Қазақстан Global Passport Index 2026 жаңа әлемдік рейтингінде Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға ие болды. Аталған рейтинг тек саяхаттау мүмкіндіктерін емес, жалпы азаматтықтың артықшылықтарын да бағалайды, - деп хабарлайды Tengri Travel.
Қазақстан паспорты нешінші орында?
Жалпы есепте Қазақстан 109-орынға тұрақтады. Бұл - көршілес елдер арасындағы ең үздік көрсеткіш. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан (123-орын), Қырғызстан (127-орын), Тәжікстан (140-орын) және Түрікменстан (144-орын) тұр. Түркия 96-сатыға жайғасса, Әзербайжан 126-орынды иеленген.
Скриншот: globalcitizensolutions.com
Зерттеу авторлары мәліметінше, Қазақстан паспорты 48 елге визасыз баруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қытай, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан және Андорраға визасыз кіруге немесе барған бойда виза алуға болады.
АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және Жапонияны қоса алғанда, шамамен 85 бағыт бойынша саяхаттау үшін әлі де алдын ала виза ресімдеу қажет.
Жекелеген көрсеткіштер бойынша Қазақстан халықаралық ұтқырлықтан 112-орынға, инвестициялық тартымдылықтан 61-орынға және өмір сүру сапасы бойынша 112-орынға ие болды.
Бұл қандай рейтинг?
Global Passport Index 2026 рейтингі 197 ел мен аумақтың паспортын бағалайды. Ол басқа ұқсас зерттеулерден айырмашылығы - тек визасыз кіруге болатын мемлекеттердің санын ғана есепке алмайды. Қорытынды баға үш ірі блокқа біріктірілген 14 көрсеткіштен құралады: халықаралық ұтқырлық, инвестициялық тартымдылық және өмір сүру сапасы.
Зерттеу авторлары заманауи паспорттың тек қозғалыс еркіндігін емес, сонымен қатар өмір сүру, жұмыс істеу, бизнес жүргізу және азаматтық артықшылықтарын пайдалану мүмкіндіктерін де көрсететінін атап өтті. Ең үлкен салмақ - 50 пайыз - халықаралық ұтқырлық көрсеткішіне тиесілі.
Сондай-ақ елдің экономикалық тұрақтылығы, салық жүйесі, инвестицияға арналған жағдайлар, қауіпсіздік, денсаулық сақтау мен білім беру сапасы, инфрақұрылым, экологиялық жағдай, бостандықтар деңгейі және шетелдіктерге ашықтық ескеріледі.
Рейтинг көшбасшылары мен аутсайдерлері
Жалпы рейтингте Швеция 100-ден 96,05 ұпай жинап, бірінші орнын сақтап қалды. Алғашқы бестікке сондай-ақ Швейцария, Финляндия, Германия және Нидерланды кірді.
Иллюстрация: globalcitizensolutions.com
Соңғы орынды Ауғанстан иеленді. Тізімнің соңында сондай-ақ Сомали, Оңтүстік Судан, Йемен және Сирия орналасқан.
Зерттеу мәліметтері бойынша, Сингапур халықаралық ұтқырлық пен инвестициялық тартымдылық бойынша көш бастаса, Солтүстік Еуропа елдері өмір сүру сапасының ең жоғары көрсеткіштерін көрсетті.
Сондай-ақ авторлар ең мықты және ең әлсіз паспорт иелерінің арасындағы алшақтық өсіп жатқанын атап өтті. Олардың пікірінше, халықаралық сапарларды либерализациялау туралы әңгімелерге қарамастан, жаһандық ұтқырлық жүйесі барған сайын біркелкі емес сипат алып отыр.
Еске салсақ, биыл көктемде Қазақстан паспорты Henley Passport Index әлемдік рейтингінде жоғарылаған болатын. 2026 жылға арналған жаңартылған мәліметтерге сәйкес, ел 57-орынға көтерілді, ал Қазақстан азаматтары 78 елге визасыз бара алады.