Павлодарда әуежайды реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Ұшу-қону жолағын жаңартуға қосымша 9 миллиард теңгеден аса қаражат бағытталды, - деп хабарлайды Tengri Travel.
Қаржыландыру прокуратура органдары мемлекетке қайтарған активтер есебінен құрылған Арнайы мемлекеттік қордан бөлінген.
Бас көлік прокуратурасы мәліметінше, реконструкцияны 2026 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.
"Бас Прокурордың тапсырмасымен Бас көлік прокуроры Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау барысымен танысты. Жобаны іске асыруға прокуратура органдары заңсыз иемденілген активтерді қайтару арқылы қалыптастырған Арнайы мемлекеттік қор қаражатынан 9 миллирад теңгеден аса қаражат бағытталды", - деп хабарлады ведомство.
Реконструкциядан кейін әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін артып, қызмет көрсету сапасы мен жолаушыларға арналған жайлылық деңгейі артады.
"Мердігер ұйымға, тапсырыс берушіге және техникалық қадағалау қызметіне жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын, еңбекті қорғау мен экологиялық заңнама талаптарының қатаң сақталуын, сондай-ақ бөлінген мемлекеттік қаражаттың заңды және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету қажеттігі көрсетілді. Инфрақұрылымның жаңаруы Павлодар облысының көліктік қолжетімділігін арттырып, өңірдің еліміздің басқа қалаларымен байланысын жақсартады", - деп мәлімдеді прокуратурадағылар.
Жоба прокуратура органдарының ерекше бақылауында екені атап өтілді.
Айта кетейік, бұған дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдықтардың құны 16,4 миллиард теңге болатыны хабарланған еді.