Centrum Air әуекомпаниясы Орал мен Ташкент арасындағы тікелей рейстерін тоқтатты. Бағыттың жабылғаны туралы ақпаратты Қазақстанның Көлік министрлігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Tengri Travel.
Бұған дейін желіде тасымалдаушының 5 шілдеден бастап Ташкент - Орал - Ташкент бағыты бойынша рейстерді орындамайтыны туралы ақпарат тараған болатын. Орал әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ұшудың тоқтатылуына жолаушылар ағынының аздығы себеп болғаны айтылды.
"Бұған жолаушылар санының аздығы себеп болды. Бағыт коммерциялық тұрғыдан тиімсіз болып шықты. Мұндай жағдайлар халықаралық бағыттарды сақтап қалу үшін тек рейсті ашу жеткіліксіз екенін, тасымалдың экономикалық тиімділігін қамтамасыз ететін тұрақты жолаушылар сұранысы қажет екенін тағы бір мәрте дәлелдейді", - делінген хабарламада.
Аталған бағыт биыл 29 наурызда ашылған болатын. Рейстер аптасына екі рет орындалғанымен, үш айдан сәл астам уақыт қана жұмыс істеді.
Еске сала кетейік, маусым айының басынан бері Қазақстанда екі жаңа рейс пайда болды. 13 маусымда My Freighter (Сentrum Air) әуекомпаниясы Ташкент - Қостанай рейсін іске қосты. Сондай-ақ 12 маусымда FlyOneArmenia әуекомпаниясы Ереван – Алматы бағыты бойынша алғашқы рейсін орындады.
Тағы оқыңыз: Шымкент әуежайындағы жаңа ұшу-қону жолағы қашан салынып бітеді?