Шыңғыс хан 1154 жылы, доңыз жылы моғол ішінде Блунилдық деген жерде туыпты. Туғанда бір қолы жұмулы болған соң, кіндігін кескен қатын ашып қараса, уысында қан бар екен, соны ақсақалдар естіп, «көп ел болып, зор хан болып, көп қан төгеді екен» деп болжам қылыпты. Ақырында сонысы дұрыс келді. Бұл Шыңғыс ханның алған жерін, қылған ісін түгел айтуға бір үлкен кітап болады. Бір шеті қытай, бір шеті араб, барша Азиядағы жұртты түгел алып, Европаның да бергі шетін алды. Осы Шыңғыс тауында хан көтеріліп, Хақан, яғни хандардың ханы атанып, үлкен хан болғаны - 1203 жылы болса керек. Парсы жағын алып, қайтарында Бұхарадан молда әкелдіріп, дін жайын сұрап, өзгенің бәріне «дұрыс» деп, қаж жайын сұрағанда «жердің жүзінің бәрі құдайдың үйі болса керек, ондай бір ғана жерді құдайдың үйі демек дұрыс емес» деп, молдаларға сый беріп қайырды.
Шыңғыс хан 1154 жылы, доңыз жылы моғол ішінде Блунилдық деген жерде туыпты. Туғанда бір қолы жұмулы болған соң, кіндігін кескен қатын ашып қараса, уысында қан бар екен, соны ақсақалдар естіп, «көп ел болып, зор хан болып, көп қан төгеді екен» деп болжам қылыпты. Ақырында сонысы дұрыс келді. Бұл Шыңғыс ханның алған жерін, қылған ісін түгел айтуға бір үлкен кітап болады. Бір шеті қытай, бір шеті араб, барша Азиядағы жұртты түгел алып, Европаның да бергі шетін алды. Осы Шыңғыс тауында хан көтеріліп, Хақан, яғни хандардың ханы атанып, үлкен хан болғаны - 1203 жылы болса керек. Парсы жағын алып, қайтарында Бұхарадан молда әкелдіріп, дін жайын сұрап, өзгенің бәріне «дұрыс» деп, қаж жайын сұрағанда «жердің жүзінің бәрі құдайдың үйі болса керек, ондай бір ғана жерді құдайдың үйі демек дұрыс емес» деп, молдаларға сый беріп қайырды.
Шыңғыстың төрт баласы - Жошы, Шағатай, Үгедей, Тулы. Шыңғыс хан тірі күнінде елді төртеуіне бөліп беріп, бәрінің үстінен Үгедейді хақан қойды. Сонда қырғыз, қазақ, сарт, ноғай - барша татар аталары Жошы менен Шағатай қол астында болған.
Жошының үлкен баласы - Орда, оның лақап аты Ежен еді. Бұл қалмақ хандарының атасы болса керек, оның мәнісін білмеймін. Бірақ Еженнің бір баласы - Толу, оның баласы - Аяшы, оның баласы - Ғазан хан. Жошының екінші баласы - Батухан (лақап аты Сайын) 1227 жылы Шыңғыс тірі күнінде Жошының орнына хан болды. Мұның орыс жұртын қаратып алғаны 1243 жылы еді. Батудың төрт баласы - Мөңгөтемір, Сыртақ, Ұлақшы, Тоқан. Тоқанның баласы - Тодамөңге. Мөңгетемірдің баласы - Тоғрул, оның баласы атақты Өзбек хан өзі де мұсылман болып, халқын да мұсылман қылып, сонда Жошы ұлысы өзбек атанды.
Оның баласы - Жәнібек, бұл да жақсы хан болды. Мұның баласы Бердібек хан болған соң «хандық өз тұқымыма қалсын» деп, туысқан жақындарын өлтіре беріп, аяғында өзі де екі жылға толмай өлді. Бату нәсілінің хандығы жоғалды. Сол себептен «нар мойыны Бердібекте кесілді» деген мақал сол. Жошының үшінші баласы - Бөрге оғлан. Шыңғыс нәсілінен де бұрын мұсылман болған осы еді, Береке хан атанып еді. Бірақ халқы мұсылман болмаған соң, Өзбекке шейін мұсылмандық жоғалып еді. Бұл Берге хан 1266 жылы өлді.
Жошының төртінші баласы - Тоқайтемір, біздің қазақ осының қол астында болған және Әбілмансұр Абылай ханның арғы атасы осы еді. Тоқайтемірдің төрт баласы - Мөңгөтемір, Тодамөңгө, Урантемір, Өзтемір. Мөңгөтемірдің баласы - Тоқтағу. Өзтемірдің үш баласы - Қожа, Сарижа, Абай. Қожаның баласы - Бадақұл, оның баласы - Арыс хан, оның екі баласы - Темірмәлік хан, Құйыршық хан. Темірмәліктің үш баласы - Бекболат, Темірқұтты, Шадибек. Темірқұттының екі баласы - Болат хан, Темірхан. Бұл Темірдің лақап аты - Үлұғмұхамедхан, біздің қазақ Ормамбет хан дейді. Бекболат, Шадибек һәм Темірқұттының нәсілі - Ноғай хандары. Жоғарғы Құйыршық ханның баласы - Барақ хан. Оның екі баласы - Дәруиш һәм Абусағид хан. Әз Жәнібек хан аталған осы Абусағид еді. Қазақты ертіп алып Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан Әз Жәнібек осы еді. Мұның тоғыз баласы - Иранчы, Махмұт, Қасым хан, Айтек, Жаныс, Қамбар, Тәтіш, Үсек, Жәдік. Осы айтылған Қасым хан біздің қазақта «Қасым ханның қасқа жолы» деген бітім жолын шығарған хан еді. Мұның баласы - Сығай хан, екі баласы - Тәуекел хан, Ондан. Бұл Оңданның баласы - Қайнар кішік, оның баласы - Бекей, оның баласы - Хұдайменде, оның баласы - Тұрсын, оның баласы - Кіші Барақ («Қырық сан Барақ хан» деген, Абылайдан соңғы хан болған осы). Оның балалары - Сығай, Дайыр, Қанбаба, Бөкей хан, Маман, Қанғожа. Осы айтылған Бөкей ханның тоғыз баласы бар - Шыңғыс, Есім, Уали, Тауке, Батыр, Сұлтанғазы, Әбілғазы, Көксал, Әбілмамбет. Осы айтылған Батырдың бір баласы - Мырзатай, оның бір баласы - Нұрмұхамед, оның баласы - Әлихан Бөкейханов.
Жоғарғы айтылған Сығай ханның бір баласы - Тәуекел хан, оның баласы - Есім хан. Қазақтың «еңсегей бойлы ер Есім» дегені осы хан еді және Тұрсын Мұхамед ханды өлтіріп Қатағанды шапқан осы еді. Оның екі баласы - Сұлтанбет, Жаһангер хан. Сұлтанбеттің баласы - Орыс, оның баласы - Тәтен, оның баласы - Қанғожа, оның баласы - Арғынғазы. Жоғарғы Жаһангер ханды біздің қазақ Салқам Жәңгір дейді. Оның екі баласының бірі - қалмақ ханның қызынан туған әз Тәуке хан және бірі - Ғайып ханның қызынан туған Уалибақи. Салқам Жәңгірдің орнына әз Тәуке хан болғанда Уалибақи өкпелеп, Үргеніштегі нағашысы Ғайып ханға кетеді. Әз Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген бітім жолды шығарған осы еді. Әз Тәукенің екі баласының бірі - Әбілқайыр хан және бір баласы - Болат хан. Оның екі баласы - Сәмеке, Әбілмәмбет. «Ақтабан шұбырындыда» орта жүзге Сәмеке хан еді, ұлы жүзде үлкен хан Әбілмәмбет еді, кіші жүзде Әбілқайыр еді. Сәмекены баласы - Хұдайменде, оның баласы - Қоңырқұлжа. Әбілмәмбет өзіміздің Әбілмансұрға (Абылайға) үлкен хандығын берген еді. Оның екі баласы - Болат, Әбілфайыз. Болаттың баласы - Сатемір, оның баласы - Құдайменде, оның баласы - Әкім төре. Әбілфайызды қазақ Әбулпейіз дейді. Оның екі баласы - Бопы, Жошы. Жоғарғы Уалибақидың баласы - қанішер Абылай, батырлығынан «қанішер» атанған. Оның баласы - Көркем Уәли, оның баласы - өзіміздің хан Абылай (шын аты Әбілмансұр). Оның балалары - Тоқ, Қосұм, Арық, Әділ, Рүстем, Тоғым, Сөк, Абділдә, Шама, Уәли, Шыңғыс, Қасым. Бұл Қасымның балалары - Есенгелді, Саржан, Кенесары, тоқалдан - Наурызбай.
Материалдың толық нұсқасын "Алаш айнасынан" оқи аласыздар.