Астанада елорданың сол жағалауында салынып жатқан тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерге байланысты үлкен жанжал шықты. Адамдар болашақ баспаналарына қаражат құйып, біраз уақыттан кейін кілттерін ала алмайтынын білген. Сонымен қатар оларға ақшаны да ешкім қайтарып жатқан жоқ. TengriHome журналистері күрделі тұрғын үй дауының мән-жайын анықтады.
Оқиғаның мән-жайы
2024 жылдың тамыз айында Тұран даңғылында Cosmic City тұрғын үй кешенінің екінші кезегінің құрылысы басталды. Осы тұста сәл шегініс жасайық. Жанжалдың мән-жайы түсінікті болуы үшін жұмыстың қалай ұйымдастырылғанын түсіндіру өте маңызды.
Жағдай былай болған. Жобаны жүзеге асыру үшін King Development құрылыс компаниясы (бұл - құрылыс салушы) бас мердігер ретінде - Winbuild ЖШС-ні жалдаған, ол өз кезегінде үйді тұрғызу үшін қосалқы мердігерді - "ИнвестСтройГрупп LTD" ЖШС-ні тарқан.
Құрылыс салушының айтуынша, қосалқы мердігермен есеп айырысу үш тәсілмен жүргізілген: ақшалай, жылжымалы мүлікпен және осы ТҮК-дегі болашақ пәтерлермен. Қосалқы мердігер, өз кезегінде, бір жыл бойы осы пәтерлерді сатып келген.
Ал 2025 жылдың қазан айында құрылыс тоқтаған кезде, сот талқылаулары басталды. Қосалқы мердігер сатқан бірнеше пәтер дау нысанына айналған.
Зардап шеккендер
Енді жағдайды егжей-тегжейлі қарастырайық. Біз жанжалға қатысушы тараптардың әрқайсымен кездесіп, сөйлестік. Еске сала кетейік, мәселе былтыр қазанда басталған. Даулы пәтерлерді сатып алушылардың ішінде жағдай туралы бірінші болып астаналық Айгүл Құмашева білген.
Ол пәтерді 2025 жылдың мамырында сатып алған, ал қазанда құрылыс мерзімі ұзартылғандықтан, оны сатуды ұйғарған.
"Сату жөніндегі менеджер маған тікелей құрылыс салушыға (яғни компания басшылығына - ред. еск.) хабарласуымды сұрады. Ал құрылыс салушы маған пәтер менікі емес екенін және оған ешқандай құқығым жоқтығын мәлімдеді. "Қосалқы мердігер жұмысты орындамады, сондықтан біз бұл пәтерлерді қайтарып алдық" дейді. Бас мердігер болса, біз туралы мүлдем білмегенін және біздің пәтерлерімізбен басқа қосалқы мердігермен есеп айырысып қойғанын айтты. Яғни, пәтерлерді екі рет сату дерегі болған. Біз "ИнвестСтройГрупп LTD" компаниясымен мәміле жасасқаннан кейін, сату менеджері бізді базаға енгізуі үшін құрылыс салушыға барған едік. Мұны кейін кілттер беріле бастағанда бізге хабарлауы үшін жасадық. Соңында құрылыс салушы біздің мәмілелерімізді жалған деп атады. Олармен сөйлесуден пайда жоқ екенін түсінген соң, полицияға жүгіндім", - деп еске алады Құмашева.
Сатып алушылардың айтуынша, бірнеше ай бойы бұл істі тергеумен кім айналысатыны шешілмеген. Олардың сөзінше, істі Есіл және Нұра аудандарының полиция басқармалары бір-біріне сілтеп келген. Неліктен бұлай болғаны белгісіз. Соңында тергеумен Полиция департаменті айналыса бастады. Осы уақыт ішінде зардап шеккендер әкімдікке де, прокуратураға да бірнеше рет жүгінген.
Зардап шеккендердің түсіндіруінше, сату процесі былай жүргізілген. Қосалқы мердігерге пәтерлер брондау шарты бойынша берілген. Ал ол, өз кезегінде, сатып алушылармен мәмілелерді цессия шарты (құқықты басқаға беру) арқылы ресімдеген. Айта кетерлігі, барлық шарттар нотариус арқылы жасалған. Әрбір мұндай мәміле үшін құрылыс компаниясы төлем бойынша міндеттемелердің орындалғанын, берешектің жоқтығын растайтын және цессия шарты бойынша құқықтарды беруге келісім беретін анықтама беріп отырған.
Құжатты редакцияға пәтер сатып алушылар ұсынды
Бұл анықтамасыз нотариус арқылы мәмілені куәландыру мүмкін емес еді. Сатып алушылардың өздері бұл құжатты пәтерде ешқандай мәселе туындамайтынының кепілі ретінде қабылдаған.
"Егер бұл анықтама болмаса, ешкім бұл пәтерлерді сатып алмас еді. Егер брондау шартында бұл қосалқы мердігерлік жұмыстар екені және бұл пәтерлерді сатуға келісім берілмейтіні көрсетілсе, онда бірде-бір нотариус бұл мәмілелерді ресімдемес еді. Біз бәрін ресми түрде жасадық қой. Қазір құрылыс салушы қосалқы мердігердің бұл пәтерлерді сатуға құқығы болмағанын және мұны өз бетінше жасағанын айтып отыр - мұның бәрі өтірік. Қайталап айтамын: бәрі құрылыс салушының келісімімен болды. Біз мәмілеге дейін де, одан кейін де құрылыс компаниясының кеңсесіне бардық. Онда бізге мәміленің заңды екенін растаған болатын", - дейді Айгүл.
Сатып алушылар өздеріне тек пәтерлері керек екеніне баса назар аударады. Олар ақшаны қайтаруды талап етпейді. Айтуларынша, қазір ол сомаға бұрынғыдай баспана сатып ала алмайды.
"Кейбіреулер пәтерді 2024 жылы-ақ сатып алған. Осы бір жарым - бір жыл ішінде баспана бағасы өсіп кетті. Айырмашылықты бізге кім қайтарады? Ешкім", - дейді олар.
Айгүл Құмашева және басқа да зардап шеккендер. Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов
Сатып алушылардың айтуынша, 18 адам зардап шегуші деп танылған, ал тергеу "Алаяқтық" бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Астана Полиция департаменті біздің сауалымызға орай былай деп нақтылады:
"Алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 10-нан аса зардап шегуші анықталды. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жарияланбайды".
Құрылыс салушы
Құрылыс салушы - King Development компаниясы жағдайды былайша сипаттады.
Cosmic City ТҮК-де 362 пәтер бар. Бартерлік келісім бойынша оның 132-сі құрылыс аяқталғаннан кейін қосалқы мердігерге, яғни "ИнвестСтройГрупп LTD" компаниясына өтуге тиіс болатын.
Алайда сот талқылаулары мен мемлекеттік сараптамадан кейін оның орындаған жұмыс көлемі 2,5 миллиард теңгеге бағаланды - бұл сот шешімімен ол иеленген 80 пәтердің құнына сәйкес келеді.
Компания өкілдері мәліметінше, қалған 52 пәтерге қосалқы мердігердің құқығы болмаған және оларды құрылыс салушыға қайтаруға міндетті еді. Сонымен қатар "ИнвестСтройГрупп LTD" сатып алушыларға осы пәтерлерге қатысты қалыптасқан жағдай туралы ескертпегенін айтты.
"Біз нарықта 10 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеміз және пәтерлерді екі рет сатумен айналыспаймыз. "ИнвестСтройГрупп LTD" компаниясымен келісімшарт жасасқан болатынбыз, алайда 2025 жылдың жазында құрылыс қарқыны бәсеңдей бастады. Біз бірнеше рет хабарлама жібердік, ал қыркүйекте компания нысанды тастап кетті. Мұндай жағдайда біз қаражатты өндіріп алу процесін бастауға мәжбүр болдық. Мемлекеттік сараптама жүргізілді: оның қорытындысы бойынша жұмыстар 2,5 миллиард теңгеге орындалған, ал төленген сома 5 миллиард теңгеге жуық болды. Бүгінде қосалқы мердігердің бізге берешегі шамамен 1,4 миллиард теңге болады", - дейді "King Development" құрылыс салушы компаниясының ресми өкілі Сайран Ержанов.
Құрылыс салушы өкілінің айтуынша, "ИнвестСтройГрупп LTD" берешегі бар екенін жаздан бері білсе де, қосалқы мердігер тарапынан пәтер сату қазанда да жалғасқан.
Осыдан кейін компания құқық қорғау органдарына жүгініп, нотариалдық палатаға мұндай мәмілелерді куәландырмау туралы өтінішпен хабарлама жіберген, сондай-ақ риэлторларды ескертуге тырысқан.
"Біз сатып алушыларға әрқайсымен кездесуге және мәселені құқықтық аяда шешуге дайын екенімізді жеткізгіміз келеді. Бүгінде бізде өндіріп алушы мәртебесі, ал оларда борышкер мәртебесі бар. Бұл ретте біз оның пәтерлерге қатысты бірде-бір мәмілесіне қатысқан жоқпыз", - деді компаниядағылар.
Cosmic City ТҮК. Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов
Сонымен қатар King Development берілген анықтамалар құқық белгілейтін құжат емес екенін, олар тек белгілі бір уақытта нақты пәтер бойынша сұрақтардың жоқтығын растайтынын түсіндіреді. Меншік құқығын тіркеу үй пайдалануға берілгеннен кейін ғана мүмкін болады.
Компания өкілінің сөзінше, бұған дейін олар қосалқы мердігермен құрылыс қарқынының төмендеуіне байланысты келісімшарт шарттарын өзгерту мүмкіндігін талқылаған, алайда компания ешқандай нақты түсініктеме алмаған.
"Сондай-ақ оның басқа жобалар бойынша міндеттемелері болуы мүмкін екенін және қаражат соларды жабуға жұмсалған болуы ықтималдығын анықтадық. Соңында ол техникалық негіздемесіз қосымша қаржыландыру сұрай бастады", - деді коимпания өкілі.
King Development ақпаратынша, берілген пәтерлердің кейінгі тағдыры оларға белгісіз:
"Оның бұл пәтерлерді сатуға құқығы болған жоқ, өйткені біздің алдымыздағы міндеттемелерін толық орындамады. Ол тәуекелдерді түсінуі керек еді. Орындалған жұмыс көлемі сарапшының қорытындысымен расталды және бұл бағалауға ешкім дау айтқан жоқ".
Сайран Ержанов, King Development құрылыс салушы компаниясының ресми өкілі. Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов
Компания өкілінің айтуынша, қосалқы мердігер орындалған жұмыстар үшін ақыны үш тәсілмен алған: ақшалай, автокөліктер және ішінара аванс ретінде пәтерлермен.
"Жобаға келгенде ол бәрін реттейтініне сендірді. Біз соған сүйеніп, жұмыстардың ақысын кезең-кезеңімен ақшамен де, көлікпен де төледік. Ол бірден ірі сома алған жоқ. Кезеңді орындады - ақысын алды. Бүгінде "ИнвестСтройГрупп LTD" компаниясынан Winbuild пайдасына (бұл нысандағы бас мердігер, қосалқы мердігерді сол жалдаған - ред. еск.) 1 миллиард 400 миллион теңгеден астам соманы өндіріп алу туралы сот шешімі бар. Сонымен қатар тағы бірнеше сот процесі жүріп жатыр. Қосалқы мердігердің ұстанымы бізге әлі де түсініксіз: бір талап арыз бойынша ол келісімшартқа қол қоймағанын айтса, екіншісі бойынша - нысанда жұмыс істемей кеткен кезеңі үшін жүздеген миллион теңгенің қосымша жұмыстарын тануды талап етеді", - дейді Сайран Ержанов.
Сондай-ақ ол сатып алушылармен болған жағдайды құқықтық аяда шешу қажеттігін айтты:
"Біз әрқайсымен кездесуге дайынбыз. Адамдар ресми түрде жүгініп, келісімшарттары мен төлем растамаларын көрсетсін. Өйткені қазір мәселе көп - оның ішінде мәмілелердің қалай ресімделгеніне және пәтерлердің кімнің атына тіркелгеніне қатысты сұрақтар бар. Бұл жағдайдың барлығын әлі де мұқият тексеру керек".
King Development нысан құрылысы жалғасып жатқанын және жоспар бойынша ол 2026 жылдың III тоқсанында пайдалануға берілетінін мәлімдеді.
Қосалқы мердігер
"ИнвестСтройГрупп LTD" қосалқы мердігер компаниясының директоры Булент Гайырдың айтуынша, бас мердігермен жасалған келісімшарт бойынша ол қасбет, терезе және шатыр жұмыстарынан басқа бүкіл тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізген. Алайда атқарылған жұмыс үшін оған ақшамен емес, пәтермен есеп айырысқан. Оның сөзінше, құрылыс жүріп жатқандықтан және мерзімді кешіктірмеу үшін оны тоқтатуға болмайтындықтан, бірде-бір рет төлем жасалмаған. Сондықтан ол жұмысты қаржыландыру үшін пәтерлердің бір бөлігін сатып, тағы бір бөлігін құрылыс материалдары мен техникаға айырбастаған. Тұрғын үй кешенінің құрылысы, оның айтуынша, 2024 жылдың тамызында басталған.
"Қазанда біз төлемдердің қашан басталатынын сұрай бастадық. Бізге Жаңа жылдан кейін болады деп жауап берді. Мен: "Олай болса, пәтер беріңіздер", - дедім. Маған 65 пәтердің тізімін берді. Біз оларды бірден емес, клиент тапқан сайын саттық. Жаңа жылдан кейін де жұмыс ақысы төленбеді. Сонымен қатар бізге әр жолы "келесі айда міндетті түрде төленеді" деп уәде берді. Ол жерде 14 ай бойы жұмыс істедік, осы уақыт ішінде бізге бір тиын да төлеген жоқ. Тек пәтер беріп отырды. Барлығы - 82 пәтер", - дейді "ИнвестСтройГрупп LTD" ЖШС директоры Булент Гайыр.
Булент Гайыр, "ИнвестСтройГрупп LTD" ЖШС директоры. Фото: © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Сондай-ақ қосалқы мердігер пәтерлердің бір бөлігінің сатылуына қатысы жоқ екенін айтып сендірді. Оның айтуынша, компанияда жұмыс істеген заңгер мерзімі өткен сенімхат арқылы компания атынан құжаттарға қол қойған. Соның салдарынан 1,4 миллиард теңге көлеміндегі берешек пайда болған, бұл туралы "ИнвестСтройГрупп LTD" ЖШС директоры тек сот процестері басталғанда ғана білген.
Бұл уақытта заңгер компаниядан жұмыстан шығып кеткен - сұхбат берушінің айтуынша, бұл ЖШС шоттарына бұғат қойылардың дәл алдында болған. Қазір қосалқы мердігер өзі бейхабар болған құжаттарға қол қойылғанын сот арқылы дәлелдеп жатыр.
"Кейде мен құрылыс салушы мен бас мердігерге пәтерлерін өткізу үшін клиенттер тауып беретінмін. Олар сататын, бірақ ақшаның қайда кеткенін білмеймін. Ал бір жылдан соң жұмыстан кеткен заңгер сенімхатпен сол пәтерлердің ақшасын біздің компания алды деген құжаттарға қол қояды. Яғни, мені өзім сатпаған пәтерлердің ақшасын алды деп айыптап отыр. Оған бұрынғы заңгерім қол қойған құжаттар негіз болып тұр, ал ол бұл құжаттарға (атқарылған жұмыс актілері мен келісімдер - ред. ескертпесі) қол қоя алмайтын еді. Сенімхаттың мерзімі өтіп кеткен болатын. Қазір қылмыстық іс жүріп жатыр, сараптама тағайындалды. Сот шешімімен бұл 1,4 миллиард теңге жойылуға тиіс", - дейді Гайыр.
Бұған қоса, ол нысаннан өз еркімен кетпегенін, 2025 жылдың 13 қазанында жаңа күзет қызметі оның жұмысшыларын нысанға өткізбей қойғанын айтты.
Компания басшысы құрылыс қарқынының баяулауын 14 ай бойы, яғни 2024 жылдың тамыз айынан бастап оған ақша төленбегенімен түсіндірді. Оның орнына пәтерлер мен автокөліктер берілген, бірақ оларды сатудан түскен қаражат жұмысты тиісті деңгейде жалғастыруға жетпеген.
"Құрылыс қарқынының баяулағанымен келісемін. Бірақ бұл неге болды? Өйткені 14 ай бойы ақысыз жұмыс істедік. Сатылған пәтерлердің ақшасы жетпеді. Соңғы рет 3 қазанда бас мердігер маған құны шамамен 500 миллион теңге болатын коммерциялық үй-жай бар деп ресми жауап берді. Оны 10 күн ішінде не төлем есебінде маған өткізуге, не сатып, ақшасын беруге уәде еткен. Ал 13 қазанда бізді нысанға кіргізбей қойды, осылайша дау-дамай басталды", - дейді Булент Гайыр.
Cosmic City ТҮК. Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов
Бұл оқиғаның немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Қазір жағдайды құқық қорғау органдары тексеріп жатыр, даудың нүктесін сот қоюы керек. TengriHome редакциясы оқиғаның дамуын бақылауды жалғастырады.
Бірақ бір нәрсе анық: салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер алушылар өте мұқият болуы керек. Кіммен - құрылыс салушымен бе, мердігермен бе, әлде басқа біреумен бе - келісімшарт жасасып жатқанына және компанияның пәтерлерді сатуға құқығы бар-жоғына, сондай-ақ келісімшарттың түріне назар аудару қажет. TengriHome бұған дейін де бірнеше рет сатып алушыларға барынша қорғауды қамтамасыз ететін жалғыз құжат - үлестік қатысу шарты екенін жазған болатын.
Дайындаған: Нұрила Ермекбаева