20 тамыз 2020 | 10:49

Заманауи археологиялық жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр? Маманмен сұхбат

ПОДЕЛИТЬСЯ

Археологтар күніне орай Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, археолог Айдын Жүнісханов мырзамен сұхбаттасқан едік. Танымдық сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.  


Иконка комментария блок соц сети

Археологтар күніне орай Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, археолог Айдын Жүнісханов мырзамен сұхбаттасқан едік. Танымдық сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.  

Айдын мырза, 15 тамызда өткен археологтар күні кұтты болсын. Биылғы жылы қандай археологиялық табыстарға жеттіңіздер ?

Құттықтауыңызға рақмет. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың қолдауымен 2016 жылдан бастап Шығыста археологиялық зерттеулерді дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарлама аясында ЗАЙНОЛЛА САМАШЕВ, былтыр ғана дүниден озған академик КАРЛ БАЙПАҚОВ, ӘБДЕШ ТӨЛЕУБАЕВ сияқты елімізге танымал археолог мамандар тартылып, шығыс өңірінде ежелгі замандардан бастап кейінгі ортағасырлармен мерзімделетін ескерткіштер тобы зерттелді.

Аталмыш бағдарламамен ШІЛІКТІ, БЕРЕЛ обалары, ЕЛЕКЕСАЗЫ қорымы, ТАУТЕКЕЛІ және АБЛАЙКИТ сияқты кешендерге археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Ағымдағы жылы осы бағдарлама негізінде Зайнолла Самашев ағамыздың жетекшілігімен жүзеге асырылып келе жатқан "Қола ғасырынан ерте ортағасырларға дейінгі Алтай-Тарбағатай өңірі" жобасы бойынша "Елекесазы" мен "Берел" қорымында зерттеу жұмыстары жалғастырылса, Қатон-Қарағай ауданында орналасқан "Жайдақ", "Таутекелі" ескерткіштерінде, Семей қаласының маңындағы "Көкентау" археологиялық кешенінде зерттеу жұмыстары басталды. Бұл құптарлық іс.

Зайнолла Самашев ағамыздың басшылығымен Көкентау өңірінде жүргізілген далалық зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесінде еліміздің аумағында өте сирек кезесетін қызыл жосамен осыдан 3500-4000 мың жыл бұрын салынған суреттердің топтамасын таптық.

Сондай-ақ, сол суреттерді қалдырған ежелгі заман тұрғындарының қоныстары мен жерлеу орындарын зерттелді. Көкентау өңірінде адамзат баласының алғашқы қоныс тепкен уақыты осыдан 7000 мың бұрын болғандығын радиокөміртекті анализ жасау арқылы анықтаған болатынбыз. Одан бөлек, Ертістен Дунайға, Алтайдан Гималайға дейін 7 ғасырда алып империя құрған Батыс түркі қағанатының саяси және сакралды орталығы болған "Елекесазы" кешенінде Түркі қағанының құрметіне тұрғызылған ғибадатханада зерттеу жұмыстары жүргізіліп, кешеннің архитектуралық ерекшеліктеріне қатысты тың мәліметтер алынды.

Далалық зерттеу жұмыстары күні бүгінге дейін жалғасып жатқандықтан өткен тарихымыздан сыр шертер ашылымдар маусым аяғында болып қалады деген үміттеміз.

Археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде заманауи әдістерді қолданасыздар ма, әлде дәстүрлі қалыптасқан әдістер негізінде жүргізесіздер ме?

Әлемдік тәжірибеде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде қалыптасқан дәстүрлі зерттеу әдістерімен қоса заманауи зерттеу әдістерін қатар қолдану үрдісі кең етек жайған. Отандық археологтарымызда әлемде қабылдаған соңғы археологиялық зерттеу әдістерін пайдалана отырып зерттеу жұмыстарын ұйымдастырады.

Бүгінгі таңдағы археология ғылымы жаратылыстану ғылымдарымен тығыз байланыста дамып келе жатқан гуманитарлық ғылымның бірден-бір саласы. Қазіргі археологтар өз зерттеулерінде антропология, медецина, генетика, ботаника, ветеренария, физика, топырақтану сияқты түрлі бағыттағы ғылым салаларының соңғы үлгідегі жетістіктерін пайдалана отырып, олармен тығыз байланыста ғылыми зерттеулер жасап, байырғы адамдардың тұрмыс-тіршіліктеріне қатысты нақты ғылыми тұжырымдар жасалуда. АРХЕОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫ ЖАҢА САТЫҒА КӨТЕРІЛУДЕ.

Мысалға, Ағылшын және Неміс ғалымдары бірлесіп Мысыр пирамидаларының бірінен осыдан 3000 жыл алдын жерленген адамның дауысының жаңғыртпасын компьютерлік томограф пен 3D принтердің көмігімен жасап шығулары әлемдік ғылым саласына төңкеріс әкелген жаңалық болды.

Соңғы уақытта ұлы далада ат жалында өркениет жасаған сақ, сарматтар және т.б. көшпелі халықтардың генетикасын зерттеу бағытында АҚШ, Германия, Франция, Ресейдің белді ғылыми-зерттеу орталықтары бірлесіп жасаған ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сақтардың ұрпақтары түркі тілдес халықтардың арасында, соның ішінде қазақ халқының арасында сақталғындығы туралы сенсациялық ғылыми тұжырымдама жасады.

Сақтарды қазаққа жақындатпай, олардың тегін үнді-ирандықтарға теңеп, "олар тарих сахнасынан жоғалып кетті" деген еуроцентристік көзқарасқа тойтарыс берілді.

ЕЛЕКЕСАЗЫ қорымынан табылған сүйектерді генетикалық саралау нәтижелері халқымызда қалыптасқан "жеті атаға дейін қыз алыспау" қағидасының қалыптасуы біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықта көшпелі халықтардың салт-дәстүрлерінде пайда болғандығын негіздеп отыр.

Міне, осындай пәнаралық зерттеулерді жасау арқылы біз өткен тарихымыздың ақтаңдақ беттерін толықтыра аламыз.

Қазақ халқы ежелден қайтыс болған жандарын сыйлайтын халық екендігі белгілі. Осы ретте археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған сүйектерді зерттеу ісі салтымызға жат, дәстүрімізге томпақ келмей ме?

Халқымызда дүниеден қайтқан жандарды сыйлап, оларды құрметтеу дәстүрінің бар екендігі ақиқат! Аруақтарды сыйлау қазақтардан өзге халықтардың басым бөлігіне тән қасиет.

Археологиялық қазба жұмыстары адамзаттың өзінің өткенің танып біліп, сол арқылы өзінің өзге қоғамдар арасында алар орының нақтылау қажеттіліктерден туған шаралардың бірі.

Бұлай дейтініміздің басты себебі, кез келген ұлт өзінің даму деңгейінің бір сатысында өзінің өткен тарихын шынайы бағамдау үшін, ата-бабаларының қандай мәдени құндылықтарға қол жеткізгендіктерін, өзге өркениеттер арасында алар орны қандай болды деген толассыз сауалдардың ғылымға негізделген жауабын іздеуге ұмытылып, тырысады.

Өткен тарихымыздың жазуға дейінгі тарихына қатысты ғылыми деректерді тек қана археология ғылыми бере алады. Жоғарыда қойылған сауалдардың нақты ғылыми жауабын беріп, тарихымызды жаңғырту үшін қазақ даласының әр жерінде археологиялық зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға тиіспіз.

Солардың ішінде, Қазақстанда да кейінгі ондаған жылдар емес, тіпті жүз жыл ішінде тас дәуірінің тұрақтары, қола дәуірінің қоныстары, тау-кен орындары, металлургиялық қорыту орталықтары, жерлеу орындары, ежелгі сақтардың обалары, көне түріктердің әртүрлі ескерткіштері, көне қалалар, қоныстар, жартас суреттері, т.б. кешенді түрде заманауи әдістермен зерттелді.

Олардың нәтижелері, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған оқулықтарға кіріп, сол арқылы халқымыздың тарихы терең, мәдениеті басқа көрші халықтардан, өркениеттерден ешқандай кем емес, керісінше, әртүрлі кезеңдерде өзінің тарихи, табиғи орталарына бейімделген ерекше өркениет жасағанын  көрсетіп отыр.

ТАРИХЫН БІЛМЕГЕН ХАЛЫҚТА БОЛАШАҚ БОЛМАЙДЫ! Оны ешкім сыйламайды, онымен ешкім есептеспейді. Сондықтан да, қазақтың ежелгі тарихын археологиялық кешендер арқылы зертеу – Қазақстан тарихы ғылымының негізгі тұтқасы.

Сол себепті де археологиялық зерттеу мақсатында жазуға дейінгі кезеңнің ескерткіштерін ашу, алынған остеологиялық материалдарды зерттеу – Отандық ғылым үшін, әлемдік ғылым үшін жасалып жатқан қадамдардың бірі.

Археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған сүйектерді зерттейтін антрополог, медицина мамандары ежелгі адамдардың қандай аурулармен ауырғандықтарын, олардан емделу үшін қандай табиғи дәрілерді пайдаланғандығын анықтап жатады.

Физикалық антропология бойынша маманданатын мамандар ежелгі адам сүйектеріннің мүжілуі мен деформацияға ұшыру деңгейін зерттеу арқылы байырғы адамдардың еңбектің қандай түріне бейімделгендігін анықтайды. Осылайша, олардың аттың үстіне қалай отырып, садақ пен қылышты қалай игергендіктері туралы бұрындары беймәлім болған ғылыми әдістер арқылы тың ғылыми тұжырымдар жасауға үлкен мүмкіндік ашылып отыр.

Өткен тарихтағы ата-бабамыздың тарихын толық түсініп, олардың шынайы мұрагері атануымыз үшін бізге бабаларымыздың өткен тарихын толыққанды зерттеп, жаңғырту арқылы Ұлы Даланың нақ мұрагері өзіміз екендігімізді дәлелдеу қажет екендігі сөзсіз. Ол мақсаттарға археология ғылымынсыз жете алмасымыз тағы ақиқат.

Халық арасында "Көне қорымдарды қазған жандарды аруақ атады" деген сенім бар. Осыған қалай қарайсыздар?

Жалпы археологтар кез келген жерлеу орын көре сала "мен осыны қазамын" деген шешім шығармайды. Археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ұйымдастырудың еліміздің заңдарында көрсетілген заңдылықтары мен талаптары бар. Сол талап, заңдылықтардың негізінде зерттеулерді жүргізеді.

Елімізде жыл сайын барлық облыстарында археологиялық далалық-зерттеу жұмыстары ұйымдастырылады. Әлі күнге дейін сол жұмыстарға атсалысқан ғылыми қызметкерден бастап, түрлі қызмет көрсетіп, қолдау білідіріп жүрген жергілікті тұрғындар арасынан обадағы қазба жұмыстарына қатысққанан кейін қандай да бір дертке шалдықты деген факті тіркелмеді.

Көп жағдайда бұндай ақпараттар қауесет ретінде жергілікті тұрғындар, өздерінің бизнестерін жүргізу үшін турфирмалар, демалыс орындары жасап жатады. Бұған дейін, Қатон-Қарағайдағы Берел ескерткішінің маңында орналасқан демалыс орындарының бірінің "Берел жазығындағы патшалы алқапты зерттеуге қатысқан барлық археологтар қайтыс болып кетті" деген жарнамалық буклеттерді клиент тарту үшін таратқанын да білеміз.

Айдын мырза, сұхбатыңызға рақмет. Ғылыми-зерттеушілік жұмыстарыңызға толағай табыстар тілейміз.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети