Ондаған жыл бойы бізде жеке иелік етуші тозығы жеткен кеңестік мұраны қайта жаңғыртуға қауқарлы "тиімді менеджер" деген түсінік қалыптасты. Осыған сүйене отырып, су арналары, бөгеттер мен магистральдық желілер инвестиция, жаңғырту және тәртіп болады деген үмітпен жеке қолға берілді. Іс жүзінде инфрақұрылым тоза берді, тарифтер өсті, ал нәтиже үшін жауапкершілік бұлыңғыр күйде қалды.
2026 жылға қарай Қазақстанда су инфрақұрылымы кімнің қолында болуы керек деген мәселе бойынша пікірталас өрши түсті. Шымкенттегі сумен жабдықтау нысандарының мемлекет меншігіне қайтарылуы, сондай-ақ депутаттардың басқа өңірлердегі жекешелендіру нәтижелерін қайта қарау туралы талаптары қоғамды екіге бөлді.
Tengrinews.kz тілшісі мәселені жан-жақты қарау үшін гидротехниктер мен экологтардан бастап, қауіпсіздік мамандарына дейін сарапшылар пікірін тыңдады.
Бәрі қалай басталды?
Бүгінгі дау-дамайдың мән-жайын түсіну үшін өткенге көз жүгірту керек. Қазақстанда су ресурстарын жеке қолға беру процесі бір реттік науқан емес, ол экономикалық жағдайларға байланысты ондаған жылға созылған стратегия болды. Еліміздегі "суды жекешелендіру" процесін шартты түрде үш негізгі кезеңге бөлуге болады.
1. 1990 жылдар: "жабайы" жекешелендіру дәуірі
Бұл тәуелсіздік алғаннан кейін (1991–1995 жылдар) басталды. Қазақстан Республикасы Президентінің "1993–1995 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ұлттық бағдарламасы туралы" жарлығы шықты. Мемлекет бюджетке түсетін салмақты азайту үшін активтерден жаппай құтыла бастады.
Қалалар мен аудандардың су арналары акционерлік қоғамдарға (АҚ) немесе серіктестіктерге (ЖШС) айнала бастады. Көбіне олар еңбек ұжымдарына беріліп, кейін олар өз үлестерін ірі ойыншыларға қайта сатып жатты. Дәл сол кезде өңірлердегі көптеген ұсақ нысан жеке тұлғалардың қолына өтіп кетті.
2. 2000 жылдар: "тиімді менеджерлер" кезеңі
Бұл кезеңде (шамамен 2001–2010 жылдар) екпін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік пен сенімгерлік басқаруға ауды.
Инфрақұрылым сол кездің өзінде-ақ сыр бере бастаған еді. Жеке инвестор технология мен қаржы әкеледі деп есептелді. Дәл осы жылдары қалалық көптеген ірі су арнасы жеке құрылымдарға түпкілікті бекітілді (біз егжей-тегжейлі қарастыратын Шымкент кейсінің негізі дәл осы уақытта қаланған болатын).
3. 2014–2020: "жекешелендірудің екінші толқыны"
Осы жылдары 2014–2016 және одан кейінгі 2016–2020 жылдарға арналған ауқымды жекешелендіру жоспары іске қосылды.
Мақсат - экономикадағы мемлекет үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне (15 пайыз) дейін қысқарту болды.
Сатылатын немесе басқаруға берілетін тізімге сумен жабдықтау жүйелері мен тазарту құрылғыларын қоса алғанда, тағы да ондаған ТҮКШ нысандары енді.
Неге жоспардағыдай болмады?
Су нысандарын жеке қолға беру 90-шы жылдардағы және одан кейінгі бюджеттегі тапшылықты жою үшін инвестиция тарту тәсілі ретінде ойластырылғанын көріп отырмыз. Алайда іс жүзінде бұл тұжырымдама жүйелі мәселелерге тап болды. Инфрақұрылым көбіне әбден тозғанша пайдаланылды, жеке иелердің жаңғыртуға қаржысы да, ниеті де болмады, ал пайда ұзақмерзімді тәуекелдер ескерілмей алынды. Бұл ел аузында жүрген оқиғаларға әкеп соқтырды.
Қызылағаш қасіреті (2010 жыл)
Бұл стратегиялық нысанға жеке иелік етудің соңы неге соқтыруы мүмкін екендігінің ең қорқынышты мысалы. Қызылағаш су қоймасының бөгеті ауылдық тұтыну кооперативінің меншігінде болған. 2010 жылдың наурызында күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның көп болуынан бөгет бұзылды. Жойқын толқын Қызылағаш ауылын (ол кезде Алматы облысы) жер бетінен жайып жібере жаздады, 45 адам қаза тапты. Кейін тергеу иелерінің суды уақтылы ағызбағанын анықтады. Бұл жағдай жеке тұлғалардың бөгеттерге иелік ету құқығын қайта қараудың бастапқы нүктесі болды.
Шымкенттегі жағдай (2024–2025 жылдар)
Шымкент су арнасын, атап айтқанда "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС-не тиесілі болған екі су алу нысаны мен тазарту құрылғыларын мемлекет меншігіне қайтару көрсеткішті мысал болды.
Табысты деп саналған кәсіпорын инвестициялық міндеттемелерді орындау және тарифтерді қалыптастыру бойынша сынға ұшырады:
- Тарифке су арнасының жұмысына қатысы жоқ шығындар қосылып, бұл тұтынушылар есебінен негізсіз баюға әкеп соқтырған.
- Желілерді жаңғырту бойынша инвестициялық міндеттемелер орындалмады, не қағаз жүзінде қалды, ал инфрақұрылым тоза берді.
- Сонымен қатар сот жекешелендіру процесінің өзінде заңбұзушылықтар болғанын анықтады: миллионды қала үшін су арнасының стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, оның мұндай жағдайда жекеменшік қолда болуы қауіпсіздікке төнген қатер деп танылды.
Мемлекет республикалық маңызы бар қаланы сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін стратегиялық нысанды жергілікті атқарушы органдар бақылауы тиіс екенін сот арқылы дәлелдеді.
Жекеменшік су арналарының ортақ мәселелері
Қазақстанның тағы көптеген өңірінде су арналары жекеменшікте қалып отыр. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің мәліметінше, олардың саны – он. Ол бұл туралы премьер-министр мен бас прокурорға жекешелендірудің заңдылығын тексеруді талап етіп сауал жолдағанда мәлімдеді. Бірақ депутат өз сауалында тек жеті мысалды атап өткен:
- Павлодарда ауыз сумен қамту желілері "Павлодар-Су арнасы" ЖШС-не тиесілі;
- Теміртауда желілердің 100 пайызын "Аква Трейдинг" ЖШС бақылайды;
- Алматы облысының Қаскелең қаласында – "Қаскелең Ж" ЖШС;
- ШҚО-да – "Шығыс Энерго";
- Қарағанды облысының Шахтинск қаласында – "Шахтинск су арнасы" ЖШС және "Новодолинский су арнасы" ЖШС;
- СҚО-да – "Булаев су" ЖШС;
- Алматының Бостандық және Наурызбай аудандарында – "Орхан" ЖШС.
Көптеген өңірде бұл саладағы түйткілдер ұқсас: тарифтер "желілерді жөндеу үшін" жүйелі түрде көтеріледі, бірақ құбырлардың тозуы тек ұлғайып барады, кейбір қалада бұл көрсеткіш 70–80 пайыздық төтенше деңгейге жеткен.
Жеке иелерді жиі "жыртықты жамау" моделін қолданады деп айыптайды: магистральдық құбырларды ауыстырудың орнына, қаражат жергілікті апаттарды жоюға жұмсалады, ал пайданың негізгі бөлігі инфрақұрылымға қайта инвестицияланбай, акционерлер арасында бөліске түседі.
Су - екінші мұнай
2023 жылға қарай елдегі жалпы жағдай мынадай болды:
- Ауыл шаруашылығындағы судың 40 пайызы тесік арналар арқылы құмға сіңіп, зая кетіп жатыр.
- Ел бойынша су шаруашылығы нысандарының орташа тозу деңгейі 60 пайыз және одан жоғары.
- Егер ештеңе өзгермесе, 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12–15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
Бұл ресми деңгейде де мойындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл деректердің барлығын 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында жариялап, былай деді:
"Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес".
Оған дейін елдегі су шаруашылығымен Экология министрлігі құрамындағы шағын комитет айналысатын, кейін жеке Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, оның алдына мынадай міндеттер қойылды:
- Судың "көлеңкелі нарығын" және ұрлануын жою (көбіне жекелеген заңсыз қосылулар мен есепке алынбаған көлемдер жүйеде бейберекеттік тудырады).
- Ел бойынша 20 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын жөндеу.
- Әр литр судың қозғалысын нақты уақыт режимінде көру үшін 3500 шақырымнан астам арнаны цифрландыру.
Айтпақшы, судың "көлеңкелі нарығы" жай ғана айтыла салған сөз емес.
Біздің редакция осы тақырыпта ауқымды зерттеу жүргізіп, бұл көлеңкелі нарықтың қалай жұмыс істейтінін, онда қыруар ақша айналатынын және судың орасан зор көлемде ұрланатынын анықтаған болатын.
Бұған әлемнің әр түкпіріндегі су ресурстарына қатысты жалпы жағдайды да қосу керек. Мысалы, Еуразиялық даму банкі мынадай болжам жасады: егер елдер көзқарасын өзгертпесе, онда 2050 жылға қарай Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия сумен қамтылуы жеткіліксіз аймақтар санатынан су тапшылығы өткір сезілетін аймаққа - жан басына шаққанда жылына мың текше метрден аз (қазір жылына екі мың текше метр) деңгейге өтеді.
Ал сарапшы, Орталық Азияның су ресурстары және климаттың өзгеруі жөніндегі платформасының үйлестірушісі Болат Есекин осыған байланысты мамандардың су мәселесі әлемдегі ең күрделі түйткілдердің біріне айналатынын бұрыннан ескертіп келе жатқанын еске салады.
"Адамзат алғаш рет бұрын-соңды болмаған құбылысқа - жаһандық су айналымының бұзылуына тап болды. Мыңдаған жыл бойы өзендерді, жерасты қабаттарын және мұздықтарды толтырып, дәл механизм сияқты жұмыс істеп келген табиғат бұл процесті тоқтатты. Енді су көп жерде жойқын су тасқындары болып жатса, су жетіспейтін жерде құрғақшылық, аштық пен азық-түлік дағдарысы туындады".
Оның айтуынша, бұл жаһандық проблема жергілікті деңгейдегі шешімдерден туындап отыр. Барлық жерде дерлік бұрынғы дағдылар жалғасып келеді: ауыл шаруашылығы өнімін арттыру және экономиканы өсіру. Ал мұның бәрі су тұтынудың артуына әкеп соғады.
"Біз барлық мемлекеттік бағдарламаларымызда, барлық стратегиялық мақсаттарымызда табиғаттың физикалық шегі бар екенін ескермедік. Сарапшылар 1982 жылғы "Рим клубының" алғашқы баяндамаларынан бастап, егер біз үйреншікті стратегияларымызды - тұтыну көлемін, ЖІӨ-ні, табысты және тағы басқаларды арттыруды жалғастыра берсек, онда олардың болжамы бойынша, 2020-жылдардан бастап күрделі су дағдарысына тап болатынымызды айтқан болатын. Қазір, шын мәнінде, солай болып жатыр", - дейді сарапшы.
Рим клубының болжамы "Өсу шегі": 2025 жыл - жаһандық дағдарыстың бастауы
Осының бәрінен суды басқару мәселесі тек экологиялық немесе таза коммуналдық-әлеуметтік саладан шығып, ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің қатарына өткенін аңғаруға болады.
Бірақ мұндай жағдайда су шаруашылығы нысандарын мемлекет меншігіне алу қажет пе? Жауап іздеу үшін біз сарапшыларға хабарласып, тақырыпты әртүрлі қырынан: жекешелендірудің құқықтық ерекшеліктерінен бастап, экологиялық қауіпсіздік пен ұлттық мүддені қорғауға дейін талқыладық.
"Жеке меншік фактісінен трагедия жасаудың қажеті жоқ"
Су арналарын жеке қолға беру тәжірибесі туралы біз Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Халықаралық су орталығының директоры, профессор және Су ресурстары комитетінде көпжылдық тәжірибесі бар сарапшы Анатолий Рябцевпен сөйлестік.
Сарапшы 2000 жылдардың басында жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандардың қатаң тізімі болғанын (мысалы, Ертіс - Қарағанды арнасы немесе ірі топтық су құбырлары) еске салды. Алайда кейінірек заңнамаға өзгерістер енгізілді.
"Жеңілдіктер жасалып, кейбір су шаруашылығы нысандарын жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Идея мемлекетке салмақ салмау және жеке инвесторларға табысты жұмыс істеуге жағдай жасау болатын. Бірақ мынаны түсіну маңызды: егер адал жұмыс істеп, "шектен шықпаса", су арнасы - өзін-өзі ақтайтын жүйе".
Сарапшы су арналарының жеке меншікте болуы таңғаларлық немесе заңсыз дүние емес екенін, бұл елде жылдар бойы жүргізілген жүйелі жекешелендіру саясатының нәтижесі екенін атап өтті.
Ал жақында Шымкент су арнасын мемлекет меншігіне қайтару төңірегіндегі шуды Анатолий Рябцев былайша түсіндіреді:
"Шымкент су арнасы жеке қолға алғашқылардың бірі болып өтті және жалпы алғанда сәтті жұмыс істеді, тіпті Еуропалық қайта құру және даму банкінен несие алды. Ол жерде қандай да бір қақтығыс болғаны есімде жоқ. Бірақ егер қазір іс сотқа дейін жетсе, демек, компания түзей алмаған қандай да бір елеулі регламент бұзушылықтары немесе техникалық ақаулар туындаған. Мұндай жағдайда жергілікті биліктің нысанды мемлекет меншігіне қайтаруға толық құқығы бар, өйткені мәселе халықты тіршілік көзімен қамтамасыз ету туралы болып отыр".
Жекеменшік иелерін жиі сынға алуға себеп болатын жоғары тарифтер туралы сұраққа Анатолий Рябцев прагматикалық тұрғыдан жауап берді:
"Егер қызмет құны негізсіз өсірілсе, ол үшін монополияға қарсы қызметтер бар. Олардың міндеті - тарифтердің дұрыс қолданылуын қадағалау. Бұл жерде таза мемлекеттік көзқарас болуы керек. Жеке меншік фактісінен трагедия жасаудың қажеті жоқ. Жағдайға объективті қарау керек: егер орындаушы жауапсыз болса және жабдықтау жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндірсе - нысан мемлекетке қайтарылады. Егер адал жұмыс істесе - ешқандай қайшылық жоқ".
Сонымен қатар профессор Алматы деңгейіндегі мегаполистерде тозған желілерді толық ауыстыру сияқты ауқымды міндеттерді жеке компаниялардың жалғыз өзі атқаруы екіталай екенін мойындайды. Сондықтан ірі қалаларда су арналары коммуналдық меншікте қалып, біршама тұрақты жұмыс істеп тұр.
"Бизнеске пайда, ал өзенге экологиялық минимум маңызды"
Су экожүйелері жөніндегі сарапшы, PhD Арман Өтепов су ресурстарын басқаруға жеке капиталдың қатысуына неғұрлым сыни көзқарас білдіреді. Оның пікірінше, саланың ерекшелігі классикалық бизнестің логикасына түбегейлі қайшы келеді.
Экологтың жеке иелік етушілерге айтар басты шағымы - олардың бірден пайда әкелмейтін нысандарды күрделі жөндеуге қаржы салғысы келмейтіндігінде.
"Жеке меншік иесі пайданы осы жерде және қазір алғысы келеді. Ол ескі кеңестік бөгеттерді жөндеуге немесе арналарды тазартуға қыруар қаражат жұмсауға ниетті емес, өйткені бұл шығындар бірден ақталмайды. Салдарынан инфрақұрылым апаттық жағдайға жеткенше әбден тозады".
Бірақ Арман Өтепов өндірістік немесе ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін экологиялық нормаларды елемеуді ең қауіпті жайт деп атайды. Ол Су кодексіне (Қазақстанда 2025 жылы қабылданған) сілтеме жасайды, онда "экологиялық жіберу" ұғымы бар - бұл өзен экожүйесін сақтау үшін онда қалуы тиіс судың ең төменгі көлемі.
"Жеке иелік етушілердің ішінен өзенде "экологиялық минимумды" ерікті түрде қалдыратындар некен-саяқ. Олар үшін алқаптарды суару немесе зауытты қамтамасыз ету маңыздырақ. Мұндай координаттар жүйесінде экология әрқашан соңғы орында қалады", - деді ол.
Арман Өтепов Су ресурстары және ирригация министрлігінің активтерді шоғырландыруға бағытталған қазіргі трендін қолдайды. Оның пікірінше, бөгеттердің жай-күйі мен судың нақты қоры туралы біртұтас көрініс болмайынша, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Дегенмен сарапшы толық мемлекет меншігіне өткізуді емес, серіктестіктің жаңа моделін ұсынады.
"Менің пікірімше, стратегиялық магистральдық желілер мен ірі су қоймалары тек мемлекеттік меншікте болуы тиіс. Жеке секторға ТҮКШ саласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік үлгісі бойынша тек сервисті - қызмет көрсетуді, есептегіштер орнатуды, тазарту технологияларын беруге болады. Бірақ судың өзіне билік ету құқығын ешбір жағдайда беруге болмайды. Жеке кәсіпкер келіп, арнаның нақты бір учаскесін қалпына келтіруге инвестиция салып, 10–15 жыл бойы тариф арқылы шығынын қайтара алады, бірақ ол ресурстың қожайыны болмауы тиіс".
Су арнасы нысанада
Келесі спикеріміздің мәселеге көзқарасы бұдан да радикалды әрі алаңдатарлық, ол есімін жарияламауды өтінген құқық қорғау органының қызметкері. Сұхбат беруші стратегиялық инфрақұрылымның жеке қолда болуы қауіпсіздіктегі үлкен саңылау екеніне сенімді.
"Кез келген су арнасы - режимдік нысан. Бірақ жеке меншік иесі кәсіби күзет пен заманауи қорғаныс жүйелеріне өз қалтасынан қыруар қаражат салмайды. Бизнес үшін бұл пайда әкелмейтін "артық шығын". Салдарынан стратегиялық нысанға іс жүзінде кез келген дайындығы бар адам кіріп кете алатын жағдайға тап боламыз", - дейді спикер.
Құқық қорғау органы қызметкерінің пікірінше, сумен жабдықтау нысанындағы диверсия миллион тұрғыны бар қаланы кез келген басқа оқиғадан тезірек тұралатып тастауы мүмкін. Бұл жерде мәселе тек сорғы станцияларын физикалық түрде жарып жіберуде емес.
"Зардабы орасан зор болуы мүмкін. Бұл жай ғана судың уақытша өшуі емес. Биологиялық, химиялық немесе тіпті радиациялық ластану сценарийлері бар. Жүйеге қауіпті бактериялардың спораларын немесе улы заттарды тастау жеткілікті, сонда тек су емес, коммуникациялар, құбырлар мен резервуарлардың өзі де уланады. Мұндай жүйені тазарту мүмкін емес, бұл есептеуге келмейтін шығын", - деп ескертеді ол.
Күш құрылымдарының өкілі үшін қорытынды біреу: қауіпсіздік өзін-өзі ақтаудан жоғары, сондықтан қазіргі сын-қатерлер жағдайында халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді бақылау тек мемлекеттің құзыретінде болуы тиіс.
Қорытынды
Жеке қолдағы су арналары, бөгеттер мен желілерге қатысты жағдай мынаны көрсетеді: су - тек пайда тұрғысынан қарауға болмайтын ресурс.
Бұл ретте мұндай нысандардың жеке меншікте болуының өзі мәселе емес, мемлекеттік меншік нысаны да тиімділіктің кепілі бола алмайды. Мәселе, экономика, экология, тіпті адам өмірі тікелей байланысты стратегиялық ресурсты нақты кімнің және қандай шарттармен бақылайтынында.
Шымкент су арнасының мемлекет меншігіне қайтарылуы Қазақстанда мұндай нысандарды басқарудың бұрынғы моделі қайта қаралып жатқанын көрсетті. Бірақ бұл су саласындағы бүкіл жекешелендіруді жүйелі түрде қайта тексерудің бастауы бола ма, әлде жекелеген шара болып қала ма, әзірге белгісіз.
Бір анығы, су тапшылығы артып жатқан жағдайда, меншік туралы дау шаруашылық деңгейінен шығып, ұлттық қауіпсіздік деңгейіне ауысады.
Авторы: Юлия Колмогорова
Дайындаған: Айнұр Қапышова


