Қазақстандағы әрбір отбасыға бала туғанда мемлекеттен қаржылай қолдау - белгіленген біржолғы төлем беріледі. Оның көлемі айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты, ал түпкілікті сома отбасындағы баланың нешінші болып туғанына тікелей қатысты, деп хабарлайды Tengri Life.
2026 жылы баланың дүниеге келуіне орай қанша теңге беріледі?
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК (2026 жылы 164 350 теңге), ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (2026 жылы 272 475 теңге) көлемінде жәрдемақы төленеді.
Егіз, үшем немесе төртем дүниеге келген жағдайда жәрдемақы әр балаға бөлек тағайындалады.
Баланың тууын қалай тіркеуге болады?
Туу туралы куәлікті бірнеше тәсілмен рәсімдеуге болады. Соның ең қолайлысы - проактивті формат. Бала туғаннан кейін бір тәулік ішінде анасының телефон нөміріне 1414 нөмірінен құттықтау SMS-хабарламасы келеді. Хабарламада қызметті рәсімдеу үшін қажетті мәліметтерге сұраныс болады.
Бұдан бөлек, баланың тууын екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, электрондық үкімет порталы, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеуге болады.
Алматыда қанша бала дүниеге келді?
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалының мәліметінше, жыл басынан бері шаһарда 17 498 туу туралы куәлік берілген. Ұлдардың саны қыздарға қарағанда сәл көбірек: 8 382 қыз балаға 9 116 ұл баладан келеді.
Алматылықтар балаларына көбіне қандай есім қояды?
Биыл ұлдар арасында ең танымал есімдер Алан, Әлихан және Мұхаммед болды. Қыздарға көбіне Айлин, Асылым және Томирис есімдері берілген.
Бұған дейін біз 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жаңа туған нәрестелерге қойылған ең сирек есімдер туралы. Тізімге Тұрдығали, Айбарлыхан, Ай-Шуақ, Ай Сафия, Абду Рахим, Абдуқодир және тағы басқа есімдер енді.
Тағы оқыңыз: Ким және Мукеш - Қазақстандағы ең танымал және ең сирек кездесетін тектер аталды