Қазақ халқында ықылым заманнан келе жатқан үрдіс бар - ол жақсы жаңалық болғанда "сүйінші сұрау". Расымен, үстіміздегі жылы әлемді жайлаған зұлымды індеттің бетін қайтарып, халық болып бірігіп үлкен тойтарыс бердік.
Қазақ халқында ықылым заманнан келе жатқан үрдіс бар - ол жақсы жаңалық болғанда "сүйінші сұрау". Расымен, үстіміздегі жылы әлемді жайлаған зұлымды індеттің бетін қайтарып, халық болып бірігіп үлкен тойтарыс бердік.
Қазірде індеттің таралу қарқыны бесеңдеді. Бұл жеңісіміз оңайға соға қойған жоқ. Қаншама асыл азаматтарымыз келместің кемесіне мініп, жарық дүниемен қош айтысты. Ал ауруханада індетпен күресіп шыққан адамдардың саны да көп болды.
Бүгінгі өмірдің ағымы өз ережесін діттейді, жеңдік деп босаңсуымызға болмайды. Мына карантин режимі бітсін-бітпесін сақтық шараларын аса тиянақтылықпен ұмытпауымыз керек. Қарапайым сақтық шараларын: арақашықтықты сақтау, маска тағып жүру, қолды үнемі мұқият жуу, айналаны таза ұстау, адам көп жиналатын жерлерден аулақ жүруді әдетке айналдыруымыз керек.
Думандатып жүретін қазақ үшін тойдың орны ерекше, тойлатқанды жақсы көреміз. Енді мұның бәрі артта қалуы тиіс. Алдағы 1-2 жылда той-томалақ дегенді шама келгенше шектеу керек секілді.
Еліміздің әр азаматы мына коронавирустың аса қауіпті екендігін сезініп, қоғам алдындағы жауапкершілігін толық түсіне білуі тиіс. Сондықтан, той түгіл өзге де салтанатты шараларды, мерекелерді тойлатудың еш керегі жоқ. Жиған-тергенді ағыл-тегіл тойға шашқанша, тұрмысымызды түзеп, туыс-туғанға жәрдем еткен әлдеқайда орынды.
Біз - рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Осының арқасында түрлі қиындықтарға төтеп беріп, қандай залал болмасын шыдап бақтық.
Мына коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектер әлі табыла қоймады, вакциналардың өзі әлі толық тексеру сатыларынан өткенге дейін ұзақ мерзім бар. Вирус та мутацияланып, әр түрлі қулығын жасап келеді.
Алдағы күзде әлем бойынша коронавирустың екінші толқыны күтілуде. Жағдай қалай дамитынын ешкім де айта алмайды. Сондықтан, аса қырағылық танытып, сақтық шараларын назарда ұстау қажет. Қарапайым сақтық шаралары басымызға жастанатын жастық секілді үйреншікті болуы тиіс. Коронавирустан кейінгі әлем бұрынғыдай болмайды.
Әлемде пандемияның екінші толқынына дайындық жүріп жатыр. Аузы күйген үрлеп ішедіні шын түйсініп, жіберілген қателіктерден сабақ алып жатқан елдер қаншама. Біз де бәрін ескеріп, тиісті дайындықты қамтамасыз етеміз деген үміттемін.
Ешкім бізге екінші мүмкіндік бермейді. Өзі азғантай халқымызды қырылып қалудан аман сақтап қалу - басты міндет. Індетпен күресіміз әлі бітпеді, біз тек бетін қайтардық. Індетке қарсы "қару-жарағымызды" шешпеуіміз қажет, оған әлі уақыт келе қоймады. Жағдайдың ушығуы немесе ауыздықтануы тікелей өзімізге байланысты.
Қалай дегенмен де, сөз түсінетін халықпыз ғой. Қазақтың дауылпаз ақыны Махамбет Өтемісұлы "Ақсақалы елдің болмаса, жастары болар диуана" дегендей, елдің мұң-мұқтажын айтып, жас буынға жол сілтейтін ақсақалдар болмаса, онда қайтпек керек.
Айналайындарым, зұлымды індетке күресте барынша төтеп берсек, сақтық шараларын толықтай ұстансақ, бұған бей-жай қарамайтын болсақ - тез арада тағы да бір жеңіске жетеміз. Ол жеңістің "сүйіншісі" одан да зор, қуанышы одан да ұзағынан болмақ!
Автор: академик Төрегелді Шарманов