Түркістан түркі әлемін қалай біріктірді?

Алексей Тян
Алексей Тян Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Түркістан түркі әлемін қалай біріктірді? Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Кеше Астанада Режеп Тайип Ердоғанға №001 "Қожа Ахмет Ясауи" ордені табыс етілді. Ол жаңа марапаттың алғашқы иегері атанды. Алаң үстінен жойғыш ұшақтар өтіп, аспанда түрік туының түстері — қызыл-ақ із қалды. Қазақстан мен Түркия Мәңгілік достық туралы декларацияға қол қойды.


Кеше Астанада Режеп Тайип Ердоғанға №001 "Қожа Ахмет Ясауи" ордені табыс етілді. Ол жаңа марапаттың алғашқы иегері атанды. Алаң үстінен жойғыш ұшақтар өтіп, аспанда түрік туының түстері — қызыл-ақ із қалды. Қазақстан мен Түркия Мәңгілік достық туралы декларацияға қол қойды.

Жұмада таңертең Қазақстан Президентінің борты оңтүстікке бет алды. Түске қарай Түркістанға Мирзиёев, Жапаров, Әлиев ұшып келді. Және Ердоған да бар. Түркі әлемінің астанасында болып жатқан оқиғаларды Tengrinews.kz тілшісі бақылап қайтты.

Болжанған жаңбыр, болжанбаған жел

Түркістанда жел бірнеше тәулік бойы басылмады. Ол Астананың желіндей емес — өткірлеу, әр тұстан ұйытқып соғады, бағытын болжау қиын. Дәл осы күннің өзі секілді: таң Өзбекстанның Қазақстанға тарту еткен мешітінен басталып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында аяқталды. Ал арада Түркі саммиті мен жасанды интеллект туралы әңгімелер болды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Алайда түркі елдерінің көшбасшыларымен өтетін кездесулерге дейін Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президентімен қысқа жүздесті. Әңгіме су жайында болды. Дәлірек айтқанда, оның қаншалықты тапшы екені туралы. Түркістан облысында жауын-шашынды қолдан шақыру жобасы дайындалып жатыр. Яғни жаңбыр — белгілі бір аумаққа, белгілі бір уақытта жауатын жаңбыр. Жобаны толық іске қосу 17 мамырға жоспарланған. Сол күнгі болжамда +33 градус және жел. Жаңбыр жоқ.

Мәні терең тарту

Тоқаев пен Мирзиёев жаңа мешітке, жоралғыға сай, аяқ киімсіз кірді. Оларды бас мүфти қарсы алды — ол мұнда әлдеқайда ертерек келген еді.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев

Орталық залда Құран аяттары оқылды. 

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Бұл мешіт — Өзбекстанның Қазақстанға, нақтырақ айтқанда Түркістанға жасаған сыйы. Ол Ясауи кесенесінен бірнеше шақырым жерде орналасқан, түркі саммиті басталудан бірнеше сағат бұрын ашылды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Орталық залдың төбесінде мешіт пішінді аспашам ілулі тұр. Күмбезі, мұнаралары мен жарты айлары бар. Мешіт ішіндегі мешіт іспетті.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Түркі family-і және диджитал-киіз үйлер

Бұл уақытта Түркістанға қалған қонақтар да ұшып келген еді. Тоқаев меймандарды конгресс-холлдың кіреберісінде қарсы алды. Бірінші болып Қырғызстан президенті келді. Одан кейін Әлиев, Мирзиёев және Ердоған жетті.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Барлығы дәстүрлі family-фотоға сап түзеді. Түркі отбасы түгел жиналды деуге болады, бірақ бәрі емес.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев

Президенттер интерактив панельдерге жақындап, болашақ Түркі өркениеті орталығының капсуласын салды. Олардың нақты нені басқанын көре алмадым: бірінші қатарға тұрып үлгермедім. Ал артқы жақтан ештеңе көрінбеді — күзетшілердің иығы мен ондаған камералар көріністі жауып қалды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Пресс-релизден капсула салынғаны белгілі болды. Түркі өркениеті орталығы түркі халықтарын ұлы мәдениетті жасаушылар ретінде көрсетуге тиіс. Тәңір, Ергенекөн, Көкбөрі, Жерұйық, Ұлы дала, Өмір ағашы — осының бәрі VR, AR, голография және жасанды интеллект арқылы ұсынылатын болады.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев

Бірнеше минуттан соң президенттер алдында вице-премьер әрі жасанды интеллект министрі Жасұлан Мәдиев сөз сөйледі. Оның артындағы экранда диджитал-киіз үйлер, жерсеріктер мен зымырандар бейнеленген.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Ол Starlink пен OneWeb, қуаты гигаватт болатын "Деректер өңдеу орталықтары алқабы", мемлекеттік AlemGPT чат-боты және халықаралық Alem.ai орталығы туралы айтып берді. БҰҰ Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы Алматыда ашылады.

Барлығы экранға назар аударды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Ортақ түркілік құндылықтар немесе президенттерге арналған жеті ұсыныс

Тоқаев саммитті үлкен дөңгелек үстел басында ашты. Ол Түркі мемлекеттері ұйымы "геосаяси жоба немесе әскери ұйым емес" екенін қадап айтты.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев

Үстелде әрқайсының алдында шай жабдығы тұрды — дәл осындай жиынтық бір күн бұрын Астанада Ердоғанмен кездесуде болған. Шамасы, делегациямен бірге ұшып келген көрінеді.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Тоқаев президенттерге жеті ұсыныс жасады. Оның барлығы ортақ түркілік мәселелерге қатысты: Turkic AI және түркі азаматтарына арналған гранттары бар Жасанды интеллект университеті; Түркістандағы Түркі өркениеті орталығы; Астанадағы Дала өркениеті орталығы. Сонымен қатар Түркі мұрасы туралы конвенция, осы мұраның цифрлық платформасы және CubeSat бірлескен жерсерігі.

Сөз жеті тілге аударылды.

Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов

Сегізінші ұсыныс жеке сипатта болды — Қазақстан Президенті жаңа мешітті Шавкат Мирзиёевтің әкесінің құрметіне "Миромон ата" деп атауды ұсынды.

Экрансыз таныстырылым

Конгресс-холлдан шыққан президенттер кесенеге бет алды. Қала ішімен бірнеше шақырым жүрді, онда әлі де жел соғып тұр еді.

Бес президент кесенеге кірді. Аялдап, Құран аяттарын тыңдады.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев

Мұнда да таныстырылымдар болды, бірақ тач-панельдер мен экрандарсыз.

Президенттерге ғимараттың өзі таныстырылды: XIV ғасыр, Әмір Темірдің бұйрығымен салынған, отыз бес бөлмесі бар. Қабірхана, қазандық, тайқазан, қола лауха.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев

Жеке залда 45 кітап қойылған. Олардың ішінде Ясауидің "Диуани Хикметі", Низамидің "Хамсасы", Науаидің ғазалдары, Бақырғанидің еңбектері, Фирдоусидің "Шахнамасы", Физулидің "Ләйлі мен Мәжнүні", "Манас" жырының үзінділері бар.

Осы жерде Ердоған кесенеге өз тартуын — Ахмед Карахисаридің XVI ғасырға жататын осман каллиграфиясымен орындалған қолжазба Құранын табыс етті. Карахисари — өз мектебінің үздік шеберлерінің бірі. Бір күн бұрын Ердоған Яссауи орденімен марапатталса, бүгін өзі тарту жасады.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 469.92   546.77   6.43 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер