Қазақстан тұрғыны өзге адамның қарызы үшін коллекторлардан қоңыраулар мен хабарламалар алып жүргеніне шағымданды. Ол борышкер емес екенін және несиеге қатысы жоқ екенін түсіндірген, алайды коллекторлар тұрғынды және отбасы мүшелерін мазалауды тоқтатпаған. Мұндай жағдайда не істеу керек? Осы сұраққа Tengri Life Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен жауап алды.
Шағым
Редакцияға оқырман хабарласып, өзге адамның қарызы үшін коллекторлар мазалап жүргенін айтты.
"Туысымыздың микроқаржы ұйымдарына қарызы пайда болған. Біз ағам екеуіміз келісімшартта таныс ретінде де, қоса қарыз алушы ретінде де көрсетілмегенбіз, бірақ соған қарамастан бізге коллекторлар қоңырау шалып, жаза береді. Олардың мұндайға құқығы бар ма? Біз шағыммен қайда жүгіне аламыз?" – деді алматылық қыз.
Қазақстандық аноним болып қалуды жөн көрді және деректерін жарияламады.
Агенттік жауабы
Бұл жағдайға пікір алу үшін Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне жүгіндік.
"Егер сіз қарыз алушы немесе қоса қарыз алушы болмасаңыз, коллекторлардан қоңырауларды тоқтатуды талап етуге құқығыңыз бар. Егер талап көмектеспесе және қоңыраулар қайталанса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің аймақтық өкілдігіне шағымдана аласыз", – деп хабарлады ведомство.
Шағымды eOtinish порталы арқылы немесе жеке барып, жазбаша түрде беруге болады.
Коллекторлар қалай жұмыс істеуі тиіс?
Олардың ұстануы қажет белгілі ережелері бар. Олар мыналарды жасай алады:
- қарыз алушыға жұмыс күндері 08:00-ден 21:00-ге дейін аптасына үш реттен артық қоңырау шалмау;
- қарыз алушымен аптасына үш реттен артық кездеспеу, оның ішінде күніне бір реттен артық емес, тек жұмыс күндері 08:00-ден 21:00-ге дейін;
- жазбаша хабарламалар, мәтіндік немесе дауыстық мобильді хабарламалар жолдау.
Әр байланыс кезінде коллектор міндетті түрде хабарлауы тиіс:
- агенттіктің атауы және оның тіркеу нөмірі,
- агенттіктің орналасқан жері,
- байланысқа шыққан қызметкердің аты-жөні мен лауазымы,
- несие берушінің атауы.
Коллекторларға тыйым салынған әрекеттер
- Қарыздың көлемі, сипаты немесе себебі туралы борышкерді жаңылыстыру.
- Өзі туралы жалған мәлімет беру, оның ішінде аты-жөнін, лауазымын немесе жұмыс орнын жасыру.
- Борышкердің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін деректер тарату, сондай-ақ материалдық зиян келтіруі мүмкін ақпаратты жариялау.
- Борышкердің құқықтарына, бостандығына, өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін, сондай-ақ мүліктік немесе өзге де зиян келтіретін заңсыз әрекеттер жасау.
- Қорқыту, мүлікті жою немесе бүлдіру, балағаттау, алаяқтық, құжаттарды қолдан жасау немесе бопсалау арқылы қысым көрсету.
Егер құқықтарыңыз бұзылса не істеу керек?
Агенттік егер коллекторлар заңсыз әрекет етсе, сіз шағым түсіре алатыныңызды нақтылады.
Заңбұзушылықтар расталған жағдайда коллекторлық агенттікке заңға сәйкес шаралар қолданылады.