Маңғыстаулық зергер Сағидолла Оразов елордада өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмесіне дайындалып жатыр. Шебер көрмеге Маңғыстаудың стилінде жасалған сақина, өңіржиек, алқа, сырға, білезік апармақшы. Кеш қарая уағдаласқан уақытта Қызылтөбе ауылындағы зергердің шеберханасына арнайы бардық. Шебер қызу еңбек үстінде. Көздің жауын алатын кезекті жаңа туындысын дайындауда.
Маңғыстаулық зергер Сағидолла Оразов елордада өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмесіне дайындалып жатыр. Шебер көрмеге Маңғыстаудың стилінде жасалған сақина, өңіржиек, алқа, сырға, білезік апармақшы. Кеш қарая уағдаласқан уақытта Қызылтөбе ауылындағы зергердің шеберханасына арнайы бардық. Шебер қызу еңбек үстінде. Көздің жауын алатын кезекті жаңа туындысын дайындауда.
"Әр әшекейді әр түрлі уақытта дайындаймын. Кейбір кездері сызған үлгім көңілімнен шықпай ұзақ отырып қалатын кездер де болады. Көп жағдайда түнде жұмыс жасаған ұнайды, түнде шабыт оянады", - дейді бізді күлімсіреп қарсы алған Сағидолла зергер.
Сағидолла Оразов мектеп оқып жүрген кезінен сурет өнеріне жақын болып өскен. Бос уақытында қолына карандашын алып, сурет салатын. Інісінің бойындағы суретке, зергерлік өнерге қажетті қасиеттерін байқаған ағасы мамандық таңдайтын уақытта ақылын айтып, кеңесін береді. Ағасы Түгелдің айтуымен Сағидолла Абай атындағы мемлекеттік университеттің көркемсурет және қолданбалы өнер факультетіне құжат тапсырады. Тәжірибелі мамандардан дәріс алып, шеберлігін шыңдайды. Уақытының көбін шеберханада өткізіп, ізденеді.
"Зергерлік өнерге мені баулыған Түгел ағам. Ауылда бос жүре бермей, Алматыға келіп білім ал, зергерлік өнермен айналыс, сол саланың білікті маманы бол деп кеңесін айтты. Алғашқы дүниемді де Алматыда оқып жүрген кезімде жасадым. 1990-1992 жылдары күміс тапшы кездер ғой. Сақина жасадым. Жасаған сақинам ұнамай қалып, оны 10 рет өзгерттім. Бәрібір көңілімнен шықпады. Кейін бір апта отырып, тастармен көмкерілген тоспалы, әдемі білезік жасап шығардым. Ең алғашқы дүниелерім солар болғандықтан жаныма өте жақын. Жалпы арғы ата-бабаларымыз да ағаштан бесік жасап, түйін түйген. Зергерлік өнер сол кісілерден дарыған қасиет", - дейді Сағидолла Оразов.
Шебер тапсырысқа қарағанда өз қиялынан туған дүниені жасағанды ұнатады. Зергерлердің аса көп жасайтыны-әйелдердің әшекей бұйымдары. Қыз-келіншектер өңіржиек, құлақтарына сырға, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік көп жасатады. Зергердің қолынан шыққан бір-біріне үзбелеп бекітілген үлкенді-кішілі өрнекті алқалардан құралатын салмақты да салтанатты өңіржиектерге де тапсырыс жоғары.
"Бір сақинаны көбінесе бір сағатта дайындаймын. Әр нәрсе сәтіне қарай жасалады. Бір күнде 5-6 адамның тапсырысын да жасап шығаратын уақыттар болады. Амалда, қазақтың жаңа жылы наурыз мерекесінің қарсаңында тапсырыстар көп түседі. Келін түсіру, қыз ұзату мерекелерінде де тапсырыстар көбейеді. Кейбір адамдар дайын сызба әкеліп жатады, алайда өз қиялынан туған дүние сәтті шығады. Мен өзгертіп ұсынған кездерімде тапсырыс берушілер де жақсы қабылдап жатады. Маңғыстау өңірінен бөлек, тапсырыс беруге Оңтүстік Қазақстан, Астана, Алматы, Орал облыстарынан да қонақтары да көп келеді", - дейді зергер.
Алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы мемлекеттік орталық мұражайдың шеберханасында бастаған зергер кейін "Маңғыстаутұрмыс" АҚ-да зергер болып жұмыс істейді. Бүгінде жеке кәсібінен бөлек Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында зергер-өңдеуші болып қызмет атқарады. Мұражай қорындағы құнды жәдігерлер: 20-дан астам өңіржиек, білезік, жүзік, түймелерді өңдеп, аталған бұйымдарға "екінші өмір" сыйлады.
"18 ғасырда қолданылған ер адамның белдігін қалпына келтіріп, реставрация жасадым. Одан бөлек өңіржиек, білезік, жүзік, түймелерді қайта жасақтап шықтым. Бұрын ата-бабаларымыз қолданған дүниелерді қайта қалпына келтіріп отырып та, өзіме қажетті дүниелерді түртіп аламын. Мәселен, 18-19 ғасырларда қолданылған, күмістен жасалған өңіржиектердің ішіне киіз, қатты қағаздарды көп қолданған. Және өңіржиектер өте жұқа металдан жасалып, әдемі өрнектелген. Жұқа материалдан жасап шығу үшін көп уақыт әрі асқан шыдамдылық керек... Зергерлер де стильді таңдайды. Менің жаныма жақын сіркелеу өнері (зернение)", - деген Сағидолла аға зегерлік киелі де қасиетті өнер саналатынын, оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керектігін айтты. Зергерлік-атадан балаға, ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп екенін әңгімеледі.
Сағидолла Оразовтың қолынан шыққан дүниелер әр жылдары еліміздің бас қалаларында өткен көрмелерге қатысып, көпшіліктің жоғары бағасын алды. Ендігі арманы - Париждің төрінен қазақтың әдемі бұйымдарынан жасақталған көрме өткізу және облыс орталығынан арнайы зергерлік мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеу.
"Алдымен елордамыз Астана қаласында өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмесіне қатысып, тәжірибие жинақтап алғым келеді. Халықаралық көрмеге жан-жақтан келетін қонақтар қазақтың салт-дәстүрінен, әдеп-ғұрыпынан азғантай болса да түсінік болу үшін естелікке, сыйға зат сатып алады ғой. Сондықтан да көрмеге апаруға қолжетімді бағаға сатылатын сақина, білезік, алқа, өңіржиек жасап жатырмын. Жүзіктердің бағасы-10 мың теңгеден басталады. Маңғыстауда бұрындары қаптама деп аталатын жүзік көп жасалған. Маңғыстаудың бір бөлшегі ЭКСПО-да тұрса деген ниетіміз бар. Мен көбіне таспен көмкергеннен гөрі, тассыз дүниелер жасағанды дұрыс санаймын. Тассыз жасалған бұйым да классикалық үлгіге жатады… Әзірге шеберханама келіп, зергерлік өнерге қызығушылық танытып, үйреніп жүрген Данияр, Салауат атты шәкірттерім бар. Олардың қатарын толықтырып, зергерлік өнердің қыр-сырын өзге де жастарға үйреткім келеді. Ол үшін Ақтау қаласынан мектеп ашқан жөн деп санаймын. Бұл да ойда жүрген үлкен шаруа. Білгеніңді кейінгі ұрпаққа үйреткен дұрыс деп есептеймін", - дейді бізбен қоштасарда Сағидолла Оразов.
Зергердің жетістіктеріне тоқталар болсақ, 2004 жылы ҮІІ-ші Халықаралық "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалі аясында өткізілген облыстық байқауда "Сәндеме қолөнер" номинациясы бойынша 1-орынды иеленген. 2008 жылы "Маңғыстау жұлдыздары" фестивалінде "Фестивалдің жарық жұлдыздары" ерекше дипломымен марапатталған. 2011 жылы өткен "Үздік кәсіпкер" байқауында "Халықтық қолөнер саласындағы үздік кәсіпкер" номинациясы бойынша жеңімпаз атанса, сол жылы "Каспий достық теңізі" фестивалінде "Ең үздік сәндік - қолданбалы қолөнері туындылары" сайысының "Халықтық дәстүрді сақтаған үздік туынды" номинациясы бойынша 1-орынды қанжығаға байлаған. 2013 жылы Ү-ші "Шебер-2013" Қазақстан қолөнершілері байқауының жеңімпазы.
Венера МИРЛАН
Сурет, бейнежазбаны түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ