Ұлы ғалымның туғанына 180 жыл толуына орай жолға шыққан "Шоқан Уәлихановтың керуен ізімен" экспедициясы Қытай елінде орналасқан Тұрпанға немесе қалың көпшілік атап кеткен "Азия Риміне" жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлы ғалымның туғанына 180 жыл толуына орай жолға шыққан "Шоқан Уәлихановтың керуен ізімен" экспедициясы Қытай елінде орналасқан Тұрпанға немесе қалың көпшілік атап кеткен "Азия Риміне" жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақ ұлттық география қауымдастығы ұйымдастырған жобаға қатысушылар Үрімшіден кейін Қытай елінің оңтүстік-батыс аумағында орналасқан, әлемдегі ең көне қалалардың бірі, әрі будда мәдениетінің орталығы Тұрпанға бет алған болатын. Ол жаққа бара жатқанда экспедицияға қатысушылар Даваншы аудандық уездіне аялдаған. Онда қазақстандық делегация мүшелері жергілікті тұрғындармен жолығып, әңгімеге тартқан. Олар жаз мезгілінде Тұрпан өлкесі аптап ыстық болатындықтан тұрпандықтардың басым көпшілігі Даваншыда бірнеше айға пәтер жалдап, жан шақыратындықтарын айтқан. Соған қарамастан Қазақстаннан барған саяхатшылар қарсы бағытқа жүріп, қапырық, әрі ыстық аймаққа жол тартқан.
Асфальталған тегіс жол шаңды-бұрқасынды, балшықты алқапты басып өтеді. Ол жерлерде не ағаш, тіпті шөп те өспейді екен. "Ол аймақтан тек мұнай бұрғылары мен желгенераторын ғана көруге болады. Ондағы көрініс кейбір фильмдердегі шөл басқан көріністерді елестетеді", - дейді экспедицияға қатысушылар.
Ал арада 200 шақырымнан астам жолды жүріп өткен экспедицияға қатысушылар Тұрпанға да келіп жеткен. Тұрпанның маңы шексіз шөлеттен арылтып, ауыл шаруашылығы дамыған, жасыл желекке бөленген жүзім алқабы байқалған.
"Шоқан Уәлихановтың керуен ізімен" экспедициясының ғылыми жетекшісі Смайлжан Иминов орта ғасырларда бұл мемлекет-қала әлемге әйгілі, әрі аймақтың дамуында айтарлықтай рөл атқарғанын айтты. "Бұл шөл далада кей жылдары 60 градусқа дейін ысыса, ал жердің беткі қабаты 90 градусқа дейін қызып кетеді. Сондықтан ежелгі тұрпандықтар, яки ұйғырлар тау бөктеріндегі әр бұлаққа арна қазып, жер асты арықтар жүргізген. Оны "кәріз" деп атаған", - деді Иминов.
Оның сөзіне қарағанда, климат ондағы тұрғындардың инженерлік қабілетін оятып, жерге бейімделуге итермелеген. Тұрпандықтан құддықтар қазып, оларды 5-10 метр тереңдіктегі туннелдер арқылы жалғап отырған. Осылайша үйдің ішіне де, бақшаға да су жеткізіліп отырған. Ал бұл өз кезегінде қаланың одан әрі дамуына септігін тигізіп, жүзім алқаптарының жайқалып өсуіне мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетейік, кезінде Шоқан Уәлиханов Тұрпанға жете алмаған. Себебі ол уақытта ара қашықтығы 1200 шақырымды құрайтын Қашғария мен Тұрпанның арасы тым ұзақ болатын.
"Тұрпан - Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, нақтырақ айтқанда көне жолдың солтүстік тармағына орын тепкен. Ол уақыттағы адамдар Тұрпанға ежелгі Рим, Афина, Спарта немесе Вавилоннан артық қызықпаса, кем қызықпаған. Шындығында көптеген адамдар алыс шет елдерді аралағанды ұнатады, ал Қазақстанмен шектесіп жатқан мынадай жерлердің барын да білмейді. Менің айтып отырғаным Орталық Азиядағы Ұлы жібек жолы бойындағы Алтын шеңбер. Ал бұл біздің елімізді Қытай елі, Қырғызстан, Өзбекстанмен арадағы мәдени байланысты жандандыруы тиіс", - деді Иминов.
Еске саламыз, Қашғарияға дейін жүріп өтуі тиіс "Шоқан Уәлихановтың керуен ізімен" ғылыми-танымдық экспедициясы шілденің 24-і күні жолға шыққан болатын. Экспедицияға қатысушылар 12 күн ішінде Қырғызстан мен Қытай халық республикасы аумағымен жалпы ұзындығы 6 мың шақырым қашықтықты жүріп өтуі тиіс. Экспедицияға қатысушылар Тұрпаннан шығып, Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданының географиялық орталығы Қорлаға бағыт алды. Жоспар бойынша саяхатшы тооп Қашқарияға шілденің 28-29 күні жетуі керек болған. Осы жерден бастап экспедицияға қатысушылар ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов жүріп өткен жолдармен қайта жүріп, ғалымның еңбектерінде көрсетілген бағытпен жүретін болады.