2026 жылы Қапшағайдағы демалыс: су қоймасына барар алдында нені білу керек?

ПОДЕЛИТЬСЯ

2026 жылы Қапшағайдағы демалыс: су қоймасына барар алдында нені білу керек? Фото:depositphotos.com

Алматылықтар Қапшағай жағалауындағы демалысты мамырдың аяғында-ақ бастап кетеді, ал белсенді маусым қыркүйектің алғашқы күндеріне дейін жалғасады. Бұл ретте жаздың қызған шағында жергілікті жағалаудағы үш күндік демалыс кем дегенде 50 мың теңгеге түседі. Tengri Travel сапар алдында білу маңызды барлық ақпаратты жинақтады: қашан барған дұрыс, қалай жетуге болады, баспана құны қанша және жағажайдан бөлек тағы не тамашалауға болады?


Қапшағай қайда орналасқан және ол жерге неге мыңдаған турист барады?

Қапшағай су қоймасы - Іле өзенінің арнасында құрылған Қазақстандағы ең ірі жасанды су айдындарының бірі. Оның жағалауында облыс орталығына айналған Қонаев қаласы (бұрынғы Қапшағай) орналасқан.

Жыл сайын жазда мұнда негізінен Алматы қаласы мен Алматы облысынан жүз мыңдаған демалушы келеді. Осыншалықты танымал болуының себебі түсінікті: бір сағатта жетуге болады, жазда су жақсы жылынады, ал жағалау бойында бюджеттік базалардан бастап заманауи қонақүй кешендеріне дейін ондаған демалыс орны жұмыс істеп тұр.

Фото: depositphotos.com

Қапшағайда шомылу маусымы қашан ашылады: айлар бойынша ауа райы

Қапшағайда жаз әдетте ыстық болады. Су қоймасындағы су тез жылынады.

Мамыр айында ауа температурасы +26 градусқа дейін көтеріледі. Маусым ресми түрде 1 маусымда басталғанымен, айдың екінші жартысында ең батыл демалушылар шомылу маусымын ашып қояды.

Маусым - сапар үшін таптырмас уақыт. Ауа температурасы +31 градусқа жетсе, су +22…+24 градусқа дейін жылиды. Әсіресе демалыс күндері туристер саны айтарлықтай артады.

Шілде - маусымның нағыз қызған шағы. Күндіз әдетте +34 градус шамасында болады, ал кей күндері аптап ыстық +40 градусқа дейін жетуі мүмкін. Бұл уақытта танымал демалыс орындарының көбі дерлік толықтай толып тұрады.

Фото: depositphotos.com

Тамызда қатты ыстық сақталады (орташа есеппен +32 градус), ал су барынша жылы болады. Айдың аяғына қарай түндер салқындай бастағанымен, су баяу суиды, сондықтан қыркүйектің алғашқы жартысына дейін жайлы шомылуға болады.

Қыркүйекте "барқыт маусымы" басталады. Аптап ыстық басылып (плюс 24–26 градус), су біртіндеп салқындайды. Бұл уақытты тыныштық пен бос жағажайларды қалайтындар таңдайды.

Мамыр +26 градус
Маусым +31 градус
Шілде +34 градус
Тамыз +32 градус
Қыркүйек +26 градусқа дейін төмендейді

Қалай жетуге болады?

Қонаев қаласы Алматыдан шамамен 70–80 шақырым жерде орналасқан. Ол жерге бірнеше жолмен жетуге болады:

Көлікпен. Ең жылдам әрі ыңғайлы нұсқа. Жол Алматы - Өскемен автомагистралі (Қапшағай трассасы) арқылы өтеді. Жол ақылы, рұқсат етілген жылдамдық - сағатына 140 шақырым. Қала шегінен шыққаннан кейінгі жол уақыты небәрі 40-50 минутты құрайды.

Пойызбен (электричкамен). Алматы мен Қонаев арасында жүйелі қала маңы пойызы қатынайды. Әдетте Алматы-1 вокзалынан аттанады. Бұл ең арзан нұсқа (билет құны 500-ден 4000 теңгеге дейін), ал жол уақыты 2 сағатқа дейін созылады.

Маршруткамен немесе таксимен. "Сайран" және "Саяхат" автовокзалдарынан күн сайын жолаушылардың толуына қарай қалааралық шағын автобустар жүріп тұрады (адам басына шамамен 1200 теңге). Сондай-ақ танымал такси агрегаторлары арқылы да тапсырыс беруге болады (бір орын үшін 3500 теңгеден бастап).

Фото: depositphotos.com

Қайда тоқтауға болады және демалыс қанша тұрады?

Қапшағай жағалауы шартты түрде үш негізгі орынға бөлінеді: қалалық жағажайлар (Қонаев қаласының ішінде), солтүстік жағалау (тыныштау) және көпірден кейінгі демалыс орындары (Бақанас жағында). Booking сервисінің мәліметінше, жазғы демалыс күндеріндегі тұру бағасы үш түнге орта есеппен 50 мың теңгеден басталады:

  • Бюджеттік сегмент (қалалық қонақ үйлер мен қарапайым базалар). Екі адамдық бөлмеде үш түн тұру немесе Қонаевта пәтер жалдау 50 мың теңгеден басталады. Әдетте бұл тек қарапайым жағдайлары ғана қарастырылған үйреншікті бөлмелер.
  • Орташа сегмент (бассейні бар отбасылық демалыс орындары). Ең танымал нұсқа. Екі адамға арналған үш түннің құны 100 000–250 000 теңге аралығында болады. Бұл сомаға туристер абаттандырылған жабық аумақты, кондиционері мен жуынатын бөлмесі бар нөмірді, шезлонгтар мен бассейндерді пайдалану мүмкіндігін алады.
  • Премиум-сегмент (резорт-отельдер мен бассейні бар виллалар). Мұнда бағалар айтарлықтай жоғары және үш түнге 100 000-нан 300 000 теңгеге дейін жетеді. Резорт-отельдерде тұру құнына күтілген жеке аумақ, жылытылатын бассейндер, тамақтану және спа-аймақтар кіреді. Жеке виллалар үлкен отбасымен демалуға өте қолайлы: олардың ауласында жеке бассейні болады және жағажайға жақын орналасқан.

Жағажайдан бөлек не көруге болады: аквапарк, "Көшпенділер қаласы" және Таңбалы-Тас

Су жағасындағы демалыстан жалыққан жағдайда, Қонаев пен оның төңірегінде бірнеше танымал орын бар:

  • қалалық аквапарк. Тікелей Қонаев қаласында орналасқан және өңірдегі ең ескі әрі ірі аквапарктердің бірі саналады - балалармен демалуға таптырмас орын;
  • "Көшпенділер қаласы". Қаладан бірнеше ондаған шақырым жерде, Іле өзенінің жағасында "Көшпенділер" фильмін түсіру үшін салынған бекініс декорациялары орналасқан. Бүгінде бұл - ашық аспан астындағы танымал этнопарк;
  • Таңбалы-Тас петроглифтері. Маңайдағы жартастағы бейнелер мен көне жазулар тарих пен жабайы табиғат әуесқойларын қызықтырады;
  • "Қазақстандық Лас-Вегас". Қонаев еліміздегі ойын бизнесінің жалғыз ірі орталығы болып қала береді. Тас жолдың бойында ондаған казино мен ойын-сауық кешендері орналасқан.

город КочевниковФото: depositphotos.com

Өзіңізбен бірге не алу керек: масаға қарсы спрей, тент және крем

Жергілікті климаттың өзіндік ерекшеліктері бар: күн өте белсенді, кешкісін масалар пайда болады, ал жағажайларда қолшатырлар мен күнқағарларды жалға алу қымбатқа түсуі мүмкін. Сондықтан өзіңізбен бірге мыналарды алған жөн:

  • SPF деңгейі жоғары күннен қорғайтын крем;
  • маса мен шіркейге қарсы құралдар;
  • жағажай қолшатыры немесе тент;
  • бас киімдер мен күннен қорғайтын көзілдіріктер.

Бұл жиынтық жағалаудағы ең ыстық күндердің өзінде өзіңізді жайлы сезінуге көмектеседі.

Тағы оқыңыз: 2026 жылы Алакөлдегі демалыс: көлге бармас бұрын білуіңіз керек?

;