ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 10 шілде 2026 11:14
Тұрақ тапшылығы және жағымсыз иіс: “Алтын Орда“ түбіндегі тұрғын үй кешенінің халқы қалай тұрып жатыр?
Алматы - қарама-қайшылықтар қаласы. Орталық пен шет аудандардағы тұрмыс бір-бірінен түбегейлі ерекшеленуі мүмкін. Алматылықтардың өмірі қаншалықты өзгеше екенін қаланың батыс шекарасында орналасқан тұрғын үй кешендеріне барып білуге болады.
Tengrinews.kz тілшісінің бұл жолғы нысанасы - Райымбек және Алатау даңғылдары арасында өте ықшам орналасқан, 17 тоғыз қабатты корпустан тұратын "Нұрлы Дала" тұрғын үй кешені. Үйлердің айналасында "Алтын Орда", "Барлық" базарлары мен "Апорт" ірі сауда орталығы бар.
Бұл - мегаполис шетіндегі тіршілік туралы екінші материал. Бұған дейін біз қала шекарасынан үш шақырым жерде орналасқан "Асыл Арман" ТҮК тұрғындарының тыныс-тіршілігі туралы жазған болатынбыз.
"Нұрлы Дала": қала шетіндегі эконом-класс
"Нұрлы Даладағы" барлық үйдің түс гаммасы қарапайым. Бірақ мұндағы пәтерлерді түсіне бола таңдаған жоқ. Кезінде мұндағы баспаналар мемлекеттік бағдарлама бойынша сатып алынған. Сондықтан тұрғын үй кешені эконом-класс ретінде белгіленген.
Бұл кешеннен пәтер алсаңыз, көп жағдайда терезеңізден көршінің терезесі көрініп тұрады.
Мұндағы аулаларды кең деп айту қиын. Тіпті жұмыс уақытында да барлық тұрақ орындары көліктерге толып тұрады. Негізі, бұл осыған ұқсас басқа да кешендерге тән жағдай.
Балалар алаңқайлары да өте қарапайым. Олардың біраз ескіріп қалғаны байқалады.
Дегенмен бұл үйлердің тұрғындарының жолы болды деуге болады - мұнда жап-жаңа №124 жалпы білім беретін мектеп бар. Сондай-ақ жақында ғана балабақша ғимараты салынды. Алайда, пікірлерге қарағанда, ол әлі бүлдіршіндерді қабылдай қоймаған.
"Асыл Арман" тұрғын үй кешенімен салыстырғанда, мұнда бірінші қабаттарда шағын бизнес нысандары аз. Тек бірнеше дүкен мен дәріхана бар.
"Нұрлы Дала" ТҮК-дегі пәтер бағалары
Анықтама: Жылжымайтын мүлік сататын сайттарды шолып шықсақ, қазіргі уақытта "Нұрлы Далада" дәл 100 пәтер сатылып жатқанын көруге болады. Ең арзан пәтер 18 миллион теңгеге, ал ең қымбаты 45 миллион теңгеге бағаланған. Жалпы алғанда, бір бөлмелі пәтерлер үшін 18-ден 32 миллион теңгеге дейін, екі бөлмелілерге 25-тен 45 миллионға дейін, ал үш бөлмелілерге 30-дан 42 миллион теңгеге дейін сұрап отыр. Жалға алу нарығына келетін болсақ, қазір "Нұрлы Далада" 57 пәтер жалға беріледі. Ең қымбаттарын 270 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі аралықта жалдауға болады. Ал ең арзандары айына 170–200 мың теңгеге түсуі мүмкін. Салыстыру үшін айтсақ: Алматы орталығындағы ТҮК-лерде бір бөлмелі пәтерді жалдау ақысы орта есеппен 250 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жетеді.
"Нұрлы Дала": жағымсыз иіс
Үйлердің бірінің ауласында Бақтияр есімді ер адамды жолықтырдық - ол біздің мұнда не істеп жүргенімізді және не түсіріп жатқанымызды сұрады. Мән-жайды түсіндірдік. Ол бұл үйлердегі тұрмыс "жаман емес" екенін айтты.
Мәселелердің ішінен ер адам тұрақ орындарының тапшылығы мен жағымсыз иісті атап өтті.
"Тұрақ орындары аз. Бұрын "Апорттағы" тұрақ тегін болатын, қазір ақылы. Содан кейін бәрі көліктерін біздің аулаға қояды. Қараңызшы, тіпті бес тонналық жүк көліктеріне дейін осында тұрады. Сондықтан тұрғындарға орын жетпейді", - деп сұхбаттасушымыз негізінен көлік тұрағы мәселесіне назар аударды.
Біз айналаға көз тастадық. Тұрғын үй кешені мен Райымбек даңғылының арасында айтарлықтай үлкен тұрақ барын көрдік. Онда негізінен жеңіл көліктер тұр екен.
Дегенмен, бірнеше тұрақ орнын алып тұрған ірі жүк көліктері де бар. Сұхбаттасушымыздың айтуынша, бұл жерден республикалық маңызы бар трасса өтетіндіктен, жүк көліктері бұдан да көп болады.
Оның үстіне тұрақ алаңында қарбыз саудасы қызып тұр.
Жағымсыз иіске қатысты нақтылап сұрадық. Ер адамның айтуынша, иіс кәріз-сорғы станциясынан (КСС) шығады:
"Жақында салынған кәріз сорғы станциясына (КСС) байланысты иіс бар. Кейде жағымсыз иіс сол жақтан шығады".
"Нұрлы Даланың" атын атағысы келмеген тағы бір тұрғыны да жергілікті халықты мезі еткен жағымсыз иіс туралы айтты. Бірақ оның айтуынша, иістің көзі - тұрғын үй кешеніне іргелес орналасқан картон зауыты.
Бір қызығы, бұл жердегі сасық иіске тұрғындардың шағымданып жүргеніне бір жылдан асқан. 2023 жылы Наурызбай ауданының тұрғындарының бірі Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтан қағаз зауытын кешеннен алысқа көшіруді сұраған болатын. Бұл жағдай қала басшысымен ашық кездесулердің бірінде болып, көптеген БАҚ беттерінде жарияланды.
"Зауыттан шығатын иіс сұмдық. "Алма Ситиден" "Нұрлы Далаға" дейінгі бүкіл ауданды осы иіс алып кетеді. Сондай-ақ онда екі тұндырғыш бар. Тұрғындардың ауасын бұзбауы үшін бұл зауытты қала сыртына көшіру керек. Оның орнына мектеп, балабақша немесе аудан тұрғындары үшін демалыс орталығын салған дұрыс", - деген еді алматылық тұрғын.
Бірақ зауыт әлі сол орнында - аумақтық жағынан ол Алматы облысына қарайды, сондықтан қала әкімдері оған ештеңе істей алмайды.
Айта кетсек, көктемде бұл кәсіпорын жаңалықтарға тағы да ілікті - онда ірі өрт болды.
"Нұрлы Даладағы" ұзаққа созылған су жыры
Біз осы маңдағы басқа да жаңалықтарды еске түсірдік. 2022 жылдың 17 қазанында "Нұрлы Дала" тұрғындары сумен қамту мәселесіне байланысты Райымбек даңғылын жауып тастаған болатын. Ол кезде апаттар жүйелі сипатқа ие еді. Ал бұдан төрт жыл бұрын 30 градустық ыстықта халық мүлдем сусыз қалды. Ол уақытта тұрғындарға су тасушы көліктер жіберілген еді.
Шенеуніктер сол кезде су жүйесін салған мердігер жобада қарастырылған болат құбырлардың орнына шыныпластик құбырлар орнатқанын айтқан болатын. Соның салдарынан олар жиі істен шығып отырған. 2019 жылдан бері бұл учаскеде 28 апат тіркелсе, соның 15-і тек 2022 жылы болған. Сол уақытта мәселені шешу үшін әкімдік резервінен 102 миллион теңге бөлінген.
Сондықтан қазіргі жағдай қалай екенін білгіміз келді.
"Су мен жарыққа келсек, бізде де басқа жерлердегідей өшірулер болып тұрады, бірақ бұрын бұдан да нашар еді. Қазір сәл жақсарды", - дейді Бахтияр есімді ер адам.
Алматы шетіндегі тұрғындардың мұңы: көпірлер, жолдар, автобустар
Әңгімемізге тағы бір жергілікті тұрғын қосылды. Ол өзін таныстырмағанымен, трассаның үстінен салынған жаяу жүргіншілер көпіріне назар аударуды сұрады. Қазір бұл - жолдың келесі бетіне өтудің жалғыз қауіпсіз жолы.
"Нұрлы Дала" тұрғындары бұл көпірді жұмыстан автобуспен оралғанда немесе "Алтын Орда" базары мен сауда орталығына барғанда пайдаланады.
"Көпір темірден жасалған, - деп екінші сұхбаттасушымыз мәселенің мән-жайын түсіндірді. - Баспалдақтары да темір. Қыста көктайғақта бұл өте қауіпті - баспалдақтар мұз болып қататындықтан, аяқ-қолыңды сындырып алуың мүмкін. Бұлай салуға болмайды".
Содан соң біз жаяу жүргіншілер көпіріне қарай бет алдық. Оның баспалдақтары шынымен де темір екен, ал көпірден өтіп жатқан адамдардың қарасы өте көп.
Жергілікті тұрғындардың лық толы автобустарға қатысты шағымдары да айтылды - мұнда автобустар таңертең де, кешке де адамға лық толы болады.
"Нұрлы Дала - 2": Алматы шетінің болашағы
Сонымен қатар іргелес жерде "Нұрлы Дала - 2" кешені бой көтеріп жатыр. Алты корпус пайдалануға беріліп қойған. Олардың алғашқы кешеннен айырмашылығы - түстерінде және аулаға тек тұрғындардың кіре алатындығында.
"Нұрлы Дала - 2" жобасының ауқымы алдыңғысынан кем түспейтін түрі бар. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Осы ірі тұрғын үй кешендерінің айналасындағы аумақтарға да белсенді түрде құрылыс салынып жатыр. Қай жаққа қарасаңыз да, көзіңізге бірден биік құрылыс крандары түседі.
Қорыта келгенде, "Нұрлы Дала" тұрғындарының тыныс-тіршілігі біз кеше барып қайтқан "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінен аса қатты ерекшеленбейді деген қорытындыға келдік. Иә, аумақтық жағынан алғашқысы Алматыда орналасқан, ал екіншісі - қала шекарасынан үш шақырым жердегі ауылда. Бірақ тұрғындардың мәселелері мұнда да, онда да бірдей.
Егер мұнда бір жылдан кейін қайта келсек, айналада қарқынды салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің биіктігі мен тығыз орналасуын ескере отырып, ұқсас мәселелер туралы дәл осындай репортаждар жасауға болатыны анық: мектептердегі орын тапшылығы, тұрақ пен автобустардағы кептеліс, су мен жарық мәселесі. Екі ірі базардың түбіндегі халық тығыз қоныстанған, бірақ салыстырмалы түрде арзан үйлердегі өмір осындай.
Авторы: Никита Данилин
Дайындаған: Дина Шәріпхан
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу