Қазақстан өзінің сан қырымен таңғалдырады.
Еліміздің батысында жартастар арасында ежелгі мешіттер жасырынса, солтүстігінде бірегей ормандар мен көлдер көсіліп жатыр, ал оңтүстік көне қалалар мен кесенелердің тарихын сақтаған. Ал шығыс аймақ мүлде басқа, бірақ одан кем емес қызық тарихты ашады - бұл жерге бірнеше ғасыр бұрын қудалаудан қашқан ескі сенім өкілдері қоныс аударып келген.
Tengrinews.kz тілшілері елдің шығысына барып, ескі сенімдегілердің (староверлер) кім екенін, олардың тұрмыс-салты басқа діндарлардан қалай ерекшеленетінін және Қазақстанға қалай тап болғанын біліп қайттық. Сондай-ақ Риддердегі поморлық ескі сенімдегілердің тәлімгері Артём Гусляковпен таныстық. Бұл оның алғашқы сұхбаты: ол бұған дейін журналистерге өз тарихын ешқашан айтып бермеген.
Староверлер деген кім және олар Қазақстанға қайдан келді?
Бірақ алдымен оқырманды жергілікті гид әрі өлкетанушы Елена Лямкинамен таныстырып өтейік. Ол көп жыл бойы Риддер мен бүкіл Шығыс Қазақстанның өткенін зерттеп келеді.
Еленаның ерекше көңіл бөлетін тақырыптарының бірі - староверлердің немесе оларды тағы қалай атайды, ескі ғұрыпшылдардың тарихы.
Елена Лямкина. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Орыс православие шіркеуінің жіктелуі XVII ғасырдың ортасында патша Алексей Михайлович Романовтың тұсында болды, - деп ескі ғұрыпшылдықтың пайда болу тарихын еске салды өлкетанушы Елена Лямкина. - Патриарх Никон православие шіркеуінің жоралғыларын православиенің бастауы болған грек шіркеуіне сәйкестендіруді ұйғарды. Кітаптарды қайта жазып, жаңа ережелер шығарды. Бірақ Ресейде көпшілік бұнымен келіспеді. Олар өз наразылықтарын білдіріп, биліктен мүмкіндігінше алысқа - қалалар мен ауылдардан жыраққа, тайгаға кете бастады. Олар ескі сенімге адал болып қалды, содан бері оларды солай атайды".
Айтпақшы, бұл материалдың видео нұсқасын Tengri TV YouTube-арнасынан көре аласыздар:
Өлкетанушының айтуынша, ескі ғұрыпшылдардың Қазақстан аумағына келген екі жолы бар. Үбі (Шығыс Қазақстандағы өзен, Ертістің саласы) бойында өмір сүргендерді "поляк-староверлері" деп атайды. Бұл шіркеу жіктелгеннен кейін адамдардың бір бөлігі Польшаға кеткендігімен түсіндіріледі.
"Кейін Екатерина II староверлер Ресейге қайта алады деген жарлық шығарды, бірақ, дөрекілеу айтқанда, оларға Сібірді игеру шарты қойылды. Осылайша, Үбі бойына 20 мың "поляк-старовері" айдап әкелінді. Қайталап айтамын, олар ұлты бойынша поляк емес, орыс болатын. Олар Үбі өзені мен оның салаларының бойына қоныстанды. Екінші тармақты біз "тасшы-староверлер" (каменщики) деп атаймыз. Олар Катонқарағай ауданына және жалпы Бұқтырма өзенінің бойына қоныстанды. Бұл Оралдан, Демидов зауыттарынан қашқан староверлер еді".
Үбі староверлері, 1910–1915 жылдар. Фото авторы белгісіз. Риддер тарихи-өлкетану мұражайының қорларынан алынған материалдар
Реформалардың неге мұндай күрделі қақтығыс тудырғанын түсіну үшін бірнеше мысал келтіру жеткілікті. Сенушілерге бұрынғыдай екі саусақпен емес, үш саусақпен шоқыну бұйырылды. Христос есімін бұрынғыдай "Исус" емес, "Иисус" деп, яғни екі "и" әрпімен жазатын болды. Діни шерулерді кері бағытта өткізе бастады, ал құлшылық кезіндегі жерге дейін иілу жоралғылары ішінара белден иілумен алмастырылды. Сондай-ақ құлшылық кітаптарына, дұғалар мен шіркеу жоралғыларының тәртібіне де өзгерістер енгізілді.
Қазіргі заман адамы үшін бұл айырмашылықтар елеусіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ оған сенушілердің бір бөлігі үшін бұл ата-бабалары ғасырлар бойы сақтап келген сенімнің өзін өзгертумен тең еді.
"Патша патриарх Никонның жағына шығып, староверлерге тыйым салды, - деп жалғастырды Елена Лямкина. - Ал тыйым салынған соң, қуғын-сүргін де басталды. Оларға жиналуға, дұға етуге тыйым салынды, оларды шіркеулерде тірідей өртеді, атып өлтірді және түрлі жолдармен қырды. Сондықтан олар жіктелгеннен кейін бүкіл әлемге тарыдай шашылып кетті. Кейбірі уақыт өте келе Ресейге оралды. Ал кейбірі әлі күнге дейін басқа елдерде тұрып жатыр. Олардың басты мақсаты - өз сенімін, жоралғыларын, мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтап қалу. Қазіргі біз білетін шіркеулерді олар "никониандық" деп атайды. Ал старовер емес христиандарды "никониандықтар" дейді".
Фотоны Елена Лямкина ұсынды
Дәстүрлер мен отбасылық өмір салтына ұқыпты қарағанына қарамастан, староверлер ешқашан дамудан қалыс қалған емес. Сонымен қатар, олар Шығыс Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосты.
Елена Лямкинаның айтуынша, XVIII ғасырда бұл өлкеге омарташылық мәдениетін әкелген және өсіруге қолайлы бал араларының тұқымын жеткізген дәл осы ескі ғұрыпшыл қоныс аударушылар болған. Бүгінде Алтай балы өңірдің брендтерінің бірі санатында. Және оның мұндай танымалдылыққа ие болуына староверлердің қосқан үлесі зор болуы әбден мүмкін.
"Ассимиляция - бұл әбден қалыпты процесс, - дейді өлкетанушы. - Олар заманауи технологиялардың барлығын өз игілігіне жаратып отыр. Бір-бірімен WhatsApp арқылы байланысады. Бұл дінге еш қайшы келмейді, керісінше - көмектеседі. Өнімділікті арттыру үшін фермерліктің заманауи технологияларын да меңгеріп жатыр. Олар да ішіп-жеуі, киінуі керек кәдімгі адамдар және де олар заманауи адамдар сияқты табыс табады".
Ескі діни сенімдегілердің омартасы. Николай Покровский экспедициясынан түсірілген сурет
Ескі діни сенімдегілер (староверлер) туралы басқа да қалыптасқан түсініктер бар. Ең көп тарағандарының бірі - олар тұйық өмір сүреді және бөгде адамдарды табалдырығынан да аттатпайды деген пікір. Бір кездері мұндай сақтық шынымен де олардың өмір салтының бір бөлігі болған. Оның себебі де түсінікті: қуғын-сүргіннен қашқан староверлер таса жерлерге кетіп, бейтаныс жандарға сенбеуге дағдыланған.
Бұл қасиет бүгінде де ішінара сақталған. Үй иелері жолаушыны қабылдамас бұрын оның кім екенін және қандай ниетпен келгенін түсінуге тырысады. Бірақ егер адам сенім ұялатса, оған есік ашық.
"Ескі діни сенімдегілерде үйде "дүниелік" және "дүниелік емес" ыдыс-аяқ ұстау әдеті бар. Олар жолаушыға суын да береді, тамағын да ішкізеді. Бірақ тамақ пен суды, сірә, өздері ас ішпейтін ыдыспен ұсынуы мүмкін. Кейбір отбасыларда бұл әлі күнге дейін сақталған. Оларға қандай оймен, қандай мақсатпен келгеніңіз өте маңызды. Оларды 300 жыл бойы қуғындады, сондықтан олар жасырынуға және бейтаныс адамдардан жақсылық күтпеуге үйренген. Олардың алғашқы реакциясы әрқашан - алдымен сенің кім екеніңді және не үшін келгеніңді білу".
Ескі діни сенімдегі Егоровтар отбасы, суреттің түсірілген жылы мен авторы белгісіз. Фотоны Елена Лямкина ұсынды
Старовер Артём Гусляков және оның "қарапайым" өмірі
Еленамен сөйлескеннен кейін біздің түсірілім тобымыз Риддер староверлерінің тәлімгері - Артём Назарович Гусляковтың үйіне қонаққа барды.
Артём Назарович 1953 жылы Үбі өзенінің бойындағы елді мекенде дүниеге келген, отбасындағы он үш баланың төртіншісі болған. Өз өмірі туралы сұрақтарға ол бастапқыда қарапайым ғана жауап берді:
"Өмір сүрдік, сол ғана".
Балалық шағы туралы сұрағанымызда: "Отбасымыз үлкен болды, дастарқан басына уақытында келіп үлгермесең - аш қаласың", - деп қалжыңдады".
Жауаптары қысқа-нұсқа, бірақ кейін мұның өзіндік сақтық танытып, бізді сынап отырғаны екенін түсіндік. Ал кейінірек, біздің ешқандай жаман ойымыз жоқ екеніне көзі жеткен соң, әңгімесін егжей-тегжейлі айта бастады.
"1965 жылы бізді Үбіден интернатқа ала бастады, онда біз үнемі тұрдық, үйге демалыс күндері сирек келетінбіз, негізінен каникулда ғана баратынбыз, - деп еске алады қария. - Бұл мүлдем басқа өмір еді. Үйге оралғанымызда анамыз бізді танымай қалатын. Оған дейін біздің өміріміз тыныш болды деуге болады. Аналарымызға барып тәубеге келетінбіз, мұны қатаң сақтайтынбыз. Ал мектепке барғанда, "сөзге келе" бастадық".
"Сөзге келу" дегенде кейіпкеріміз жасөспірім шағында діни жоралғыларға бағынғысы келмегенін меңзеп отыр. Дегенмен, қазір ол - жергілікті староверлердің тәлімгері, олардың дәстүрлері туралы әлі сөз қозғаймыз.
Артём Назарович Гусляков. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Әзірге білгеніміз, Артём Назарович әскерден оралғаннан кейін 21 жасында үйленген. Ол кезде староверлер некені тек өз дініндегі адаммен ғана қию керек деген ережені қатаң сақтайтын. Болашақ жарымен, кейіпкеріміздің айтуынша, бала кезден таныс болған: "Бірақ оның жарым болатынын ешқашан ойламаппын".
Қазір олар Риддердің жанындағы жеке үйде бірге тұрады. Үш баласы бар - бәрі қыз.
"Геологияда трактор айдадым, - деп сөзін жалғады Артём Гусляков. - Кейін омартада жұмыс істедім. Одан соң - біраз уақыт орман шаруашылығында болдым".
Әрине, бізді староверлердің бүгінгі күнге дейін қандай жоралғыларды сақтап қалғаны қызықтырды.
Артём Назарович Риддер қауымдастығында қазір үйлену тойлары болмайтынын түсіндірді: жергілікті старообрядтардың арасында негізінен орта жастағы және қарт адамдар қалған. Есесіне, жерлеу дәстүрлерін мұқият сақтайды:
"Адам бұған алдын ала дайындалады. Тәубеге келуі үшін оған қауым басшысы келеді. Өлім алдында адам қорықпауы үшін қасында үнемі біреу болады. Адамның демі үзілуге жақындағаны белгілі болғанда, жан тапсыру канонын оқи бастайды. Табытқа салғанда да белгілі бір құдайға құлшылық ету рәсімі жүреді. Содан кейін жерлеу рәсімі оқылады, айтылады, онда да өз қызметі бар. Бірақ қазір бізде мұнда староверлердің бөлек зираттары жоқ".
Артём Гусляковтың атасы мен әжесі. Отбасылық мұрағаттан алынған сурет
Артём Гусляковтың ата-анасы - Назар мен Александра. Отбасылық мұрағаттан алынған сурет
Артём Назарович бізге көне діни құлшылық, рухани және ән-күй кітаптарын көрсетуге келісті. Олардың кейбіреулері оның отбасында бірнеше ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Олар мұнда жай ғана сақталып қоймайды, үнемі қолданыста болады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Олардың қарсы алдында - иконалар. Айтпақшы, ескі сенімдегілер шамдарды өздері жасайды. Өз омарталарының балауызынан дайындайды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Осыдан кейін Артем Назарович өзін қазір бәрінен де не мазалайтынын айтты: ескі сенімдегілер қатары сиреп барады. Бүгінде олардың арасында әйелдер басым, ал ата-баба сенімі мен дәстүрін сақтап қалған ер адамдар некен-саяқ.
"Бәрі қартайды, ақсақалдар қалмады. Қазір тек Қазақстанда емес, көп жерде шіркеулерде ер-азаматтар жоқтың қасы. Тек әйелдер. Ал бізде мен (басшы - ред. еск). Санкт-Петербургке екі рет курстарға барып келдім".
Риддердегі шіркеулердің бірі - жергілікті ескі сенімдегілердің келіп құлшылық ететін және мінәжат қылатын орны. Ол жеке секторда орналасқан.
Риддердегі ескі сенімдегілер шіркеуі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Қазір біздің қауымда негізінен бәрінің жасы шамалас, - деп қосты Артем Назарович. - Шамамен 50–60 жастағылар. Жастар сирек көрінеді, Пасхада ғана келуі мүмкін. Неке қию рәсімдерін де өткізбейміз, ешкім үйленбейді. Некелер де басқа сенімдегілермен араласып кетті. Санымыздың азайып бара жатқаны алаңдатады. Мұның бәрі сонау интернаттан басталған еді. Ол кездің қандай болғанын өзіңіз де түсінесіз: "Ленинге - даңқ, партияға - даңқ".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Ескі сенімдегілердің таңғажайып тарихы Қазақстанның да ажырамас тарихына айналды. Артем Гусляковтың алаңдаушылығы да түсінікті әрі негізді: бұл құндылықтардың бәрі оны ұстанушылармен бірге біртіндеп өшіп барады. Сондықтан елдің осы бір тірі мұрасын келесі ұрпаққа табыстайтын адамдар бар кезде, олардың естеліктерін, білімі мен тұрмыс-салтын сақтап қалу өте маңызды.
Авторлары: Иван Сухоруков, Роман Павлов
Дайындаған: Дина Шәріпхан