Староверлер ұрпағы, Starlink және дуалау. ШҚО-дағы Поперечное ауылы несімен таңғалдырады?

Староверлер ұрпағы, Starlink және дуалау. ШҚО-дағы Поперечное ауылы несімен таңғалдырады? Редакция тілшісі Иван Сухоруков Поперечное ауылында орыс пеші үстінде отыр. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Былтыр Шығыс Қазақстан облысының бұл ауылы Қазақстанның үздік бес туристік ауылы қатарына енді.

Былтыр Шығыс Қазақстан облысының бұл ауылы Қазақстанның үздік бес туристік ауылы қатарына енді.

Tengrinews.kz тілшілері Поперечное ауылы несімен қызықтыратынын көруге барып, ертегілер әлеміне тап болғандай болды: қанық түстер, көркем пейзаждар, көне тұрмыстық бұйымдары бар ерекше ағаш үйлер және ауылдың қызықты тарихы – оның негізін староверлер (ескі діни наным-сенімдегілер) қалаған. Мұндай жерлер неге ішкі туризмнің жаңа трендіне айнала алатыны бірден түсінікті болды.

Поперечное ауылының тарихы екі ғасыр бұрын басталған. Бүгінде бұл жерге саяхатшылар жиі келе бастады. Олар мұнда тыныштықты, адам қолы тимеген табиғатты және көз тартар тау көріністерін көру үшін келеді. Қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәтке алыстап, телефондағы толассыз хабарламаларды ұмытып, әлемге экран арқылы емес, өз көзімен қарау үшін жол тартады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Қызығы, әкімшілік жағынан ауыл Риддер қаласына қарайды. Бірақ қаладан ауылға жету үшін шамамен бір сағат уақыт кетеді.

Риддерден Поперечное ауылына баратын жол. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Шыны керек, жайлы жолды күтудің қажеті жоқ: трасса республикалық маңызы бар болса да, асфальт көрмеген.

Есесіне, жол бойындағы көріністер шынымен де таңғалдырады. Егер жол білетін адаммен бірге саяхаттасаңыз, жол-жөнекей көптеген қызықты мәліметті естисіз.

Біз Поперечное ауылына шығысқазақстандық гид әрі өлкетанушы Елена Лямкинамен бірге бара жатырмыз.

Редакция еліміздің шығысы туралы өткен репортаждардың бірінде оқырмандарды ол кісімен таныстырған болатын – материал ШҚО староверлеріне арналған еді.

Мәселен, жол бойында сары гүлдерге толы алқапқа назар ауып, аялдадық, сол жерде Елена Лямкина бізге алтай троллін көрсетті.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Алтай троллі" – жергілікті алқаптарды көмкеріп, бірден көзге түсетін ашық қызғылт сары гүлдің тағы бір атауы. Бұл - сарыгүл.

Алтай троллі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Осылайша, ертегідей әсем көріністерге тамсанып, жан-жағымызға қараудан жалықпай, Поперечное ауылына да жеттік. Бір кездері бұл староверлердің ауылы болған.

"Поперечное ауылы 1832 жылы құрылған, - дейді өлкетанушы Елена. - Бұл Үбі өзенінің бойындағы ең жоғарғы ауыл. Ол Ақ Үбі өзенінің жағасында орналасқан, кейін ол Қара Үбімен, содан соң Үбімен қосылады. Бұл "поляк-староверлердің" ең қиырдағы ауылы. Бірақ староверлер мұнда тек Үбінің төменгі жағынан ғана емес, сонымен қатар асулар арқылы, яғни Алтайға қоныстанған староверлер де келген".

Анықтама: Староверлер (немесе ескі салтты ұстанушылар) - XVII ғасырда Орыс православие шіркеуінде патриарх Никонның құлшылық ету кітаптары мен жоралғыларын грек үлгілері бойынша бірегейлендіруге бағытталған реформаларынан кейін пайда болған діни ағымның өкілдері. Сенушілердің бір бөлігі бұл өзгерістерді "шынайы" сенімнен бас тарту деп қабылдап, қабылдаудан бас тартты. Шіркеу бөлінісінен кейін староверлер қуғын-сүргіннен қашып, биліктен алыс - қалың орманды және таулы аймақтарға кете бастады. Рудный Алтай мен Шығыс Қазақстанға олар бірнеше толқынмен келді: кейбірі өз бетінше, соның ішінде Орал мен Демидов зауыттарынан қашып келіп, Бұқтырма мен Қатонқарағай маңына қоныстанды, басқалары XVIII ғасырда Екатерина II-нің қазіргі Польша аумағына кеткен ескі салттыларды қайтару туралы жарлықтарынан кейін осында көшірілді. Дәл осы топты ұлтына қарай емес, бұрынғы тұрған жеріне байланысты "поляк-староверлер" деп атай бастады. Сондай-ақ тарихшылар Бұқтырма аңғары мен Алтайдың таулы аймақтарымен байланысты "тасшы" староверлерін де бөліп көрсетеді.

"Нәтижесінде бұл ауылда староверлердің де, никониандықтардың да төрт түрлі тармағы қоныстанды, - деп жалғастырды гид. - Яғни, бұл әртүрлі діндер тоғысқан орта. Бірақ мұндағы адамдар әрқашан татулық пен жақсылықта өмір сүрген".

Анықтама: Никониандықтар - ескі салтты ұстанушылардың XVII ғасырдағы патриарх Никонның реформаларын қабылдаған Орыс православие шіркеуінің өкілдерін атайтын атауы.

Бұл репортаждың видеонұсқасы біздің Tengri TV YouTube-арнасында:

Кеңес дәуірінде Поперечное халқының саны, Еленаның айтуынша, төрт мың адамға дейін жеткен. Мұнда екі үлкен орман дайындау кәсіпорны жұмыс істеді. 90-жылдары олар жабылып, тұрғындардың басым бөлігі көшіп кетті.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Жергілікті мәдениет үйінде біз осы ауылдың негізін қалаған ағайынды Фёдоровтардың ұрпақтары, байырғы тұрғындар - Галина, Роман және Иринаны жолықтырдық.

Олар ән дайындау, шай ішіп, жаңалықтарды талқылау үшін жиі бас қосады.

Галина, Роман және Ирина. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Біз олардан Поперечное атауының қайдан шыққанын сұрадық. Олар қалыптасқан нұсқалармен бөлісті:

"Кейбіреулер ауылдың атауын оның жергілікті басты өзеннің ағысына көлденең орналасуымен байланыстырады. Тағы бір нұсқа бойынша, мұнда үнемі қарсы шығып жүретін "ерекше жандар" тұрады. Бойымызда осындай қайсарлық рух бар, біз әрқашан өз дегенімізді айтамыз. Жалпы, біз адамға алдымен сынай қараймыз. Бұл біздің қанымызда бар қасиет, өйткені бабаларымыз қуғын-сүргіннен қашып келгендіктен, өте сақ болған. Біз әрдайым: "Кім келсе де, біздің "поперечка" кез келген адамның шынайы бет-бейнесін ашып береді", - деп айтамыз".

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Сонымен қатар олармен ауыл өмірі туралы да сөйлестік. Қазақстандықтар Поперечное ауылының сұлулығы мен құнарлы жері туралы білгенде, кейбірі осында көшіп келуге бел байлайды. Бірақ, өкінішке қарай, бәрі бірдей қалып қоймайды.

"Қаладан біреу көшіп келсе, біз іштей: "Уа, Құдай, осының мұнда аман қалуына жәрдем бере гөр" деп тілейміз, – дейді Роман Фёдоров. – Өйткені ауылдың тіршілігі жыл бойы тоқтамайды. Демалыс деген жоқ. Малды да, бақшаны да күту керек. "Жаздың бір күні жылға азық" деген осы. Кейбіреулер шыдамай, кетіп қалады. Дегенмен жақсы мысалдар да бар. Кімнің қолынан іс келетінін біз бірден көреміз. Егер адам шаруақор болса - ол бірден байқалады".

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Бүгінде Поперечное ауылында жүзден аса адам тұрады. Мұнда жиырмаға жуық бала оқитын мектеп жұмыс істейді. Ал бірнеше жыл бұрын ауылға тіпті орталық су жүйесі тартылған.

"Жиырма жыл бойы суды өзіміз тасыдық, - деп еске алады жергілікті тұрғындар. - Жазда иінімізбен, қыста шанамен таситынбыз. Қырық градус аязда өзенге ломмен барып, мұз ойып, су толтырып, үйге сүйреп әкелетінбіз. Күніне үш рет: таңертең, түсте және кешке осылай қайталанатын. Кір жуу, тамақ пісіру, малды суару, өзің жуынуың керек дегендей. Қазір, әрине, рақат - бір жылдың ішінде су құбырына үйреніп қалдық. Соның өзінде әлі күнге дейін әдет бойынша судың артығын төкпейміз. Бәрін үнемдеп жұмсаймыз".

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Айтпақшы, ауылда ұялы байланыс ұстамайды. Есесіне, мәдениет үйі жанында Starlink-ке қосылуға болады.

Поперечное ауылының мәдениет үйі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Әрине, біз Поперечныйдағы ескі дінді ұстанушылар туралы да сұрадық. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бүгінде олардың өзі өте аз қалған. Көбіне ұрпақтары тұрады. Дегенмен бұрынғы тұрмыс-салттың кейбір ерекшеліктері әлі күнге дейін сақталған.

Мысалы, жергілікті тұрғындар ежелден келе жатқан түрлі дұғалар мен арбауды біледі, халықтық білімді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Сондай-ақ олар ата-бабаларынан қалған отбасылық дәстүрлерді сақтап, жалғастырып жүр.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Арбау мен дуалау бұлар әжелерімізден қалған дүниелер, – дейді Ирина Абакумова. – Мысалы, сиырдың желіні ауырса, оны қалай дуалау керек екенін білеміз. Немесе балаға көз тисе, оны оқу. Өйткені, кейде біреу суық қарап өтсе, содан кейін бала тоқтаусыз жылай береді. Суға дем салып, бетін жуғанда - бала бірден тынышталады. XXI ғасырда мұндайға сену қиын шығар. Бірақ бұл шынымен көмектеседі. Бізде толғақ қабылдайтын, бедеулікті емдейтін, буын салатын әжеміз болған".

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Осы тұста ШҚО-дағы староверлер туралы репортажымызды тағы бір еске алғымыз келеді. Ол кезде біз қазір Риддерде тұратын старовер Артём Гусляковпен сөйлескен едік. Ол үйлену салты туралы айта алмады - олардың қауымында мұндай жоралғылар көптен бері өткізілмейді екен. Ал Поперечноеда бұл туралы біраз мағлұмат ала алдық:

"Алдымен келіп құда түсетін, тойдың қамын келісетін, күйеу жігіт қалыңдықты қазір әкете ме, әлде тойдан кейін бе - соны талқылайтын, – дейді жергілікті тұрғындар. – Алғашқы неке түнінен кейін төсек жаймасын тексеретін. Тіпті содан кейін аспанға мылтық ататын болған. Анасы ақ батасын бергенде, қызға жаңа шаңырағына өзімен бірге иконасын беретін. Күйеу жігіт ішкен ыдысын жерге ұрып сындыратын. Тойға, әрине, бүкіл ауыл жиналатын. Күйеу жігіт пен қалыңдықты үйге кіргізерде үстеріне бидай шашатын. Ұрпақтың жалғасуына тілектестік білдіретін көптеген дәстүр мен нәзік тұстар болды. Әрине, кейбір құпиялар мен дәстүрлер уақыт өте келе ұмытылып, жойылып кетті".

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Осы оқиғаларды тыңдап, Поперечное ауылын аралап жүріп, нағыз ауыл өмірінің атмосферасына енбеу мүмкін емес. Әрбір қоршау мен әрбір үй бейне бір жәдігер іспетті.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Мұнда жүз жылдан аса тарихы бар ерекше қонақүй де бар. Оның іші шағын мұражайға ұқсайды - онда көне тұрмыстық бұйымдар жиналған.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Үстіне жатып демалуға болатын үлкен орыс пеші де бар.

Редакция тілшісі Иван Сухоруков орыс пешінің үстінде отыр. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Гид Елена Лямкина пештің үстіндегі ілгекке назарымызды аударды. Оның түсіндіруінше, бұрын оған бесік ілетін болған. Осылайша сәби жылы жерде болып, тез ұйықтап кетуі үшін оны тербетіп отырған.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Поперечное ауылынан қайтарда бір қарапайым ой түйдік: шынайы өмір асфальт пен ұялы байланыс біткен жерде тоқтап қалмайды. Ол ескі үйлерде, отбасы тарихында, күнделікті еңбекте жалғасады. Сол өмірді де, ата-бабалардан қалған естеліктерді де қарапайым адамдар сақтап келеді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Сонымен қатар Поперечное ауылының ауыл шаруашылығы әлеуеті өте зор. Осында келушілер санының артуына қарағанда, туристік әлеуеті де жоғары.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

Егер осы әлеуетті сауатты түрде дамытса, мұндай жерлер қаңырап бос қалмай, керісінше, жаңа тыныс алып, жандана түсері анық.

Аударған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама