"Асыл Арман" тұрғын үй кешені қала шекарасынан үш шақырым жерде, Алматы - Бішкек тасжолының бойында орналасқан.
Аумақтық жағынан ол Іргелі ауылында болғанымен, әлеуметтік желілерде оның "Алматылық Бангладеш" деген бейресми атауын жиі кездестіруге болады. Бұлай аталуының да өзіндік себебі бар.
Оңтүстік Азия мемлекетіне теңеу "Асыл Армандағы" халық тығыздығының жоғары болуына байланысты туындаған. Бұл тұрғын үй кешені 21 нөмірлі тоғыз қабатты үйден тұрады, олардың басым бөлігі бір кіреберісі бар жеке блоктардан біріктірілген. "Асыл Арманда" барлығы осындай 72 блок бар. Әртүрлі есептеулер бойынша, мұнда 20 мыңнан 30 мыңға дейін адам тұрады. Бұл 2025 жылға қарай бүкіл Іргелі ауылдық округінде 43,1 мың адам болғанын ескерсек айтарлықтай көрсеткіш. Демек, Іргелі халқының жартысынан астамы дәл осы ТҮК-де тұрады деген қорытынды жасауға болады.
Ал оны "алматылық" деп атауға тұрғындардың басым бөлігінің мегаполисте жұмыс істейтіні себеп. Өңірлерден келген қазақстандықтар, тіпті шетел азаматтары да Алматыны бағындыруды көбіне осы жерден бастайды - көпшілік үшін бұл "бастапқы деңгей" іспетті. Мұндай жағдай баспана бағасының төмендігінен қалыптасқан.
Tengrinews.kz тілшісі Алматы іргесіндегі ең ірі ТҮК-ге барып, ондағы жұрттың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
"Асыл Арманға" кіреберістегі кептеліс
Алматы - Бішкек тасжолынан "Асыл Арман" тұрғын үй кешеніне кіретін жолда әрдайым кептеліс болады.
Біріншіден, мұнда көптеген автобустар тұрады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Екіншіден, базар мен шағын және орта бизнес нүктелері кептеліске себеп болады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Мұнда өз базары, супермаркеттер, дәмханалар мен фастфуд нүктелері, сұлулық салондары мен барбершоптар, жаттығу залдары, дәріханалар, нотариустар мен компьютерлік клубтар бар.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Олардың ала-құла және бір-біріне үйлеспейтін маңдайшалары кейде тіпті шатастырып жібереді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Тағы бір байқалатын жайт - көліктің көптігі. Көліктер үй маңындағы тұрақтарда да, көше арасында да қаптап тұр. Бұл - көпшілігі жұмыста болатын жұмыс күніндегі көрініс.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Сондай-ақ, мұнда арық жүйесінің дұрыс ойластырылмағанын да айта кеткен жөн.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Жаңбыр жауса, "Асыл Арманның" қонақтары мен тұрғындары көлшіктерден секіріп өтуге мәжбүр болады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Ал кейде жай ғана тағдырға көніп, су кешіп жүре береді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
"Асыл Армандағы" пәтер құны: жалдау ақысы мен бағалар
"Асыл Арман" ТҮК-дегі ашық балкондар мен өрт оқиғалары
Мұнда барлық балалар алаңқайлары қарапайым жасалған: құм, бірнеше орындық және бір немесе екі ойынауға арналған элемент бар.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Үйлердің балконындағы балалар велосипедтері мұнда көпбалалы отбасылардың қаншалықты көп тұратынын аңғартады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бұл тұрғын үй кешеніндегі балкондар - бөлек әңгіме. Олардың басым бөлігі ашық үлгіде жасалған.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бұған қарамастан, тұрғындар онда тоңазытқыштан бастап жиһазға дейін бәрін сақтайды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Мамырдың аяғында осы үйлердің бірінде жетінші, сегізінші және тоғызыншы қабаттардағы бірнеше балкон бірден өртенді. Кейін тілсіз жау пәтерлерге ауыз салды.
Байқауымызша, мұнда өрт - жиі болатын құбылыс. Біз басқа бір үйдегі тағы бір өрттің ізін таспаға тартып алдық. Тоғызыншы қабаттағы пәтер толығымен жанып кеткен сияқты.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Су, жарық және иіс: Іргелідегі басты мәселелер
Өтіп бара жатқан адамдардан мұндағы өмірі мен қандай мәселелер бар екенін сұрастырдық. Олар бізге үйреншікті жайттарды тізіп берді: тұрақ орындарының тапшылығы, жарық пен судың жиі өшуі.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
"Асыл Армандағы" су мәселесі: тұрғындар неге жолды жапты?
"Асыл Арман" үшін сумен жабдықтау мәселесінің тарихы тереңде. 2024 жылғы маусымда жергілікті тұрғындар биліктің назарын ыстық және суық судың жоқтығына аудару үшін тіпті Алматы - Бішкек тасжолын жауып тастаған болатын. Ол кезде судың жоғына үш күн болған еді. Бірақ апаттар бұған дейін де болып тұрған.
Әкімдік ол кезде су берудің тоқтауын "техникалық ақаумен" түсіндірді. Сондай-ақ, шенеуніктер тұрғын үй кешеніндегі сорғыны "анағұрлым қуаттысына" ауыстырдық деп сендірген еді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Әңгіме құрған адамдардан судың қазіргі жағдайын сұрадық. Бірі бәрі дұрыс десе, енді бірі "бұрынғыдан жақсырақ" дейді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Ауылда электр энергиясын беруде де қиындықтар бар. Марат есімді жергілікті тұрғынның айтуынша, ауа райы бұзылғанда жарық өшіп қалады. Сонымен қатар, кейде жарық бүкіл елді мекенде сөнсе, кейде тек үйлердің жартысында ғана болмайды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бізге айтылған тағы бір мәселе - бүкіл Іргелі ауылына жайылатын жағымсыз иіс. Әділдік үшін айта кетейік, біз түсірілімді желді әрі жаңбырлы ауа райында жүргізгендіктен, ешқандай иіс сезбедік.
"Бұрын мен тұрғын үй кешенінде емес, төменірек жерде тұрдым - туыстарым жеке сектордан үй жалдайды. Жаз сайын кешен жақтан кәріз иісі шығады, аптапта тіпті шыдау мүмкін емес, - дейді Марат. - Сондай-ақ базардың қоқыс полигонынан да иіс келеді, ол Іргелінің кіреберісінен бір шақырым жерде орналасқан. Сосын Ақсай өзені бар, бүгін одан тонналаған қоқыс шығарылды, соның иісі қолқаны қабатын. Өзен базар мен бірнеше ауыл арқылы өтеді, жұрттың бәрі қоқысты соған тастайды".
Расында да, сел қаупінің жоғары болуына байланысты қалалық ТЖД мен жергілікті атқарушы органдар Ақсай өзенінің арнасын тазартып, 100 тоннаға жуық тұрмыстық және табиғи қоқыс шығарғанын мәлімдеді.
"Егер Іргелі ауылының байырғы тұрғындарымен сөйлессеңіз, бәрі бұл жер көкөніс базасы бар неміс ауылы болғанын айтады. Және де бұрын бұл жердің қандай таза болғанын міндетті түрде еске алады", - деп толықтырды Марат.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Оның айтуынша, қазір Іргелінің жеке секторында үй иелері жалға беру үшін өз учаскелеріне қосымша салған жатақханалар көп. Бұл көбіне өте арзан әрі сапасыз құрылыстар. Онда негізінен Өзбекстан (оның ішінде Қарақалпақстан) және Тәжікстан азаматтары тұрады.
Сонымен қатар, жергілікті жұрт таңертең және кешке Алматыға қатынаудың қиындығына шағымданады. Қала орталығында жұмыс істейтіндердің күнделікті жолы екі жарым сағатқа дейін созылуы мүмкін. Бұл ретте автобустар өте лық толы болады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
"Асыл Арман" тұрғын үй кешенін жаңа деп айтуға келмес, бірақ мұндай локациялар арқылы қазіргі Алматы маңындағы конгломерацияның қалай қалыптасып жатқанын, қалада жұмыс істеп, шет жағында тұратындардың қандай түйткілдері барын және барлық қолайсыздыққа қарамастан, бұл жерлердің сырттан келгендер үшін неге тартымды екенін байқауға болады.
Жақында ғана біз Наурызбай ауданында орналасқан Шұғыла шағынауданының мысалында құрылыс жұмыстарына байланысты Алматының келбеті қалай өзгеріп жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Авторы: Никита Данилин
Дайындаған: Дина Шәріпхан