АҚШ-та Gmail құпиялылығына қатысты дау шықты. Пайдаланушылардың бір бөлігі Google нейрожелілері олардың хаттары мен тіркелген файлдарына, соның ішінде банктік үзінді көшірмелерге, медициналық құжаттар мен жеке хат-хабарларға тым кең рұқсат алатынына сенімді. Бұл іске сот араласып үлгерді, ал желіде аккаунттарды қосымша қорғау бойынша нұсқаулықтар пайда болды. Tengri Life не болып жатқанын және дәл қазір қандай баптауларды өзгертуге болатынын анықтап көрді.
Дау неден басталды?
HuffPost хабарлауынша, бір топ пайдаланушы Калифорнияның Солтүстік округтік сотына Google үстінен ұжымдық талап арыз түсірген. Талап қоюшылар компания Gmail пайдаланушыларының деректері нақты қалай қолданылатынын және ЖИ-сервистері олармен қалай әрекеттесетінін жеткілікті деңгейде ашық түсіндірмейді деп есептейді.
Google бұл айыптауларды жоққа шығарды. Компания Gmail пайдаланушыларының жеке хат-хабарлары Gemini-ді оқыту үшін пайдаланылмайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар Google-дың құпиялылық саясатында компания ақпаратты қолданыстағы сервистерді жақсарту және жасанды интеллект негізіндегі өнімдерді қоса алғанда, жаңа технологияларды әзірлеу үшін пайдаланатыны айтылған.
"Google ақпаратты біздің сервистерімізді жақсарту және пайдаланушыларымыз бен жұртшылыққа пайда әкелетін жаңа өнімдерді, функцияларды және технологияларды әзірлеу үшін пайдаланады. Мысалы, біз Google-дың жасанды интеллект модельдерін оқыту және Google Translate, Gemini Apps сияқты өнімдер мен функцияларды, сондай-ақ бұлтты ЖИ мүмкіндіктерін жасау үшін жалпыға қолжетімді ақпаратты пайдаланамыз", - делінген компания саясатында.
Дәл осы деректерді жинау және өңдеу туралы тұжырымдар пайдаланушылар арасында алаңдаушылық тудырды.
Пайдаланушылар неге алаңдайды?
Бүгінде ірі IT-компаниялар жасанды интеллектіні белсенді дамытып жатыр, ал оның жұмысы үшін орасан зор деректер жиынтығы қажет.
Осы тұрғыда пайдаланушыларды мына сұрақ көбірек мазалайды: ақылды функциялардың жұмысы үшін нақты қандай деректер пайдаланылуы мүмкін және ЖИ пошта сияқты үйреншікті сервистерге қаншалықты терең енгізілген.
Әсіресе Gmail-де мыналарды сақтайтын адамдар қатты алаңдаулы:
- банктік үзінді көшірмелер;
- салық құжаттары;
- медициналық анықтамалар;
- жұмыс хат-хабарлары;
- паспорттар мен басқа да құжаттардың көшірмелері.
Gmail-дегі ЖИ функцияларының рұқсатын қалай шектеуге болады?
Желі пайдаланушылары егер ЖИ функцияларын пайдаланғыңыз келмесе, аккаунт баптауларын тексеріп, дербестендіруді (персонализация) өшіруге кеңес береді.
Скриншот: Threads
1-қадам. Компьютердегі Gmail-де ақылды функцияларды өшіріңіз
- Gmail-ді ашыңыз;
- дөңгелек белгішесін басыңыз;
- "Барлық баптау" (Все настройки) бөліміне өтіңіз;
- "Ақылды функциялар және дербестендіру" (Умные функции и персонализация) блогын табыңыз;
- тиісті ауыстырып-қосқышты өшіріңіз;
- өзгерістерді сақтаңыз.
2-қадам. Google Workspace баптауларын тексеріңіз
Төменірек "Google Workspace ақылды функциялары" бөлімі орналасқан.
Мұнда да қосымша дербестендіру функцияларын өшіріп, өзгерістерді сақтауға болады.
3-қадам. Мобильді қосымшаны тексеріңіз
- Gmail қосымшасын ашыңыз;
- "Баптауларға" өтіңіз;
- қажетті аккаунтты таңдаңыз;
- "Ақылды функциялар және дербестендіру" бөлімін табыңыз;
- оны өшіріңіз.
4-қадам. Gemini тарихын тазалаңыз
Егер сіз Gemini-ді пайдаланған болсаңыз, сервиспен әрекеттесу тарихын бөлек тексеруге болады. Ол үшін:
- myactivity.google.com сайтына өтіңіз;
- Gemini белсенділігі бөліміне өтіңіз;
- белсенділікті сақтауды өшіріңіз;
- қажет болған жағдайда ескі деректерді өшіріңіз.
Цифрлық қауіпсіздік сарапшылары мынаны ескертеді: нақты бір сервистің саясатына қарамастан, құпиялылық баптауларын мезгіл-мезгіл тексеріп, пайдаланбайтын функцияларды өшіріп отыру пайдалы. Әсіресе, поштаңызда қаржылық, медициналық немесе басқа да маңызды ақпараты бар құжаттар сақталса.