Грузия шараптың отаны саналады. Тбилиси түбіндегі құмыраларда жүзім осыдан сегіз мың жыл бұрын ашытылған. Ал Қазақстан – алманың отаны. Алматы тауларындағы жабайы алма ағашы - Варшавадан Сеулге дейінгі дүкен сөрелерінде тұрған барлық алманың генетикалық атасы.
Грузия шараптың отаны саналады. Тбилиси түбіндегі құмыраларда жүзім осыдан сегіз мың жыл бұрын ашытылған. Ал Қазақстан – алманың отаны. Алматы тауларындағы жабайы алма ағашы - Варшавадан Сеулге дейінгі дүкен сөрелерінде тұрған барлық алманың генетикалық атасы.
29 маусым күні кез келген тосты осы сөздерден бастауға болар еді, бірақ Тәуелсіздік сарайында ешқандай тост айтылған жоқ. Шарап пен алманың отаны Орта дәлізді талқылау үшін бір үстел басына отырды. Бұл – Қытайдан шыққан жүктің Қазақстан арқылы өтіп, Каспий теңізімен паром арқылы Әзербайжан мен Грузияға жетіп, одан әрі Поти және Батуми порттарындағы үлкен су айдынына шығатын бағыты. Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Астанаға ресми сапармен келді. Tengrinews.kz тілшісі келіссөздерге жерүсті дәлізімен – LRT арқылы жетті.

Лимонад факторы
2025 жылдың ақпанында Грузия премьер-министрі Астанаға келіп кеткен болатын. Желтоқсанда Тоқаев пен Кобахидзе Түрікменстанда кездесті. Сәуірде олар Антальяда жүздесіп, жаһандық белгісіздік мәселесін талқылады. Ал кездесулер арасында телефон арқылы да сөйлесіп тұрды. Бұл – кейінгі бір жарым жылдағы бесінші жүздесу. Мұншалықты жиі қарым-қатынас тек сыпайылықтан болмаса керек.
Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы
Сол себепті мен Қазақстанның Грузиядағы елшісі Мәлік Мырзалиннен кейінгі кездері бұл кездесулердің неліктен жиілеп кеткенін сұрадым.
"Біз бір-біріміз үшін маңыздымыз, өйткені Орта дәліздің өте маңызды құрамдас бөліктеріміз. Жүктер шығыстан батысқа қарай Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және одан әрі бағыт алады. Тағы бір үлкен фактор - Грузияға жыл сайын баратын қазақстандық туристердің көптігі. Бұл жылына шамамен 180 мың адам. Олар Қазақстанның бес қаласынан - Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Атыраудан Грузияның үш қаласына - Тбилиси, Батуми және Кутаисиге ағылады.
Қазақстанның Грузиядағы елшісі Мәлік Мырзалин. Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Бұған қоса, "ҚазТрансОйлға" Батуми мұнай терминалы мен теңіз порты тиесілі, сонда Rompetrol да жұмыс істеп жатыр.
Стратегиялық серіктестік - бұл жиынның басты мақсаты. Бұл жолы тараптар үлкен жұмыстың нәтижесі болған бірлескен мәлімдемеге қол қояды. Елшінің айтуынша, бұл құжат қарым-қатынастың форматын кәдімгі деңгейден стратегиялық деңгейге өзгертеді.
"Қарапайым тілмен айтқанда, бұл қарым-қатынастарды мүлде басқа, жоғары деңгейге шығару деген сөз, мұнда екі ел арасындағы байланыстарға басымдық беріледі".
Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы
Сонымен қатар Қазақстан Грузияға астық сатады: бір жыл ішінде экспорт жетпіс есе өсті (бұған субсидия көмектесті) және қазір бұл Грузияның нан импортының бестен бір бөлігін құрайды. Ал Грузия Қазақстанға су сатады.
"Олардың импортының шамамен 40 пайызы - минералды сулар. Келесі кезекте лимонадтары тұр. "Боржоми" үшін Қазақстан әлемдегі екінші нарық болып саналады. Биыл мұнда 95 миллион бөтелке сатуды жоспарлап отыр. Су қымбат, оны кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Құдайға шүкір, Қазақстан 95 миллион бөтелкені сатып алады", - дейді Мырзалин.
Бұл залда минералды су үшін Құдайға шүкіршілік білдіру бірінші рет болып тұрған сияқты.
Елші тағы бір жайтқа назар аударды: Грузияның Қазақстанға салған инвестициясы бір жылдың ішінде 312 миллион долларға жетті. Он екі айдағы көрсеткіш 1991 жылдан бергі барлық жылдардағыдан көп. Ел экономикасы қарқынды дамып келеді.
Осы залда Грузияның экономика министрі Мариам Квривишвили де болды. Ол 36 жаста, бұл қызметте жүргеніне тура бір жыл. Оның қалай жұмыс істейтінін қазақстандық әріптестері өз көзімен көрді.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
"Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыпов екеуі шұғыл түрде аудиоконференция ұйымдастырды: біреумен жедел байланысу керек болып, екі адамды ең төте жолмен жалғады - екі телефонды экрандарын беттестіріп қатар қойып, дауыс зорайтқыш арқылы сөйлестірді.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Контейнерлік әлеует
Тоқаев келіссөздерді аша отырып, бұл сапардың мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.
"Бұл сапар нағыз табыспен аяқталады деп сенемін. Грузия Қазақстан үшін стратегиялық маңызды әрі дәстүрлі серіктес екенін атап өткім келеді", - деді Қазақстан Президенті.
Қазақстандық туристер Грузиядан тек жағымды әсермен оралады, деп жалғастырды Президент.
Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы
"Әрине, әлі де іске асырылмаған белгілі бір мүмкіндіктер бар. Екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін беру үшін қолда бар барлық әлеуетті лайықты пайдалануға күш салуымыз керек".
Кобахидзе бұл пікірді қолдап: "Өзіңіз айтқандай, әлі іске асырылмаған орасан зор әлеует бар және біз оны барынша пайдалану үшін бар күшімізді салуымыз керек".
Әлеует мәселесі бойынша тараптар толық өзара түсіністікке қол жеткізді.
Кеңейтілген келіссөздерде стратегиялық деңгей нақты цифрлармен бекіді. Мұнда да жаһандық тұрақсыздық туралы сөз болды.
"Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, екіжақты тауар айналымының одан әрі өсу әлеуеті зор. Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция салды және әлі де осы елдің ірі инвесторларының қатарында. Мемлекеттеріміз энергетика секторында табысты ынтымақтастықты қолдап келеді. Біз Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау көлемін арттыруға ниеттіміз".
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Кобахидзе өз кезегінде Тоқаевтың көшбасшылығы мен Қазақстанның ілгерілеуін атап өтті.
"Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сізді жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтағым келеді, бұл сіздің мықты көшбасшылығыңыз бен Қазақстанның тұрақты дамуын айғақтайды".
Тоқаев серіктестікті энергетикадан бастап туризмге дейін тармақ-тармағымен белгілеуді ұсынды. Бұл жол картасы деп аталады.
Транскаспий бағытын - сол Орта дәлізді дамытуға уағдаласты. Көбірек контейнер, ортақ тарифтер және цифрландыру. Бес жыл ішінде ол арқылы транзит үш жарым есе өсті. 2029 жылға қарай бағыт бойынша жылына үш мың контейнерлік пойыз жүруі тиіс.
Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы
Қазақстан тек Батумимен шектелмейді. Өткен жылы қазақстандық инвесторлармен бірге Потиде мультимодальды терминал ашылды. Анаклия портына да қызығушылық танытылған.
Ортақ тақырыптар көп болды: цифрлық үкімет пен мемлекеттік қызметтер, тәжірибе алмасу, жасанды интеллект.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Тоғыз ғасырлық достық
Содан кейін Қазақстан мен Грузия стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды - бұл елшінің түсіндіруінше, бүкіл ауқымды жұмыс соның игілігі үшін жасалған негізгі құжат.
Тоқаев Кобахидзеге орден тапсырып, оны Қазақстанның досы және көреген көшбасшы деп атады. Екі елдің тарихи және мәдени байланыстарының тереңдігін атап өтті.
Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы
Орден "Достық" деп аталады. Марапаттаудан жарты сағат бұрын елші маған бұл достықтың қалай басталғанын айтып берді. XII ғасырдың басында грузин патшасы IV Дәуіт Құрылысшы қыпшақтарды көмекке шақырған. Ол Атрак ханның қызы, қыпшақ ханшайымына үйленген болатын. Шамамен екі жүз мыңдай адам келген.
"Бұл Грузияда өте танымал тарих, бірақ, өкінішке қарай, Қазақстанда ол жағын аса көп біле бермейді. 1121 жылы Грузия тарихындағы ең ірі шайқас - Дидгори шайқасы болды. Біздің бабаларымыз - қыпшақтар грузин әскерлерімен иық тіресе жүріп, тәуелсіздікті қорғап қалды және Грузия тарихындағы "алтын ғасырдың" негізін қалады", - деді Мәлік Мырзалин.
Бірақ бұл тоғыз жүз жыл бұрын болған еді. Ал "Достық" ордені бүгін табысталды.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшыманов
Авторы: Айсұлтан Құлшыманов
Аударған: Нұрила Ермекбаева