өнердің баршасы бірдей әлеуметтік мүддені көздеп, қорғап, қолдап, қоғам, халық тағдырына әсер ететін сұлу-сымбатты сөздер бола бермеуі мүмкін ғой. Кейбір шешендердің сөздері жеке адамға, жеке оқиғаға, жеке мәселеге, жеке іс-әрекетке, жеке шаруашылыққа қатысты айтылуы ықтимал. Сол себептен шешендік сөздердің көп бөлімі "зерттеліп, жазба бетіне түссе де, кейбір жеке адам, жеке іс-әрекетке, жеке шаруашылыкқа арнап айтқан түрі, күні бүгін де жазба бетін көрмей, әлі де ауызша айтылып, көкірекке жатталып келеді. Әсіресе, алғыс пен қарғыс сияқты түрлері жазба бетін көрмегендіктен, бабалардан қалған не бір ғажайып алғыстар мен қарғыстар ұмыт болып барады.

Алғыс пен қарғысқа да бірдің екіге бөліну заңы бойынша талдау жасағанымыз жөн. Қазақ тіліндегі алғыс пен қарғыс адам өміріндегі жақсы мен жаманды парықтандыратын сара сөздер, яғни шешендік арнаудың екі бұтағы. Сондықтан да алғыс пен қарғысты арнайы бір тақырып етіп зерттеудің ешқандай артықтығы жоқ деп санаймын.

Шешендік өнерді тұтастай алып, зер сала зерттеп өткен Қазақ ғалымы Балтабай Адамбаев мырза қазақтың шешендік сөз өнеріе былайша тоқталғаны бар:

"Шешендік өнер қай жерде, қай елде сөзғе бостандық, еркіндік болса, жүйелі сөзге жұртшылық құлақ асса, міне, сол жерде, сол елде ғана дамыды. Керісінше ақыл-ойға, сөзбен тілғе қысым жасаған, шек қойған жерде, елде дамымайды. Бір тәуір жері біздің қазақ елінде, ақындық пен шешендікті қасиетті өнер санап, "өнер алды қызыл тіл" деп орақ ауыз, от тілді адамдарды қолдап-қуаттап отырған. Әуелі кезекті сөзін айта алмаған адамға "ауызға келген түкірік, қайта жұтса мәкүрік", "сөзбен сөзге жауап қайырмаса, сөздің атасы өледі" деп кімнен болса да тартынбай-тайсалмай сөйлеуді дәріптеп отырған" дейді. Сөз еркіндігі бар, күллі қазақ елінде алғыс пен қарғыстың небір кереметтері айтылған екен-ау! Алдымен алғысқа тоқтайын.

Жаңалық пен жақсылыққа "құтты болсын айту", қаза мен қайғыға "арты қайырлы болсын" деп көңіл айту-қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы. Жолаушыны келгенде "қош келдіңіз, аман жеттіңіз" деп қарсы алу, кеткеңде "жолыңыз болсын, аман жетіңіз" деп, ақжол айтып шығарып салу жаңа салтымызға да жат емес. "Жақсы сөз - жарым ырыс" деп, тілектестік сөзге бөлек орын берген. Халқымызда мұндай бата, алғысты бейнелейтін шешендік сөздің сан алуан түрі бар. Мәселен, қазақ халқы "ас адамның арқауы", "астан ешкім үлкен емес" деп заттық игіліктің адам өміріңдегі шешуші мәнін дұрыс танып, астың алды-артында жақсы тілек, игі ниеттерін білдіретін болған:

Дастарқаннан ас кетпесін,

Бастарыңнан бақ кетпесін,

Кетпес ырыс, кең пейіл берсін.

Балаларың көп болсын!

Бақыттары баянды болсын!..

деп келетін қазақтың бата, тілек, алғыстары, сонау ескі дәуірден қазірге дейін құнын жоймай келе жатқан, халықтың үміті мен келешекке сенімін білдіретін жарқын ниет, игі тілектерінің куәсі. "Алғыспен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді" деп елдің алғысын, үлкеннің батасын алуды қазақ жоғары бағалаған. Әрі арлы, арайлы алғыс сөздерінің жігерлендірушілік, дем берушілік, рухтандырушылық күш-қуатына кәміл сенген. Мысалы:

Алтын ерлі ақ боз ат,

Астыңда жүріп арысын.

Қолаң шашты, қой көзді,

Таңдап алған бұраң бел,

Қасыңда жатып кәрісін.

Алладан тілеп айтқан сөз,

Алтындай басыңа дарысын!!!

Мынау, алғыс сөз ердің басын еркелетіп, есіл бақыт, баянды байлық, орнықты бақ тілеп тұр. Осы батаны қанжығалы Шәңкі қайтарғанда "бүкіл денем шымырлап, буын-буыным жіпсіп тұрды", - деген екен Бөлтірік шешен.

Рас, мұндай бата есітіп, алғыс алған адам ның біреуі үміттенеді, біреуі түрленіп үкіленеді. Біреуі талаптанады, талғарға талпынады. Халық даналығынан туған мұндай бата-тілек сөздердің бүгіндері ұрпақ тәрбиесінде де атқарар рөлі өте маңызды болмақ. Бата, тілек, алғыс кейде жоғарыда айтылғандай жеке адамға арналса, кейде тұтас отбасына, онда қонақ болып отырған жалпы жамағатқа арнайы айтылады. Мысалы:

Әмин десең, мен бата берейін,

Осы жерде асыға айтып қата дейтін. Ұрпағыңызға, ұл-қызыңызға,

Берсе екен жаратқан қазақтың,

Ежелгі аңқылдақ, ақ жарқын ата мерейін. Дұшпанның табасынан сақта,

Достың күлкі қылуынан сақта.

Ағайынның аласынан сақта,

Ей, Алла қазанның қарасынан сақта, Жақынның жаласынан сақта.

Қатынның қаласынан сақта,

Баланың пәлесінен сақта.

Қыздың қырынан сақта,

Сиқырдың сырынан сақта.

Жердің де, көктің де,

Батыстың да, шығыстың да,

Мұсылманның да, кәпірдің де,

Алыстың да жақынның да,

Төрткүл дүниенің бәрінің де,

Пәле мен жаласынан түгел сақта!!!, - деп келетін бата-тілек сөздері жалпыға бірдей айтылып, иелі сөзден жүйелі бақ-бақыт тіленеді. Аспан астындағы, жер үстіндегі бар жамандықтан, жадылықтан сақтау, жақсылыққа бастау батасы беріледі.

Халықтың бата, тілек сөздерінде, алдымен, жас ұрпақтардьң жетелі, зерделі, келісті болуын тілейді. Жерін, елін қорғауға дайын тас түлек болып ер жетуін қалайды. Нәресте дүниеге келгеңде, оған ат қойғанда, ұлы үйленгеңде, қызын ұзатқанда, жолға, аңға, қан майданға аттанғанда, не қиын алыс сапарға шыққанда, ас келгенде, ас қайырғанда, мал сойғанда, бие байлағанда, көші-қонда, ұлыстың ұлы күніңде, қаралы не қуанышты шақтарда, жақсы іс бастағаңда, үлкен сый-құрмет көрсеткенде, басқа да жағдайлардың бөрінде ақ бата беріп, алғыс айтады.

Баланы бауыр ет, бақытына балайтын қазақ халқы нәрестелердің құлағын жақсы сөз, жарым ырыспен ашады. Оларды тіл балымен мәпелеп, сөз сырына шомылдырады. Олардың жарқын болашағына ақжол тілейді. Ұл болса, қас батыр болып өсуін, қыз болса, Ай мен Күн- дей сұлу, ақылды болып ер жетуін көксейді. Бұл әдет-салт қазаққа ескі дәуірден басталып күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мысалы: "Қорқыт ата" кітабының "Байбөріұлы Бамсы Байрақ туралы жыр" деген тарауын оқығанда Байбөрінің ұлына Қорқыт Ата бата беріп, ат қойып, атақ арнайды:

Сөзімді тыңда Байбөрі,

Тәңірі саған ұл берді.

Жастайынан бақ берді,

Ұзын болсын өмірі,

Баса берсін ілгері.

Ұран сап жауға шапқанда,

Жолын Тәңірі қолдасын!

Батырдың қайрат күшіне,

Еш көлденең болмасын!

Баланың аты Бамсы Байрақ болсын,

Атын мен қойдым, жасын Алла берсін!!! Әмин, құтты болсын!!!

Міне, осы бата арқылы қойылған атта үш түрлі үлкен мән жатыр. Біріншіден, Қорқыт киелі, дуалы ауызды адам, екіншіден, шешен-шежіре, дана-даңғыл, ақылгөй, парасатты ата. Үшіншіден, ат қойылған Бамсы Байрақ жауынгер, бөлек туылған, елден ерен ұрпақ. Осындай мәндер арқылы қазақ халқының балаға бата сөзбен ат қойып, алғыс білдіруі әншейін жайдан-жай емес. Қайта сол баланың арғы тұқымының текті, киелі екенін түсіндіреді. Құдды сол секілді баланы жан жүрегіне, бақытына бөлейтін қазақ әйелдері нәрестені алғаш бесікке бөлегенде әндетіп, баланы сылап-сипап отырып-ақ, ақ бесікке бөлеп, ақ батамен ұйықтады:

Мойынымдаңы тұмарым,

Тарқамасын құмарым.

Тағдыр берген алсын деп,

Ақ бесікке салсын деп,

Бесігіңе жата ғой,

Тәтті ұйқыға бата ғой.

Балам, жатсын бесікке,

Пәлесі қалсын есікте.

Әлди, әлди, әлди-ай!!!

Рас, "Әуелі дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең", - деп Абай айтқандай қазақ халқында жырдың түрі қанша көп болса, алғыс сөзі де сонша көп. Тұрмыста балаға қатысты қандай қимыл-қылық болса, соның бәріне арналған алғыс, ақ бата, ізгі тілек бар. Балаларын әдетті, имаңды, ақылды өсіруге дағдыланған халық оларға жаңа киім кигізгенде мынадай баталы жырмен тілек білдіреді:

Жағасы жайлы болсын,

Етегі майлы болсын.

Киімің тоза берсін,

Өмірің оза берсін!!!

Қандай әдемі, уыз тілек!

"Баласы атқа шапса, үйдегі анасы тақымын қысып отырады" дегендейін, баланың алғаш атқа мінуі ата-анаға шексіз қуаныш, зор бақыт, үлкен мерей саналады. "Ат мінді, азамат болды" деп мақтанып, төбесі көкке жетіп қуанып, қарық болады да қалады. Осы сәтте де ағынан жарылып, атқа қонған баласына ақ батасын ақтарады:

Азамат етіп өсірдім,

Астына ат мінгіздім,

Қамшысын беріп қолына,

Атты өзіне ұрғыздым.

Бақыт тілеп жолына,

Батамды бердім оңына.

Ата-ана үшін шалқыған,

Бұл қуаныш емес пе?!

Атыңмен шауып кете ғой,

Мұратыңа жете ғой!

Алдыңнан бағың ашылсын,

Мерей нұры шашылсын.

Тақымың таймас мықты бол,

Бар ісіңе ұқыпты бол.

Достарыңа серік бол,

Ел-жұртыңа көрік бол, - деп атқа алғаш мінген баласына ағынан жарылып ақ батасын беріп мықтылық тілесе, ұл баланы сүндетке отырғызғанда:

Ата-бабадан қалған сүндетті,

Ата-ананың орындауы міндеті.

Ұлы думан той жасау,

Осы салттың құдіреті.

Сүндет қайырлы болсын,

Тілеу қабыл болсын!

Той-тойға ұлассын,

Бақыт-бақытқа жалғассын!!!

Бала денсаулығына ерекше көңіл бөлетін қазақ, баланы сүндетке отырғызу ғана емес, қайта оның физиологиялық жақтан да ақаусыз есейіп, ер жетуіне, тазалыққа мән беріп, қалыпты тұрмыс өткізуіне мүмкіндік тудырып отырады. Ана ту баста нәресте қырқынан шыққанға дейінгі қырық күн тұздық суға түсіріп, ширатып өсіреді. Қолаяғын майлап, созғылап, сылап, денесінің түзу өсуіне кепілдік етеді. Қазақ баланы мұндай мәпелеп өсіруді ананың бала бағудағы парызы ретінде таниды. Қазекеңнің жыршы да әнші, ақын әйелдері баланы "әуайлап" суға шомылдыруының өзінде таң нұрындай таза, балғын да, балауса әдемі алғыс жатады:

Өс-өс, балам, өсе бер,

Батыр бол, балуан білекті.

Батыл бол, таймас жүректі.

Аяғыңды созайық,

Саусағыңды жазайық!

Етті болсын балтырың,

Епті боп өс, жарқыным!

Өс-өс, бөпем, өсе бер,

Пәлекеті аулақтан,

Тау мен тасқа көше бер!, - деп жүрек жарды қуанышын нәресте құлағына құяды.

Ал балалар "тәй-тәй" басып, "қаз-қаз" тұрғанда ана тағы да баланы баталы жырмен өмірге қарай жетектей жөнеледі:

Тәй-тәй, балам, тәй балғын,

Жүреғойшы жай балғын.

Қарыс сүйем, қаз бассаң,

Қадамыңнан айналам!, - деп күн мереймен құлай қалған ана "бала тұ-сауын" кескенде:

Қаз-қаз, балам, қаз, балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін.

Балтырыңды түре гой,

Тай-құлындай шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой!

Қаз-қаз, балам, қаз, балам!, - деп баланың аяқ баса бастағанына, қаз-қаз тұрғанына қуаныш білдіреді. Әрі бұдан ананың ұрпақ тәрбиелеудегі ғажайып эстетикалық өнер табиғатын терең түсінуге болады.

Қазақ осындай баталы сөз, ыстық ықылас, тіпті бар құдіретін ұрпақ зердесіне ұялатып өсіреді. Ұрпақтарды еңбек сүюге, адамгершілік ізгі ниетке, әділетке баулып отырады. Тұрмыс құрып, отау иесі болғаннан кейін де, олардың отауының бай-бақытты тұрмыс өткізуін, тату-тәтті, бақытты жұбай болуын тілеп, "отау" баталарын да беріп отырған:

Отауларың ұлғайып орда болсын,

Ата-салтқа ұрпагың жорга болсын. Отаудың іші-сырты ырысқа толсын, Денсаулықтарың әрқашан құрыш болсын. Ақ шынардан бүр кетпесін,

Көктемеден гүл кетпесін.

Таңғы шолпан сәулесіндей,

Ақша жүзден нұр кетпесін.

Тілек болсын Алладан,

Арындарың ассын арқадан.

Бірің ай, бірің күн болып,

Бақтарың жансын алдыдан!!!

Бұл баталар жас отаудағы жас жұбайларға қарата айтылып, олардың құтты мешін, бақытты отауларына арналады. Бұны естіген жас жұбайлар қуанып қана қалмай, терең эстетикалық әсер, моральдық тәрбие алады. Отбасы болудың, өз алдына өмір сүрудің тамаша жолын үйренеді. Сөйтіп, бақтары жанған жас жұбайлар бірінің қадіріне бірі жетіп, ынтымағы жарасқан жарқын отау, әдемі отбасы болуға тырысады. Мұндай ізгі әсердің тууына себеп болған құдіретті күш осынау бата сөздерінің қасиетінде жатыр.

Бата сөздері елді мақтап, есірту үшін айтылмайды. Қайта жоғарыдағыдай тәрбиелік мән, үміткерлік рухқа баулу негізіңде айтылады. Сөзге шешен, дуалы ауызды, алғыр ойлы, тапқыр, талғамды, дарынды да білімді адамдар сәті түскен жерде ыңғайына қарай бата беріп отырады:

Көштерің көлікті болсын,

Жолдарың көрікті болсын.

Қоныстарың құтты болсын,

Босағасы мықты болсын,

Ірге тыныш, өріс кең болсын!, - деп көші-қонға да сәт тілеп, тілек білдіріп, жылы сөзбен шуақ төксе, соғымға да мынадай бата беріп асты қадірлейді:

Соғым қайырлы болсын,

Қазан тоқ болсын.

Уайым жоқ болсын,

Дастарқан кең болсын.

Соғым шүйгін болсын,

Ұрпақ түлеп ұшар тұйгын болсын!!!

Қазақ халқы асты, қара шаңырақты, басты, жасты қадірлейтін халық. Жоғарыдағы батада "Дәм дәнекер" деген заңдылық бойынша достықты, мейірімділікті қастерлегені айтпасақ та түсінікті. Жолға шыққан жолаушыға да ерекше тілек бар. "Ауылдан қырық қадам шыққан жан мүсәпір" деп үйіне келсе, сусын беріп, төріне шығарып, күтіп, батасын алады, не бата береді:

Жортқанда жолың болсын!

Жолдасың Қызыр болсын!

Адасқанда жалт салып жүрсін!

Сүріндірмей алып жүрсін!

Мың бір пәле, жүз бір қатерге,

Кезіктірмей қағып жүрсін!!!, - деп жолаушының барар жеріне аман-есен жетіп, олжалы ауылына оралуына бата беріп, ақ жол тілейді. Қандай жарасымдылық, береке-бірлік. Әдемі қарым-қатынас, мейір, шапағат десеңізші!

Қазақ халқы меймандос халық. Үйге қонақ келсе "құт қонады", "ырыс тасиды" деп сенеді. Сөйтіп үйге келген қонақтың кім екендігіне қарамастан кең дастарқан жайып, төрінен орын сыйлап, ағыл-тегіл күтіп алады. Қазақ үйіне келген қонақты жақсы күтіп қана қоймай, оның рухани көңіл-күйін де көтеріп, сауық-сайран, ойын-күлкі, жыр-думанға бөлеп, дастарқанды ән мен сәнге айналдырады. "Ауылдың алты ауызы", "Қыдырманның қырық ауызы" деген ойын салты ескіден басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Келген қонақ та "Ақ дастарқан", "Ата дастарқан" деп алдына қойылған тағамдардан тамсана дәм татып, ауыз тиіп сыбағаны жоғары бағалайды. Үй иелері қонақтан дастарқанға бата сұрайды. Бата сұрау да, бата беру де қазақ салтында, қонақ жолында занды да орыңды әдет-ғұрьп. Сондай дастарқан баталарының бірі мынау:

Өркенді бол, қойлы бол,

Ашық- жарқын ойлы бол.

Қарағым, асың дайын мұнда келсем,

Оте бер, айдан аман, жылдан есен!!!

Бұл баталар сан үйде, сан дастарқанда, сан адамға қайталанып айтылып, талай отбасы, талай адамның мерейін өсіріп, өмірге жігерлендіріп келе жатқан ақ ниеттен туған жүрек жарды сөздер, достық-қайырымдылықтың куәсі. Қонаққа жайсыз, қу үйлердің қонақ күтуге сараң қылығын батагөй бабаларымыз бен дуалы ауызды шешендеріміз әзіл-оспақпен мінеп-шенеп, оларды меймандостыққа баулиды. Мына баталар соны дәлелдейді:

Ақ лақтың мүйізі апырық та жапырық,

Қандай қатын сауды екен,

Бәйге атындай қатырып.

Көке, жасық лақты сойганыңша қоя бер, Көжеңді бер, одан да көтере-көтере сапырып.

Бұл тамаққа өкпелеуден немесе үйді алымсымбаудан емес, қайта үй иесінің аш көз, қытымыр, қонаққа жайсыз жаман мінез-құлқын өзгерту үшін айтылған бата деп тану қажет.

Біз жоғарыда бата сөздердің ерекшелігі және оның түрлері мен қолдану аясы туралы аялдадық. Еңді төменде бата сөздері мен алғыс сөздерінің парқы және ұқсастығы туралы тоқталамыз.

Алғыс пен бата сөздерінің парқы бар ма?

Әрине, бар. Бата - алғыс айтудың, тілек білдірудің бір түрі. Бірақ, екеуінде мынадай парық бар. Алғыс көбінесе әлеуметке, халыққа көмегі тиген, жақсылық көрсеткен кісіге риза болғанда, кейде топты жерде, кейде жеке жерде айтылады.

Ал бата сөзі көбінесе дастарқан басында, ас-тұзға, дәм-тағамға, шаңыраққа немесе ақсарбас қой, көк қасқа тайға, той-томалаққа қарата айтылады. Кейде тұтас ауылға, не қонақ өзі қонып отырған отбасы мүшелеріне қарата береді. Кейде алғыс секілді жақсылыққа, жақсылық істеген адамға қарата көпті көрген қариялар өмір тәжірибесіне сүйене отырып жақсы тілек айтып, ақ батасын ақтарады. Бұл жағынан бата алғысқа ұқсап кетеді. Бірақ алғыс аз сөзбен айтылып, жақсы лебіз нақты білдіріледі. Мысалы, "жаныңа жамандық бермесін, қарағым", "мәртебең өссін", "мың жаса", "рахмет", "жасың ұзақ болсын", "ұрпақты бол", міне, бұл алғыстар қазақ халқының мейірім түскен адамға айтатын, ақ жол тілеп арнайтын сөздер. Мұндай алғыс сөздер көңіл дән риза болып, марқайып өскен мезгілде айтылады.

Ал бата-тілекке келсек, бата көбінде емен-жарқын ашық айтылса да, кей тұстарда жасырын, астарлай айтылатын кездері де көбірек ұшырайды. Алғыста ондай астыртын мағына болмайды. Алғыс тек тура мағынада ғана жақсы адамдарға қарата қолданылады. Бата жақсы адамдарға да, жаман адамдарға да арнайы айтылады. Бата жаман мінезді адамдарға берілгенде, кері мағынада айтылады да, мазмұныңда қарғыс жатады. Алғыс көбіңде қара сөз түрінде немесе өлең жолдарының бір-екі тармағы секілді тұрақты тіркесте келсе, бата өлең секілді поэзия түрінде келеді. Буын, бунақ, ұйқас, ырғақ, шумақ болады. Кем дегенде екі тармақты болып келеді. Бұл жердегі бунақ, буын ұйқастардың өлең жолдарындай біркелкі болып келуі шарт емес. Тек ой бүтіндігі мен тіл көркемдігі үйлесімді де жанды келуі, мазмұнының терең айтылуы басты шарт етіледі.

Біз әлгінде бата жағымсыз адамдарға қолданылғанда кері мағынада қолданылады деген едік. Еңді соны бір мысалмен дәлелдей кетейік. Медеу деген шешен бір байдың тойына барғанда бай оны кемсітіп, жаман лашыққа түсіреді де, кәрі ешкінің басын тартады. Медеуден жасы кіші Жамал бай мен Қасым зәңгіні құрметтеп- қошеметтеп байдың өз үйіне түсіреді. Оларды аспа - төк күтіп жатқанын, адамдарды алалап бөліп отырған ниеттерін сезген Медеу, адамды байлығына, шеніне қарай бөліп әкелген байдың той табағына:

Бұл тойға Жамал менен Қасым келді, "Жетпістің жетісіне жасым келді.

Бұл тойда менен үлкен тағы кім бар,

Мүйізін шапқан кәрі ешкінің басын берді. Сый емес тартқан табақ қорлауга тең, Тәңірі оған түсірсін "жасынды "елді. Қорлыққа шыдар Медеу мен емеспін, Байеке, өзің кемір басынды енді!, - деп бата беріп жүріп кеткен екен.

Міне, мұнда бата алғыс болмай, айыптау болып келген. Байдың қазақтың үлкендерді құрметтеу сыңды жақсы салт-дәстүрлеріне қайшы қараулығын, надандығын әшкерелеуге арналған. Егер бата кері мағына алса, қарғысқа айналады да кетеді. Әзірше, алғыс пен бата сөздерді осы белгілеріне қарай парықтауды жөн көрдік.

Енді қарғыс қақында аялдайық. Қазақ халқы жамандыққа, бұзақы адамдарға назаланғанда қарғыс жаудырады. Мәселен, "Көкшешек бол", "көгала келіп, атың өшсін", "барғаның- нан келме", "жалғызыңнан жайра" деп, нәлет жаудырады. Дәмін қызғанып берекені қашыратын дүние құмарларды "дәміңді ит жесін", "дәм атсын", "басың аста қалсын", "асқа жарыл", "итаяғыңды жалағыр" деп сыбайды. Ал асын ішіп, аяғын былғайтын тоғышарларды "дәм-тұз атқыр", "ішкенің бойыңа қонбағыр", "арамтамақ қайыршы", "жарымай қал", "ішің кепкір" деп қарғайды... "Айналайын, құлыным, ойнай ғой, әншейін күлің үйіліп қана қалсын", дейтін жымсыма қарғыстар болады. Дүниедегі қарғыстың ең жаманы - "жымсыма қарғыс". Сырты мақтау, мүсіркеу сияқты болғанымен, ішкі астары толған - у. Қазақта қарғысты қайтарудың да қарымдары болған. Мысалы, "Қарғыс қара тасқа, қара тілегі далаға кетсін", "қарғысы қара басына көрінсін", "тілегені өз басына көрінсін", "жағыңа жылан жұмыртқалағыр", "аузыңа қара қан тол- сын" деп, орынсыз көрген қарғысты қарғыспен қайтарады. "Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады" деген халық мақалы да, жүйесіз айтылған қарғысты қайтарудың мықты дәлелі.

Қазақ халқы жаны кейігенде алдындағы бағып жүрген малына да қарғыс жаудырады. Мысалы, "арам қатқыр", "қасқыр жегір", "пәле келгір", "ақ болғыр" деп жалпы төрт түлік малға қарата қарғыс қолданса, әр түліктің бас-басына қарғыс айтады. "Тулақ боп қал, тулақ болғыр" деген қарғысты жылқы түлігіне, "Боздап қал, боздап қалғыр" деп түйе түлігіне, "Кебенек келсін, кебенек келгір" деп ешкі түлігіне, "Қарасан келсін, қарасан келгір" деп сиыр түлігіне, ал "топалаң келсін, топалаң келгір" деген қарғысты қой түлігіне қарата қолданады.

Қарап отырсаң, малға қолданған қарғыс пен адамға қаратқан қарғыстың орасанзор парқы бар. Малға қарата қолданылған қарғыстардың бәрі ауру-індет төңірегінде больш, оларға сана-сезімге қаратпай, тек ауру тілеген. Малға қаратқан қарғыстардағы тағы бір өзгешелік - қарғыстарды қосарлап айту арқылы сөздің эмоциялық мәнін күшейтіп отырған.

Қазақтар жеті қазынаның бірі деп танитын ит екеш итті де тынышсыз болғанда, "ұлып қал, ұлып қалғыр", "абалап қал, абалап қалғыр" деп қарғайды. Мұндай ауыр сөзбен сыбау, қарғау қазақ өмірінде ескі дәуірден қазірге дейін жалғасып келе жатқан, бір түрлі сөйлеу машығына айналған үйреншікті әдет.

Қазақ табиғаттың жағымсыз тартаң күндеріне де қарғыс айтады. "Ызындаған күнің құ рысын", "Сіркіреген жаңбырың бар болғай", "Қап-қара түнің құрысын", "Қаптаған топан суың құрысын", "Сілкінген жердің бетін ары қылсын" дейді. Мұнда қазақ халқы өзінің қарапайым бақылау тәжірибесіне сүйене отырьш, экологиялық тендікті тым ертеден-ақ қорғаған. Жаратылыстың әдемі қалпын, табиғаттың сұлу көркін, ондағы алуан түрлі құстар мен өсімдіктерге бет алды соқтықпау керек екендігін түсіндіру үшін торғай аузынан мынадай қарғыс береді:

Торғай деген атым бар,

Бір жапырақ етім бар.

Жұмыртқамды шақсаңдар,

Әкең жауға кеткенде,

Шешең өліп, жетім қал!, - деп жаратылыс дүниесіне бет алды соқтықпауды қатаң заң ретінде түсіндіреді. Табиғатты қаптаған әскер, қалың қорғаушы қоймай-ақ, қап-қап құжат шығарып шығындалмай-ақ, сым темірмен қоршап қорғамай-ақ торғай аузыңдағы сесті сөзбен-ақ сескендіре білген ғой. Өсімдіктерді сындырып, жасыл тіршілікті бүлдірген, гүлдерді үзіп, ағаш бұтақтарын сындырған сотқар балаларды "Көктей сол", ‘Жер жастанғыр" деп қарғайды. Міне, бұл жаңа заманымызда да экологиялық теңдікті қорғау, күллі адам баласының басты саналы қимылына айналып отыр.

Қазақ қарғыстары мазмұн жағынан сан алуан, формасы жағынан күрделі болып келеді. Түрі жағынан да өмірдегі барлық қимылдарды түгелдей қамтып, жамандық атаулының бәріне қарата айтыла береді. Әуелі үйренуден безіп, өнер білімді ұмытып, ес-ақылы бүтіндей ойынға ауған балаларды "ойының осылсын, ойының осылғыр", "бес тастың астында қалғыр", "ойының құрысын, ойының құрғыр" деп бар зейін-зердесі ойынға ауған, дала безер "көк шешектерді" қарғайды. Кейбір ар-намысын сатып, ұжданынан айрылған намыссыз қыздарды да қатты тілмен қарғап, жамандықтан біржолата тиылуды тілейді.

"Жүзің күйіп жүз қара болғыр". "Байың өліп, бағың сөнгір". "Ак бетің тілінгір", "Албасты басып, айғыр тістегір", "Күн тимесіңе, дым тимесін".Кейде баукеспе ұры, елге күн бермеген қарақшыларды:

Басқан ізіңе шөп шықпасын,

Ұрлаған қолың кем болсын,

Ұрлаганың ұраға тықсын.

Қазақ осылайша ұрының жер-жебіріне жетіп жексұрын сөзбен жездей қақтап, ар алдында айыбын бетіне басып, тірідей өлтіреді. Бұдан қазақ халқының ұрлыққа, жамандыққа қас, адал халық екендігін түсінумен бірге ұрыны сөз тозағына лақтырып, тіл уымен тәрбиелей білген даналығын да тануға болады.

Қазақ қарғыс сөздерінің мазмұнында осын дай ауыспалы тәрбиелік мағына, қорқыту сынды сес жатады. Ал қарғыстар формалық жақтан да сан алуан болып келеді. Кейде қара сөз түрінде де кезігеді: "Оңбай кет", "адамдықтан азған айуан", "өмірдің жегі құрты, жұрттың селдей аққан көз жасы мен жосып аққан қызыл қаны атсын сені" деп келсе, кейде өлең түрінде ұйқасып, үндесіп келеді. Онда 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9 тіпті одан да көп тармақтар тобын шоғырлаңдырып айту арқылы жасалады:

1. Жетпей желкең қиылсын!

2. Сар мейіз болып қатып қал! Сары төсек болып жатып қал!

3. Малың бағусыз қалсын, Түндігің ашусыз қалсын, Асың ішусіз қалсын!

4. Аспаннан қурай түссін,

Желкеңді турай түссін,

Әке-шешең аңырап қалсын,

Ақ лағың далада маңырап қалсын!

5. Қара күйедей қарайып қал,

Ине көзіндей тарайып қал,

Сары тап боп сарғайып қал,

Үй артында бұлақ бар,

Бұлаққа қарап жылап қал!

6. Таудан қүлаған тастай бол,

Ит мұжыған бастай бол,

Тұқымың тұздай құрысын,

Желкенді қара тас бассын,

Ине жұтқан иттей бол,

К...ке түскен биттей бол!

7. Менің ақ байталымнан жеген егің қан болсын,

Үйінді құйын құлатып, аузы-басың шаң болсын,

Ел ет жесе, сен дерт же,

Ел жал шайнаса, сен тал шайна,

Ел жілік жесе, сен бүлік же,

Ел мойын жесе, сен сойыл же,

Ел нан жесе, сен қан же!

Сегіз тармақ немесе одан да көп тармақтар:

Орта жолда атың өлсін,

Орта жасында қатының өлсін,

Қия жолда атың туласын,

Жарым түнде үйің шуласын,

Еңісте тартпа айылың үзілсін,

Өрге шыққанда төс айылың үзілсін,

Жете бергенде желкең үзілсін,

Таяй бергенде тақымың қиылсын,

Отыра бергенде орының ойылсын,

Тістей бергенде тісің үгілсін,

Асай бергенде алқымыңа тығылсын, Түндігің ашылмай, күлің шашылмай,

Малың қайрылмай қалсын!

Қазақ халқы жағымсыз адамдарға қарата осындай қарғыстар қолданып, олардың бойындағы барлық кереғарлықты қарғыс арқылы жерлеп, өмірден мүлде өшіруді көздеген. Қорыта келгенде, қазақ қарғыстары сонау есте жоқ ескі дәуірден басталады. Мысалы:

"Қорқыт ата кітабында" долы Қаршар Қорқыт атаны қуып жетіп, басын қылышпен шабуға айналғанда "қолың сірессін" деп қарғайды. Осы кезде долы Қаршардың қолы көтерілген бойында сіресіп, түспей қалады. Мұнда үлкен мән, ғажайып сыр бар. Қорқыт атаға долы Қаршарды әншейін жансауғалату үшін қарғатып отырған жоқ. Қорқыт Ата ту баста Бамсы Байраққа бата беріп, ат қойғанда дана, даңғыл, ақылгөй ата, дуалы ауызды шешен бейнесінде бейнелесе, долы Қаршарды қарғап қолын сірестіргенде киелі, Әулие Ата бейнесінде бейнелейді. Сөйтіп Қорқыт ата образы одан әрі құдіретті күшке ие, керемет иесі тұлғасында жарастық тауып, жағымды бейнесі одан әрі арта түседі. Бұдан біз сонау ауыз әдебиеті үлгілерінде бата мен қарғысты егіз, қатар қолдану арқылы адам образын жасап, характер ашудың әдемі көркемдік кілті ретінде пайдаланғандығын толық аңғарамыз.

Қазақ халқы өзінің ұзақ тірлігінде алуан түрлі шаруашылықпен шұғылданып, талай-талай өмір соқпақтарын басынан өткізді. Жаугерші- лік заманда құсалы да қаралы күндер, тауқыметті тұрмыс кешірді. Осындай ел тағдырына куә болар оқиғалар халықтық тіл өнері арқылы образды көрініс тауып, қазақ қарғыстарынан да байқалып отырды. Ел тарихына байланыс- ты мұндай қарғыстар үш түрлі жағдайда қолданылғаны анық. Бірі - елді жау шауып, жерін, мал-мүлкін тонап, қырғын тұзағын құрған басқыншы жауға, олар туғызған соғыс алапаттарына қарғыс айтқан. Бұл қарғыстар өте зәрлі тілден туып, жауды жеті қат жер астына жастандырады. "Қыз Жібек" жырында Төлегендей ардан жаралған азамат пен сұлулық шұғыласынан туған Қыз Жібектей арудың мөлдір махаббатын жыландай зәрлі қастандықпен бұзған, махаббатгың ақ періштелерін бір-бірінен айырған, Төлегенді атып өлтірген Бекежандай жендеттерді, кеудесінен күні сөніп, ақ махаббаты қара түнге айналған Қыз Жібектей шерлі ару көз жасын селдете отырып қарғайды.

- Адыра қалғыр Бекежан,

Көрме дүние жарықтан.

Екі көзің қызарып,

Ішіпсің иттей қызыл қан.

Тәңірің сені қарғасын,

Абжылан арбасын.

Тәңірім мені жаратса,

Қатын-балаң зарласын.

Басыңа қиын іс түсіп,

Қасыңа адам бармасын.

Дүниеден көрген қызығың,

Ажалыңа арналсын.

Жамандық алып жағаңнан,

Алды-артынды қармасын.

Жиған-терген дүниең,

Шаян боп шағып қинасын!!!

Рас-ау. Мына қарғысты Төлегенді өлтірген қанішер, жендет Бекежан емес, бүгінгі күннің оқырманы естігенде де жүрегіміз түршігеді. Жаныңа у құйып жібергендей сайсүйегің сырқырайды. Жаның талып-талып ауырады. Төлегендей арысты қанға бояған Бекежанға өзің де қоса қарғыс айтасың. Ақ та пәк махаббатынан айырылған жазықсыз бейкүнә Жібек қызға, нәзік, шерлі аруға аяушылық білдіресің. Көзіңнен де мөлт-мөлт жас төгесің.

Міне, қазақ қарғыстарында осындай шиеленіскен үлкен-үлкен қақтығыс, тартыс жатады. Мұңда арсыздық пен күн шұғыласындай ізгілік ортасындағы қайшылықтың сипаты ашылып жатыр. Біз бұдан тек қарғыс айтудың сипатын ғана түсініп қоймай, қайта өткен замандағы ел тарихын, бастан өткізген өмір тауқыметтерін де арыдан танимыз.

Ал қарғыстың екінші бір түрі - адамдар жай назаланғанда, немесе біреуден жазықсыз жәбір көргенде, от алып қопаға түскенде соған қарата қарғыс айтады:

Маған қылған қастығың,

Қара басыңа көрінсін.

Шаңырағың шартылдап,

Ортасынан бөлінсін.

Ұрпақтарың өмірі,

Орны толмай өкінсін!

Қарғыстың үшінші түрі - жас ұрпақтарды жамандықтан жирендіріп, бездіру үшін "қарғыс естисің" деп қорқыту мақсатында айтыла ды. Оған жоғарыда айтқан Торғайдың қарғысы дәлел бола алады.

Қазақтың алғыстары мен қарғыстары осылайша туып, тектері мен түрлері барған сайын көбейіп, ел тарихымен бірге сан ғасыр сарабынан өтіп, ауызша сақталып бізге жетіп отыр. Біз, қазақтың алғыстары мен қарғыстарының тек тіл өнері қүдіретін танып қана қалмай, қайта бір ұлттың ұлттық салт-сана, ғұрып-әдет, күллі тіршілік әдеттеріне байланысты тарихын да аңғарамыз. Сөз өнерін қадірлей білген қазақ халқы шешен-шежіре, ақыл-ойлы адамдарды, ақындық өнерді жоғары бағалай білді. Жақсы, тәтті сөйлеумен бірге ащы қарғыс та айтты. Сөйтіп, алғыс сөздері елдің кеудесінде күн орнатып қуандырса, қарғыс арқылы сес көрсетіп, жамаңдық атаулыдан сақтандырып, қарғыс естімеуге, ел кәріне қалмауға, ынтымақты болуға шақырады. Қарғыс айтылған, ауыздан шыққан замаңда, көкке үш шығып, жерге үш рет түседі екен. Сол мезгілде қарғыс жүйесін тауып жамандыққа тиеді. Жүйесіз айтылған қарғыс болса, қайта айналып келіп айтқан иесін табады екен.

Сондықтан қарғыс айтудан Алла өзі сақтасын. Бата түбі - май, қарғыс түбі - қан. Қанды ауыз қарғыс айтудан, қарғыс естуден бір Алла өзі сақтасын!!!

Этнограф жазушы, сыншы, педагог, фольклор танушы, академик Болат Бопайұлы

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети