Қытайда сот бұрынғы шенеунікке өлім жазасын кесті. Ірі экономикалық даму аймағында басшылық қызмет атқарған ол 30 жылға созылған ауқымды жемқорлық ісі бойынша кінәлі деп танылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.
Цзянсу провинциясындағы Чанчжоу қаласының халық соты Нанкин экономикалық және технологиялық даму аймағы әкімшілік комитеті директорының бұрынғы бірінші орынбасары Ян Юлинді өлім жазасына кесті.
Тергеу мен сот оның 1993 жылдан 2023 жылға дейін заңсыз әрекеттерге барғанын анықтаған. Шенеунік құрылыс саласында және технопарк басшылығында қызмет атқарған кезінде лауазымын жеке мүддесіне пайдаланған.
Ол коммерциялық компанияларға тиімді жер телімдерін алуға көмектесіп, мемлекеттік келісімшарттар мен қаржының бөлінуіне ықпал еткен.
Оның алған параларының, жымқыру, мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану және ақшаны жылыстатудың жалпы сомасы - 2,2 миллиард юань (шамамен 153,76 миллиард теңге). Алайда сот пара көлемінің аса ірі екенін, қылмыстың өте ауыр жағдайда жасалғанын, қоғамға тигізген зияны орасан болғанын және мемлекет пен халыққа аса ірі шығын келтірілгенін ескерді.
Соттың пайымынша, Ян Юлиннің әрекеті соншалық ауыр болғандықтан, оған қандай да бір жеңілдік жасауға негіз жоқ.
Сот шешіміне сәйкес, өлім жазасынан бөлек, Ян Юлинь өмір бойына саяси құқықтарынан айырылды, ал оның барлық жеке мүлкі толығымен мемлекет пайдасына тәркіленеді.
БАҚ мәліметінше, Қытайда экономикалық қылмыс үшін өлім жазасын кесу сирек қолданылатын шара саналады. Соған қарамастан, мұндай үкімдер шығарылып қана қоймай, орындалып та жатады. Мысалы, 2025 жылғы желтоқсанда China Huarong Asset Management мемлекеттік қаржы корпорациясының бұрынғы топ-менеджері Бай Тяньхуэй өлім жазасына кесілген еді. Ол 1,1 миллиард юаньнан, яғни 76,9 миллиард теңгеден астам пара алды деп танылған. Үкім екі жылдық кейінге шегеруден соң орындалған.