Шотландияда оқу: қазақ студенттері неге дәл осы елді таңдайды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шотландияда оқу: қазақ студенттері неге дәл осы елді таңдайды? Фото: Толғанай Бакелекованың архивінен

Елімізде "Болашақ" және "Ғылыми тағылымдамалар" бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Елімізде "Болашақ" және "Ғылыми тағылымдамалар" бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

2026 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқу үшін 635 стипендия бөлінді. Құжаттарды қабылдау 16 наурызда басталып, 16 қазанда аяқталады. Ал конкурстық іріктеу 2026 жылғы 13 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді.

Бағдарлама бойынша қазақ жастары оқуға ерекше құлшыныс танытатын елдердің бірі – Ұлыбритания. Әсіресе, оның құрамындағы Шотландияда білім алғысы келетін жастардың саны жыл санап артып келеді.

Шотландия – жоғары білім сапасы, академиялық еркіндігі және тарихи университеттерімен танымал. Білім беру бағдарламары студенттер үшін ыңғайлы құрылған. Сондықтан да талапкерлер таңдағанда осы бір басымдықтарды басты назарға алады.

Бұл елде оқу мүмкіндіктері, қабылдау талаптары және студенттік өмір туралы толығырақ білу үшін "Болашақ" түлегі, Тұрақты туризм (Sustainable Tourism and Management, Mаster of Science) саласының маманы Толғанай Бакелековадан сұрап білдік.

"Шотландияда білім алғысы келетін жастар көп. Мен өзім де сонда оқыдым. Глазго университетінде Master of Science in Sustainable Tourism and Management бағдарламасы бойынша білімімді жетілдірдім. Бұл елді таңдауыма басты себеп – туризм саласындағы білім беру деңгейінің өте жоғары болуы. Шотландияда туризм индустриясы жақсы дамыған, ал университеттерде бұл сала практикалық тәжірибемен ұштасқан түрде оқытылады", - дейді.

Толғанайға дәріс берген ұстазының өзі Қазақстандағы туризмді зерттеген маман болып шығыпты.

"Маған дәріс берген Гильом Тибергьян Қазақстандағы туризм жайын жетік білетін әрі зерттеген екен. Бұл мен үшін күтпеген тосынсый болды. Сонымен қатар еліміздегі туризмді шетелдік зерттеушінің көзқарасымен де тани түстім", - дейді маман.  

Шотландияда оқудың артықшылықтары

Еліміздегі бағдарламалар бойынша Ұлыбританияда оқығысы келетін талапкерлер көп. Шотландияның өзінде беделді университеттер жетерлік. Олардың қатарында Глазго, Абердин, Сент-Эндрюс, Данди және Эдинбург университеттерін ерекше атап өтуге болады.  "Болашақ" бағдарламасымен осы оқу орындарында білім алудың мүмкіндіктері бар.

"Бұл елдің университеттері тек сапалы білім беріп қана қоймай, Қазақстан үшін стратегиялық маңызды салалар — мұнай-газ, IT, медицина және халықаралық қатынастар бойынша білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Зерттеу мүмкіндіктері мен заманауи инфрақұрылым жақсы дамыған. Оқу барысындағы тағы бір артықшылық – қызығушылығыңызға қарай әртүрлі қосымша пәндер таңдай аласыз. Ал оқуды аяқтарда жеке дипломдық жұмыс жазсаңыз да, немесе топ болып жоба қорғасаңыздар да болады. Магистратура көбіне 1 жыл ғана оқытылады. Сондай-ақ оқудан кейін түлектерге екі жыл Graduate visa жайы қарастырылған", - дейді Толғанай.

Қандай мамандықтар бойынша білім алған жөн?

Шотландия — сапалы әрі халықаралық деңгейде беделді білім беру жүйесі бар ел. "Бірақ беделге ғана емес, Қазақстанға да пайдалы мамандықтарды таңдау керек", - дейді маман.

"Бұл елде туризм және hospitality management, бизнес және менеджмент, қаржы және экономика, инженерия мен технология, медицина бойынша білім алуға кеңес беремін. Әсіресе туризм саласы өте жоғары деңгейде оқытылады, себебі елдің өзі туристік бағыт ретінде әлемге танымал", - деген пікірде Толғанай.

Шотландия – күн райы құбылмалы мемлекет

"Шотландияның климаты Қазақстанмен салыстырғанда жұмсақ, бірақ жаңбырлы және салқындау болады. Қысы қатты суық емес, алайда күн көбіне бұлтты және жауын-шашынды болады. Қазақстаннан барған студенттер үшін алғашқы уақытта ауа райына үйрену сәл қиын болуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе бейімделіп кетуге болады. Сондықтан үйренгенге дейін түрлі пайдалы дәрумендер ішкен дұрыс", - дейді.

Суреттер: Толғанай Бакелекованың архивінен

Тілдік диалект байқалады

Толғанай Шотландияда оқығысы келетін студенттерге кеңес те ұсынды. Жергілікті халықтың тілінде де айырмашылық барын атап өтті.

"Ең алдымен, студенттер ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеруі керек, себебі оқу бағдарламалары өте қарқынды. Сонымен қатар алдын ала университеттер мен бағдарламалар туралы жақсы зерттеу жүргізген дұрыс. Шотландиядағы оқу тек академиялық білім ғана емес, сонымен қатар халықаралық ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Университеттің барлық мүмкіндігін пайдалануға тырысқан жөн. Оған қоса тілінде де аздап айтылу ерекшеліктері бар. Кейде ағылшындардың өзі оны түсінбей қалуы мүмкін", - дейді Толғанай.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап "Болашақ" бағдарламасына бірқатар жаңалықтар енгізілді. Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері (I–III орындар) үшін "бакалавриат" санаты енгізілді.

Сонымен қатар атом энергетикасы саласында мамандар даярлауға арналған жеке бағыт іске қосылып, "Жасанды интеллект" бағыты бойынша кәсіби тағылымдамаларға бөлек санат бөлінді.

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 481.88   556.79   5.72 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети