Қазақ жазуының латын графикасына көшуі еліміздің тарихындағы аса тағдыршешті реформа. Реформа сөз жоқ бірнеше кезеңнен тұрады. Әліпби таңбаларын сайлау; жүйелеу; кодталу нұсқасын нақтылау әрі біркелкі ету; жаңа жазудың фонетикалық; грамматикалық және т.б. жүйесін негіздеу; түрлі сынамалардан өткізу; тәуекелдерді болжау секілді көптеген дайындық жұмысы бар. Біз үшін бұл аса зор жауапкершілік. Себебі жаңа латыннегізді әліпби біздің және бізден кейінгі ұрпақтың санасына сіңіп, дүниетанымы, ойлау жүйесінің бір тетігі болмақ.
Қазақ жазуының латын графикасына көшуі еліміздің тарихындағы аса тағдыршешті реформа. Реформа сөз жоқ бірнеше кезеңнен тұрады. Әліпби таңбаларын сайлау; жүйелеу; кодталу нұсқасын нақтылау әрі біркелкі ету; жаңа жазудың фонетикалық; грамматикалық және т.б. жүйесін негіздеу; түрлі сынамалардан өткізу; тәуекелдерді болжау секілді көптеген дайындық жұмысы бар. Біз үшін бұл аса зор жауапкершілік. Себебі жаңа латыннегізді әліпби біздің және бізден кейінгі ұрпақтың санасына сіңіп, дүниетанымы, ойлау жүйесінің бір тетігі болмақ.
Қазіргі уақытта латын әліпбиінің ең өзекті мәселесі жаңа жазу жүйесі таңбаларын бекітуде болып тұр. Нақтырақ айтқанда ұсынылған алуан түрлі жобалар арасындағы келіспеушілік негізінен төл дыбыстарымызды және өзге де дыбыстарды білдіретін мынадай 14 таңба аясында: Әә, Ғғ, Жж, Ии, Йй, Ққ, Ңң, Өө, Уу, Ұұ, Үү, Шш, Ыы, Іі. Қоғамда, ғылыми және саяси ортада да осы мәселеге қатысты консенсус табылмай жатыр. Осы ретте біз латыннегізді әліпби мәселесі бойынша әртүрлі әлеуметтік топ пікірінің тоғысу нүктелерін табу мақсатында тәжірибе жүргіздік. Сауалнама дайындап, респонденттерге жоғарыда аталған әріптерді белгілеуге лайық латын таңбаларын көрсетуді ұсындық. Әліпбиді өздері таңдауға мүмкіндік алды.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бұл онлайн сауалнама бір ай бойы жүргізілді. Нәтижелер жинақталып, жүйеге келтірілді. Мәліметтер статистикалық өңдеуден өтіп, кирилдегі әр таңба бойынша белгіленген латын графикасындағы көрсеткіші жоғары 3 әріпті сәйкестендірдік. Осыған қатысты бүкіл мәліметті төмендегі инфографикадан көре аласыз.
Респонденттердің таңдауы әртүрлі, әр бағытта болды. Сауалнама нәтижелерін ортақ келісімге келу көрсеткіші бойынша 3 топқа бөліп қарастыруға болады. Шартты түрде "Ортақ шешімі бар", "Ортақ шешім қажет" және "Мамандардың шешімі қажет"деп жіктелді.
Бірінші топқа ортақ келісім көрсеткіші жоғары әріптер кірді: Жж - Jj (75.4%), Ққ - Qq (71.8%), Iі – İi (58.5%). Аталған дыбыс/әріптерге ең сай латынша таңбаны таңдауда консенсус бар екені байқалады. Ал Өө - Öö (47.4%) және Үү-ні - Üü (43.8%) белгілеуде жұртшылық умлаутқа (төбесінде қос нүктесі бар белгі) басымдық беретіні анық көрінді.
Екінші топқа консенсус көрсеткіші төмен, нақты айтқанда латынның екі таңбасы да қолдау пайызы жағынан шамалас түскен әріптер кірді:
Әә – Áá (39.2%) және Ää (34.4%);
Ғғ – Ğğ (36.7%) және Ǵģ (35.9%);
Шш – Şş (38%) және Śś – (32.1%);
Ңң – Ńń (40.2%) және Ŋŋ (28%).
Үшінші топқа күрделі таңбалар кірді. Бұл таңбаларды іріктеуде жұртшылық "бір дыбыс – бір әріп" қағидасына қарама-қайшы таңдау жасағаны байқалды. Сондықтан олар грамматика тұрғысынан жан-жақты зерттеуді қажет етеді.
Ии және Йй. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің басым бөлігі осы таңбаларды латынның Ii және Yy таңбасымен белгілеген. Ии-ді (дауысты и) Ii-мен белгілеу өз кезегінде кирилше Іі-нің (ілгіш) латынша İі арқылы белгілеуде шатастыру туғызады. Ал Ии мен Йй фонетикалық тұрғыдан екі түрлі дыбыс болғанымен, дыбысталуы жағынан ұқсас саналғандықтан, екі таңбаға бөлмей, бір таңбамен белгілеу ұсыныстары да бар.
Ыы. Респонденттер Ыы-ны латынның Yy таңбасымен белгілеген. Бұл бірнеше мәселе туындатады: біріншіден Ыы мен Йй-дің латынша таңбалануы бірдей болып кетеді. Бұл өз кезегінде тағы бір мынадай қайшылыққа әкеп соғады: фонетикалық тұрғыдан Ыы "дауысты", ал Йй "дауыссыз" саналғандықтан, оларды латынның Yy таңбасымен белгілеу орта және ұзақ мерзімдегі төл дыбысталудың бұзылуына, функционалды сауатсыздықтың туындауына да себепкер болуы әбден мүмкін.
Уу және Ұұ. Респонденттер осы екі фонеманы белгілеуге Uu таңбасы лайық деген. Фонетикалық тұрғыдан қарайтын болсақ Уу дауыссыз дыбыс болып табылады, ал Ұұ дауысты дыбыс. Дыбысталуы және тілдік санадағы мәртебесі (бірі - дауысты фонема, екіншісі - дауыссыз фонема) жағынан әртүрлі Уу мен Ұұ-ны латынның бір ғана Uu таңбасымен беру фонетикалық тұрғыдан қате және жазуда сөздердің контекссіз жылдам таныла кетуіне кедергі келтіруі мүмкін деп есептейміз.
Қорытынды. Зерттеу барысында жаңа латыннегізді әліпби таңбалары бойынша ең өзекті мәселелерге мониторинг жүргізуді және әліпби бойынша тіл иелмендерінің мәмілеге келу нүктелерін табу көзделді. Зерттеу құнды социолингвистикалық мәліметтер беріп, алдағы ізденіс бағытын айқындады. Сондай-ақ бастапқыда болжағаннан да ауқымды әрі алуан түрлі ақпарат берді. Қол жеткізген осы деректер өз құзіретімізге сәйкес, тілге шақ әрі заманға сай әліпби жасауға септігін тигізетініне сенімдеміз және латын әліпбиі таңбалары бойынша жалпықоғамдық консенсуске себепкер болар деген үміттеміз.
Автор: Қуат Дүйсен
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері,
филология магистрі