... «Бүгінгі көмпіс тілге одағай көрінгенімен, көне тілде «бөде» - «пәк» деген сөз. Мәңгүрт түгілі зиялы қауымның өзі де түсіне бермейтін төл сөзімізді орысшаға аударып барып мойындататын әдетке салсақ- невинная, бұдан да дөкірлей түссек –девственницаның төте аудармасы деуге болады. Тілімізді қотыр қылатын бөтен сөз ана тіліміздің өлеңнен өрбитін әуені мен тұңғиық тереңіне қайдан жетсін (Қалихан Ысқақ).
... «Бүгінгі көмпіс тілге одағай көрінгенімен, көне тілде «бөде» - «пәк» деген сөз. Мәңгүрт түгілі зиялы қауымның өзі де түсіне бермейтін төл сөзімізді орысшаға аударып барып мойындататын әдетке салсақ- невинная, бұдан да дөкірлей түссек –девственницаның төте аудармасы деуге болады. Тілімізді қотыр қылатын бөтен сөз ана тіліміздің өлеңнен өрбитін әуені мен тұңғиық тереңіне қайдан жетсін (Қалихан Ысқақ).
Қалыңдықтың қыз күйінде, таза, абыройлы келуіне үлкен мән берген қазекемнің пәктікке деген іңкәрлігі бүгінгі қойыртпақ қоғамның өңешіне жұтылып барады. Қырықыншы үйдің тиымы да, қала берді күңнен тыюы да бүгінгі жалбыршаштарды райынан қайтара алмай отыр.
«Он екіге толған соң бойжеткен қызы барын білдіріп оң жаққа бөде үй тігетін қазақтың байырғы салты. Бір жыл бойы бәйбішенің күні қызының етегін елдің өсегінен күрегейлеп бөде үйдің есігін күзетумен өтпек. Бөде үй, бөде үй, арман ай». (Қалихан Ысқақ).
Кеңестің кезінде Чехословакияға барып келген әкем: «Ол елде бойжеткен қызы бар отбасы үйінің сыртын көкпен бояп қояды екен. Соған қарап-ақ құда түсушілер келе бастайтын көрінеді» деп айтқанда таңқалатынбыз. Әр істің байыбына барып, үлкен парасатпен атқаратын қазекемнен амал қалған ба? Стилист жазушы Қалихан Ысқақтың «Бөде үйін» оқығаннан кейін бабамның байыптылығына бас имеске амал қалмады.
«Байы бүгін өлгендей қолаң шашты шашып тастап, тылтиған тұсақ бөксені тылтима дамбалмен таңып тастап, митың-митың жорғалаған қысыр бикештерді көргенде менің есіме Бөде кемпір түседі. Бөде дүние біздерден алыстап кеткен екен-ау. Фәниден көңілі қалған бөделер әжелерімізбен, аналарымызбен бірге бақиға аттанып кеткен жоқ па?» деп жоқтайды Қалекең.
Расында бөделер бүгінде тым аз деп аңырауға шақ қалғандаймыз. Басты мақсатымыз қошқар мүйіз оюмен өрнектелген мақала жариялау емес. Ұстанымымыз пәк, періште қыздарымызды батпағына батыратын батыстық «бренд ұстанымдардан» арашалау. «Қыздарымыз не боп барады өзі?» деген ой ұлттық сезімге ұят ұялатады. Ұят, ұждан деген бұрын қазақтың бойына біткен фирменный ерекшелігі сынды-тұғын. Тіпті Бөде қыз бренд болатындай да тұғын. Алайда... арынан безген қыз көбейіп тұр бүгінде. Тіпті пәктігімен, періштелігімен, перизат болып тұрмысқа шығуды намыс көретін қоғамға кеп тіреле ме деген қауіп те жоқ емес. Бүгінде мектепте оқитын қыздардың жартысынан көбі жыныстық өмірдің дәмін татып үлгерген деген бір дәрігердің уәжін естідік жуырда. Денеңді дір еткізер диагноз, әрине.
Бәріміз мораль оқудан шаршамаймыз-ау. Бірақ ұлттық калориясы аз сияқты. Бүгінгі қыз да, ұл да батыстың модасымен оразасын ашып жүр. Ұят, пәктік туралы әңгіме айта бастаңызшы, «сәлем айтыңыз» дейді. Яғни олардың бұған түкіргені бар. Тек өздерінікі тура. Бүгінде ұяда ұятты біліп өскен қыз аз. Ондай қыздардың классикалық образын іздесеңіз емге таппайсыз. Өйткені пәк болу Қалихан Ысқақшаласақ бөде қыз болу замануи стандартқа сай келмейді. «Колхоздардың» тірлігі. Тіпті бүгінгі жоғарғы оқу орнына жаңадан түскен 1-ші курстың қыздарын «балмұздақ» деп атайтынын біреу білсе, екеу білмес. Яғни сарыауыз балапан, әлі тәттілігін жоймаған деген мағынада шығар енді, біздің түсінігімізде. Барын бағалай алмай жүрген қыздарымыздың тірлігін бас бармақпен бағалай алмаймыз енді. Расы осы. Баланы аққұтан әкеп бермейтіні, не болмаса «тауып алған даладан, түсіп қапты шанадан» дегенге илана қоюы да екіталай.
Толық нұсқасын "Алаш айнасы" сайтынан қараңыз.