Наурыз көже молшылық пен береке-бірліктің нышаны ретінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай дайындалатын қазақтың ұлттық тағамы. Көктем мерекесінің басты тағамы қалай дайындалады? Tengrіnews.kz жеті дәмнен тұратын рецепт ұсынады.
Наурыз көжені дайындаудың нақты бір үлгісі жоқ. Кем дегенде жеті түрлі дәм қосылуы керек. Түркі халықтары ұғымында жеті саны қасиетті саналады. Жетіден артық сала беруге болады. Бірақ тақ санын сақтау керек. Наурыз көже әр өңірде, тіпті әр үйде әртүрлі әзірленеді.
Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Наурыз көжеге қосылатын жеті дәмнің мәні
Қазақ ырымшыл халық. Сондықтан Наурыз көжеге қосылатын әрбір дәмнің өзіндік мәні бар. Мысалы:
- Су – тіршілік көзі, өмір өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені;
- Ет – қазақтың төл асы, қазан толсын, асар мол болсын дегені;
- Сүт немесе ақ – сүттей ұйып отырайық, көңіліміз ақ болсын дегені;
- Құрт – ел қуаты нығайсын, денсаулығы берік болсын дегені;
- Тұз – астың дәмін келтіреді, бір-бірімізге дәмді, мағыналы сөздер айтып жүрейік дегені;
- Арпа – көптеген ауруға шипа, арпа нанына қанағат қылған адам аш қалмайды дегені;
- Күріш (дәнді-дақылдар) – ұрпақ көбейсін дегені.
Наурыз көженің дәстүрлі рецепті
- Су – 3 литр
- Сүр ет (жылқы еті), қазы
- Арпа – 100 грамм
- Қарақұмық – 100 грамм
- Кеспе – 100 грамм
- Құрт (сүзбе/айран)
- Тұз
Наурыз көжені дайындау үлгісі
- Сүр ет пен қазыны жуып, үлкен қазанға салыңыз, суық су құйыңыз. Қайнағаннан кейін, отты азайтып, көбігін алыңыз. Етті баяу отта 2–2,5 сағат қайнату керек.
- Арпа мен қарақұмықты жуып, тұз қосылған суда бөлек пісіріп алыңыз. Дәнді-дақылдарды бір күн бұрын пісіріп қойсаңыз болады.
- Кеспені бөлек пісіріп, сүзіп алыңыз.
- Ет пен қазыны суытып, кесіңіз.
- Осыдан дейін бәрін қазандағы сорпаға салып, құрт, тұз, бұрыш қосып араластырыңыз.
- Пісіп болғаннан кейін Наурыз көжені кем дегенде 40 минут, мүмкіндік болса бір күн қойып қойған жөн. Бұл тағамның дәмін ашады.
- Наурыз көжені ыдысқа толтырып құйып береді. Бұл дәм-тұзымыз мол болсын деген мағынаны білдіреді. Құйылған көжені тауысу, яғни берілген ырзықты қалдырмай ішу жақсылықтың бастауы ретінде бағаланады.
Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Дәмді Наурыз көженің құпиясы неде?
- Тағамның негізгі дәмі сапалы сүр ет пен қазы;
- Баяу қайнаған сорпа қанық әрі хош иісті болады;
- Дәнді-дақылдарды бөлек пісірсеңіз пішіні сақталып, езіліп кетпейді;
- Құртты (сүзбе/айран) сорпаға біртіндеп араластырып қоссаңыз түйіршік болмайды;
- Тұз бен бұрыш көп немесе аз болмау керек;
- Наурыз көжені кемінде 40 минут, мүмкіндік болса бір күн қойып қойса дәмі одан әрі ашылады;
- Наурыз көже жылы күйінде беріледі, сонда дәмі жақсы сезіледі.
Наурыз көжені әркім қолында бар азық-түлікке қарап дайындайды. Көкөніс, жеміс-жидек қосатындар да бар. Бастысы "Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады". Сондай-ақ "жеті үйге кіріп, Наурыз көжеден дәм татқан адамның жылы берекелі болады" деген ырым бар.
"Ақ мол болсын!"