15 қыркүйек 2017 | 11:31

Ұсынылған әліпби бойынша тілтанымдық талдау

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz коллажы © Tengrinews.kz коллажы

Қазіргі кезде "Жаңа латын негізді қазақ әліпбиінің құрамы мен жүйесі қандай болмақ?", "Оқу мен жазуға оңтайлы бола ма?", "Дауысты және дауыссыз әріптердің латынша нұсқасы қандай болады?" деген тәрізді сұраулар мерзімді басылым беттерінде, БАҚ-та үздіксіз талқыланып келеді.


Иконка комментария блок соц сети

Қазіргі кезде "Жаңа латын негізді қазақ әліпбиінің құрамы мен жүйесі қандай болмақ?", "Оқу мен жазуға оңтайлы бола ма?", "Дауысты және дауыссыз әріптердің латынша нұсқасы қандай болады?" деген тәрізді сұраулар мерзімді басылым беттерінде, БАҚ-та үздіксіз талқыланып келеді.

Белгілі әліпби реформаторы, ұлт жанашыры А.Байтұрсынұлының дұрыс әрі сауатты әліпби жасау туралы мынадай пікірін еске түсіргіміз келеді: "Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс, әліпбидің әріп суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады. Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс. Әрпі тізілгенде оңай тізілетін, басқанда орынды аз алатын әліпби баспасөзді арзандатады. Жақсы әліпби үйренуге де қолайлы болуы тиіс. Әріп сара жазуға оңай, бас­пасы мен жазбасының суреті жақын әліпби үйренуге жеңіл болады. Жақсы әліпбиге лайық бұл төрт сипатқа келмейтін әліпбидің бәрі де кемшілікті әліпби болмақ".

А.Байтұрсынұлының осы критерийіне сәйкес дұрыс әрі сапалы әліпбиді анықтау үшін ең алдымен әліпби жасаудың лингвистикалық технологиясын, айталық, тілдің үндесім заңдылығын, грамматикалық, фонетикалық, фонологиялық, лексикалық, орфографиялық, орфоэпиялық сияқты тілдік нормаларын білу шарт. Сонымен қатар жазудың грамматологиялық заңдылығы және әліпби құруда ұстанылатын негізгі әрі басты принцип ретінде танылып жүрген "1 дыбыс - 1 әріп" ұстанымы басшылыққа алынуы тиіс деп білеміз. Себебі бұл айтылғандарды білмей әліпби жасайтын болсақ, тілдің имундық жүйесіне, заңдылығына, тілдің саламатты болуына қауіп төнеді. Біздіңше, о бастағы латыннегізді әліпби жүйесіне көшудегі басты мақсат - әліпбидегі "жұмыс істемейтін" және ұлттық санада белгілі бір сәулесі жоқ әріптерді тазарту, ал төл графемаларды әліпби құрамында сақтап, ықшам әрі тиімді әліпби нұсқасын белгілеу болатын.

Елбасы Н.Назарбаев "Тіл мамандары ортақ келісімге келгенде ғана жаңа әліпби жайында жария етемін. ... Ноқаты, үтірі бар, тек қазақ дыбыстарына тән 8 әріп бар. Міне, соларды нақтылау қажет. Барлық мәселе осында" деп көрсетті. Елбасы айтқандай, тілімізді ұлттық тіл ретінде көтеріп тұрған және басқа тілден ерекшелейтін қазіргі әліпбиде қазақ тіліне тән әріптеріміз бар. Олар:ә, ө, ү, ұ, ы, і, қ, ғ, ң.Бұл әріптердің әрқайсысының жеке мағынасы, функциясы бар екендігі белгілі. Әрқайсысының жеке-жеке мәні бар екі әріпті бір графемаға телуге болмайды. Сондықтан әріптердің болашақ латыннегізді әліпбиде қалай таңбаланатыны алаңдатарлық жайт. Себебі кешегі парламент отырысындағы халық талқысына ұсынылған әліпби жобасында бұл әріптердіңкейбірі диграфпен (ае, ое, ue, kh, gh, ng) таңбаланып берілді. Түркі тілдері жалғамалы тілдер тобына жататындықтан, әріптерді диграфпен беру тиімсіз әрі қабыладауға қиындық келтіретінін қазақ жазуын онтогенездік дамуын зерттеуші ғалым Құралай Күдеринованың пікірінен білуге болады.Жалпы мағына ажырататын фонеманың әліпбиде жеке таңбасы болғаны жөн. Ал екі мағынасы бар фонеманы тіркестіріп, бір әріп жасауға болмайды. Әсіресе бұл айтылғандар дауысты дыбыстарға қатысты. Қазақ тілі вокалды тілдер қатарына жатады. Вокалды тілдерде сөздің мағыналық жүгін дауысты дыбыстар көтереді және дауыссыз дыбыстардың әуезі дауысты дыбыстарға байланысты болады. Мысалы, дала, дөңес сөздерін алатын болсақ, дала сөзінде дауысты жуан болғандықтан, дауыссыз дыбыстың әуезі жуан естіледі. Сол сияқты дөңес сөзінде дауысты ө және е фонемалары жіңішке болғандықтан, дауыссыз дыбыстардың да әуезі жіңішке айтылып тұр.

Қазіргі кезде қазақтілді тілтұтынушысының санасында кирилл және латын әріптерінің графикалық портреті әбден орныққан. Осы жерде зерттеуші Құралай Күдеринованың пікірін келтірсек "Кез келген сөзді естіген сауатты адамның санасында сөздің фонетикалық айтылуымен қатар, графикалық портреті де елес береді. Бұл - әдеби стиль түрін меңгермеген кез келген сауатты адам санасында болатын код түрі. Бүгінгі жаппай саясаттану, жазба тіл нормасы мен тәсілдерін меңгерген заманда жазу арқылы ойлау басым». Олай болса, әріптердің графикалық портретін дұрыс түзуіміз керек. Себебі /ә/әрпін /ае/, /ө/ әрпін /ое/, /ү/ әрпін /ue/, /ш/ әрпін /sh/, /ң/ әрпін /ng/, /ж/ әрпін /zh/ деп алсақ, бірмәнді әріптер (/ә/, /ү/, /ө/, /ш/, /ң/, /ж/) өзінің мәнінен айырылып, болашақта /ә/ әрпіміз /ае/ болып, /ө/ әрпіміз /ое/болып айтылып кетуі де мүмкін.

Ае диграфы қазақтың төл сөздерінде ә әрпінің мәнін берсе, ал орыс тілі арқылы енгенкірме сөздердегі э әрпімен келетін сөздер е әрпімен беріледі.Сонда ә әрпі мен аэ (латыншада ае) әріп тіркестерінің бейнесі және ө әрпі мен оэ (латыншада ое) әріп тіркестерінің бейнесі бір болып шықпай ма? Мысалы:

Ә = АЕ

aeroport – аэропорт

aerobika – аэробика

aeroaedis– аэроәдіс

aeroalang – аэроалаң

aerovokzal – аэровокзал

aerodrom – аэродром

taekvando – таэквандо

Ө = ОЕ

biooenimdilik – биоөнімділік

biooeris – биоөріс

makroelement – макроэлемент

makroekonomika – макроэкономика

makroekozhueje – макроэкожүйе

geoekologia – геоэкология

geoekonomika – геоэкономика

audioelektrondykh – аудиоэлектрондық

Егер де, осы сияқты мысалдарды жинай берсек көптеп кездеседі.

Сондай-ақ shдиграфымен таңбаланатын ш әрпі мен сөз ішінде келетін sh (ashana) әріп тіркесінің тұрпаты көзшалымға бірдей болып кетпей ме?

асхана - ashana = balshıkh - балшық

Сонда асхана сөзі ашана немесе балшық сөзі балсық болып оқылып кетпесіне кіп кепіл?

Метатезалық проблема.Қазақ тілінде сөз ортасы позициясында қатар келетін дауысты дыбыстар бар. Мысалы, бәйгеалаң, археолог, ареал, геодезия, география сияқты сөздер. Олардың саны көп. Осы жағынан алғанда /ае/ және/ое/ диграфтарымен метатезалық проблема туындауы мүмкін. Айталық,

baejgealang= /ae/ - /ea/

arheolog= /oe/ - /eo/

areal= /ae/ - /ea/

geodezia= /oe/ - /eo/

geografia= /oe/ - /eo/.

Сонымен қатар қазақ тілінде сөз ішінде қатар келетін дауыссыз дыбыстарымыз диграфпен тіркесіп, оның тұрпаты бұзылады және тілдің орфоэпиялық нормасы сақталмай кету қауіпі бар. Мысалы, batysshyl (батысшыл), khosshy (қосшы), basshy (басшы), assha (асша), asshajan (асшаян), koeshbasshy (көшбасшы).Берілген мысалдардан көріп отырғанымыздай, қазіргі орфоэпиялық норма бойынша басшы сөзі [башшы] деп айтылатын болса, ендігі /бассшы/ немесе /басхы/ болып айтылып, ал denggei, dinggekсөздерінде де екпін /g/ әрпіне түсіп сөздің әуезі бұзылуы мүмкін.

Сол сияқты tuengiдеген сөзді айтуда да сингармонизм заңдылығы бұзылады. Түнгі деген сөздің құрамында дауысты езулік [е] дыбысы тұрғандықтан, [түңгі] емес /түңі/ болып айтылып кетуі де алаңдатарлық жайт. Мұндай сөздер қазақ тілінде өте көп екені белгілі. 

Сөз ішінде қатар келген диграфтар да баланың оқылымына, сөзтанымына, оның коммуникациясына әсер етеді. Ғалым Құралай Күдеринованың пікірінше, "түркі жазба тілінің графикалық, орфографиялық ерекшеліктеріне сай сол түркі тілінде жазатын, оқитын адамның санасында көзшалым базасы болады. Егер мәтін сол базаға сәйкес келмесе, коммуникацияға кедергі келеді". Шындығында batyngkhyra, batyngkhy, alangkhai, tungghiykh, aldyngghy, bakhsha, alakoelengke, zhabyrkhangkhy, zhabyngkhy, zhangkha, zhangsakh, tangghy.Берілген мысаладардан көріп отырғанымыздай, бір сөздің ішінде сөз ортасы позициясында екі диграфтың қатар келуі баланың ойын, оның сөзді тану қабілетін тежейді. Сондай-ақ баланың оқуға деген ынтасы, ықыласы төмендейді. Мысалы, қараңыз. 1 сыныпқа арналған "Сауат ашу" оқулығындағы 11-беттегі мәтінді алайық.

Кирилл әліпбиінде:

Бір Тышқан нан дүкеніне кіреді. Сөреде жаңа піскен бөлкелер үйіліп тұр екен. Тышқан шеткі бір бөлкені кеміре бастайды. Осы кезде күзетші келіп қалады. Тышқан зып беріп тысқа шығады. Бірақ алысқа ұзамайды. "Апйрай, қайдан шықты екен осыншама нан?! Біліп алып, шыққан жеріне кірсем, ә!" деп қызығып кетеді. Тесіктен сақтана сығалайды.

- Нан, нан, сен қайдан шықтың? - дейді сыбырлап.

- Сатушыдан сұра, - дейді нан.

(Мұхамеджан Етекбаев).

Кирилл әліпбиімен берілген мәтінде 60 сөз, босаралықсыз (пробел) 348 таңба.

Латын әліпбиінде:

Bir tyshkhan nan duekenine kiredi. Soerede janga pisken boelkeler uejilip tur eken. Tyshkhan shetki bir boelkeni kemire bastaidy.

Osy kezde kuezetshi kelip khalady. Tyshkhan zyp berip tyskha shyghady. birakh alyskha uzamaidy. "Apyrai, khaidan shykhty eken osınshama nan?! Bilip alyp, shykhkhan zherine kirsem, ae!" dep khyzyghyp ketedi. Tesikten sakhtana syghalaidı.

- Nan, nan, sen khaidan shykhtyng? - deidi sybyrlap.

- Satushydan sura, - deidi nan.

(Muhamedzhan Etekbaev).

Латын әліпбиімен берілген мәтінде 60 сөз, босаралықсыз (пробел) 388 таңба.

Енді екі мәтінде таңба санын салыстырыңыз. Қазіргі таңда ұсынылып отырған латын әліпбиінің жобасы бойынша мәтін ұзақтығын, таңбаның көптігін байқауға болады. Бұл дегеніңіз уақытты алады әрі жазу жағынан тиімсіз. Сөздерге қосымша жалғанғанда диграфтардың көбейіп кететінін байқауға болады. Мысалы, мәтіндегі шыққан сөзін алсақ shikhkhan деп жазылады. Осы секілді сөздер баланың графикалық портретінің қалыптасуы тежеледі.

Орфографиялық қиындық. Ұсынылған жаңа әліпби бойынша бірнеше орфографиялық қарама-қайшылықтар шығуы мүмкін. Мысалы, кирил графикасына негізделген әліпби бойынша жазылатын және семантикалық қарсылыққа ұшырамайтын сөздер бұл әліпби бойынша семантикалық қарсылыққа ұшырап, сөздің графикалық тұрпаты арқылы мағынаға да әсерін береді. Сонымен қатар қысқарған сөздердің жазылуы, оның қысқа формасы біршама ұзарып, көзшалымға тұрпайы көрінеді. Мысалы, БжҒМ деген қысқартылым BzhGhM түрінде жазылады. Бұл көрсетілген проблемалар арқылы ұсынылып отырған әліпбиді әлі де жетілдіру керектігін көрсетеді.

Жапондар мәшинені адамның ыңғайына қарай жасайды, сол сияқты біз де латын негізді әліпбиді адамның, тілдің заңдылығына бейімдегеніміз абзал деп сөзімізді қорытамыз.

А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының 
ғылыми қызметкерлері - Ж.Жұмабаева, Н.Әміржанова

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети