Өз басым көріпкел, құмалақшы дегенге сенбейтін адам едім. Бірақ енді оған сенетін болдым. Әрине, аһ ұрып, бірден бас ұрмадым. Алдымен зерттеу жүргіздім. Нәтижесінде көріпкелдік бары расталды. Мен бұл жайттан алған үлкен сабағым: балгер-болжаушыларға жолауға болмайды, олардан, мейілінше бойды аулақ ұстау керек. «Алаш айнасы» басылымындағы оқырмандар хатына арналған айдарда осы басымнан өткізген өз зерттеуім жайлы баян етсем деймін.
Өз басым көріпкел, құмалақшы дегенге сенбейтін адам едім. Бірақ енді оған сенетін болдым. Әрине, аһ ұрып, бірден бас ұрмадым. Алдымен зерттеу жүргіздім. Нәтижесінде көріпкелдік бары расталды. Мен бұл жайттан алған үлкен сабағым: балгер-болжаушыларға жолауға болмайды, олардан, мейілінше бойды аулақ ұстау керек. «Алаш айнасы» басылымындағы оқырмандар хатына арналған айдарда осы басымнан өткізген өз зерттеуім жайлы баян етсем деймін.
Әрине, діннің құмалақшы, емшілер жайлы түйер өзіндік пайымы бар. Бірақ мен аса діншіл адам емеспін (бұл арада тек өзіме қатысты айтып отырмын, әйтпесе арғы аталарымның барлығы дерлік исламды ұстанған жандар). Сондықтан бұл төңіректегі пікірталастарды онша елей бермеуші едім. Көзім ашық, екі бірдей жоғары білімім бар. Өзіндік өмірлік ұстанымдарым әлдеқашан қалыптасқан. Әсіресе, өмірде кездейсоқтық болатындығына сенбеймін, қысқа ғана қамшының сабындай өмірде барлық дүние бір-бірімен сабақтасып жатыр деп ой түйемін. Сол себепті мен үнемі өзіме қатысты болған жайттарды бір-бірімен сабақтастырып, одан қорытынды шығаруға тырысатынмын. Шыны керек, көмегі өте зор. Шешімі жоқ есеп секілді өмірде орын алған мәселенің де сан түрлі шешімі бар. Оның ішінде ең оңтайлысына дөп түсу үшін өмірдегі қат-қабат сабақтасып жатқан дүниені жіті бақылап, логикаға салсаңыз, жетіп жатыр. Бір емес бірнеше мәселеңізді бір ретте шешіп алуыңызға болады. Жөн делік. Енді әңгіменің басты өзегіне оралайын.
Мен де күндердің күні ел қатарлы себеппен көріпкел-емші алдына барып қалдым. Өйткені біздің дәрігерлердің жайы белгілі ғой, басқасын қайдам, Алматыдағылар науқастың қалтасы әбден «тазаланғанша» бір-біріне доп құсатып «дөңгелете» береді. Ал нәтижесі бәз-баяғы. Емшіге баруға кеңес берген Еркеш деген досым еді. Ол жоғалған ірі сомадағы ақшасын бір көріпкелдің көмегімен тауып алып, қатты қуанған екен. Осы жайтты жіпке тізгендей әңгімелеп, емшінің жарнамасын өлтіріп жіберген досым арқамнан қағып, солай қарай жөн сілтеп жіберді.
Жазып алған мекен-жай бойынша діттеген жеріме жеттім. Қаланың қақ ортасындағы ескі там көзге қораш көрінеді екен. Есігінен еңкейе үйге бас сұқтым. Сөйтсем бір бөлме толы адам жерге жайғасып алыпты. Араның ұясындағыдай гу-гу етеді. Барлығы емшіні күтіп отырса керек. Мен де араларына барып, бір ыңғайлы жерге қонжия кеттім. Бір уақытқа еңгезердей бір кісі (мүмкін кішкентай тамның жанында ол сондай боп көрінген шығар) есіктен төбе көрсетті. Жиналған қауымның қақ ортасына малдас құра отырған ол келушілерді алдына бір-бірлеп шақыра бастады. Ескі үйдің күлімсі иісі басты айналдырып барады, қапырық ауа да жүрегімді қыса бастады. Содан орнымнан тұрып кетіп қалуды жөн деп таптым. Сол кезде әлгі адам «Сен бала, бері жақында, сынау үшін келіп отырған соң сол ісіңмен асықпай шұғылдансын деп бағанадан бері мазаламадым» деді бетіме қарап. Мен тіл қатпадым. Қолымды алған ол менің жеті атамның атын атап, түрін түстей бастады. Егер жеті атамды білмесем оның сөзіне мән де бермес едім. Бірақ марқұм апам туысқаншыл, өте мықты кісі еді, жеті деп айтпай-ақ қояйын, бірақ төрт атаға дейінгі туысқандарымызбен бүгіндері жақсы араласып тұрамыз. Арғы тегімде молда да барын, сұлтан да барын, қасиетті қажының да барын көзін жұмған емші растап жатыр. «Солардан шыққан сен неге жаман болуың керек» деп көзін ашқан емшіге қадалып қарап қалдым. Өйткені бұл менің апамның сөзі еді. Арғы жақтағы, бергі жақтағы туысқандардың көзін түгендеп отыратын апам аталарымды аңыздай етіп әңгіме қылушы еді. Сөз соңында міндетті түрде жаңағы айтылғанды айтуды ұмытпайтын. Ол менің ойымнан дөп түскендей «Иә, иә, апаңмен сөйлесіп тұрмын» деді. Көп нәрсені, науқасымның себебін де дөп басып айтты. Дұрыстап емделмесем әскерде басымнан өткен жайсыз жайттың денсаулыққа салдары жаман болатынын ескертті. Сөз соңында ол кісі маған енді емші-домшы дегендерге жоламауға кеңес берді. Бұл менің бірінші рет емшіде боп, бірінші рет ол жайында ой түюім еді.
Материалдың толық нұсқасын "Алаш айнасынан" оқи аласыздар.