Қазіргі жастардың көбінде қамқор ата-анасы, жайлы кофеханада отырып қашықтан істейтін жұмысы, жеке психотерапевті бар, ойын-сауық контент ағыны шексіз. Соған қарамастан, жастардың көбі айналаға селқос қарайды, романтикалық қарым-қатынасқа түспейді, бала кезден-ақ антидепрессанттар қабылдайды. Олардың ата-анасы мен ата-әжесі өздерін бұл жаста басқаша еске алады: аш болса да көңілді, шын жүректен ғашық болып, көктем келгеніне қуанатын.
Неге алдыңғы буынның "аштықтағы жастық шағы" қазір салыстырмалы түрде қолайлы жағдайда өмір сүретін жастарға қарағанда көңілдірек болды, қазіргі жастар неге өмірге қуана білмейді? Tengrinews.kz тілшісі бұл сұраққа мәдениеттанудан бастап нейробиологияға дейінгі түрлі сала сарапшыларымен бірге жауап іздеп көрді.
Анықтама: Ұрпақтар теориясы - танымал, бірақ даулы тұжырымдама. Ол адамдарды олардың өскен тарихи контекстіне байланысты ортақ құндылықтары мен мінез-құлық ерекшеліктеріне қарай жас топтарына бөледі: Z буыны немесе зумерлер - шамамен 1997–2012 жылдары туғандар; миллениалдар - шамамен 1981–1996 жылдары туғандар; олардың алдында X буыны (шамамен 1965–1980), ал зумерлерден кейін - Alpha буыны. Бұл ретте, туған жылдар шекарасы дереккөзге байланысты өзгеретінін және бұл теория жиі сынға ұшырайтынын ескеру маңызды: зерттеушілер оның адамдарды тым жалпылама көрсететін, ұрпақ ішіндегі айырмашылықтарды елемейтінін және жиі мінез-құлық ерекшеліктерін "ұрпақ тәжірибесімен" түсіндіріп, шын мәнінде табыс деңгейі, ел, орта және өмір кезеңі сияқты факторларды ескермейтінін айтады.
Ұрпақтар теориясы даулы болғанымен, ақпараттық кеңістікте берік орнықты - әлеуметтік желілер мен БАҚ-та күн сайын жастар мен олардың ата-анасын салыстыратын контент пайда болады. Сондықтан бұл шағын зерттеуде психологиялық және әлеуметтік мәселені қарастыра отырып, осы жіктеуге сүйенеміз.
Жастар өз мұңы туралы не дейді?
Белсенді зейнеткер Марал Әйкенова үнсіз алаңдап отырмай, бұл мәселені Threads әлеуметтік желісінде қоғам талқысына шығарды.
"Менің таныстарымның арасында 2000 жылдары туған ұлдары барлары көп. Барлығы дерлік үйленбейді, достаспайды, серуенге шықпайды. Олардың режимі "жұмыс - үй". Неге бұлай болып жатыр? Мүмкін сол жылдары психикаға әсер еткен бір нәрсе болған шығар? Неге қазіргі жастар әдемі, білімді, жағдайы жақсы бола тұра жиі бақытсыз болып көрінеді?".
Жазба төрт жүзден астам пікір жинады.
Ерекше пікірлерді таңдап алдық. Жастардың өзі "зумерлік мұңын" былай түсіндіреді:
Тірек жоқ, болашақ бұлыңғыр: "Ата-анамыздың жолы түсінікті болды: мектеп, институт, жұмыс, пәтер. Бізде шексіз таңдау бар, бұл тұралатады. Сен кез келген адам бола аласың, бірақ соңында кім екеніңді түсінбей қаласың".
"Арзан" дофамин: "Біз әсерге тойып кеттік. Мен бір кештің ішінде телефон арқылы әжелеріміз бір жылда сезінген эмоцияларды бастан кешіремін. Ми ашып кетті, енді күннің батуы немесе серуен сияқты қарапайым нәрселер қуантпайды".
Көп ішіндегі жалғыздық: "Threads-та менің мыңдаған пікірлесім бар, бірақ жұма кешінде бірге кофе ішетін адам жоқ. Біз шынайы байланыс құруды ұмыттық, өйткені желіде бәрін өшіруге немесе бұғаттауға болады, ал өмірде тірі, күрделі адаммен бетпе-бет келуге тура келеді".
Табыс қысымы: "Күн сайын лентада 19 жастағы миллионерлерді көремін. Егер сен 20 жаста стартап ашпасаң, өмірде ұтылғандай көрінесің. Осы "табысты табысқа" деген шексіз жарыс кез келген сәттен ләззат алу қабілетін жояды".
Көпшілігі бетпе-бет тілдесуге уақыт жетпейтінін айтады:
"2003 жылы туғанмын. Кесте "жұмыс - үй", баспанаға ақша табу үшін тағы не істеуге болатынын қатар жоспарлап жүресің. Жұмыстан кейін үйде мені 3D саласы/ағылшын тілі бойынша 2–3 сағат оқу күтеді, одан кейін 1–2 сағат гитарада ойнап, ұйықтар алдында 15–30 минут жаттығу жасаймын. Күніне бір-екі сағат компьютер ойнаймын. Барлығы көңіл-күйге байланысты өзгеріп отырады. Неге бұлай екеніне келсек: дағдарыс; талап жоғары; некенің қадірі кетті; өмірге жоспар құру мүмкін емес".
Зумерлердің жауаптарына қарағанда, олардың "мұңы" мен тұйықтығы артық жүктемемен байланысты - цифрлық, эмоционалдық және әлеуметтік: "табысты табыс" культі, үнемі салыстыру және бәріне бірден үлгеру керек деген сезім.
Мәселені тереңірек түсіну үшін сарапшыларға жүгіндік.
Зумерлер - норманың ауытқуы ма?
Мәдениеттанушы Самир Серкебаев "кез келген мәдени құбылысты ең алдымен экономикалық өзгерістер контексінде қарастыру керек" дейді. Бұл "ұрпақтар қақтығысына" да қатысты.
Оның айтуынша, зумерлердің балалық және жастық шағы салыстырмалы түрде қолайлы кезеңге 2000 жылдардың екінші жартысы мен 2010 жылдардың бірінші жартысына тұспа-тұс келді.
"Бұл - экономикалық өсім, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, интернеттің кеңеюі кезеңі. Шетелге саяхаттау қолжетімді бола бастады. Ең маңыздысы дәл осы уақытта зумерлердің ата-анасы отбасылық капиталдың негізін қалады: пәтер, жер учаскесі, көлік сатып алды", - дейді мәдениеттанушы Самир Серкебаев.
Самир Серкебаевтың пікірінше, мәселе ұрпақтың мінезінде емес, олардың бала кезден қалыптасқан әлем бейнесінде.
Зумерлер "алтын дәуірдің" балалары. Олармен бірге экономика да өсті.
"Олар үшін материалдық қауіпсіздік пен жеке жайлылық мақсат емес, бастапқы алаң. Олар әлем ашық, қауіпсіз, ал жеке кеңістік әрқашан "қоғамдық міндеттен" маңызды деген сезіммен өсті", - дейді мәдениеттанушы.
Сурет нейрожелі көмегімен жасалған
Сондықтан алдыңғы буынның ұстанымы - "материалдық мобилизация". Қазіргі зумерлердің ата-анасы ертең бәрі құнсызданып кетуі мүмкін екенін біліп өскен, сондықтан олар кез-келген жағдайда қайта бастауға дайын. Олар үшін жұмыс - күн көру, ал күйзеліске уақыт жоқ.
Ал зумерлер үшін норма - тұрақтылық. Олар күн көруді емес, таңдау жасауды үйренді. 2020 жылдан бастап әлем шайқала бастағанда, олар бұған дайын болмай шықты. Оларда миллениалдардың түйсігінде қалыптасқан дағдарысқа қарсы иммунитет жоқ.
"Миллениал үшін жай ғана базалық қажеттіліктерді жабу - бұл жеңіс әрі қуаныш. Ал зумер үшін - бұл жалықтыратын нәрсе, ол экзистенциалды мұңнан құтқармайды", - дейді Серкебаев.
Оның пікірінше, жастарды сұранысы жоғары деп айыптау дұрыс емес. Олар тым көп нәрсені қаламайды, керісінше олардың ата-анасы азға қанағат қылуды үйренген.
Олардың мұңын теріс бағалау - бұрмалау. Сарапшының айтуынша, ата-ана оларға өздерінің ескірген күн көріс нормасы призмасынан қарайды, ал жастар болса әлемнің өздерінің жоғары қауіпсіздік стандарттарына сай келмей қалғанынан шынайы түрде қиналады.
Қазіргі жастар расында депрессивті ме?
Бірнеше адам "цифрлық шамадан тыс жүктеме" туралы пікір жазды. Жаңа әлем жаңа буынның психикасына қалай әсер етті? Бұл сұрақты дәрігер-психиатр Нуритдин Абдуллаевқа қойдық.
"Кейінгі жылдары ғылыми әдебиет пен медиада мұңлы буын феномені - Z буыны (шамамен 1995–2000 жылдан кейін туған адамдар) жиі талқыланады. Көптеген елдегі дәрігерлердің клиникалық бақылауы расында сәйкес келеді: жастар психологиялық және психиатриялық көмекке жиі жүгінеді, антидепрессанттарды жиі қабылдайды және үрей, жалғыздық пен өмірдің мәні жоғалғаны туралы жиі айтады. Алайда бұл күрделі әрі көп факторлы феномен екенін түсіну маңызды", - дейді дәрігер-психиатр Нуритдин Абдуллаев.
Дәрігердің айтуынша, көптеген эпидемиологиялық зерттеу жастар арасындағы психикалық бұзылыстардың өскенін растайды. Кейбір деректерге тоқталсақ:
- Гарвард білім беру мектебінің сауалнамасы 18–25 жас аралығындағы жастардың шамамен 29 пайызы депрессия туралы, ал 36 пайызы айқын үрей туралы хабарлағанын көрсетті, бұл сол зерттеудегі жасөспірімдер көрсеткішінен шамамен екі есе жоғары.
- Психикалық денсаулық бойынша ірі ұрпақаралық зерттеуде Z буынында миллениалдармен, X буынымен және бумерлермен салыстырғанда үрей мен депрессия симптомдарының таралуы ең жоғары екені анықталды.
- Сонымен қатар, жаһандық деректердің метаанализі кейінгі 20–30 жылда, әсіресе 2000-жылдардан кейін, жасөспірімдер мен жас ересектер арасында депрессия жағдайлары айтарлықтай өскенін көрсетеді.
Бұл деректер қазіргі жастар расында мұңлы деген әсер қалдырады. Алайда мұны түсіндіруде сақ болу қажет, дейді дәрігер-психиатр. Оның айтуынша, бұл құбылысты түсіндіруге тырысатын бірнеше психологиялық теория бар.
1. Цифрлық орта және әлеуметтік желілер теориясы.
Ең көп талқыланатын түсіндірмелердің бірі - өмірдің толық цифрлануы. Жастар өзін үнемі басқалармен салыстыру, лайк пен виртуалды бағалау ортасында өсті. Әлеуметтік желілер толыққанды еместік сезімін, әлеуметтік үрей және FOMO-ны (fear of missing out - бір нәрсені өткізіп алу қорқынышы) күшейтеді.
2. Әлеуметтік оқшаулану теориясы.
Онлайн гиперкоммуникацияға қарамастан, шынайы әлеуметтік байланыс әлсіреді. Көптеген зерттеу жастар арасында жалғыздықтың өскенін көрсетеді. COVID-19 пандемиясы бұл факторды одан әрі күшейтті, ал кейбір елде одан кейін жасөспірімдер мен жастар арасында антидепрессанттарды қолдану да артқан.
3. Экзистенциалдық белгісіздік теориясы.
Жастар жоғары белгісіздік жағдайындағы әлемде өмір сүреді: климаттық дағдарыс, экономиканың құбылуы, технологиялық өзгерістер. Көпшілігінде болашақтың тұрақсыздығы және өмірлік бағдардың жоқтығы сезімі пайда болады.
4. Диагностикалық көрініс теориясы.
Кейбір зерттеушілер депрессияның артуы ішінара диагноз қоюдың жақсаруымен және стигманың азаюымен байланысты деп санайды. Қазіргі жастар мамандарға жиі жүгініп, психикалық қиындықтар туралы ашық айтады, ал алдыңғы буындарда диагноз қойылмай қалуы мүмкін еді.
5. Жеке шекара мен өзін-өзі түсінудің дамуы теориясы.
Позитивті түсіндірме де бар. Z буыны психологиялық рефлексиясы дамыған буын ретінде ерекшеленеді. Жастар өзнің эмоциялық жағдайын жақсы түсінеді, психикалық денсаулықты жиі талқылайды және жеке шекараға көбірек мән береді.
Сурет нейрожелі көмегімен жасалған
Қарым-қатынас пен либидо - бөлек мәселе
Расында, кейінгі жылдардағы әлеуметтік зерттеулер жыныстық белсенділіктің төмендеуін және қарым-қатынастың кеш басталуын көрсетеді, дейді психиатр. Бұл бірнеше фактормен түсіндіріледі:
- шынайы танысудың орнына цифрлық қарым-қатынастың көбеюі;
- үрейдің артуы;
- экономикалық және өмірлік белгісіздік;
- қарым-қатынаста эмоционалдық қауіпсіздікке қойылатын талаптардың жоғары болуы.
Алайда бұл міндетті түрде патология емес. Кейбір жағдайда бұл биологиялық либидоның төмендеуімен емес, мәдени нормалардың өзгеруімен байланысты.
Қорытындылай келе, Нуритдин Абдуллаев Z буынын жай ғана мұңлы деп атау дұрыс емес екенін айтады. Керісінше, олар сезімтал, саналы және психикалық денсаулықты талқылауға ашық.
"Парадокс мынада: дәл осы ашықтық жаппай депрессия әсерін тудыруы мүмкін. Бүгінгі жастар өз сезімдері туралы жиі айтады, бәлкім, бұл сезімдерін алдыңғы буындарға қарағанда жеңе білуге алғашқы қадам", - деп қорытындылады дәрігер.
"Цифрлық дофаминдік шұңқыр": мұңлы буын және мидың биохимиясы
Ал цифрлық әлем осы шынайылықта өскен жастардың миы мен көңіл күйіне қалай әсер етеді? Tengrinews.kz тілшісі бұл сұрақты нейробиология магистрі әрі нейропсихолог Бибигүл Құшалиеваға қойды:
"Зумерлер - ең депрессивті буын деген пікір бар. Олар сирек ғашық болады, жиі мұңаяды. Бұған себеп нейробиология мен гаджеттерге тәуелділік болуы мүмкін бе? Бұл дофамин жүйесін әлсіретіп, "дофаминдік шұңқыр”"тудырады дейді".
"Ғылыми әдебиетте "дофаминдік шұңқыр" деген ұғым жоқ, бірақ нақты процесс бар - дофамин жүйесінің "баяу" ләззат түрлеріне сезімталдығының уақытша төмендеуі. Бұл идея "мұңлы буынның" жағдайын дәл сипаттайды", - нейробиология магистрі, нейропсихолог Бибигүл Кушалиева.
- TikTok немесе Reels-тағы қысқа видеолар жиі ауысып отыратын сыйақы режимін қалыптастырады. Бұл қағида ойын автоматтарында қолданылатын жүйеге өте ұқсас: әр жаңа видео күлкілі, күтпеген немесе эмоцияға толы болуы мүмкін. Бұл мидың сыйақы жүйесін белсендіреді. Ынта осылай жиі - әр 30–90 секунд сайын келсе, ми бейімделе бастайды.
- Мұндай бейімделу неге әкеледі?
- Гедонистік бейімделу құбылысы пайда болады. Қандай да бір қызығушылықты сезіну үшін миға одан да көп жаңа және жылдам ынта қажет болады. Сондықтан оқу, кітап оқу, терең әңгіме немесе қарама-қарсы жыныспен қарым-қатынас зумерлерге тым баяу әрі қызықсыз болып көріне бастайды. Цифрлық "дауылдан" кейін миға қалыпты режимге қайта оралу қиын. Қарапайым серуен немесе медитация бұрынғыдай ләззат бермейді, өйткені сыйақы жүйесінің сезімталдығы төмендейді.
- Шексіз лентаны ақтару ұзақ мерзімді мақсаттарға шоғырлану қабілетін "жойып жібереді" деген рас па?
- Цифрлық орта шоғырлануды төмендетеді деуге негіз бар. Фокус, өзін-өзі бақылау және жоспарлау үшін мидың префронталды қыртысы - маңдай бөлігі жауап береді. Ал қысқа контент керісінше режимді жаттықтырады: жылдам ауысу және жаңа "доза" іздеу.
Зерттеулер әлеуметтік желілерді белсенді қолдану тұрақты назар уақытының қысқаруымен байланысты екенін көрсетеді. Бірақ бұл мидың зақымдануы емес, оның бейімделуі екенін түсіну маңызды. Нейропластикалылық деген қасиет бар: ми ортаға бейімделеді. Егер сіз оны жылдам ынтаның хаосына бағыттасаңыз, күрделі мәтінді оқу немесе ұзақ жобамен айналысу өте қиын болады.
- Зумерлерді антидепрессанттарды жаппай және ашық түрде қабылдайтын алғашқы буын деп атайды. Бұл расында негізді ме, әлде жай сән бе?
- Бұл өте терең сұрақ. Зумерлер шынымен де жиі көмекке жүгінеді және бұл олардың миллениалдардан айырмашылығы, өйткені олар "шыдау керек" және "өзім шешемін" деген парадигмада өмір сүрді. Z буыны бұл туралы ашық айтқандықтан, бәрі дәрі ішіп жатқандай әсер қалыптасады.
Қазіргі антидепрессанттар серотонин жүйесіне әсер етеді. Көптеген науқаста олар қуанышты "сөндірмейді", керісінше оны сезіну қабілетін қалпына келтіруге көмектеседі. Иә, кейбір адамда "эмоционалды тұйықталу" әсері болады, яғни сезім әлсіздеу болады, бірақ бұл доза мен препаратқа байланысты. Жалпы алғанда, сәтті ем керісінше эмпатия мен әлеуметтік қарым-қатынасқа мотивацияны арттырады.
Сурет нейрожелі көмегімен жасалған
- Смартфондағы үздіксіз хабарламалар ұзаққа созылатын стресс тудырады деген теория бар. Ми телефон дыбысына "ұр немесе қаш" қаупі сияқты жауап береді деген рас па?
- Хабарламалар бізге бақылау иллюзиясын береді. Смартфон дыбыс немесе діріл шығарғанда, ми оны белгісіздік сигналы ретінде қабылдайды. Алғашқы секундтарда біз оның не екенін білмейміз, бұл бағдарлау рефлекстерін іске қосады. Психика сезімтал жүйке жүйесінің белсенділігін сәл арттырады.
Егер мұндай хабарламалар күніне жүздеген рет келсе, адам шынымен де тұрақты үрейлі дайындық күйінде болады. Бұл - терең шоғырлануға кедергі келтіретін және фондық үрейді ұстап тұратын микрострессорлар.
- Бұрын қуаныш "окситоциндік" болды - бірге отырып, гитара ойнау, орта, бетпе бет жүздесу. Ал қазір ол "дофаминдік" - жеке және цифрлық деген теория бар. Мұнда мұңның бір себебі болуы мүмкін бе?
- "Дофамин окситоцинге қарсы" идеясы қарапайымдандырылған, бірақ онда шындық бар. Дофамин - жаңашылдықты іздеу және күту. Окситоцин - жақындық, сенім және қауіпсіздік. Бетпе бет жүздесу мен бірлескен әрекет окситоцин жүйесін күшті белсендіреді.
Цифрлық өзара әрекет тез дофамин береді (лайк, қаралым), бірақ терең эмоционалды байланыс қалыптастырмайды. Біз терең байланыстан жылдам жеке ынтаға ауысып кеттік.
- Демек, технологиялар бізді бақытсыз ете ме?
- Дәл солай деп айтуға келмес. Олар тек ләззат алу тәсілдерін өзгертеді. Бірақ зумерлер ақпараттық шамадан тыс жүктеме дәуірінде туғанын, пандемия олардың ең маңызды жасөспірім кезеңінде әлеуметтік байланыстарын шектегенін, сондай-ақ климаттық және экономикалық үрей қысымы бар екенін ұмытпау керек. Мұның бәрі кортизолға әсер етеді.
Әңгіме соңында нейробиолог Бибигүл Құшалиева эмоционалды әл-ауқат әлі де қарапайым нәрселерден тұратынын еске салады: сапалы ұйқы, физикалық белсенділік және терең қарым-қатынас.
"Цифрлық әлем - жүйенің тек бір бөлігі, біз онымен шынайы сезімдермен байланысты үзбей жұмыс істеуді үйрене аламыз".
Қорытынды
Зумерлердің мұңы әлсіз буынның белгісі ме, әлде жаңа шынайылықтың заңды нәтижесі ме? Талдау көрсеткендей, нақты бір жауап жоқ. Біз бірден бірнеше фактордың қабаттасуына тап болдық:
- өсу ерекшеліктері,
- өткен пандемия,
- одан кейінгі экономикалық өзгерістер,
- мидың жұмысын қайта құрған цифрлық орта.
Миллениалдар "материалдық мобилизация" үшін мүмкіндік көрген жерде, зумерлер артықшылық пен мағынасыздықты көреді. Нейробиология нақты әлем цифрлық әлемнен жылдамдық пен әсердің айқындығы жағынан ұтылған кезде, психика міндетті түрде апатиямен жауап беретінін растайды. Бәлкім, "зумерлік мұң" - бүкіл қоғам үшін цифрлық тұтыну мен өмірді шынайы сезіну арасындағы тепе-теңдікті қайта қарау қажет екенінің белгісі.
Зумерлердің менталдық денсаулық мәселелеріндегі ашықтығы олардың басты әлсіздігі әрі басты күші. Олар "шыдау және үндемеуден" бас тартып, депрессияны ашық етті.
Алдыңғы буындар өмір бойы күн көруді үйреніп, "негізгі қажеттіліктер" үшін сезімдерін кейінге ысырып келді. Ал зумерлер көптеген қажеттілігі қанағаттандырылған әлемде туып, "мұның бәрі не үшін?" деген ең күрделі сұрақпен бетпе-бет қалды.
Бәлкім, оларға бір-бірінен үйрену керек шығар. Миллениалдар - саналы болып, "маған қиын және бұл қалыпты" деп мойындаса, ал зумерлер - кейде хабарламаларды өшіріп, смартфонды шетке қойып, Wi-Fi аймағы аяқталатын жерде де өмір бар екенін есіне түсірсе...
Мақала авторы: Юлия Колмогорова
Дайындаған: Айнұр Қапышова