Мақпал Жүнісова алғаш рет Ақордаға келді

Мақпал Жүнісова алғаш рет Ақордаға келді Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

21 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет қайраткерлерін марапаттады. Марапат алғандар қатарында қазақ мақал-мәтелдерін жатқа айтатын Татьяна Бурмистрова мен Ақорда табалдырығын 30 жыл ішінде алғаш рет аттаған Мақпал Жүнісова болды.  Tengrinews.kz тілшісі салтанатты рәсімге бір сағат қалғанда және одан кейін не болғанын көріп қайтты.

21 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет қайраткерлерін марапаттады. Марапат алғандар қатарында қазақ мақал-мәтелдерін жатқа айтатын Татьяна Бурмистрова мен Ақорда табалдырығын 30 жыл ішінде алғаш рет аттаған Мақпал Жүнісова болды.  Tengrinews.kz тілшісі салтанатты рәсімге бір сағат қалғанда және одан кейін не болғанын көріп қайтты.

Ақорданың үшінші қабатында шақырылған қонақтар марапаттауға дайындалып жатқан жерде даршын иісі аңқып тұрды. Неге екенін білмеймін. Бәлкім, бейсенбі болғандықтан шығар. Мәдениет қайраткерлері шәй ішіп, әңгімелесіп отырды. Уақыт таңғы 10:00 болатын.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Журналистер де қысқы бақта шәй ішіп отырды. Кения шәйі.

(Тағы оқыңыз: Африкаға қақпа. Кения президенті Астанаға неге келді?)

Залға жылтыр көйлек киген Мақпал Жүнісова кіріп келді. Бір қолымен көзілдірігін түзеп, екінші қолымен өзінің үнтаспаларын ұстап алған. Олардың біреуін Тоқаевқа сыйлайды. 

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Әзіл айтылды, халық әртісімен бірге еңбек сіңірген қайраткер де дауыстап күліп жіберді. Ол қазақстандықтар үшін аңызға айналған "Қара шегіртке" телехикаясындағы майор Матажановтың рөлін сомдаған Азат Сейітметов.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Сәлден соң тағы бір әзіл естіліп, енді "Тоғысқан тағдырлар" телехикаясындағы Сапар - еңбек сіңірген қайраткер Бақтияр Қожа күлді.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Өз орнына бара жатқан лирикалық сопрано иесі Мақпал Жүнісова залдың акустикасын тексеріп көрді.

- Мұнда акустика жақсы екен. Микрофонсыз-ақ ән салуға болады.

Ол жымиып, қолын бір сілтеді де, әнге басты:

- Жалғыз әйел жылайды, қайғырады...

Сосын бірінші қатардағы орнына қарай асықты.

Азат Сейітметов Алматыдан кеше ғана ұшып келгенін айтты.

- Бұл жерге күнде келе бермейміз. Сондықтан қуаныштымыз. Бізге не табыстайтынын әзірге білмейміз.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

- Мен 1985 жылдан бері киноға түсіп келе жатсам да, көпшілігі бізді театрдан емес, экрандағы рөлдеріміз арқылы таниды. Экрандағы рөлдердің ішінде, сірә, бұл "Қара шегіртке" болар. Ол кезде телевизия қазіргідей дамымаған еді, бәріміз көрсетіліп жатқан телехикаяларды тамашалайтынбыз.

Сағат 10:50-де біреудің қобалжығаны соншалық, Мақпал Жүнісова оны: "Бәке, неден қорқасыз? Ол да біз сияқты адам ғой" деп сабасына түсіруге тура келді.

Сағат 10:58-де залға Президент кірді.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Ол Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады. "Өнердің өрісі кең" деген халық даналығын тілге тиек етті. Жыраулар мен күйшілер үшін тағайындалатын "Асыл мұра" ордені туралы айтты.

Содан кейін тарихи даталарға тоқталды.

- 1992 жылы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО-ның толық мүшесі атанды. Айтпақшы, осыдан 34 жыл бұрын, дәл сол күні министрдің орынбасары ретінде аталған беделді халықаралық ұйымның Париждегі штаб-пәтеріне барып, ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас директоры Федерико Майормен бірге осы тарихи уақиғаға қатысты құжатқа қол қойған едім. 

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Содан бері еліміздің жиырмаға жуық материалдық және материалдық емес мұрасы, соның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО тізбелеріне енді.

Түркістан түркі әлемін қалай біріктірді?

Одан кейін алдыңғы күнгі оқиға - Астанада өткен Алтын Орда туралы симпозиум жайлы сөз болды. Мұнда Президенттің дауыс ырғағы сәл өзгерді.

- Мен шағын баяндамамда өз көзқарасымды жеткіздім. Оны білікті тарихшылар мен мәдениеттанушылардың, құқықтанушылардың Еуразия кеңістігіндегі тарихи үдерістердің түрлі аспектісіне қатысты кәсіби талқысына салуға болады деп ойлаймын. Алайда бұл ақпаратты бұра тартатын сауатсыздарға қол емес.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Содан соң мәдениетсіздік туралы айтылды.

- Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң құқықтық қорытынды шығаруы керек. Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет.

Екі апта бұрын облыстың 21 жастағы тұрғыны көне жартастарға өз есімі мен көлігінің мемлекеттік нөмірін жазып кеткен. Оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.

Ал залда бұл уақытта марапаттау рәсіміне дайындық жүріп жатты.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Мақпал Жүнісова ІІ дәрежелі "Барыс" орденін алды.

Бақтияр Қожа, Азат Сейітметов және Павлодар облыстық драма театрының актрисасы Нина Макарова "Қазақстанның халық әртісі" атанды.

Бәке енді қобалжыған жоқ.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Ең жоғары марапатты Татьяна Бурмистрова иеленді. Президент ол туралы былай деді:

- Қазір біздің ортамызда белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Николаевна Бурмистрова отыр. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақтың дәстүрлі өнерін белсенді түрде кеңінен дәріптеп, жас дарындарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Бүгін мен Татьяна Бурмистроваға ең жоғары "Отан" орденін беру туралы жарлыққа қол қойдым. 

- Алғашында халық әндерін айтып жүрдім, кейін маған термелер көбірек ұнай бастады. Себебі оның әр екі жолында аяқталған философиялық ой жатыр, - дейді Татьяна Бурмистрова. Қазақ айтқандай: "Өнер алды - қызыл тіл. Сөз сүйектен өтеді. Қазақ сөзге тоқтаған".

Бурмистрованың мамандығы балалар психиатры.

- Бірде менен медицинадан кеткеніме өкінбеймін бе деп сұрады. Бұл Павлодар облысында болған еді. Сахнаға Төлеген есімді ақсақал шықты. Мүмкін ол кісі қазір аман-сау шығар, менің сөзімді естіп отырған болар. Ол: "Бұл сұраққа мен жауап берейін: күйісің жаман болса, тән азады, көңілің жаман болса, жан азады. Бұл қызымыз біздің жанымызды емдеп жүр ғой", - деді. Қазақ фольклорында бәрі баяғыда айтылып қойған. Оны тек қайталап, халыққа жеткізу керек.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

- Сізге қалай дүркірете қол соққандарын естідіңіз бе?

- Қолыңа осы марапат пен гүлді ұстап тұрғанда, бүкіл әлем саған қошемет көрсетіп жатқандай сезінесің.

Гүл шоғы мен орденін ұстап қатарда Мақпал Жүнісова да тұрды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

- Мақпал Мұхамедиярқызы, осы жерге келе жатқанда еске алған немесе ойлаған бір дүниеңіз болды ма?

- Жоқ-жоқ. Мен қасымдағылардан бұрын Ақордада болған-болмағандарын сұрадым. Болғандар бар екен. Ал мен Астана ашылғалы бері мұнда бірінші рет келіп тұрмын. Осы уақытқа дейін мүлдем болып көрмеппін. Міне, 30 жыл болды. Сондықтан бүгінгі күн мен үшін жаңалық болды. Бұл мемлекеттен алып жатқан менің алғашқы орденім.

Ол Халық әртісі атағын 1994 жылы алған болатын.

- Мұның астарында бір символдық мән бар деп ойлайсыз ба?

- Солай шығар. Солай болар.

Сағат 12:00-де олар сыртқа шықты.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов

Тағы оқыңыз:

Африкаға қақпа. Кения президенті Астанаға неге келді?

Қазақстан жошылыққа бет бұрды

Түркістан түркі әлемін қалай біріктірді?

“Мәңгілік достық“ қандай: Ердоғанның Астанаға сапары туралы репортаж

Әке мен бала, марш пен танго. Ақордадан репортаж

Авторы: Айсұлтан Құлшыманов

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Жарнама
Жарнама
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама