Жауапты редакторы – ф..ғ.д., профессор Нұргелді Уәли
Жауапты шығарушылар: Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова
Алтыншы басылым. Алматы: Дәуір, 2013. – 720 бет.
Жауапты редакторы – ф..ғ.д., профессор Нұргелді Уәли
Жауапты шығарушылар: Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова
Алтыншы басылым. Алматы: Дәуір, 2013. – 720 бет.
Сөздікте шет тілден енген, тар өрісті сөздер өте көп берілген: аллопатрия (биол.); аллотропия; альвекоккоз (мед.); альпапка (зоол.); альпарм (экон.); альпиниада (спорт.); альтерация (муз.); альтиметр; алюминат (хим.); алюминотермия; амилопектин (хим.); аминопептидаза (хим.); аммонал; ампелография (биол.), т.т. Ол сөздерге қосымшалар қалай жалғанатыны көрсетілмеген, қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес өзгертілмеген. Орыс тілі арқылы енген мұндай шет сөздердің жазылуы орыс тіліндегі орфографиялық сөздіктерден-ақ қарап алуға болатын еді. Якут тілінің он бес томдық түсіндірме сөздігінде де, орфографиялық сөздігінде де игерілмеген орыс сөздері берілмепті. Ол жақтағы ғалымдар қазақ зерттеушілерінің сөздіктеріне орыс сөздерін сонша көп тоғытқанына қайран қалады екен.
Сөздік құрастырушылар бірқатар шет тілінен енген сөздерге қосымша қалай жалғанатынын көрсеткен. Алайда онда қандай норма басшылыққа алынғанын түсіну мүмкін емес. Модель бір болғанмен, қосымша бірде жуан, бірде жіңішке берілген: -ог/-уг, -ок/-ук буынына біткен йог, блок, бук, каучук, бамбук, ноутбук, т.с.с. сөздерге қосымша жуан жалғанса, анестезиолог, антрополог, археолог, астролог, бактериолог, биолог, т.б. сөздерге қосымша жіңішке жалғанған. -ог/-уг, -ок/-ук буынына біткен сөздерге қосымша көбіне жіңішке жалғанған. Алайда прологке, психологке, сейсмологке, стоматологке, текстологке, филологке, эмбриологке, т.с.с. түрінде айтылмайды ғой. Сонда сөздік құрастырушылар нені басшылыққа алған? Жіңішкелік белгісіне аяқталған сөздерге де қосымша бірде жіңішке, бірде жуан жалғанған: госпитальдық, квадрупольдік, корольдық, нивальдық, модальдық, модельді, модульдік, моральдық, авиамодельші, нивальдық, автомобильші, рояльшы, фестивальдық, табельші, т.с.с. Орфографиялық ережені дайындау, көпшілікті дұрыс жазуға шақыратын сөздікте мұндай әралуандық, шалағайлық болмауға тиіс. Қазіргі кезде тілімізде абитуриент сөзінің баламасы ретінде талапкер, архипелаг – топарал, жираф – керік, антитеза – шендестіру, аорта – қолқа, артерия – күретамыр, эра – дәуір, аргумент – дәйек, обсерватория – расытхана, планета – ғаламшар, артист – әртіс, т.с.с. сөздердің қазақша баламасы әбден тұрақтанып қалғанмен, сөздікте орыс тіліндегі баламасы берілген.
Сөздікте күшейткіш буын үстелу арқылы жасалған сөздер, қайталама қос сөздер шамадан тыс көп берілген. Мұндағы ап-ашық, әп-әзір, бап-балғын, беп-бекер, бөп-бөлек, бұп-бұйра, құп-құптап, нып-нық, сеп-сергек, сүп-сүйрік, сып-сыпайы, тап-тайқы, тап-тайыз, шоп-шошақ, шұп-шұнақ, шұп-шұңғыл, іп-ірі, т.с.с. сөздер жасанды, дұрыс сөйлеген адам бұл сөздерді қолданбайды. Сөздік құрастырушылар қос сөз бола алмайтын бірліктерді де қос сөз ретінде берген: ауыздан-ауызға тарау; қолдан-қолға; қолы-қолына жұқпау; іннен-інге тығылу; қаз-қалпында; қаннен-қаперсіз; анықтан-анық; өзімен-өзі; өзінен-өзі; өзіне-өзі; бастан-аяқ; бекерден-бекер; бостан-бос; бостан-босқа; бірді-бірге, бірді-бірге соғу; бірімен-бірі; бірін-бірі; біріне-бірі; бірінен-бірі; жылдан-жылға; күннен-күнге; жалғыздан-жалғыз; күнәсіздан-күнәсіз; жалғыздан-жалғыз; көптен көп, т.с.с. Бұл орайда сөздік құрастырушылар бірдей сөздермен келген тіркестерді қос сөз ретінде таныған. Алайда қос сөздің өзіндік белгілері бар. Басқасын былай қойғанда, қос сөз сөйлемнің бір ғана мүшесі болады. Ал тіркестер әртүрлі мүше бола береді. Ауыздан ауызға деген сөйлемді алар болсақ, ауыздан – қайдан (пысықтауыш), ауызға – қайда (пысықтауыш); іннен інге тығылды: іннен (қайдан?) інге (қайда?); өзіне өзі сенбеді: өзіне – кімге (толықтауыш), өзі – кім (бастауыш); т.с.с. Ал қос сөздің құрамындағы сөздер жеке-жеке сұрақтарға жауап бермейді, әртүрлі сөйлем мүшесі болмайды, тұтасымен сөйлемнің бір ғана мүшесі болады: ауыл-ауылға (қайда?) барды; үйді-үйіне (қайда?) тарады; т.с.с. Кейде екі не бірнеше сөзден құралған тіркес те бір сұраққа жауап беруі мүмкін: Қазақстан Республикасы (не?), елді мекенді (нені?) аралады, т.с.с. Олар да сөйлемнің бір ғана мүшесі болады. Сол сияқты құрдан-құр; қаннен-қаперсіз; жалғыздан-жалғыз; күнәсіздан-күнәсіз; жалғыздан-жалғыз; анықтан-анық; көбіне-көп, көптен-көп; қаз-қалпы; қаз-қалпында; т.с.с. тіркестер сөйлемнің бір ғана мүшесі болғанмен, қос сөз болмайды. Сөздікте осындай әркелкіліктер болғандықтан, қазіргі кезде көпшілік алдын-ала, кез-келген, көңіл-күй түрінде жазатын болды. Себебі дыбыстары, буындары ұқсас болғандықтан, сөздердің арасына дефис қоя салады.
Сөздікте аста-төк, азарда-безер; боларда-болмай; қоярда-қоймай; уда-шу; ұрда-жық; ашта-жап; сартта-сұрт; шартта-шұрт; т.с.с. сөздер қос сөз ретінде берілген. Дұрысында, келтірілген бірліктердің ешқайсысы қос сөз бола алмайды. Әу баста у-шу, аз-аз, азар-безер; сарт-сұрт; шарт-шұрт; т.с.с. сөздер қос сөз болған, сол себепті бұл сөздердің дефис арқылы жазылуы дұрыс. Алайда өзара мәндес, құрылымдас сөздердің арасына да, де шылауы түскен кезде олар қос сөз болмай қалады. Сол сияқты ас, төк; ұр, жық; кел, кет; болар, болмай; қояр, қоймай; аш, жап; т.с.с. етістіктері де өзара құрылымдас, антонимдес, болымды-болымсыз тұлғада келген. Қатар, жарыса орындалған іс-әрекетті білдірудің нәтижесінде олардың арасына ыңғайлас мәнді жалғаулық шылау түсіп, тіркес түзген: ас та төк; ұр да жық; кел де кет; болар да болмай; қояр да қоймай; аш та жап; т.с.с. Сондықтан оларды қос сөзбен шатастыруға болмайды.
Сөздік құрастырушылар біресе қос сөз, біресе біріккен сөз, біресе тіркес түрінде берген бірлік көп: пара-пар; парапар (475-б.); қан жоса болу (355-б.); қан-жоса (356-б.); жер жаһан (262-б.); жер-жаһан (268-б.); шаң тозаңдары (633-б.); шаң-тозаң (634-б.); т.с.с. Сонымен қатар қос сөздердің бірнеше нұсқасы беріліп, қайсысы тілдегі нормаға жататыны көрсетілмеген: жәбір-жапа (262-б.); зәбір-жапа (287-б.); ұшты-күйлі (607-б.); үшті-күйлі 616-б.); т.б.
Сөздікте анықтауыш пен анықталушы сөздердің тіркесі де түрліше берілген, бір модельге жататын бірліктер түрліше жазылған. Сөздікте бірдей сөздер бірде бірге, бірде бөлек жазылған. Мысалы, құр көкірек сөзі 394-бетте бөлек жазылса, 396-бетте бірге жазылған; сол сияқты құр ауыз сөзі 394-бетте бөлек жазылса, 395-бетте бірге жазылған; қара көлеңке сөзі 358-бетте бөлек жазылса, 360-бетте бірге жазылған. 394-бетте құр аяқ сөзі бөлек жазылса, құралақан (394-бетте), құрқол (396-бетте) сөздері бірге жазылған, т.с.с. 332-бетте күнұзын сөзі бірге жазылған, 583-бетте түн ұзын сөзі бөлек жазылған. Қайын ата, қайын бике, қайын ене, қайын жұрт, қайын сіңлі сөздері тіркес түрінде жазылып, сол ұядағы қайнаға, қайны сөздері біріктіріліп, тіпті ы дыбысы түсіп, кіріктіріліп жазылуы жазарман көпшілік үшін түсініксіз болатыны айдан анық. Сол сияқты бір модельдегі көкшай сөзінің бірге (көкшай, көкшай ішу), күрең шай, қара шай бірліктерінің бөлек жазылуының сырын ұғу өте қиын. Мұндай әркелкілік жазу барысында автоматизмге тосқауыл болып, сөз сайын сөздікке қарап отыруға мәжбүр етеді.
2013 жылғы сөздікте баскиім;аяқкиім; аяқкиімдік; аяқкиімсіз; бойкиім; сырткиім; түзкиім; тыскиім; ішкиім, т.с.с. бірге жазылғанмен, әскери киім; біркиер киім; дұшпанкөз киім; жарасты киім; жағалы киім; жаздық киім; жұмыс киім; т.т. бөлек жазылған; ішкөйлек; еткөйлек; иткөйлек; келіншеккөйлек; т.с.с. бірге жазылған, қанды көйлек (жолдас); қосетек көйлек; күрте көйлек; сұрып көйлек; т.б. бөлек жазылған. Сырт киім сөзтізбеде бірге жазылғанмен, 399-бетте бөлек жазылған. Қарапайым жазарман қай кезде бірге, қай кезде бөлек жазылатынын қалай айыруы керек? Сондай-ақ ақ сабын; алқынды сабын; жұпар сабын; қара сабын; сақар сабын, т.с.с. бөлек жазылған да әтірсабын; әтірмай; әтірсу; иіссабын; иіссу; кірсабын; сусабын т.б. бірге жазылған; алмаағаш; жидеағаш; зәйтүнағаш; қараағаш (өс.); құрмаағаш; өрікағаш; шамшатағаш, т.б. бірге жазылса, анчар ағашы; емен ағашы; жеміс ағашы; ибей ағаш; тисса ағашы; тұт ағашы; хина ағашы; шынар ағаш, т.б. бөлек жазылған. Бұларды бірге, бөлек жазудың критерийлері қандай екені түсініксіз. Сөзтізбедегі алмаағаш бағы деген тіркес орыс тілінің құрылымына негізделген, жасанды. Себебі қазақ тілінде алмаағаш бағы емес, алма бағы деп айтылады.
2013 жылғы сөздікте әр сөзінің бірге жазылатын тұстары да көбейген: әртүрлі, әржақты, әртарапты, әртекті, т.с.с. Алайда ережеде де, кіріспе сөзде де әр сөзінің сын есімдермен тіркескенде қалай жазылатыны туралы ештеңе айтылмаған. Соған байланысты қазіргі кезде бұл сөздер түрліше таңбаланып келеді. Сөздік құрастырушылар әртүрлі, әржақты, әртарапты, әртекті, т.с.с. сөздердің бос аралықсыз жазылуын бір ұғымды білдіруімен байланыстырады. Ол тұрғыдан қарайтын болсақ, алуан түрлі, сан түрлі, әр алуан, сан алуан, сан қырлы, сан қилы, т.с.с. сөздерді де бірге жазып, сөзтізбеде көрсету керек қой. Сөзтізбеде алуан түрлі, әр алуан, сан алуан сөздері бөлек жазылған, ал сан түрлі, сан қырлы, сан қилы мүлде берілмеген. Жазарман оларды қалай жазуы керек?
Редактордың «алдыңғы сыңары бір сөзімен, сондай-ақ -ым (-ім) жұрнағымен келген ұлттық өлшем атауларын (бірсалар, бірсауым; сүтпісірім, көзкөрім, атшаптырым, т.б.)» бірге жазу туралы ұстанымы қандай жүйеге негізделгенін тап басып тану қиын. Себебі күнделікті тұрмыста ол бірліктер әрдайым бір сан есімімен беріле бермейді: бірасым ет – екі асым, үш асым ет; бірауыз сөз – екі ауыз сөз, үш ауыз сөз; біраттам жер – екі аттам жер, екі күндік жер; бес сағаттық жер; біратым насыбай – екі атым; біржұтым су – екі жұтым, үш жұтым; біркүндік жол – екі күндік жол, үш сағаттық жол; біртүсті мата – екі түсті мата, түрлі түсті мата; т.с.с. Олардың бәрі біріктіріп жаза беруге келмейді. Сөздікте бірдей жазылуы тиіс тіркестер де әртүрлі берілген: біртоғыз (этн.); үштоғыз (этн.) тіркестері бірге жазылса, жеті тоғыз (этн.) тіркесі бөлек берілген; біртиындық құны жоқ (188-б.); бестиындық құны жоқ (145-б.) тіркесіндегі біртиындық, бестиындық сөздері бірге жазылса, 559-бетте бес тиындық түрінде бірге берілген. Біртиындық, бестиындық сөздерімен мәндес, бір өріске жататын көк тиын бірлігі тіркес түрінде берілген әрі одан өрбитін көктиындық (көктиындық құны жоқ) сөзі реестрде берілмеген. Алдыңғы сыңары бір сөзімен келген ұлттық өлшем атауына жатқызуға болатын бір жапырақ; бір бадалық; бір асам, бір татым тіркестері не себепті бөлек жазылғаны түсініксіз. Бір тістем сөзінің бір тістем ет түріндегі нұсқасы 188-бетте бірге жазылса (біртістем ет), 597-бетте бөлек таңбаланған (бір тістем ет). Сонда оқушы бір сөздіктегі екі нұсқаның қайсысын жазуы керек?
2013 жылғы сөздікте сол кезге дейін бөлек жазылып келген тіркестер бірге берілген. Алайда мұнда да бірізділік жоқ: шаруашылық сөзі бірде алдыңғы сөздермен бірге жазылса (арашаруашылық, ауылшаруашылық, балықшаруашылық, бұғышаруашылық, егіншаруашылық, малшаруашылық, орманшаруашылық, сушаруашылық, түйешаруашылық, халықшаруашылық), енді бірде бөлек берілген (балара шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық; көпсалалы шаруашылық; қосалқы шаруашылық; натуралды шаруашылық; ұжымдық шаруашылық; экстенсивті шаруашылық, т.с.с.). Бұл орайда академик Р.Сыздықтың "Күрделі сын есім жасап тұрған екі (кейде үш) сөздің әрқайсысы өздерінің нақтылы лексикалық мағынасына ие болып тұрса, бір-бірінен бөлек жазылатындығын алдыңғы айтылған (көрсетілген) топтармен шатастырмау керек. Мысалы: үш бұрышты тақтай, көп таңбалы сан, ауыл шаруашылық артелі. Бұл жердегі көрсетілген күрделі сын есімдердің әр сөзінің бөлек жазылу себебі олардың өз мағыналарын сақтап тұруларында. Аударма әдебиетте, содан барып төл жазбаларда да осы тектес сын есімдерді қосып жазып шатастыру кездеседі, себебі бұлар орыс тілінде біріккен сөз болады: треугольная дощечка, многозначное число, сельскохозяйственная артель. Бірақ екі тілдің сын есімінің жасалуы мен жазылуы тепе-тең емес екендігін, яғни айырмашылық болатындығын қатты ескеру қажет", – деген тұжырымын (Қазақ тілінің анықтағышы. – Астана: Елорда, 2000. – 18-б.) басшылыққа алуымыз керек. Көпшілік тарапынан орфографиялық сөздіктерге көп сын айтылуы, тіпті арнайы телебағдарламалардың осы мәселеге арналуы да қоғамдағы наразылықты білдірсе керек.
О.Жұбай, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы
А.Салқынбай, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы
Б.Қапалбек, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты