28 қазан 2019 | 17:48

"Мұзбалақ" анимациялық фильмі - әлемдік озық ойдың үлгісі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бұл фильмге былай деп тақырып қоюымыздың өзіндік үлкен мәні бар.


Иконка комментария блок соц сети

Бұл фильмге былай деп тақырып қоюымыздың өзіндік үлкен мәні бар.

Адам-адам болғалы, адам мәдениет үлгісін қалыптастырғаннан бері қарай ықылым замандар өтті. Адам өмірінің мәні мен мағынасы, ары мен ұжданының түп-темір қазығы, осы мәдениет үлгісіне байланып тұратыны кез келген саналы жан түптеп түсінері ақиқат.

Сана демекші адам санасы ең әуелі отбасындық, рулық, халықтық, мемлекеттік, әлемдік сынды бес қат санадан қалыптасады. Бүгінгі электрондық, атом-мэкро ғасырында ғылым техниканың ғарыштап дамыған тұсынағы адамдар, әсіресе жас буын ұрпақтарымыз сананың ең биік сатысы әлемдік деңгейде ойланатын, толғанатын әлемдік деңгейге қыранша қарап, көз жіберіп көзқарас айтатын үлкен саналық деңгейге ие.

Мен мұны айтып отырғаным мақаламызға бас тақырып болып отырған "Мұзбалақ" анимациялық фильмі дәл бүгінгі терең ойлы, кемел ғылымды, өткір көзді, ойы ояу, санасы сапалы ғылымды жастарымыздың көңілінен шығатын өте тамаша туынды екенін кесіп, кертіп айта аламын.

Мұзбалақ анимациялық фильмі есте жоқ ескі замандардан бастау алған ертегілік сана, аңыздық сана, салт-дәстүрлік сана, діндік сана, ғылымдық сана сынды бес қат сананы бір шеңберге жинақтап көрсететін жүйрік ойдың туындысы. Бұған дәлел Шегір, Ақтай, Құлан, Мұзбалақ, Айдахар, Бақсы алты аңыздық кейіпкердің бойына шұғырландырып, жинақтап, нақты затты бейнемен толық көрсеткен. Оқиға желісі өте қызықты болумен, кейіпкерлер арасындағы талас-тартыс жиі ширатып өріліп, фильм басталғаннан ақыракына дейін көрермен көзін еш жаққа аудармай көріп отырып, көкірегінде кереметтей көркем ой қортады.

Фильм басталған жерден-ақ  асқары аспанмен тілдескен қарлы, такаппар мұз таулардың ұшар басынан, самғап кетіп бара жатқан фильмнің бас қаһарманы Мұзбалақты көреміз. Осы бір жылт еткен көрініспе-ақ қазақ халқының ішіндегі байрығы көреген көзді, сұңғыла ойлы, зерек сыншыларының көкте ұшқан қыранды қанат қағысымен, қияғынан, жердегі тұлпарды кермеге байлаулы тұрған тұяғынан танитынын, әуелі жеті ықылымның құсын кеңістіктен танып, қай өңірдің құсы екенін айнытпай айтып беретін бағзы замандағы ата-бабаларымыздың көрегендігін керемет көрініспен еске түсіреді. Еске түсіріп қана қалмайды, ата- бабаларымыздың асқар тауларды тұрақ, долы өзендерді суат, шұйгін жайылмдарды мекен еткен ғажайып көріністерімен көрермен көңілін көк аспандай кеңітіп, самғаған қыранмен қиялын алысқа тербеп, ұзаққа ой ұзатып алып кетеді. Артынша Шегір батыр мен Ақтайдың қадау-қадау, жаңқа-жаңқа, қиын-құз қиялардан  арқар аулап, келе жатқан аңшлық өнерімен көрермен көңілін одан ары түпсіз шыңырау тарих қойнауына тарта жөнеледі. Аңшылық өнердің аса қиын, күрделі, өнер екендгін, екінің бірі егіздің сыңарының қолынан келе бермейтіндігін, табиғат еркесі арқардың да тегін олжа болып қолға түсе бермейтіндігін қас қағым сәттік көрініспен шебер бере білген. Бәрінен кереметі, қызықтысы сол  Шегір батырдың өлермендеде  өрге  шығып құз-қиядан етекке қарай құлдырап құлауы, табанын тас тіліп кетуі, оны өзі көзге ілмейтін "қу сыйрақ" деп атайтын әлсіз жетім бала Ақтайдың басын сүйеп құтқарып қалуы сынды көріністермен Шегір батырдың ожар мінезді, өзімшіл, атақ құмар, өзім дегенде барлық іске өгіз күшін салатын, басқаларды менсінбейтін "менмендігі", одан ары өгіз күшіне сүйеніп барлығын күшпен шешкісі келетін қара дүрсіндігі, сөз- сөйлемде  анайылығы, аңқау жабайылығы сынды алғашқы мінездемесі жылт етіп сөнген жарықтың ішінде көрерменнің езуін тартқызып, көңіліне көп ой салады.

 

Иә, одан кереметі Шегірдің құралайды көзге атқан, атқан оғы жерге түспейтін мергендік шеберлігімен, жаңағы жағымсыз характерын арқарды атып алып келе жатақан көрінісімен көлеңкелеп көрсетіп, Шегір қандай адам деген ойға салады.

Осы қимыл қозғалыстың арасында тіпті адам санасының түп шыңырауында жатқан тарихтың көрінбес қойнауында мәңгілік ұйқыда жатқан жыртқыш сананың, яғни тажал аждаһаның оянуын  Шегірдің табанынан аққан қызыл қанның тасбұлақтың суымен ағып барып, аждаһаның кеңірдегіне құйылуы арқылы, дүниені дүр сілкіндірген бейбіт тіршіліктің бағасын кетіріп, бақтын сөндіреітін, жауыздықтың, қанішірліктің, қаскүнемдіктің, жыртқыштықтың. тойымсыз оппадарлықтың, шектен асқан тажалдықтың символы болған  аждаһаны оятуы еді. Осы көрініс арқылы ислам діні руаятындағы адам ата мен хауананың алғашқы ұрпақтары Қабыл бауыры Әбілді өлтіріп, жер бетіндегі ең алғашқы адам баласының қаны төгілген көн оқиғаны еске  салып, шытырман қайшылықтың алғашқы басталуы  атам өрген алты таспа бұзау тіс драу қамшының өріміндей жымдастырып өре білген. Міне нағыз өнер туындысы дәл осылай басталып, көрермендерді ұлан-қайыр ой теңізінің түбіне тартып кетеді.

Жә, адам адам болғалы осындай қан төгісте зардап тартып келгені адам баласына бесенеден белгілі. Қазақтағы "қанішер", "қаны қарайған қарақшы", "қансорғыш", "қанқұйлы", "қандыауыз" т. б сөз тіркестері осы Мұзбалақтағы аждаһаның бойына тиіптендіріліп, орнын тауып, орайын келтіріп, Шегір батырдың табанынан аққан тарыдай  қанмен аждаһа сынды ғасыр бойы құлыптаулы жатақан жауыздықтың кілті етіп аша білген. Қан төгудің соңы неге соғатынын астарлы ой ағыны арқылы  дүп басып, сәттік көрініспен, сәтті қиыстыра білген.

Ол ғана емес.

Шегірдің халық дәстүріне бағынбайтын қасындағы жолдасы Ақтайдың "Шегір аға ағын суды арамдама" деген тағылымды сөзіне бойсынбай өртті өршіткен  жаман характерін  ашып айтып, анық көрсеткен.

Демек осыдан кейін бейбіт жатқан ел, гүлді көктем далада, малын бағып, отын жағып, малын сауып құтты жұртында отырған халықтың баяшат тұрмысымен бірге, көген көз жас бүлдіршін бақытты балалардың да, асыр салып ойнап жүрген ұжымақ күндердің берекелі көрінісін көрсетеді. Осы кезде көрермендердің көңілі сол көрініспен бірге жайнап жадырап жақсы сезімге кенелседе, Шегір мен Ақтай арқарды атып әкелседе, көрермен көңілінде "әлгі қан жұтқан, ордасында жатып от алып оянған аждаһа келіп қалар ма?" - екен деген үрей туады. Расында аспанды қара бұлт торлап, алай-дүлей құтырынған құйын тұрады. Ыдыстағы ақ жереге төгіліді. Бұл қазақ ырымындағы жамандық нышыны еді. Дәл осындай көрініс болып жатқанда Шегір артып әкелген олжасы арқарды, құлан батырдың үйіне түсірмей, өз шаңырағына апарады. Міне өзімшілдіктің, өркөкіректіктің, менмендіктің, жекешілдіктің түбі неге соғатынын шебер көрініспен көрсетіп, көрерменге арт-артынан ой салады.

Бәле, жаңағы қан жұтақан  аждаһа жермен көктің арасына от шашып, бейбіт елдің берекесін алып, зәре-құтын ұшырады. Адам, мал емес-ау, жердің қыртысында оппалана жұтып келіп, ауылға апат төндіреді. Осындай халық басына төнген қауыпті кезде ақбозатқа айбарлана қонып, тажал аждаһаға тап берген Құлан батыр образы ұрейлене көріп отырған көрермен көңіліне бір жарқын үлгі өнеге сыйлайды. Кезіндегі ешеңеден қайтпайтын, еш жаудан тайсалмайтын, күннің көзін, жердің жүзін көрсетпей келе жатқан жауына қасқая қарсы тұратын, Алпамыс, Қобланды, Ертарған, Науырзбай, Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Оспан Исламұлы батырларымыздың жарқан образын көз алдан зу еткізіп бір рет өткізді. Өткізгендеде батырлық тұлғаның ақтық кейпі ретінде Оспан Исламұлының ғажайып бейнесін піл сұйегінен ойып жасағандай анық көрсеткен.

Міне нағыз шеберлік шыңы деген осы. Сіркенің жанып сөнгеніндей жылт еткен уақытта қаншама ұлан-қайыр ұлы ұғымдарды, экран сәулесіне сыйғызып, бір ғана Құлан образымен ғасыр батырларының бейнесін сомдап үлгерген.

Әне, Қазақта, қазақ батырларында "сырттағы жаудың дүбірінен қорықпа, ішіндегі досыңның күбірінен қорық" деген аталы сөзі бар. Рас-ау сырттағы жауды жеңерсің батырлықпен, әдіс амалмен, қару жарақпен, шеберлікпен, жүректілікпен жеңерсің, ал өзіңді көре алмаған өзімшіл, өркөкірек, берекесіз Шегір сияқты кейіпкердің ішкі әлетінде жатқан  мыстан ойын қалай жеңе аласың? Оны қалай біле аласың?Осы фильмде Құланның жас баланы құтқарып, аждаһаны алысқа алып кетіп, астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп дүниені түгел жалмап келе жатқан аждаһаның алты қарс аузына шалма салып тақымға басып, айқасып жеңуге айналып тұрған жерінде ізгі ниетті  Ақтайдың қолындағы садақты тартып алып, жауға атар оғын досына атып, арқанды үзіп жіберіп, жауыздыққа жол бергені жаңағы батырлар сөзінің құрыштай құйған бұлжытпас дәлелі емеспе. Құлан сияқты батырларымыз осындай бақас, күндес адамдардың арбауында жаудың тұтқыны, жауыздықтың құрбаны болып кетпедіме. Мына көріністерді көріп отырған көрермендер бір ысып, бір суып Құлан батырға  жанашырлық білдірсе, Шегір сияқты шермен көңілді кейіпкерге азуын қайрап, іштей қарғыс айтпайма.

Міне біздің "Мұзбалақ" фильмі өткен ғасырдың және бүгіннің ары қарай жарқын болашақтың үлгісіне айналған өшпес туынды дейтініміз осыдан. Сәттік көріністерге ылғида ұлан-қайыр, ұлағатты ұғымдар теліп, білімнің алтын үш өзегі болған тарихты білу, оны бүгінге жалғау, ары қарай болашаққа ұзарту сынды хикмет білімдерді ылғида болашаққа ұзаратып отырған.

Иә, Бұл фильм туралы айтар көп, айғақ жетерлік. Жаңағы бейбіт ауылда қазақтың тарихи салт-саналылық көніністері тиіптендіріліп тіптен кереметтей шебер берілген. Атам замндардағы қазақтың бас панасы болған киіз үйлер, аңшылық, малшылыққа қатысты құрал-жарақтар, ұй жиһаздарына қатысты тұтыну бұйымлары, аталардың, әжелердің, батырлардың, азамттардың, балалардың қазақы киым үлгілері, аң теріден жаслған  әр-алуан көріністер, құрт кептіретін өре, ер тоқым, ат әбзелдері балаларға тән алтыбақан, ағаштан ойлған Аждаһаның мүсіні, Мұзбалақтың мүсіні сияқты кішкентай деталдармен-ақ "заманың қалай болса бөркің солай" деген, "сақалына қарай іскегі, сабасына қарай піспегі" деген ұлы ұғымдарды тарыдай көрініске сыйғызу арқылы көрермен көңіліне таудай ұғым ұялата білген.

Әне, Ықылым замандардағы бақсы бәлігер, тәуіп көріпкел, әулие әнбиелер, жорамалшылар, жұлдызшылар арқылы болашақты болжап отыратын, халық даналығында, қазақ тарихында ежелден бар мифологиялық ғажайып ұғымдарды бір бақсының бойына жиып, лаулаған отты бастырып, астрономиялық және тылсыматтық ғажап ұғымдарды, болжалдық армандарды бақсы аузынан тіпті керемет қимылдық қозғалыстармен өте шебер берген. Осы арқылы бағы замандағы хабарласу құралы жоқ, қатынас құралы дамымаған, электрондық мәдениетке енбеген тұла ту ғасырдағы  адам санасының тілсімдік сырларын аша білген.

Ол ғана емес.

Ертегілік сананың білім деңгейінің тіптен түпсіз тереңіне барып, ой қиялдың шыңырау шыңына да шығып, бақсы бейнесімен алдағы болатын берекелі өмірдің болжамын, аждаһаны жеңетін күштің тек Мұзбалақ екендігін, оған бір ғана нәрсе бірлік пен береке жеткізетінін , анық ашып көрсетіп береді. Бақсының ағашты иіп, ағаш тұзелгенде шытырман оқиға шешімін табады деуі өте керемет бейнелі образ. Халық даналығындағы "ақиқат иледі, сынбайды" деген алтын ұғымды анағұрлым айғақтай түскен, тіпті абстракт көзге көрінбейтін ұғымды иілген ағаш арқылы заттық бейнеде көрсетіп, көрермен көкірегіне өшпестей мәңгілік із қалдыррып, ұлағатты ұғым ұялатып кеткен. Бірақ, тағыда менменсіген, атаққұмар, бір ауыл емес бір елдің тізгінін жалғыз өзі ұстағысы келген Шегір батыр барса келмес тауына жалғыз аттанбақшы болады.

 

Міне, әрбір көрініс, әрбір сөзден Шегірдің өркөкірек, менмендігі ашылып отырады. Оның қасына ерген Ақтай мұлайым. Опадар, арлы, ұятты, кісілікті  жұмсақ мінезімен, ақылымен, айлакерлігімен, шеберлігімен және батырлығымен Мұзбалақты ұстап әкелуге көп септігін тигізеді. Фильмде Ақтай образы Шегір образының көлеңкесінде жүріп, тарыдайдан таудайға ұлғая береді, Ал Шегір образы таудайдан тарыдайға құлдырай береді. Фильм режиссерлары  осы бір философиялық ұғымдарды өте шебер әрекетке сыйғызып, шебер көрініспен шегелеп көрсете білген.

Аспан еркесі Мұзбалақтың асқақ мінезін, ғажайып табиғатын, ұшу дағдысын, хикмет қырандығын, от жанарынан от төккен тегеуріндігін, қырандардыңда балапанан қорғап өз өмірлері үшін аянбай күресетіндігін, олардың да ашуланып, қуанып, кәдімгідей қайғырып, көзінен жас тамып жылайтындығына дейін, еркелеп, бір-біріне ентелеп жақсы көретін сүйіспеншілігіне дейін айпарадай ашып анық көрсете білген. Бүркіттің түтас сұлу пішіні, қыран бейнесі, өткір тұмсығы, қанды шеңгелі, отты жанары, мұз кірпігі, қайсар қасы, қайратты қауырсыны, кез қанаты, ұшу жылдамдығы бәрі-бәріде қолмен ұстап көзбен көріп отырғандай көрермендерді  бірден баурап алып отырады. Міне бұл фильм режиссерларының кең көлемді ізденісінің, аянбай еткен еңбек жемісінің белгісі.  Шегірдің қара дүрсындігі соншалық Мұзбалақтың мойна ауыр сандықтай тас артып, күшпен бағындарғысы келгенін, ашқтырып, арытып көдірмекші болғаны текке кетеді. Осы арқылыда Шегір образы барынша төмендкеп бара жатқаны әр қырынан ашыла береді. Ақтайдың қыранға сеніп, оны бостандыққа жіберуі, Мұзбалақтың кезіндегі түсіп қалған тырнағын мойнына тұмар етіп тағуы, үлкен жөн-жосындық, ырымдық- тағлымды, ғылымдық-білімдік биігіне көтер көрсеткендігінң белгісі деп қарауға болады. Қара күшпен ешнәрсені бағындыруға болмайтынын, "зорлық түбі қорлық" екенін, Мұзбалақтың Шегірге неше рет шабул жасап, алып қоя жаздаған көрінісінен көруге болады. Сондай қауіпті сәтте ақыл иесі Ақтай Шегірді үнемі құтқарып алып отырады. Ақтай Мұзбалақты еркіндікке жібергенде, Шегір Ақтайды ұстап алып, иен даладағы қоқаулардың арасына апарып, ит құсқа жем қылмақщы болуы Ақтайдың жүрегеінен кетер ме еді.

Міне, көрермен көңіліне осындай көптен-көп сұрақ туғызып, сан-сапа шытырман оқиғалар мен қайшылықтарды жиі өрбітіп, шешімін де тез шешіп отырады. Бұл асқан шеберлік. Атам қазақта "жақсылыққа жақсылық, әр адамның ісі, Жаманшылыққа жақсылық, ер адамның ісі", "Жақсылық істегенге жақсылық қайтарсаң, бір сауап, жамандық істегенге жақсылық істесең, мың сауап" деген ойдың ғажайып көрінісін дәл осы жерде айнытпай бере білген.

Тағы бір ғажап.

Фильмде әр көрініс әр қимылға баса назар аударылып, барлығына идея бере білген. Бос сөз, бошалаң қимыл, жүк арқаламаған әрекет жоқ. Ақтай ең нәзік гүл ғана көтеретін бір көбелекті  бостандыққа жіберсе, ол көбелек Шегірдің иығына қонғанда, оныда жүлып алып, лақтырып жібереді. Қанаты сынық көбелек жан тәслім болады. Міне бұл фильмдегі шеңдестіру тәсілі. Осы арқылы Шегірдің барынша төмендеп тарыдай түскен күйі болса, Ақтайдың Мұзбалақ ұшқан асқар таудай тұлғасының зорайып бара жатқананың ең нәзік дәлелді көрінісі болмақ. Мұзбалақтың Ақтайды алып ұшып ойнауы, Ақтайды қауіп қатерден құтқаруы, онымен дос болуы, Мұзбалақтың енесінің Ақтайдың түсіне екі рет кіріп аян беруі, Ақтай образын алып тұлғаға айналдырады. Бірақ, кереметі сол, керегі мол  Ақтай портреті әу баста қандай мұлайым, қандай қарапайым, қішкене кішпейіл болса, сол қалпынан еш өзгерген жоқ. "Ұлық болсаң, кішік бол" деген қағиданы темір қазығым Ақтай образы арқылы көрсете білген. Ұлылық қарапайымдылыққа жасырынады, алтын топраққа жасырынады, бұны көріп отырған көрермендер халықтық, этногорфиялық  университеттік білім алмайма.

Мұзбалақтың аждаһаның жеңуі халық қахармандарының, халық парасатының символдық образы деуге болады.

Айтар көп, жазар жеткілікті, қорыта келгенде Мұзбалақ анимациялық фильмі бүгінгі жаһандану дәуіріндегі, салт-дәстүріміздің солғындап, рухымыздың төмендеп бара жатқан бір түсындағы  жарық еткен баға жетпес, қазақ халқын, қазақ халқының анимациялық білімін әлемдік деңгейге көтерген шыңы биік, асқары асу бермес туынды деп бағалаймыз. Мұзбалақ аждаһаны жеңіп, жер бетіне тыныштық сыйлап, адам баласына бейбіт берекелі өмір қалдырып, шырқау көкке ұшып күн астынан қос қанатын кере көсіліп көрінгенде, аспан асты жер бетінде қазақтан асқан бақытты адам болмас деген ұлы ұғымды барыстық көкірекке ұялатады. Бүкіл әлем көк аспандағы желбіріп тұрған  көк туға қарап тамсана таңғалып қарап тұрғандай сезіледі, сезіндіреді. Мұндай шеберлік тек қана  фильм режиссерларының асқақ арманадрының  алтын бесігі деп бағалауға болады. Бұлай дейтін себебіміз осы фильмді көріп отырған көгершін ойлы көген көз ұрпақтарымыз фильм режиссерларының осы алтын бесігінде тербеліп, фильмнің соңын тамамдап қайтады. Осы кезде көрерменнің қуанышында шек жоқ болумен бірге бейбіт берекелі бейіш елдің қадыр қымбатына бір жетеді. Отан оттанда ыстық деген ұғымның шұғыласына бір кенеледі. Экран өшіп аяқтап баражатыпта көрерменін ұшы қиырсыз қуаныш бесігінде тербетіп "көк туым көктен түспей маңгілік желбіресін" деген ыстық ұғымды көкіреке ұялатып кетеді.

Мұзбалақ фильмдегі Ұшқын Жамалбек орындаған  "Мұзбалақ" әні, одан басқада музыкалық дыбыстар, жалпы фильмнің көркемдік шеңберін, көрінбес көкжиекке апарып тірейді.

Мен өз басым осы фильмді бірнеше рет қайталап көрдім, көрген сайын фильм әр қырынан ашылады. Сондықтан мұндай үлкен ұлы жетістіктерді қолға келтірген алтын баурларым, осы фильмнің режиссерлары Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы және оның ұжыма мыңда біралғысымды білдіремін. Жақында Германиядан "Үздік анимациялық фильм" жүлдесіменмарапатталды. Бұл аз, бүкіл әлемдік жүлде  додаларында қанжығасына талай алтын медальдарды байлайтынына мен сенемін. Көріңіздер, әрқайсыңыз әсерлеріңзді жазып, баға беріңіздер. "Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер"  деген сөзді  ұмытпаңыздар.

                                          Болат Бопайұлы 
Қазақстан жазушылар одағы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі,
Қазақ Ұлттық Әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі, этнограф, сыншы.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети