Шымкентте полицейлердің видеосы дау туғызды: заңгер қазақстандықтардың құқығы туралы айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шымкентте полицейлердің видеосы дау туғызды: заңгер қазақстандықтардың құқығы туралы айтты

Шымкентте полицейлердің ер адамды тоқтатып, оны жеке тексеруге әрекет жасаған видеосы тарады. Желі қолданушылары тәртіп сақшыларының әрекетінен заң бұзу белгілерін байқаған. Полицейлер қандай заң нормаларын бұзған және мұндай жағдайда не істеу керек? Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шымкентте полицейлердің ер адамды тоқтатып, оны жеке тексеруге әрекет жасаған видеосы тарады. Желі қолданушылары тәртіп сақшыларының әрекетінен заң бұзу белгілерін байқаған. Полицейлер қандай заң нормаларын бұзған және мұндай жағдайда не істеу керек? Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.

Не болған?

Бейнежазбаға полицейлер ер адамды тоқтатқан сәт түсірілген. Олар тұрғыннан жеке куәлігін көрсетуін сұрайды, содан кейін "жедел-алдын алу іс-шарасы" өтіп жатыр деп, заңсыз заттардың бар-жоғын тексергісі келеді. Ер адам өзінде ештеңе жоқ екенін айтқанда, полицейлер одан қалтасындағы заттарды көлік капотына қоюды талап етеді.

Видео астына жүздеген пікір жазылған. Көпшілік полицейлердің әрекетіне ашуланды.

Полиция пікірі

Шымкент Полиция департаменті оқиға бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазір болған жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.

Заң не дейді?

Халықаралық ALC Attorneys заң компаниясының серіктесі Дана Жанәділ полицейлер қандай заң нормаларын бұзғанын және азаматтардың қандай құқығы бар екенін түсіндіріп берді.

Полицейдің сыртқы келбеті мен формасы

Заңгердің айтуынша, полиция қызметкерлері бекітілген формада, ұқыпты және таза болуы тиіс. Оларда міндетті түрде болуы керек:

  • бас киім (жыл мезгіліне қарай);
  • жеке нөмірі бар жетон;
  • тегі жазылған төсбелгі;
  • қызметтік куәлік.

"Полицей азаматтық киімде тек жедел іс-шаралар кезінде және өз қызметтік куәлігін көрсеткен жағдайда ғана болуы мүмкін", - деді Дана Жанәділ.

Қызметкер өзін қалай таныстыруы керек?

Полицей ең алдымен өз лауазымын, атағын және тегін айтуға, сондай-ақ қызметтік куәлігін ашық күйде көрсетуге міндетті.

Бірақ заңгердің айтуынша, полицей куәлігін суретке түсіруге немесе көшірмесін жасауға болмайды.

Видео және фотоға түсіру

Дана Жанәділдің айтуынша, азамат полицеймен өзара әрекеттесу процесін видеоға немесе суретке түсіруге құқылы. Алайда камераны қоспас бұрын құқық қорғау қызметкеріне түсірілім жүргізетініңіз туралы алдын ала ескерту қажет.

Құжаттарды тексеру

Полицей жеке басты куәландыратын құжатты тек келесі жағдайларда ғана тексере алады:

  • сіздің қылмыс жасағаныңызға күдік болғанда;
  • сіздің іздеуде екеніңіз жөнінде мәлімет болғанда;
  • сізге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға негіз болғанда;
  • ұстауға заңды себеп болған жағдайда.

"Егер негіз түсіндірілмесе, Қазақстан Конституциясының 16-бабына (қозғалыс еркіндігі құқығы) сілтеме жасап, құжат көрсетуден бас тарта аласыз", - деп түсіндірді заңгер.

Қызметтік көлік

Заңгердің айтуынша, полицейлер тек қызметтік көлікпен жүруге міндетті емес, бірақ қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде куәлігін және жетонын көрсетуге міндетті.

"Егер жетонсыз және куәлігін көрсетпеген формадағы адам сізге жүгінсе, оның талабын орындамауға және бұл туралы 112 нөміріне немесе ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне хабарлауға құқығыңыз бар", - деді ол.

Азаматты жеке тексеру

Жеке тінту азаматтың жынысына сәйкес тұлға тарапынан және сол жыныстағы екі куәгердің қатысуымен ғана жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, тінту тек әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған жағдайда ғана жасалуы мүмкін.

"Егер адамда қару немесе өзге де қауіпті зат бар деген негіз болса, онда жеке тінту мен заттарды қарау куәгерсіз жүргізілуі мүмкін. Бірақ бұл жағдайда прокурор 24 сағат ішінде хабардар етілуі керек", - деп түсіндірді заңгер.

Дана Жанәділдің айтуынша, жай көшеде, ешқандай негізсіз және куәгерсіз тінту жүргізуге болмайды.

Tengrinews
Читайте также
Join Telegram
Қазақстанда қар жауады

Валюта бағамы

 500.6  course up  583.17  course up  6.51  course up

 

Ауа райы

location-current
Алматы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети