Астанада халықтың автобус жүргізушілеріне деген өкпесі қара қазандай. Қоғамдық көліктерге бақылауды күшейтуді қала әкімінің өзі бірнеше рет тапсырған. Соңғы екі аптада, тіпті соңғы айдағы статистикаға көз жүгіртсек, елордада жол-көлік оқиғаларының басым бөлігінің маршрут автобустарының қатысуымен болатынын аңғарамыз. Алайда қалаға келген қонақтар өз өңірлеріндегі жүргізушілер мен кондукторлардың қызметіне қарағанда елордағылардың жақсы жұмыс істейтінін айтады. Ақпараттарымызда жол-көлік оқиғасының болғанын ғана жазамыз, алайда сол автобус жүргізушілерінің қандай қиындықтары мен уайымы бар - осы мәселеге шам ала түссек қайтеді?
Астанада халықтың автобус жүргізушілеріне деген өкпесі қара қазандай. Қоғамдық көліктерге бақылауды күшейтуді қала әкімінің өзі бірнеше рет тапсырған. Соңғы екі аптада, тіпті соңғы айдағы статистикаға көз жүгіртсек, елордада жол-көлік оқиғаларының басым бөлігінің маршрут автобустарының қатысуымен болатынын аңғарамыз. Алайда қалаға келген қонақтар өз өңірлеріндегі жүргізушілер мен кондукторлардың қызметіне қарағанда елордағылардың жақсы жұмыс істейтінін айтады. Ақпараттарымызда жол-көлік оқиғасының болғанын ғана жазамыз, алайда сол автобус жүргізушілерінің қандай қиындықтары мен уайымы бар - осы мәселеге шам ала түссек қайтеді?
Бұл Адаев Серік Тілеуғалиұлы, ол 2014 жылдың қорытындысы бойынша Астананың қоғамдық көліктерін жүргізуден үздік. Ол еңбек өтілінде өзін үздік жүргізуші ретінде көрсетті. Жұмысына ыждаһаттылықпен қарайды. Әрқашан сыпайы, зерек, жауапты. Кәсіпорындағы әріптестері оны сыйлайды. Кейіпкеріміздің мамандығы механик. Оның жүргізу өтіліне 30 жыл, ал қалалық қоғамдық көлікті жүргізіп жүргеніне 8 жыл толды. Қазір ол 51 жаста, зейнетке дейін №1 автопаркінде жұмысын жалғастыруды ойлайды. Жүргізушінің жұмыс кестесі тығыз екен. Сондықтан кейіпкерімізбен әңгімені бір айдан аса уақыт бойы күтуге тура келді. Тіпті редакциямызда біреу оған қарағанда, бір министрден сұхбат алу оңайырақ болатынын айтып, әзілдеп қойды. Сонымен, назарларыңызға Астананың үздік автобус жүргізушісінің базынасын ұсынамыз.
Шатасқан кесте
Біз автопаркке таңғы 4-те келеміз, шығу алдында механик автобусты қарайды, дәрігерлердің тексеруінен өтеміз. Ал 5:40-та қалаға шығып кетеміз, үш-төрт рет айналамыз. Ал 11-де бірінші таңғы асымыз немесе кеш қалған түскі асымыз. Ал екінші түскі асымыз 16:00-де.
Таңғы 11-де немесе күндізгі төртте тұрған бізге кейбір жолаушылар "Мұндай уақытта қандай түскі ас ол?" деп сұрайды. Түсіндіруге тура келеді: мына сіздер түскі асқа сағат бірде барасыздар, айталық, себебі жұмысқа 9.00-де барасыздар, ал біз жұмысқа таңғы 4-те барамыз, сондықтан таңғы асымыз 11-де. Кестеміз шатасып кеткен. Бірақ біз үйреніп қалдық, көп жылдар бойы осыған әдеттендік.
Біз күн сайын жұмыс істейміз, қысқа кесте бар және ұзақ кесте бар. Егер, мәселен, ұзақ кестемен жұмыс істесең, екінші күні қысқасына қояды. Міндетті түрде жүргізушінің қан қысымы тексеріледі. Желіге бір автопарктен күн сайын 180 автобус шығады.
Қалалықтардың назы мен жиі айтылатын сыны жайлы
Сын әрине бар. Күн сайын жолаушылар келіп, "автобус неге мына жаққа бармайды?" немесе "неге бұлай жүрмейді?". Әркім өз аялдамасына барғысы келеді. Бірақ әрқайсысына бірдей бара бере алмайсың ғой. Бұл қалалық көлік. Қазір ғой жақсы, бағыттарды дұрыстап берді, кей жерлерде жолдардың бағыты өзгерді. Барлығы халық үшін жасалады, міне, мәселен, экспресс-бағыттар іске қосылды, өте қолайлы.
Қазір барлық жолаушы сауатты, бірден паркке телефон соғады, автобустың номерін жазып алады. Егер жүргізуші ереже бұзса, басшы мен диспетчерлер колоннасы тізім береді. Сосын оны кеңеске шақырып, шағымданушымен кездестіреді. Мұндай кеңестер сәрсенбі мен сенбі күндері болып тұрады.
Жүргізе алмайтын жүргізуші болмайды. Бірінші автобустар паркінде оларды үйретеді, әрбір болашақ жүргізуші 16 күн бойы сынақ мерзімін өткізеді. Себебі қаламыз үлкен, біреу жолыңды кесіп кетуі мүмкін, тағы біреуі дереу тоқтауы мүмкін дегендей.
Ал кейде қолына ұялы телефон ұстап алып, қайда шығуы керек екенін өздері де білмейтін жолаушылар болады.
Бірақ, әрине, мен де жол-қозғалысы ережесін бұздым, мұнсыз болмайды. Жолаушылардан да шағымдар түсіп жатады. Бірақ маған шағым түспепті, құдай сақтады.
Әрине, адамдар салонда шағымдана бастаса жүрекке тиеді, бірақ сондықтан да жақсылап жүргізу керек. Мұнда жолаушылармен ұрысуға болмайды, бұл елорда ғой. Жүргізушілерді дайындау орталығында психологтар бар, олар тесттен өткізеді, жүріс-тұрыс мәдениет үйретеді, себебі бұл - қоғамдық көлік.
Бірақ кейде мас адамдар кіреді, былапыт сөздер айтады, тізгінді тастап, оны салоннан шығаруға мәжбүрлейтін кезіміз болады. Себебі кондукторымыз - әйел адам, ал олар (мас жолаушылар) оған қарамайды, әйел ме, жоқ па - пысқырмайды.
Есікке қыстырылып қалатын жолаушылар жайлы
Әдетте жүргізуші айнаға қарауы тиіс, мұнда жүргізуші сақ болуы керек. Жол жиегінен 20 сантиметр болатындай қашықтықты қалдыру керек, себебі мүгедектер арбасымен де жолаушылар отыруы мүмкін. Осы жағдайда камералар көмектеседі. Камера арқылы бізді де бақылайды, мәселен киім формасын киюіміз керек, жүріс-тұрысымыз сай болуы қажет. Қазірде жаңа автобустарда айналар көп, видеокамералар да.
Бірақ кейде жолаушылардың өздері де кінәлі болатын кездері кездеседі. Кейде адам автобусқа келеді де, сұрап, қайта кері кетіп, бір-екі адым аттағаннан кейін барар жеріне жететінін аңғарып, қайта кіргісі келеді, сол кезде ол шұғыл салонға кіріп үлгермекші болады. Жүргізуші болса оның қалай жүгіріп келгенін байқамай да қалуы мүмкін. Ол кетеді екен деп, аялдамадан шығу үшін сол жағына қарай бастайды. Ол бар назарын сол жақтағы көліктерге аударады. Батырманы басқаннан кейін қараса жолаушы есікке қысылып қалады.
Жарыс пен бәсеке
Егер барлық жүргізушіні бірінші автобус паркіндегідей жалақыға ауыстырса, жарыс аз болар ма еді. Басқа парктер жекеменшік қой, жалдайды. Сондықтан жарыса береді. Кейде асығып жатады. Қазір, мәселен мұзтайғақ, кептеліс, қала кішкентай, қозғалыс болса өздеріңіз көріп жүргендеріңіздей.
Неліктен автобустар базарларда көп тұрады?
Кейде жүргізушілер барар жеріне ерте жетіп қойып, кесте уақытын күтеді. Көбінде бұлай жалға алатын парктің автобустары жасайды. Оларға адам қаншалықты көп болса, соншалықты көп ақша түседі. Олар кестеден бұрын жетіп алады да, сол аялдамада көп тұрады.
Автобустар неліктен дереу тоқтап, дереу жүріп кетеді?
Жалпы қоғамды көліктің тоқтаған және жүрер сәтінде өз кемшіліктері бар. Қазір қоғамдық көлікке арнайы жолақ бөлініп, жақсы болды, көп көмектеседі. Бірақ кейбір жеңіл көліктегілер автобусқа қалай жол беруді де, қалай жолға шығуды да білмей жатады.
IVECO маркалы жаңа автобустарда тежегіш жүйесінде мәселесі бар, ретардер деп аталады. Міне, сол жаңа автобустар тежегіштің негізгі педалі арқылы емес, автоматтандырылған қораппен тоқтатады. Осы уақытта кейбір ретардерлер жұлқып барып іске қосылады. Ал кейде жеңіл автокөліктер тез тоқтаған кезде үлкен машина сол толқынмен қатарласып жүре алмайды, сондықтан осындай кемшіліктері болады.
Әріптестермен қарым-қатынас
Бізде ережені жиі бұзатын жүргізушілер бар. Олардың үстінен шағым да түсіп жатады. Біз ұжым болып, сол жүргізушіге көмектесеміз, кейде ақшалай, кейде басқа жолдарымен. Ал кейде қасақана жолыңды кесетіндер, аяқтан шалатындар болады. Кейбір жолаушылар қасақана құлап, белгісіз бір жақтан рентген-түсірілімдерін әкеліп жататындар туралы да оқиғалар болды. Олар сол жолмен ақша бопсалайды. Біз солардың құрбаны болған жүргізушілерге көмектесеміз.
Жұмыс істеп келе жатқаннан бері үш кондуктор ғана ауысты. Бірінші кондукторым өз әйелім болды, сосын ол өз мамандығы бойынша жұмыс тапты. Ал соңғы кондуктормен жеті жыл жұмыс істедім. Бізде әдетте тіл табыса білсең, көп жылдар бойы бірге жұмыс істеуге мүмкіндік болады.
Жүргізушілер қалай таңдалады?
Бізде, мәселен қоғамдық көлікте 5 жыл жұмыс істесең де қабылданбайсың. Кейде "Мен Шымкентте істегенмін, өтілімді кітапшаға жазбаған" дейтіндер болады, ондай жүргізушілер жұмысқа қабылданбайды. Сондықтан міндетті түрде еңбек кітапшаңда қоғамдық көлікте жұмыс істегенің жайлы мәлімет болуы керек.
Тонайтындар
Оларды танитын кездеріміз де болған. Соларды байқап қалған кезде салондағы микрофонды бір-екі рет ұрғылаймыз. Кондуктор соны біліп, жүргізушіге жақындайды. "Сақ бол" деп ескерту жасаймыз. Егер кондуктор әйел болса оған барып, бетіне айта алмайды. Басқа жолаушыларды одан сақ болуға шақырып, ыммен білдіреді. Әдетте кондуктор мұндай жағдайларды полицияға хабарлай бермейді. Себебі ертең оған бір қастандық жасалуы мүмкін. Амалы жоқ, салонда адамдарға абай болуды ескертумен шектеледі.
Жолаушыларға айтарым
Бірлігіміз болсыншы, жүргізуші сәл де болса қателесіп жатса көмектесіп, көрсетіп дегендей. Шағым айтпаңыздар дегім келіп тұрған жоқ, бірақ бір болып, бірлесіп жұмыс істейікші дегім келеді. Шағымдар түсіп жатса, кейін уақыт көп кетеді. Жолаушылар мен жүргізушілердің арасында түсіністік болса екен деймін.
Жазып алған Айдана Үсіпова, Суреттер Тұрар Қазанғапов