"Жасыңыз ұжымға сәйкес келмейді", "біліктілігіңіз бұл лауазым үшін тым жоғары" немесе ондаған, кейде жүздеген бос орынға түйіндеме жіберсең, жауап - үнсіздік.
Қазақстанда парадокс қалыптасты: тәжірибесі толысқан 40 жастан асқан қызметкерлер еңбек нарығы үшін "көрінбейтін" адамға айналғанын аңғарады. Ресми түрде зейнетке шығуға әлі жиырма жыл бар, бірақ HR-сүзгісі үшін олар әлдеқашан "есептен шығарылған". Неге кадр тапшылығы сезіліп отырған елде тәжірибелі мамандар жасын жасыруға мәжбүр? Tengrinews.kz тілшісі сарапшылармен сөйлесіп, пайдалы мәліметтер жинады және қазіргі уақытта жұмыс іздеп жүргендерге қолдау ретінде 40 жастан кейін мансабын "қайта бастауға" бел буған қазақстандықтардың оқиғаларын жазып алды.
Бос орындарға 764 өтінім және бірде-бір шақырту жоқ
46 жасында Натальяның өмірі жұмыс іздеуге арналған интернет-платформаны үздіксіз жаңартумен өтетіп жатыр.
Көпжылдық өтілі бар басқарушы, логистика мен операциялық процестердің тәжірибелі сарапшысы 45 жасқа дейін жұмысқа орналасуға ең көп дегенде бір ай кететін еді дейді. Қазір Натальяның жұмыс іздеп жүргеніне жарты жылға жуықтады, ал бұл "ізденіс" статистикасы көңіл көншітпейді:
"Нақты статистиканы айту үшін қосымшаны аштым: мен 764 рет "өтінім беру" батырмасын басыппын. Нәтижесі қандай? Себебі түсіндірілмеген 31 бас тарту және рекрутерлер тіпті ашып қарауға ерінген 70-ке жуық түйіндеме".
Әйелдің пайымдауынша, мұндай интернет-платформаларда жұмыс берушілер 45 жастан асқан үміткерлерді автоматты түрде өткізбейтін сүзгілер орнатып қойған.
Жұмыс берушімен сұхбаттасу мүмкін болмай тұр
"Маман ретіндегі міндетім - өзімді дұрыс таныстыру, қол жеткізген нәтижелерім мен көрсеткіштерім туралы айтып беру. Бірақ іс диалогқа дейін бармайды. Өтінім - бас тарту - бітті. Сайт рекрутерден "Неге?" деп сұрай алмайтындай етіп жасалған. Мен қателігімді түсінгім келеді, өскім келеді, бірақ жүйе алдыңнан есікті тарс жауып алады", - дейді Наталья.
Бұл кедергіні қалай да болсын жеңу үшін, ол онша әділ емес қадамға баруға - түйіндемесінен жасын алып тастауға мәжбүр болған. Ол мұның таза кемсітушілік және Еңбек кодексін бұзу екенін түсінеді, бірақ нарық басқа таңдау қалдырмай отыр.
Натальяның тәжірибесінде оған: "Біздің командамыз өте жас" деп ашық айтқан жағдай да болған. Мүмкін, бұл сыпайы тіркестің артында тәжірибесіз басшылардың мықты кадрлардан сескенуі жатқан болар.
"Мен 55 адамнан тұратын ұжымды басқардым және командаға әрқашан өзімнен мықты адамдарды алуға тырысатынмын. Өйткені мықтылар - сенің сенімді тылың, олармен алаңсыз демалысқа шығуға немесе ауырғанда жұмысқа шықпай қалуға болады. Ал 24 жастағы басшы 28 жастағы үміткердің түйіндемесін "ол маған бағынбайды" деген сөзбен шетке ысырып қойса, бұл тек бастықтың біліксіздігін көрсетеді".
Ал "Күміс жас" және ересек жастағы жұмыс іздеушілерді қолдаудың басқа да мемлекеттік бағдарламалары (олар туралы толығырақ төменде - ред. еск.) Наталья үшін тек теория жүзінде қалып отыр. Ол бұл бағдарламалар туралы естігенін, бірақ әзірге олардың тиімділігіне сенбейтінін, сондықтан шындыққа өз бетінше бейімделуге тырысатынын айтты:
"Қазір жасанды интеллектіні үйренуге тырысып жүрмін. Толыққанды оқу шамамен 300 мың теңге тұрады, әзірге ондай артық ақша жоқ, сондықтан өз бетімше ізденіп жатырмын. Жасанды интеллектіні бизнес-процестерде қалай қолдануға болатынын: чат-боттар, сату воронкаларын, жарнамалық видеолар жасауды зерттеп жүрмін".
Наталья тек туған қаласы Алматыда ғана емес, Астана немесе Шымкенттегі бос орындарды да қарастыруға дайын. Алайда оны жалақы деңгейі де қынжылтады: 2026 жылы инфляция жоғары, ал жұмыс берушілер Натальяның осыдан бес жыл бұрын алған сомасын ұсынады.
"Біз тоқсаныншы жылдардың балаларымыз. Біз жұмыс істей білеміз, ең бастысы, жұмысты жақсы көреміз. Біз қиындықтан қорықпаймыз, бізде орасан зор тәжірибе бар. Бірақ қазір біз бен жұмыс берушілер екі бөлек жолмен жүрміз және неге екені белгісіз, еш кездесе алмай жатырмыз. Мен жай ғана лайықты еңбекақы төленетін лайықты жұмыс қалаймын. Шынымен де бұл тәжірибе артықшылық емес, кедергіге айналғаны ма?" - деп таңырқайды ол.
HR-маман түйіндемелер неге "қоқыс жәшігіне" кететіні туралы
Натальяның оқиғасы ерекше жағдай емес, бұл қазіргі қазақстандық нарық үшін қалыпты сценарий десе болады. 700 өтінімнің неге нәтиже бермейтінін түсіну үшін рекрутингтің "ішкі жағына" үңілу керек. Компаниялар қандай бейресми кедергілер қоятыны және 40 жас жұмыс берушілер үшін неге қауіпті межеге айналғаны туралы HR-консалтинг жетекшісі Дарья Тимошина айтып береді.
Жұмыс берушілердің үміткерлерге арналған бейресми сүзгілері туралы
"Шектеулер әрқашан қойылады. Жағдайлардың 90 пайызында жұмыс берушілер ересек үміткерлерді қарастыруға дайын емес, - деп растайды Дарья. - Олармен бұл мәселені талқылауға, тіпті кейбірін көндіруге тура келеді. Тек өндірістегі техникалық директорлардың орындары ғана ерекшелік болуы мүмкін. Бірақ ол жерде басқа кемсіту іске қосылады: тек ер адамдарды ғана қарастырады".
Ал ең көп таралған бос жұмыс орны - сату менеджері туралы айтатын болсақ, маманның айтуынша, 40 жастан асқан үміткерлер ол жерге, әдетте, тіпті қарастырылмайды.
"Бас тартудың негізгі себебі - 40 жастан асқан адамдар оқуға қабілетсіз, тез әрекет ете алмайды және менталды проблемалары бар деген қалыптасқан теріс пікір. Әрине, бұл шындыққа жанаспайды".
HR-мамандардың пайымдауынша, 40-тан асқан үміткерлер екі санатқа ғана бөлінеді:
- не ол мол тәжірибесі мен соған сай жоғары қаржылық талабы бар топ-менеджер;
- не ол қарапайым дағдылары бар адам, мысалы, қосалқы жұмысшы.
"Өндіріс саласында ер адамдарға "жаңадан бастаушы" болу біршама жеңілірек. Ол қосалқы жұмысшы болып кіріп, біртіндеп тәжірибе арқылы мамандықты меңгере алады. Ал әйелдерді мұндай рөлде мүлдем қарастырмайды - оларға тек таныстар арқылы жол табуға тура келеді", - дейді Тимошина.
Жұмыс берушілер мен үміткерлердің қорқынышы туралы
HR-маман тағы бір құбылысты байқаған: 40-тан асқан үміткерлер жасырын дискриминация барын жақсы біледі және ұзақ уақыт жұмыс іздеуден қажыған, бұл да өз кезегінде қиындық тудырады:
"Мұның бәрі кандидаттардан байқалады. Сұхбат кезінде олардың көбі өзін мазасыз ұстайды, тіпті кейбірі рекрутермен "жоғарыдан" сөйлесуге жол береді".
Нәтижесінде тығырыққа тірелген шеңбер пайда болады:
- Жұмыс беруші жасы келген кандидаттардан мәселе туындайды деп алдын ала қорқады.
- Жасы келген үміткерлер осы қорқыныштың әсерінен өздерін еріксіз сол стереотиптерді растайтындай ұстай бастайды.
"Сонымен қатар, зейнет жасының жоғары болуына байланысты еңбек нарығында жағдайы одан да қиын тұтас бір топ - 50-ден 63 жасқа дейінгі адамдар қалыптасқанын ұмытпаған жөн", - деді HR-консалтинг басшысы.
"Бірақ кейде жас шектеуін қоятын бизнес иелерін де түсінуге болады, - дейді сарапшы. - Мысалы, өндірісте жұмыс істей білу керек станоктар бар және шартты түрде 10–100 миллион тұратын қымбат жабдықтың бұзылып қалмауын қадағалап, компьютер арқылы басқару қажет. Бұл жағдайда басшы кімді таңдайды? 25–35 жастағы жігітті ме, әлде 45–60 жастағы ересек адамды ма? Жауабы айтпаса да түсінікті".
Жұмыс іздеушілерге арналған мемлекеттік бағдарламалар
Enbek.kz: үміткерлер мен жұмыс берушілер не білуі керек?
Біз HR-маманмен жұмысқа орналасудағы мемлекеттік қолдау, атап айтқанда - Enbek.kz бос жұмыс орындары сайты туралы сөйлестік.
Дарья Тимошинаның пікірінше, 40+ үміткерлердің жолында психологиялық кедергілерден бөлек, техникалық кедергілер де бар. Мемлекет жұмыс іздеуге арналған инфрақұрылым жасағанымен, сарапшының ойынша, үміткерге де, жұмыс берушіге де оны түсіну қиын. Порталдың әлеуеті зор, бірақ оны іске асыру әзірге ақсап тұр.
"Мемлекеттің жұмысқа алуды қалай қолдайтынына келетін болсақ, идеясы үшін "бес", ал орындалуына, өкінішке қарай, "екі" деген баға беруге болады. Мысалы, әркім түйіндеме қалдыра алатын Enbek.kz сайты өте күрделі жасалған. Адамдарға оның қалай жұмыс істейтінін түсіну қиын. Соған қарағанда [жұмыс іздеуге арналған коммерциялық сайтты атайды] түйіндеме жасау үшін өте ыңғайлы. Ал Enbek-ті көбі түсінбейді, соның салдарынан олардың түйіндемелері өте нашар күйде", - деп бөлісті Дарья Тимошина өз бақылауы.
Ыңғайлы интерфейстің жоқтығы вакуум тудырады: үміткерлер порталдың мүмкіндіктерін білмейді, ал рекрутерлер оны жай ғана "есеп үшін жасалған биржа" деп санап, кіруге асықпайды.
"Рекрутерлердің бәрі бірдей ол жерден кандидат іздеуге болатынын білмейді. Мен өзім ол жерден бірнеше рет адам жалдадым. Иә, іздеу қиынырақ, өйткені адам аз келеді, сапалы толтырылған түйіндемелер де аз. Бірақ тіпті жәрдемақы алу үшін тіркелген адамдардың байланыс деректері арқылы да іздеуге болады".
Сонымен қатар, маман шағын кәсіпорындар үшін мемлекеттік портал қымбат жеке сервистерге жақсы балама бола алатынын атап өтті:
"Алматы мен Астанада коммерциялық сайттардың түйіндеме базасынан бір ай бойы іздеу - шағын бизнес иесі үшін қомақты сомма. Ал Enbek-те тегін іздеуге болады. Егер бұл жоба ілгерілеп, дамитын болса, бұл бизнеске де (ірі және шағын), үміткерлерге де үлкен көмек болар еді. Сондықтан адамдардың бұл туралы білгенін қалаймын".
Бірақ әзірге сайтта жұмыс берушілердің белсенділігі төмен, ал 40+ мамандар бұл дереккөзге аса сенбейді. Сондай-ақ, "онда негізінен жалақысы төмен және біліктілігі аз мамандықтар мен жұмысшылар қарастырылады" деген пікір бар.
"Бір танысыма аспаздық курсын ұсынды. Болжамды жалақысы - салықтарды қосқанда 200 мың теңге шамасында. Немесе "Қазпоштадағы" позиция - салықтармен бірге 100 мың теңге", - дейді Дарья Тимошина.
"Күміс жас": мемлекет жасы келген қызметкер үшін ақы төлейді
2022 жылдан бастап елімізде "Күміс жас" жобасы жұмыс істейді.
Егер бұрын бағдарлама зейнетке шығуға екі жыл қалған адамдарға бағытталса, қазір ережелер өзгерді - оған 50 жастан бастап қатысуға болады.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Мемлекет бизнеске ересек қызметкерге төленетін төлемдерді үш жыл бойы субсидиялайды:
- Бірінші жыл: бюджет белгіленген жалақы мөлшерінің 70 пайызын өтейді.
- Екінші жыл: мемлекет төлемдердің 65 пайызын өз мойнына алады.
- Үшінші жыл: жалақының 60 пайызы субсидияланады.
Қадамдық алгоритм: "Күміс жас" бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасатын адам не істеуі керек?
Тіркелу:
Жұмыс іздеушіге тіпті үйден шығудың да қажеті жоқ. Алдымен Enbek.kz сайтында немесе Enbek мобильді қосымшасы арқылы тіркелу қажет.
Мәртебе:
- Ресми жұмыссыз мәртебесін алу қажет. Бұл ЭЦҚ арқылы онлайн немесе жақын маңдағы Еңбек мобильділігі орталығында (бұрынғы жұмыспен қамту орталықтары) жасалады.
Бос жұмыс орнын іздеу:
- Enbek.kz порталындағы сүзгілерден "Күміс жас" тармағын таңдау керек. Онда субсидиялау шарттарына келісіп қойған жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары жинақталған.
Шарттар:
- Жұмыс тұрақты болуы тиіс. Үш жылдық субсидия аяқталғаннан кейін жұмыс беруші сізді штатта тағы кемінде бір жылға қалдыруға міндетті, бірақ бұл кезде ол жалақыны толықтай өз есебінен төлейді.
Қандай жұмыс берушілер "Күміс жас" бағдарламасына қатыса алмайды:
Бағдарлама қосымша жұмысқа немесе уақытша қоғамдық жұмыстарға орналасуға қатысты емес. Сондай-ақ жобаға мемлекеттік мекемелер қатыса алмайтынын ескеру қажет. Бұл ұсыныс жеке секторға - шағын наубайханалардан бастап ірі өндірістік цехтарға арналған.
"Өмірді өзгертуге ешқашан кеш емес"
1-оқиға. Аспаз - сату менеджері - қойма қызметкері
Елорда тұрғыны Қанаттың негізгі мамандығы - аспаз. Ол жас кезінен осы жүйеде жұмыс істеген, бірақ шамамен 35 жасында денсаулығына байланысты кетуге мәжбүр болған.
"Мен тамақ пісіруден басқа ештеңе білмейтінмін. Сату саласына кетуге мәжбүр болдым. Ірі құрылыс дүкенінде сату менеджері болып орналасып, сол жерде жұмыс барысында оқудан өттім. Көп нәрсені үйрендім, бұл әлі күнге дейін өміріме көмектесіп келеді. Екі жыл жұмыс істегеннен кейін отбасылық жағдайларға байланысты жұмыстан шығуға мәжбүр болдым. Жұмыстан шыққаннан кейін, 40-тан асқан шағымда жұмыс іздеу кезінде жасқа байланысты кемсітуге тап болдым", - дейді Қанат.
Оның айтуынша, ол сайттардағы хабарландыруларға жауап беріп, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне де барған. Бірақ барлық жерде ер адамның жасы сәйкес келмейтінін айтқан:
"Барлығында "жас ұжым", ал мен "олармен тіл табыса алмайды" екем. Тек қоймадағы бос орындар немесе күзет қана қалды. Осылайша қойма жүйесіне тап болдым. Жұмыс істеп жатқаныма бір жыл болды. Шыны керек, жалақысы аз, бірақ жұмыс үйдің жанында орналасқан. 40-тан асқанда таңдау қалмайды - қайда алды, сонда бардым. Денсаулығым әлі де осылай жұмыс істеуге мүмкіндік беріп тұрғаны жақсы - қазір жасым 44-те, өзімді күтемін, спортпен шұғылданамын".
Қанаттың жұмыс орны. Фото материал кейіпкерінен алынды
Қанат құрдастарына, егер мүмкіндік болса, мамандықты өзгертіп, оқудан өтуге кеңес береді:
"Еш қорықпай, батыл жасаңыз. Бәрі сәтті болады".
2-оқиға. Дизайнерліктен массаж жасауға дейін
Алматылық Еленаға 42 жасында үлкен қаладан Жетісу облысындағы шағын Текелі қаласына көшуіне байланысты жаңа саладан жұмыс іздеуге тура келген.
"Мен полиграфия дизайнері болып 12 жыл жұмыс істедім, негізінен газет-журналдардың беттерін қаттадым. Шағын қалада бұл қызметтерге сұраныс аз. Оның үстіне, жаңа мамандық иегері атанып, ағзаның жұмысы мен оны сауықтыру жолдарын білгім келді - бұл сала мені баяғыдан қызықтыратын. Бұған қоса, Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасу кепілдігі де болды, жаңа жерде тезірек табыс таба бастау мен үшін маңызды еді", - дейді Елена.
Ол орталықта мемлекеттік бағдарлама бойынша оқып, шәкіртақы мен жол ақысын алған. Оның айтуынша, "бұл массаж саласындағы көкжиегімді кеңейтуге, лайықты білім алып, практикадан өтуге мүмкіндік берді". Оқуды аяқтаған соң, ол мемлекеттік үлгідегі сертификат алып, шипажайдан жұмыс тапты.
"Ең бастысы - өміріңді өзгертуге деген құлшыныстың болуы. Адам өз еңбегінен ләззат алмайтын кездер жиі болады. Өмірі бірқалыпты өтіп жатса да, ол мүлдем басқа нәрсені армандайды. Сондықтан қорықпау керек. Қалай болғанда да, жаңа мамандықпен өміріңіз бұрынғыдай болмайды, ал жаңа білім мен жаңа тәжірибе қуаныш пен шабыт сыйлайды. Өйткені, таңертең өзіңе ұнайтын, оның үстіне адамдарға пайда әкелетін және араласудан жағымды әсер сыйлайтын жұмысқа үлкен құлшыныспен бару - ең керемет сезім", - дейді Елена оқырмандарға.
3-оқиға. Технологтан мұғалімге дейін
Алматылық Маргаританың негізгі мамандығы - "қоғамдық тамақтандыру технологиясы". Ол осы сала бойынша көптеген жылдар бойы тамақтандырумен айналысатын ірі қазақстандық компанияларда еңбек етті. Бірақ 43 жасында тағдыры күрт өзгерді - бұған үлкен ұлының сырқаты себеп болды.
"Мен үйде оқуға жазылған мүмкіндігі шектеулі балама қарадым. Бірақ... бала мектепке баруы керек! Осылайша, баламның қасында болу үшін алдымен мектеп кітапханашысы болып жұмысқа орналастым", - деп еске алады Маргарита.
Бірде мұғалімге сабақ кезінде шұғыл шығып кету керек болып, ол Маргаритадан оқушыларға бас-көз бола тұруды және материалды түсіндіріп көруді өтінеді.
Келесі сабақта балалардан сұрау алған мұғалім материалдың бірден игерілгеніне таңғалады.
"Сол кезде мен мұның нағыз сүйікті ісім екенін түсіндім! - дейді Маргарита. - Мен мұғалім болғым келді. Жоғары оқу орнын екінші білім ретінде екі жылда қиындықсыз аяқтадым. Қазір педагог-сарапшы санатым бар!"
Маргарита мектептегі жұмыс үстінде. Фото материал кейіпкерінен алынды
"Мен жұмысқа үлкен махаббатпен барамын, күн сайын бүлдіршіндерімді асыға күтемін, - деп жалғастырды ол. - Өзге балаларды осылай жақсы көруге болатынын білмеппін. Менің мамандығым - ең тамаша мамандық екеніне сенімдімін!"
Маргарита кез келген білім мен дағды адамға жайдан-жай берілмейді деп есептейді: әркімнің өз тағдыры бар және ол кез келген жаста айқындалуы мүмкін.
4-оқиға. Маркшейдерден сағат шеберіне дейін
Келесі кейіпкеріміз, қаратаулық Геннадий Кимнің мансабы туған қаласының тағдырымен бірге 50 жасында өзгерді.
Геннадий тау-кен кәсіпорнында жұмыс істеген, бірақ оның айтуынша, уақыт өте келе өндіріс көлемі азая бастаған. Жұмыс берушілер алдымен штатты қысқартып, кейін қала құраушы кәсіпорын мүлдем жабылып қалған.
"Мен мамандығымды өзгертуге мәжбүр болдым және тұрмыстық сағаттарға қызмет көрсету мен жөндеу бойынша өз шағын шеберханамды аштым", - дейді шебер.
Геннадийдің айтуынша, тау-кен ісінде жинақтаған дағдылары жаңа ісінде де кәдеге жараған.
Геннадий Ким жұмыс үстінде. Фото материал кейіпкерінен алынды
"Мен мамандығым бойынша топографпын, яғни топографиялық карталар сызатынмын. Бұл өте ұсақ, өте нәзік жұмыс. Сағат жөндеу кезінде де осы дағды көмектесті, өйткені ондағы бөлшектер де өте майда", - деп салыстырады ол.
Қазір Геннадий Ким зейнетте болса да, сағат жөндеу ісін жалғастырып келеді.
5-оқиға. Маркетингтен қоғамдық тамақтандыруға дейін
Алматылық Гүлжан Тұрысбаева - 20 жылдан аса тәжірибесі бар маркетолог, ол 47 жасында жалдамалы жұмыстан кетуге шешім қабылдады. Жеке наубайханасын ашып, оның негізінде Қазақстан үшін жаңа өнім - гёдза жартылай фабрикаттарын шығаруды қолға алды.
Гүлжанның наубайханасында шығарылған гёдза. Фото кейіпкерден алынды
Гүлжанның айтуынша, басты себеп - өзіне сынақ тастау: "Қолымнан келе ме, әлде келмей ме?"
Ол бұған дейін бизнес басқарып көрмеген, ал қоғамдық тамақтандыру - ол үшін мүлдем жаңа бағыт, оның үстіне өнім де өте ерекше. Гүлжанның бизнесі әлі жас - оның бұл салада жүргеніне небәрі тоғыз ай болды.
"Маркетинг саласындағы білімім жаңа бизнесте маған көмектесіп жатыр, бірақ, әрине, әлі де үйренерім өте көп".
6-оқиға. Маркетологтан тігіншіге дейін
Наталья Пак та жиырма жылдан аса уақыт бойы түрлі корпорацияларда, негізінен халықаралық компанияларда маркетолог болған. Қызмет саласын ауыстыру туралы 45 жастан кейін ойлана бастаған. "Неге?" деген сұраққа ол "бұл бірнеше фактордың жиынтығы болды" деп жауап береді:
"Табысты мансабыма қарамастан, өзімді жаңа қырымнан сынап көргім келді, үйреншікті ортамнан шығуды қаладым. Сонымен қатар, 20 жылдық қауырт жұмыстан кейін шаршау басым болды, жүйенің, процестердің және шексіз дедлайндардың шеңберінен шыққым келді".
Наталья Пак жұмыс үстінде және оның өнімдері. Фото материал кейіпкерінен алынды
Сонымен, Наталья тоқыма бұйымдарын жасауды жөн деп шешті. Ол мектеп кезінен бастап бізбен тоқуды білетін. Кейде өз туындыларын әлеуметтік желілерде көрсетіп, көптеген жылы пікірлер алатын.
"Маған "қашан тапсырыс қабылдайсыз?" деген сұрақтар жиі қойылатын. Бәлкім, қазір Англияда тұратын бұрынғы әріптесімнің хабарламасы қозғаушы күш болған шығар. Ол менің заттарым керемет екенін және сатуды бастау керектігін айтып жазды. Содан бері міне, екі жылға жуық уақыт өтті, мен бізбен тоқудан тоқу машинасына көштім, сапалы иірілген жіп сатып алып, жеке парақша ашып, клиенттік база қалыптастырдым", - дейді Наталья.
40 жастан асқанда неден бастау керек?
40 жастан кейін "жүйені бұзып", жаңа істен өзін тапқан жандардың оқиғасын оқығанда, мұның бәрін сәттілікке немесе мықты мінезге балап қоя салуға болады. Бірақ мұндай қадамның артында қорқыныштың жоқтығы емес, оны тізгіндей білу жатыр. Мансапты қалай күрт өзгертуге болатыны туралы бизнес-психологтың кеңесіне жүгіндік.
"Бұл жастағы басты кедергі - дағдылардың жетіспеушілігі емес, "сарапшылық тұзағы". Сіз бір салада беделіңізді ұзақ уақыт бойы қалыптастырғаныңыз сонша, қайтадан "жаңа бастаушы" болу ойының өзі намысқа тиетіндей көрінеді. Бірақ 40 жастан асқанда бизнес бастау - бұл бәрін нөлден бастау емес, жинақталған кәсіби және әлеуметтік капиталды монетизациялау".
Төменде біз Наталья Кимнің мамандығын ауыстырғысы келетін немесе өз бизнесін бастауға батылы бармай жүрген қырықтан асқан кәсіби мамандарға арналған нұсқаулығын ұсынамыз.
- "Көлеңкелі" дағдыларды түгендеу. Түйіндемеңізде көрсетілгенді емес, іс жүзінде не істей алатыныңызды жазыңыз: агрессивті жеткізушілермен келіссөздер жүргізу, дағдарысты еңсеру, адамдарды тани білу. Бизнесте бұл "жұмсақ дағдылар" (soft skills) нақты құралдарды білуден маңыздырақ. Олардың жалдамалы жұмыстан жеке іске қаншалықты оңай көшетініне таң қаласыз.
- "Кішігірім ставкалар" стратегиясы. Барлық көпірлерді өртеп, пәтеріңізді кепілге қоюдың қажеті жоқ. Микробизнестен немесе "кешкі" консалтингтен бастаңыз. Сіздің міндетіңіз - алғашқы 10 мың теңгені жұмыс берушіден емес, тікелей клиенттен алу. Осы "алғашқы табыс" сәті белгісіздік алдындағы қорқынышты сиқырлы түрде сейілтеді.
- "Шәкірт" рөлін "зерттеуші" рөліне ауыстыру. Мамандықты ауыстырудан қорыққанда, өзіңізді емтихан алдындағы оқушыдай сезінесіз. Ұстанымыңызды өзгертіңіз: "Мен қайтадан оқып жатқан жоқпын, мен ескі тәжірибемді жаңа жағдайларда қалай қолдануға болатынын зерттеп жатырмын". Бұл сізге мұқтаждық емес, мықтылық позициясын береді.
- "Әлеуметтік айнамен" жұмыс істеу. 40-тан асқанда біз көбіне айналамыздың пікіріне тәуелді боламыз: "Директорлық креслодан кетіп, нан пісіре бастасам немесе той түсірсем, әріптестерім не демек?" Өзіңізге жаңа "айна" табыңыз - бұл сіздің қадамыңызды мәртебенің төмендеуі емес, батылдық деп бағалайтын кәсіпкерлер қауымдастығы болсын.
"90-жылдардың балалары бейімделе біледі"
Қазақстандағы 40 жастағылардың мансаптық парадоксы - бұл тек жеке адамдардың мәселесі емес, бұл біздің еңбек нарығымыздың кемшілігі. "Жас та жалынды" мамандарды қуалаймыз деп, компаниялар маңызды дүниені - тәжірибеден, сенімділіктен және стратегиялық ойлаудан тұратын іргетасты жоғалтып жатыр. Тәжірибесіз кадрлардан туындаған қиындықтармен бетпе-бет келген кейбір жұмыс берушілер мұны түсіне бастады.
Авторы: Юлия Колмогорова
Дайындаған: Дина Шәріпхан


