Антальяның танымал жағажайларында туристер көгілдір судың орнына пластик қалдықтарын видеоға түсіруге мәжбүр. Шағымдар бірнеше курорттық аймақтан түсіп жатыр, ал жергілікті билік бұл мәселені әзірге түпкілікті шеше алмай отыр, деп хабарлайды Tengri Travel.
Демалушылардың айтуынша, бұл мәселе әсіресе түстен кейін қатты байқалады. Толқындар жағаға ұсақ пластик, бөтелке қақпақтарын, қаптамаларды, этикеткаларды, езілген қағаз бен өзге де тұрмыстық қоқысты шығарып жатыр. Көпшілік бұл қалдықтар танымал шипажайлардың көркін бұзып қана қоймай, жағымсыз иіс барын айтады.
Ең көп шағым танымал жағажайлардан - Кемерден бастап Антальядағы Коньяалты ауданына дейінгі аралықтан түсіп жатыр.
Ластанған жағажайлардың видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Пайдаланушылар әдеттегі демалыс суреттерінің орнына пластик қалдықтарына толған жағалауды көрсетіп жатыр.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Жергілікті БАҚ мәліметінше, аймақ билігі жағажайларды тұрақты түрде тазалайды, бірақ мәселе қайталана береді. Мәселен, мамырда Кемер муниципалитеті тұрғындардың көптеген өтінішінен кейін әлемге әйгілі Чиралы жағажайында ауқымды тазарту жұмыстары ұйымдастырылған болатын. Сол кезде пластик қалдықтары теңізден келгені, коммерциялық кемелерден тасталған болуы мүмкін екені хабарланған еді.
Тазалау жұмыстарынан кейін билік ластану жағдайларының алдын алу үшін жағажай тұрақты бақылауда болатынын мәлімдеді. Алайда жергілікті тұрғындар мен туристер атап өткендей, әзірге ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмай тұр, қоқыс жағаға ағып келуін тоқтатар емес.
Түркиялық БАҚ мәліметінше, жағалаудың пластикпен ластану мәселесінің басталғанына бір жылдан асқан, бірақ биылғы жазда, әсіресе кейінгі апталарда жағдай айтарлықтай нашарлап кеткен.
Туристер жергілікті билік бұл мәселенің ұзақ мерзімді шешімін табады деп үміттенеді, өйткені Анталья әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қазақстаннан баратын саяхатшылар үшін ең танымал курорттық бағыттардың бірі. 2025 жылы Түркияға 123 мыңнан астам қазақстандық барған.
Еске сала кетейік, Түркияның Жерорта теңізі жағалауында демалуды жоспарлап отырған туристерге әдеттерін қайта қарауға тура келеді. 5 маусымнан бастап Антальяда темекі шегуге толық тыйым салынды.
Тағы оқыңыз: “Қатты қапа болдым“: Балқашта демалған қазақстандық әйел келушілердің әрекетіне қынжылды