Наурыз - жаңару мен бірліктің символына айналған ең көне мерекелердің бірі. Қазақстанда бұл мейрам жыл сайын кең көлемде атап өтіледі. Наурыздың тарихы, негізгі дәстүрлері және оны қалай тойлау керек? Толығырақ - Tengrinews.kz материалда.
Наурыз деген не және қашан тойланады?
Наурыз - көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын білдіретін ежелгі мейрам. Бұл күншығыс халықтарының Жаңа жылы ретінде қабылданады. Қазақстанда Наурыз жыл сайын 21–23 наурыз аралығында атап өтіледі. Бұл күндері күн мен түн теңеледі (астрономиялық теңелу шамамен 20–21 наурызға сәйкес келеді).
2026 жылы 21-22 наурыз демалысқа түседі, сондықтан қазақстандықтар 21–25 наурыз аралығында 5 күн қатарынан демалады.

Наурыз мерекесінің пайда болу тарихы
Наурыздың тарихы мыңдаған жылдарға созылады. Ол ежелгі парсы мәдениетінен бастау алып, кейін Орта Азия халықтарына кеңінен таралған.
"Наурыз" сөзі парсы тілінен аударғанда "жаңа күн" деген мағынаны білдіреді. Ежелгі халықтар бұл күнді табиғаттың қайта жандануы, күн мен түннің теңелуімен байланыстырған. Яғни, 21 наурыз - жаңа жылдың, жаңа өмірдің басталуы деп есептелген.
Көптеген дерекке сүйенсек, бұл мереке 5000 жылдан аса уақыт бұрын пайда болған. Қазақстан аумағында Наурыз ғасырлар бойы үздіксіз тойланып келген. Алайда КСРО-да бұл мерекені тойлауға 62 жыл бойы тыйым салынып, тек тұрмыстық деңгейде ғана тойлау сақталған. Тек 1988 жылдан бастап Наурызды тойлау қайта жаңғырып, ал тәуелсіздік алғаннан кейін ресми түрде ұлттық мереке мәртебесіне ие болды.
Бүгінде Наурыз - тек тарихи мұра емес, халықты біріктіретін, ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын маңызды мерекеге айналды.
Қазақстанда Наурыз қалай тойланады: негізгі дәстүрлер
Наурыз мейрамы қазақ халқы үшін тек мереке емес, үлкен мәдени құндылыққа ие дәстүрлер жиынтығы. Негізгі мейрам 21–23 наурыз аралығында өткенімен, оны тойлау бір апта бұрын басталады. Наурыз 14–23-і аралығында әр күн белгілі бір тақырыппен аталып өтеді. Бұл Наурызнама деп аталады.
Бұл - тек тойлау ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, қоғамдағы бірлік, қайырымдылық, мәдениет пен дәстүрді насихаттайтын маңызды кезең.
Наурызнама күндерінің мазмұны:
- 14 наурыз - Көрісу күні (Амал мерекесі). Адамдар бір-бірімен амандасып, "Жыл құтты болсын!" деп тілектер айтады.
- 15 наурыз - Қайырымдылық күні - мұқтаж жандарға көмек көрсету, ізгі істер жасау күні.
- 16 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Қазақтың дәстүрлері мен мәдениеті насихатталады.
- 17 наурыз - Шаңырақ күні. Отбасы құндылықтары мен ұрпақ сабақтастығына арналады.
- 18 наурыз - Ұлттық киім күні - қазақтың ұлттық киімдерін дәріптеу күні.
- 19 наурыз - Жаңару күні - табиғатпен бірге жаңару, тазалық пен жаңа бастамалар күні.
- 20 наурыз - Ұлттық спорт күні. Көкпар, қазақ күресі, асық ату сияқты ұлттық ойындар өтеді.
- 21 наурыз - Ынтымақ күні. Халықтар арасындағы бірлік пен татулықты нығайту.
- 22 наурыз - Жыл басы - Наурыз мейрамының негізгі күні.
- 23 наурыз - Тазару күні. Қоршаған ортаны тазалау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Негізгі дәстүрлер:
- Наурыз көже дайындау - жеті түрлі дәмнен дайындалатын ұлттық ас
- Үйді тазалау - жаңа жылды таза қарсы алу
- Қонақ күту - көрші-қолаңмен, туыстармен араласу
- Ұлттық ойындар - көкпар, асық ату, алтыбақан
- Бата беру - үлкендердің ақ тілегі.
Бұл күні адамдар бір-біріне реніштерін ұмытып, татуласуға тырысады.
Наурыз мейрамында не істеу керек?
Наурызда орындалатын маңызды амалдар бар. Наурызда үйді тазалап, ескі дүниені тастап, жаңа немесе таза киім кию - жаңарудың белгісі. Бұл күні туыстарға барып, үлкендерден бата алып, қонақ күтіп, Наурыз көже ұсыну дәстүрге айналған.
Сурет © Тұрар Қазанғапов
Сондай-ақ реніштерді ұмытып, татуласу, қайырымдылық жасау және жақсы тілектер айту маңызды. Мереке кезінде ұлттық ойындарға қатысып, көпшілік шараларға бару да кең таралған.
Қысқасы, Наурызды жақсы көңіл-күймен, ізгі ниетпен қарсы алу - жылды сәтті бастаудың белгісі. Халық сенімі бойынша, Наурызды қалай қарсы алсаң, жыл да солай өтеді.